Сондай-ақ ұялы телефонға үңіліп, әдеби шығармадан гөрі желідегі жазбаға жаны жақын ұрпақтың дәуірі келді. Бұл әрине заман ағымына қарай қалыптасып жатқан құбылыс екені түсінікті. Бірақ кітап атты құнды қазынаға қалың көпшілікті қалай қайта оралтамыз? Міне, осы мақсатты көздеген Жамбыл облысының әкімдігі 2025 жылды «Кітап оқу жылы» деп жариялады. Алайда басы тәп-тәуір басталған жоба жалаң ұран болып қалмай ма?
«Әулиеата – кітап оқитын өңір» деп айдарланған жобаға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев алғаш болып өзі үн қосты. Аймақ басшысы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жаңажылдық демалыс кезінде қандай кітаптар оқығанын жазып, көпшілікті кітап оқуға шақырды.
«Кітап – рухани азық, жанымыздың шуағы, болашағымыздың бағдары. Биылғы 2025 жылды Жамбыл облысында «Кітап оқу жылы» деп белгілеу – осы құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған қадам.
Жаңа жылдық демалыста мен де уақыт тауып, халқымыздың мақтанышына айналған қабырғалы қаламгер Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романын және поэзияның ақ гүлі атанған Күләш Ахметованың «Құт» атты өлеңдер жинағын қайта оқып шықтым.
Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы» – тағдырлы ананың ерлігі мен қайсарлығын бейнелеген ғажап туынды. Романның басты кейіпкері Айша – шексіз мейірімді, ұрпағы үшін барлығына дайын ана. Оның бейнесі арқылы әйелдің рухани биіктігі мен төзімділігі айқын көрініс табады. Роман сонымен қатар қоғамдағы тарихи оқиғалар мен адамдардың тағдырын шынайы түрде көрсетеді. «Ай мен Айша» – адамның жүрегіне әсер етіп, ананың махаббаты мен қайсарлығын терең сезінуге шақыратын терең философиялық туынды.
Күләш Ахметованың «Құт» жинағы болса, өлеңнің қасиетін, сөздің құдіретін сезіндірді. Оның:
«Сүйіктіңдей жүретін кіл есіңде,
Кір түсірме ел деген ұлы есімге.
Ата мекен – бақыты бабалардың
Жеңіп алған сан ғасыр үлесінде...» деген өлең жолдары әр оқырманды туған елді шексіз сүюге шақырғандай әсер береді.
Әулиеата өңірі – ақын-жазушылардың мекені, сөз өнерінің төрі. Ендеше баршаңызды «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында кітап оқуға шақырамын! Уақыт бөліңіз, кітап оқыңыз, рухани байыңыз!
Адамзаттың алыбы Абай: «Артық білім кітапта, Ерінбей оқып көруге...» деп кітаптың құндылығын ерекше атап көрсеткен. Ендеше біз де білім мен руханияттың кілтін кітаптан табайық!», – деп Ербол Шырақпайұлы ұлттық құндылығымыздың ұлы қазынасы кітап екенін баса айтты.
Әрине, мұндай жобалар қос-қолдап қолдауға тұрарлық. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел ғана ақылды ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа деген құштарлығын оятуымыз керек», – деп атап өтуі ұрпаққа ұран болғаны даусыз.
Иә, кітап – адамның жан дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың өлшемі, адам интеллектісінің көрінісі. Ол – адамзат үшін ғасырдан-ғасырға жалғасып қызмет етіп келе жатқан ғылым мен өнердің, соның ішіндегі сөз өнерінің туындысы, қаламгердің жемісі.
Әлбетте, кітап оқуға үндеу – ұрпаққа жасалған ұлағатты іс. Алайда заман легіне теледидар ілесіп, қоғам көшіне интернет иелік етіп жатқан тұста көпшілікті кітап оқуға шақыру жалаулаған жобаның бірі болып қалмай ма? Жалпы, бүгінде жастардың кітап оқуға деген ынтасы қандай? Мұны білмекке облыстық әмбебап кітапханаға қайырылдық.
– Қазақ ұлтының ұлы тұлғасы Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – деген. Әрине, кітапты таңдау, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмірлік қажетіне жарата білу әрбір адамның білігі мен білімін, пайым-парасатын анықтайтын алғы шарттардың бірі.
Жалпы, киелі Әулиеата топырағынан талай қарымды қаламгерлер түлеп ұшты. Олардың кітаптары сөрелерде шаң басып тұрғаны дұрыс емес. Сондықтан облыс әкімдігі жандандырған жобаны қолдаймыз.
Біздің кітапханада оқырмандарға барлық жағдай жасалған. Бүгінде кітапханаға келушілердің қатары артуда. Енді кітап оқу жылында кітапханаға оқырмандарды көптеп тарту бағытында өзіміз де аянбай еңбек ететін боламыз, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова.
Облыс әкімі көпшілікті кітап оқуға шақырғаннан кейін әлеуметтік желіде оқыған кітабы туралы жазба қалдырғандардың қарасы көбейді. Алайда олардың барлығы бірдей сол кітапты оқыды ма, әлде бұл «көштен қалмайық» деген көзбояушылық тірлік па оны тап басып айту қиын. Сондықтан шын мәнінде халықты кітап оқуға, оның ішінде жастарды жігерлендіру үшін қайтпек керек?
– Осыдан бірнеше жыл бұрын «Кітап оқып, миллионер бол!» атты жобаның бойына жан үрлеген едік. Яғни, мектеп оқушыларының арасында ең көп кітап оқыған жасқа 1 миллион теңге көлемінде жүлде белгіледік. Байқауға 1500 мектеп оқушысы қатысып, олар оқу жылы бойы кітап оқып шықты. Нәтижесінде, ең көп кітап оқыған оқушыларға ақылдастар алқасының шешімімен 1 миллион теңгеден бастап, түрлі көлемде ақшалай сыйақылар үлестірдік. Бұл жобаға Қазақстанның Еңбек Ері, қазір Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров демеушілік жасап, өз қаражаты есебінен 3 миллион теңге берді. Сондай-ақ өңір депутаттары 1 миллион теңге көлемінде демеушілік көрсетті. Осылайша, бір оқу жылында 1500 мектеп оқушысына кемі 20 кітаптан оқытқан едік. Авторлық бұл жобамның басты мақсаты – жастарға кәсіпкер болып ғана емес, білім, оқумен де миллионер атануға болатындығын ұғындыру болатын. Бұл мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Себебі сол байқауда жеңімпаз атанған жастардың алды қазір Түркия мемлекетінде білім алуда.
«Кітап оқып, миллионер бол!» жобамды сол кезде Ресей мен Қырғызстан мемлекеттерінің БАҚ өкілдері де жазды. Бір сөзбен айтқанда, көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды.
Биыл Жамбылда «Кітап оқу жылы» деп жарияланып отыр. Неге осы жобаны қайта жандандырмасқа? Ең алдымен он ауданда өткізіп, кейін ақтық сынын облыс орталығында ұйымдастыруға болады. Ол үшін әр ауданнан 1 миллион теңге жүлде тігетін кәсіпкерлер табылады деп ойлаймын. Бұл бір жағынан жастарды кітап оқуға жігерлендірсе, екінші қырынан рухани баюымызға үлкен жол ашады, – дейді «Кітап оқып, миллионер бол!» жобасының авторы Эльмира Мырза-Ғали.
Шынында бұл ұтымды ұсыныс екен. Мұндай жобаға демеушілер ғана емес, облыстық қазынадан қаржы қараса да артықтық етпейді. Жыл ішінде өтетін түрлі мәдени шараларға бөлінетін қаржының бір бөлігін осы бағытқа бағыттаса бұған облыс әкімі де қарсы болмас.
«Кітап оқып, миллионер бол!» жобасының авторы Эльмира Мырза-Ғали қазір басқарып отырған «Анаға тағзым» орталығында да кітап оқуға үндейтін түрлі жобаны жандандыруда. Соңғы үш жыл қатарынан «Анаммен бірге кітап оқимын!» байқауын өткізсе, биыл «Отбасымен бірге оқыған кітап!» жобасын қолға алуда. Осылайша, орталық директоры балаларды ғана емес, олардың ата-аналарын да кітап оқуға насихаттауда.
– «Анаммен бірге кітап оқимын!» жобасы арқылы біз ата-ана баласымен бірге кітап оқыса деген мақсатты көздедік. Нәтижесінде өмірі кітап ашпаған аналар келіп, жоба үшін алғыстарын айтты.
Биыл қолға алынып отырған «Кітап оқу жылы» бос ұрандаған жоба болып қалмауы керек. Оның нақты мақсаты мен мұраты болуы тиіс. Сонда ғана жемісі болады.
Бүгінде қатты талқыға түсіп жатқан мәселенің бірі – той мәдениеті ғой. Осы той мәдениетін де кітаппен байланыстыруға болады. Егер той соңындағы тойбастарға кітап берілетін болса қандай тамаша болар еді. Жуырда өзімнің қуанышымда той соңындағы тойбастарға кітап тараттым. Қонақтар мұндай тосын сыйды керемет қабылдады. Егер осы үрдісті барлық тойда жалғастыра алсақ, ұтарымыз көп болары анық, – дейді Эльмира Мырза-Ғали.
Міне, осылайша кітап оқуға үндеп жүрген жанның бірі тың ұсыныстары мен жобаларын айтуда. Енді тек бұған жергілікті билік өкілдері қолдау білдірсе игі. «Кітап оқып, миллионер бол!» сынды жобаны облыс көлемінде ұйымдастыра алсақ, ертең бұл байқауды республика көлеміне шығаруға жол ашылар ма еді?! Ол кезде жамбылдық жобадан өзге өңірлер де үлгі алары анық. Дәл осындай баянды бастаманың бағдарын айқындауға биылғы «Кітап оқу жылы» сұранып-ақ тұр. Тек облыс әкімдігі тарапынан қолдау мен демеу болса болғаны.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы