Құдды бір қауіпті сәуле толқындары осы бір ауыз сөздің өзінен-ақ тарап, өңменінен өтіп, айықпас ауруға шалдықтыратындай шошиды. Бұл қорқыныштың ішінде уран изотоптарынан бастап, электрмагнитті сигналдар тарататын барлық құрылғылар бар. Бұл проблеманың өткір тұрғанын біз АЭС салу референдумы кезінде байқадық. Ендеше бұл қорқыныш бізге қайдан келді?
Атом қуаты – қауіпсіздікте
Не қолға ұсталмайтын, не көзге көрінбейтін, иісі де жоқ, түсі де жоқ радиация дегеніміз не? Ғылымның тілімен айтқанда, ол – энергияның электромагниттік толқындары немесе субатомдық бөлшектер түрінде таралатын иондаушы сәулелер екен. Ол – ғарыш жаралғалы бар дүние, сондықтан оның ажырамас бөлшегі жер ғаламшарының да барлық жерінде кездеседі. Күннің көзінен де радиация тарайды, бірақ біздің ғаламшардың электромагнитті өрісі оны сүзгі ретінде сейілтіп жібереді де, жер бетіне ол біз ендігісі бейімделіп кеткен мөлшерде жетеді. Сол сияқты жер қойнауындағы тас-топырақ, су көздерінде де радиоактивті заттар бар. Олар радионуклейдтер түрінде кездеседі. Ауа түріндегі родон газы бар. Бұл тұста адамға радиацияның өзі емес, мөлшері қауіпті. Егер ол белгілі мөлшерден асып кетер болса, ағзадағы ұлпалардың жасаушаларына дейін өтіп, оны күйдіруі мүмкін. Оның соңы сәуле ауруларына, онкологиялық айықпас дерттерге алып келеді. Сондықтан да радиофобияның болуы орынды. Десе де, бүгінгі ғылым мен технологияның озық дамыған заманында радиациядан сақтану мен қорғанудың барлық мүмкіндігі қарастырылғанын есте ұстаған абзал.
Ал радиофобия дегеніміз не? Медицина тұрғысынан алғанда бұл, негізінен ауру. Онда да тек Қазақстанда ғана емес, әлемдегі сауатты елдердің барлығында бар дерт. Медицина тілінде, ол – психологиялық та, физиологиялық та тұрғыда кездесетін жүйке-соматикалық сипаттағы ауытқушылықтар кешені деп аталады. Кей жағдайда одан айығу мүлдем мүмкін емес дейді мамандар, оған шалдыққан адам ион шашатын немесе ион шашпайтын электрмагнитті сәуленің барлық түрінен қорқады екен. Иондалатыны кәдуілгі радиация болса, иондалмайтыны – ұялы байланыс станциялары, микротолқынды пештер, смартфондар, индуктивті жылу сәулелер және т.б.
«Адамдар радиациядан қатты қорқады. Оның көптеген себебі бар: қасіретті Семей ядролық полигоны, Байқоңыр ғарыш айлағы, Чернобыль мен Фукусима апаты. Осының барлығы да олардың көңілінде өз ізін қалдырды. Оның үстіне, біздің азаматтар радиация туралы өте аз біледі. Сондықтан да кез келген қаңқу сөзге үрке қарайды. Мәселен, АЭС референдумы кезінде халықпен кездескенде «радиация тұқым қуалай ма?» деп кәдімгідей уайымдап сұрағандар болды. Шындығында, мұндай факт ғылыми түрде дәлелденген емес. Өйткені Хиросимадағы жарылысқа 80 жыл өтсе де жапон ғалымдары ондай деректі анықтаған жоқ. Радиация генетикалық ақпаратты жойып жіберуі мүмкін, бірақ ұрпақтан ұрпаққа берілмейді деген тұжырым бар», – дейді «Қазақстан ядролық қоғамы» тәуелсіз коммерциялық емес ұйымының жетекшісі Наталья Жданова.
Оның айтуынша, халық арасында осы сияқты аңыз өте көп екен. Оның көбі уран өндірісімен, АЭС-пен байланысты. Мәселен, оңтүстік өңірдегі кен орындарының маңайындағы ауылдарда радиациялық фон жоғары деп уайым білдірген екен. Олар – Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданындағы Темір, Шәуілдір, Көксарай ауылдарының тұрғындары. Өйткені бұл елді мекендерге жақын жердегі кен орнынан «Заречное» бірлескен кәсіпорыны» АҚ уран өндіруде.
«Кен өндіруші аймақтарда радиациялық фон жиі өлшеніп отырады, оны жергілікті атқарушы органдар ұдайы қадағалайды. Мәселен, бұл ауылдарға Республикалық радиологиялық орталық қыркүйек айында ғана тексеру жүргізген болатын. Мамандар ауыл ішінде, балабақшаларда, мектептерде және ауруханаларда гамма-сәулеленудің дозасын өлшеген. Химиялық заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясын анықтау үшін су және топырақ үлгілері алған. Соның нәтижесінде, мәселен, Шәуілдір ауылындағы Ш.Қалдаяқов атындағы мектептен алынған суда урана-238 элементі 1,19 Бк/кг, ауруханада 1,31 Бк/кг, яки рұқсат етілетін нормадан (3,0 Бк/кг) төмен екені анықталды. Топырақты гамма-спектрометрикалық тәсілмен зерттеу радиоактивті ластану белгілерін анықтаған жоқ. Мұндағы гамма-сәулелердің орташа дозасы жылына 0,68 мЗв болса, рұқсат етілетін көрсеткіш – жылына 1 мЗв. Мұның барлығы «Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың» гигиеналық нормативтеріне сәйкес келеді», – дейді ол.
Маманның айтуынша, уран кен орындарында радиациялық қауіпсіздік жоғары деңгейде сақталады. Кеңес кезіндегідей ашық-шашық карьерлерден Қазақстан әлдеқашан бас тартқан. Қазір онда жер астына екі ұңғымен құбыр жіберіледі де, уран қышқылмен еріту арқылы алынады. Соның нәтижесінде, кен орнының басы экологиялық таза болады, әрі экономикалық та тиімді. Бұл – МАГАТЭ бекіткен тәсіл.
«Қырғи-қабақ соғыстың» салқыны
Қазақстандағы, оның сыртында ТМД елдеріндегі радиофобияның бастауында өткен ғасырдың 50-шы жылдарындағы геосаяси ахуал жатыр. Кеңес Одағы мен Америка Құрама Штаттары жаппай қарулану жарысына кіріскен «қырғи қабақ соғыс» кезеңінде стратегиялық-тактикалық мақсаттағы әскери арсеналдар пайда болды. Соғысу өнері ғылым мен техникамен қатар қарыштап дамыды. Ғарышты игеруден бастап, жаппай қырып-жоятын ядролық қаруды сынау шындап қолға алынды. КСРО көлемінде мұның барлығын сынайтын әскери полигондар көптеп пайда болды. Қазақстанда осындай әскери құпия нысан 50 жыл бойы жұмыс істеді.
«Радиофобияның ең бірінші себебі – Семей полигоны. 1949-1989 жылдар аралығында 450 ядролық сынақ өткізілді. Атом қаруының жойқын қиратқыш күші құпия сыналды. Осы құпиялылық қазақстандықтардың арасында жаппай радиофобияның тарауына себеп болды. Осылайша, біздің ұғымымыз радиациямен байланысты теріс пікір орнығып қалды. Өйткені халқымыздың денсаулығына, ел экологиясына орасан үлкен залал келді. Қанша адам зардап шеккені әлі күнге дейін белгісіз. Белгілісі 1991 жылға дейін сол аймақта 1,3 миллион адам тұрғаны ғана», – дейді Eurasian Expert Council қоғамдық қорының төрағасы Шыңғыс Лепсібаев.
Әскери құпиялылықтың салқыны осылайша қоғамдағы радиофобияны тереңдетіп кетті. Сол жылдары ядролық қару жасау мақсатында Қазақстанда жабық қалалар пайда болды. Мәселен, атом өнеркәсібі үшін қажетті уран табылған Ақтау қаласы, ядролық физика ғылымын дамытқан Курчатов, Алатау қалалары бастапқыда стратегиялық әскери нысан ретінде ашылған еді. Аға ұрпақ оны тек әскери қару ретінде таныды. Бейбіт мақсаттағы игілігі барын қабылдай алмады. Маңғыстауда 1972 жылы атом электр стансасы салынғанда да құпиялылық қатаң сақталып, оған режимдік нысан ретінде статус берілген еді. Сондықтан да былайғы тұрғындар МАЭК-ке бейне бір кез келген уақытта жарылып кетуі мүмкін бомба секілді қауіппен қарады. Осы радиофобияны 1986 жылғы Чернобыль апаты тіптен орнықтыра түсті. Бұл қайта құру басталған жылымық кездер еді. Сондықтан да одан кейінгі жылдарда Семей полигоны мен осы Чернобыль апатының шындығы қатар айтыла бастады. Радиацияның адам ағзасына, қоршаған ортаға жойқын әсері, саналы сағаттарда-ақ өлімге алып келетіні, болмаса айықтырмас дертке шалдықтыратыны екі жағдайда да қоса қабат жария боп жатты. Осылайша, Қазақстан қоғамы атом игілігінен мәңгілікке теріс айналып кеткен еді. Тәуелсіздік жылдары да жағдай оңала қоймады.
«Радиофобияның тағы бір себебі – әлемде төртінші орында болған ядролық қару арсеналынан түбегейлі бас тартқанымызда. Бұл бізге геосаясатта үлкен карт-бланш берді. Соның екпінімен 1998 жылы Ақтаудағы БН-350 жылдам нейтронды реактор да тоқтатылды. Қазақстанда атом өнеркәсібі өндірістік және ғылыми-эксперименталды деңгейде дамыды. Сөйтіп, Қазақстан осы бағыттағы құпиялылықты сақтап қалды. Өйткені атомға қарсы саясат жүргізе отырып, елімізде атом энергетикасын насихаттау орынсыз еді», – дейді Eurasian Expert Council қоғамдық қорының төрағасы Шыңғыс Лепсібаев.
Оның айтуынша, қоғамдағы бұл келеңсіз құбылысқа Фукусимадағы апат та «жығылған үстіне жұдырық» боп тиген екен. Жаһанға ыждаһаттылығымен танымал жапондардың табиғаттың дүлей апаты алдында дәрменсіздік танытқаны қазақстандықтардың қорқыныш сезімін одан сайын бекіте түсті. Осындай оқиғалардың тізбегімен елімізде атом өнеркәсібінің шикізат деңгейінде қалуы және КСРО-дан қалған құпиялылықтың алынбауы бірнеше ұрпақ бойы радиофобияның сақталып қалуына себеп болды.
Кең көлемде түсіндіру жұмыстары қажет
Мамандардың айтуынша, ең бірінші кезекте Қазақстан азаматтарының осы бағыттағы білімі өте төмен. Мектепте бұл тақырып терең оқытылмайды. Тіпті, радиациялық қауіпсіздік бойынша елімізде бірыңғай саясат жүргізілмейді. Соның салдарынан, халықтың қауіпсіздік саласындағы отандық стандарттарға және мамандардың біліктілігіне деген сенімі өте төмен. Мұның барлығы АЭС салу жөніндегі референдум кезінде айқын аңғарылды. Елімізде осы уақытқа дейін радиофобияға қарсы күрес мүлдем жүргізілмегеніне көз жетті. Керісінше, атомның теріс салдары туралы негативті ақпараттық фон қалыптасқан. Тіпті, сол туралы түсірілген көптеген деректі фильмдер ақпарат кеңістігін жаулап алған. Сондықтан да мемлекет тарапынан орасан зор көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет.
«Еліміз әскери атомнан бас тартқанымен, бейбіт атомнан бас тартқан жоқ. Мұнда керісінше, әлемдік деңгейдегі өте жоғары жетістіктерге жеттік. МАГАТЭ сынды беделді ұйым тарапынан мойындалдық. Уран өндірісі де, атом өнеркәсібі де қатар дамыды. 1972 жылы пайдалануға берілген Маңғыстаудағы БН-350 реакторының игілігін ширек ғасыр көрдік. Атом энергиясын бейбіт мақсатта, яки энергия өндіруге, суды тұщытуға және қалаларды жылытуға қауіпсіз түрде пайдалана алдық. Ал оның арғы жағында ғылым ретінде ядролық физика 1957 жылдан бастау алды. Ұлттық ядролық орталық (Курчатов) және Ядролық физика институты (Алматы) негізінде ядролық технологияның ғылыми-зерттеу базасы дамыды. Ендеше әрісі 70, берісі 50 жыл болды, бірақ қазақстандықтар радиациялық қауіпсіздік туралы білері әлі де өте аз. Онда да жүйелі түрде емес, тек жекелеген деректер түрінде. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді», – дейді атом өнеркәсібі жөніндегі сарапшы Софья Курий.
Мамандар халық арасында радиациялық қалдықтарға деген үрейлі көзқарас бар екенін айтады. Реактордан пайдаланудан шыққан отынды ұзақ жылдар бойы ешкімге зиянын тигізбей сақтау шарттары көп адамды уайымдатады екен. Сол сияқты «Қазақстан халықаралық радиоактивті қалдықтар банкіне» айналып кетпей ме деп қорқады.
«Мен ядролық инженерия мамандығы бойынша «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тағы PennState университетінде кәсіби білім алдым. Осы жоғарғы оқу орнында білім алумен қатар, университеттің атом реакторында 3 жылдай жұмыс істедім. Реактордың пультінде атомдық процестерді тікелей басқардым. Қазіргі таңда Американың ядролық реактор операторы лицензиясын алған алғашқы жас қазақпын. Әлемде атом энергетика саласы мұқият қадағаланып, жүйелі бақылауда болатындықтан, оның қауіпсіздігіне алаңдаудың қажеті жоқ. Мысалы, Америкадағы өзім жұмыс істеген реактор университет кампусының ішінде орналасқан. Дәл қасында студенттер мен профессорлар тұрады. Қазірдің өзінде әлемнің дамыған Финляндия, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Қытай, Үндістан, Франция сияқты 7 ғана елдің өзінде 203 реактор орналасқан. Ал бір ғана АҚШ-тың өзінде 94 реактор қызмет жасап, 97 мың мегаватт электр қуатын беруде. Басқа мемлекеттер осы саланы дамытып жатқанда біз неге кенже қалуымыз керек?!» – дейді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның ядролық отын циклі жөніндегі басқарушы директоры Әсет Махамбетов.
Сол сияқты еліміздегі реакторларды да қалдықтар Шығыс Қазақстандағы Үлбі уран таблеткаларын өндіру зауытының аумағында жиналады екен. Одан өзге реакторлардың жанында да сақталып келеді. Мәселен, Алматыда реактор қалдықтарының жанында 800 метр жерде сақталып тұрғанына 57 жыл болыпты. Мұнда қауіпті ештеңе жоқ дейді мамандар. Сондай-ақ АЭС отындарының бір ерекшелігі – қай реактордан қашан шығарылғанын қанша жерден жасырсаңыз да, ғалымдар оны есептеп тауып алады екен. Өйткені әр АЭС-те тек өз отыны болады, басқа отын оған қайталанып келмейді. Сондықтан да «шетелдің отынын қазақстанда сақтайды» деген де қаңқу сөз.
«Бізде радиофобиямен күрес саласында ұлттық эдвокаси жобалар жоқ. Мақсатты түрде жұмыс істейтін мемлекеттік бағдарламалар әзірленіп, іске қосылмай, халықтың бұл бағыттағы сенімін ояту қиын. Тағы бір атай кетер негізгі жайт, осы мәселеге тікелей жауапты Энергетика, Цифрландыру және Экология министрліктерінің қоғамдық пікірді қалыптастыру құзыреті жоқ. Елімізде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу тек Мәдениет және ақпарат министрлігіне жүктелген. Ал олар бұл тақырыпты мүлдем ұмытқан. Сол себеп құзіретті министрліктерге қоғамдық пікірге ықпал ете алатындай тетік беру керек», – дейді Eurasian Expert Council қоғамдық қорының төрағасы Шыңғыс Лепсібаев.
Расында да, референдум қарсаңындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажет-ақ. Науқаншылдықпен тыйылып қалуға болмайды. Өйткені атомның қаупі бар екені рас, бірақ игілігін де ұмытпағанымыз жөн. Оның жойқын күшін әскери мақсатта сезінген болсақ, азаматтық мақсатта да пайдасын көруге тиіспіз. Қазақстандағы радиофобия тым әсірешілдікке ұшыраған үрейлердің жиынтығы екенін түсінуіміз керек. Шындығына келгенде, радиофобия белгісіздік тудыратын және дезинформация ретінде қолдануға барынша ыңғайлы манипуляция құралы ғана.
Нұрлан ҚОСАЙ