Осы уақытқа дейін көзімізге түспеген, нақ сол өмір сәттерінде бізбен бірге отырып қымыз ішпеген жаңа бір жұмбақ Сағат бар, Әшімбаев әлемі бар. Енді осы Сағатпен, Әшімбаев әлемімен жақын жүздессек, ақын Абайдың мына бір жолдарының алдымызды кес-кестері бар:
– Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.
Біздіңше, осы шумақта айтылған, Абай басынан өткерген ахуал Сағатқа да ортақ. Абай аузынан шыққан бұл сөздерді Әшімбаев айтса да артық емес-ау...
Біз «Шығармалардың» үшінші томындағы Сағаттың жаңа жазбаларын: маржан ой үзіктерін, мыңдаған гүлдерге қонып, нәр жинаған арадай бал-білім түзіктерін көріп, көп тұстарда-ақ «ортаға тартылған» жұмбақ жүрек сырын, жылдар өтуіне орай өзгеріп-өсіп отырған жан диалектикасын тап басамыз. Осы жазбалардың жариялануына тікелей септескен Дүйсен Мүсірәліұлы былай деп орынды айтады: «Ол соңында әрқайсысы кемі 100 беттен 250 бетке дейін баратын бастан-аяқ Сәкеңнің өз қолымен жазған жазуға толы 45 қалың дәптер қалдырған. Орта есеппен алғанда жалпы саны 8 000-9 000 беттен асатын бұл дәптерлерде не жазылған сонда? 1974 жылдан басталып 1991 жылдың тамызына дейін жүргізілген бұл жазбаларды күнделік деуге келе қоймас. Күнделік – жеке адамның күнде немесе анда-санда көрген-білгенін, өзінің көңіл күйі мен белгілі бір оқиғаларға қатысты ой-пікірін жазып жүретін дүниесі ғой. Ал Сағат ағаның бұл жазбаларын «жұмыс дәптерлері немесе шығармашылық лаборатория, шеберлік мектебі» десек те болғандай. Себебі ол кісі өзі оқыған кітаптарының ертең өзіме қажет болады-ау деген тұстарын жазып алып, сол кітаптың атын, авторын, бетін, жазып алған күнін көрсетіп отырған...».
Бұлар да – қыруар құнды мұра, әрине мемуар – күнделіктер емес, десек те мұнда да «ет пен сүйектен жаралған» Сағат жанының сәулелері, тура 17 жылға созылған ой дорбалап, білім қордалап, білік ұштау жолындағы «әурелері» бар. Ара-арасында әлгі сәулелер ұшқындап, шырақ болып жануға ұласып, қуатты еңбектер, шуақты эсселер түзсе, әлгі «әурелер» жаңа тірек-тұғырлар тұрғызып, авторын – Сағат Әшімбаевты өмірлік жаңа бел-белестерге шығарып отырған. Келесі жаңа биікке көтерілген Сағат, әрине енді бұрынғыдан да зәулім шыңдарға көз тастап, тереңірек көреді, алысырақты байқайды. Қоғам өміріндегі алалықты, шалалықты түсініп, елдің ақыл-ойы саналар зиялылар көңіліндегі даналыққа қоса «балалықты», тұлғалық зорлылық пен сорлылықты сезіп, бас шайқайды. Осылайша, өсіп-өрлеген Сағат тікелей әдебиет мәселелерін қаузаудан асып, қоғамдық-елдік осалдық-олқылықтарды сынап, ұлттық-азаматтық сананы оятуға, яғни ұлыстық-әлеуметтік мәселелерді қозғауға көшеді.
1974 жылдан басталған алғашқы дәптерлерде, әрине әдебиеттік елеулі деректер мен сыншы-қаламгерге керектер басым:
«Уәли сөз – әулие сөз, пайғамбардың сөзі дегенді білдіреді екен. Абайда бар, «Өлең – сөздің патшасы...» деген өлеңін қараңыз. Уәжді – уәли».
«Л.Толстой 34 жасында үйленген. Ол 1970 жылы бірінші Петр туралы роман жазуға отырған...».
«Л.Толстойдың әйелі 15 бала көтеріпті».
«Л.Толстой «Детствоны» 24 жасында жазған».
«Л.Толстой А.А.Феттің үйінде (1861 жылдың көктемінде) отырып И.С.Тургеневпен ұрсысып қалып, оны дуэльге шақырыпты. Содан екеуі 1878 жылы қайта татуласқан».
«В.Г.Белинский «Горе от уманы» драмалық шығарма ретінде мойындамаған».
«Н.В.Гоголь «Өлі жандарын» 17 жыл жазған».
«С.Есенин 1921 жылы Айседора Дунканмен (Американың бишісі) танысады. Екі жыл бірге болады. Дункан 1927 жылы өлген. Есенин 1925 жылы 30 жасында Ленинградта қайтыс болады».
«А.Горький 34 жасында «академик российской словесности» болған. Бірақ патша өкіметі бұл атағын қайтарып алған. Ол 38 жасында Америкаға барғанда 70 жастағы М.Твен Горькийді құрметті қонақ ретінде қарсы алу жөніндегі комиссияның төрағасы болады».
(«Бірінші дәптерден», 1974 жыл)
«Шәкәрім Құдайбердиев Лев Николаевичпен хат жазысқан екен. 8.06.1975 ж.
«Ғабдулла Тоқай 27 жасында дүниеден өткен. Осы жасына қарамастан татар әдебиетінің ұлы ақыны, классик дәрежесіне ие болған».
«1941 жылы 24 июньде Л.Н.Толстой И.В.Сталинге хат жазып, И.А.Бунин туралы өте жақсы пікірлер айтқан».
«Л.Н.Толстой Шекспирді, оның пьесаларын ұнатпағаны мәлім. Ал Ф.М.Достоевский керісінше, Шекспирге қатты табынып, былай деген екен: «Шекспир – это пророк, посланный богом, чтобы возвестить нам тайну, о человеке, души человеческой...»
26.10.1976 ж.
«М.Шолохов 1923 жылдан бастап жаза бастаған. 1924 жылы алғашқы әңгімелері жарияланған. Сонда 21 жасында роман жазуды бастаған. 29 жасында 4 кітап (эпопея) жазып бітірген.
Білімі – мужской гимназияда ғана оқыған. 8 түрлі мамандықта жұмыс істеген. Статистник, мұғалім, грузчик, прод.инспектор, каменщик, счетовод, канцелярским работником, журналист – 8 түрлі мамандық».
Л.Толстой қайтыс болғанда Англияның «Таймс» газеті «Мир потерял точку опоры» деп жазған екен. 24.05.1976 ж.
(«Екінші дәптерден», 1975-1976 жылдар).
Байқайсыз ба, көбінесе әдеби деректер. Ұлы орыс әдебиеті мен туысқан кеңес орыс әдебиеті тұлғаларының көбірек назарында болуы – түсінікті. Бірақ талғам қандай: кілең алыптар, ұлы ақын-жазушылар. Оның ішінде де Лев Толстой алғашқы орында болса, одан кейін В.Г.Белинский, Н.В.Гоголь, С.Есенин, А.Горький қамтылып жатса, бұл Сағаттың осы уақытта-ақ Лев Толстойды қызығып та, қадірлеп те оқығанын, орыстың ұлы сыншысы мен Сергей Есенин, Максим Горький сияқты толағай тұлғаларын қатты қадірлегенін білдіреді. Бірінші дәптерде қалай болғанда да Абайдан бастап, екінші дәптерде-ақ ағылшынның алыбы Уильям Шекспирді елеп жатқанына разы болдым. Ал оның 1975 жылғы 8 маусымда сол кездері тыйым салынған, оқуға да рұқсат жоқ Шәкәрім Құдайбердіұлын ескеруі тіпті ғажап емес пе?!
Екінші дәптерді оқыған соң еске түседі, біздің жас кезімізде татардың Ғабдолла Тоқайы тым мәшһүр еді. Жырларын жұрт жаппай оқыған-ды. Тәуелсіздігіміз нығая бастаған бүгінгі күні ше? Сол Тоқайды мүлдем ұмыттық қой... Сағаттың жазбаларымен танысқан соң еріксіз салыстырасың: біз қазір наданырақпыз ба, әлде 1975-1976 жылдары адамырақпыз ба? Әрине, әдебиетті оқу жөнінен.
«...Тарихты білу өте қажет. Тарихтағы үлкенді-кішілі оқиғалар жердің білінбей айналатыны сияқты басқа формада қайталанып келіп отырады». 5.10.1978 ж. «Сыншы – жеке адамның творчестволық құпиясын ашып қоюшы ғана емес, ең бастысы, бүкіл әдебиеттің дамуына жол ашушы адам». 10.04.1980 ж. «Адал жүріп, әділ сөйлесең, қор болмайсың». «Көркем шығармадағы азаматтық пафос – суреткердің биік азаматтық тұлғасы мен терең парасаттың нәтижесі. 28.06.1979 ж. «Ақиқатты айтқан адам айыпты емес, ақиқатты көріп тұрып көзін жұмған адам қауіпті». «Сын әдебиет арқылы туады, ал әдебиет сын арқылы дамиды. 21.02.1980 ж. «Біліп тұрып айтпаған біліксіздік болса, көріп тұрып айтпаған көргенсіздік екені анық». «Ақиқат – адамның еркінен тыс нәрсе. Сондықтан да оны айтпау, болмаса аяқасты ету мүмкін емес. 8.08.1981 ж. «Жас жазушы көп те, жаңа жазушы аз болып жүр. Сол сияқты ескі тақырыпты жаңаша жаза алмайтындардың саны жаңа тақырыпты ескіше жазатындардың санынан кем түспейді... 5.12.1981 ж. «Жақсының жақсылығын айтпау – ездікке пара-пар, Жаманның жамандығын айту – ерлікке пара-пар». «Қазақтың ең данышпан сыншысы – Абай»» Абайды өлең оқу үшін оқудың қажеті жоқ, оны ойлану үшін оқу керек». 21.09.1982 ж. «Қазақты түсіну үшін Абайды оқу қажет! Ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт. 9.03.1984 ж. «Бірін-бірі сыйламаған елдің баласын бірде-бір ел сыйламайды. Москва. 16.09.1984 ж. «Өлең оқу оны жазудан оңай емес. Демек, жазу қандай қиын болса, оқу да оған пара-пар. 15.12.1984 ж. «Талант дегеніміз – адамгершілік! 15.03.1985 ж. «Азаматтардың аздығынан азап шегіп келе жатқан елдің баласымыз. 24.12.1987 ж. «Бұл дүниенің азабын азаматтар көріп, рақатын рақымсыз жандар көреді екен». «Тайпалық тар сезімнен, рулық улы сезімнен арылуымыз керек те, ұлттық ұлы сезімді алға қоюымыз керек». «Тәрбие жоқ жерде тәртіп жоқ, ал тәртіп жоқ жерде Тәңірі жоқ. Қасірет осыдан келіп шығады. 21.06.1991 ж. «Дүниеге келу – бір парыз, ал лайықты өмір сүру – мың парыз». (Қалған дәптерлерден) Шынымды айтсам, Сағаттың 45 дәптерінде осындай маржан ойлар көп. Жүрегіңді тебірентіп, биікке бойлар пікірлер жеткілікті. Десек те, көлем деген кедергі бар. Сондықтан сол інжу-гауһарлардың бәрін де түгел келтіре алмаймыз. Соған орай бейнелеп айтсақ, көлем мазмұн – адамның киімі іспетті. Ал кейінгі уақытта бізде ойға, оқиғаға, образдарға бағынып, соларға қарап көлем беру – киім тігу емес, киімге, яғни берілген көлемге қарап оқиғаны, образдарды өлшеп кесіп шұнтиту, ойды зорлап сыйдырып, құнтиту салтқа айналып кеткен. Рас, қампиғанмен шарқы оқиғалар да, шала образдар да, шағын ойлар да әдебиетімізде жеткілікті. Сондықтан да барлық гәп, мәселенің мәні нысана – шығармаға нақ, шақ көлем еншілетуге саяды. Міне, осыдан шығарып айтарым – Сағаттың оймақтай болғанмен орамды да озық ойларын мақала көлемі көтермейтіндіктен, амалсыздан қысқартып, тек нұсқа беруге мәжбүрмін. Соның өзінде де сыншы, ойшыл, философ, ғұлама, азамат Сағаттың бәзбір ойлары өз орындарына әрең сыйып, өз көйлектерін сөгіп жіберердей нығыздық сездіреді. Дені – асыл да Алаштық ойлар. Дені – Алматыда тұрып-ақ астанамыздан асып, Қытайға қадам басып, Ресей мен АҚШ-қа да жетіп, көрінетін бойлар. Сағаттың өзі «Әрбір творчество адамның өз ренессанс дәуірі болады» (10-дәптер) дегендей, мақаламды өз әдетіме бағып кейіпкерімнің ой-жүзіктеріне арналған қайырымдарын бір лебіз-тұжырымымен тиянақтауға келгенде қатты қиналғанымды жасырғым жоқ. Сағаттың осынау сан алуан сыр-тұжырым, қилы-қилы ой-жүзіктері өмірінің соңына қарай бірінен-бірі асып салмақтана түсіп, түйіндеуге мен, мен, мен лайықпын дегендей сымбат-сыңай танытты. Мәселен, оның «Қазақты түсіну үшін Абайды оқу қажет! Ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт» деген тұжырымы ол тұсау кескен 1984 жылдан бері ескірмегенін, есті, сесті, десті бола түскенін былай қойғанда, биыл Абайдың 175 жылдығы болғандықтан, қалайша тиянақ-түйін болуға жарамайды?! Алайда адамдығы селдіреген, азаматтығы сетінеген қазіргі қазағымызға ақын Абайдың ақылынан гөрі әдебиеті ерекше ескертпе, халықтық абай болуын (абайлауын) ұқтырар «Азаматтардың аздығынан азап шегіп келе жатқан елдің баласымыз» деген нұран сөз «Тайпалық тар сезімнен, рулық улы сезімнен арылуымыз керек те, ұлттық ұлы сезімді алға қоюымыз керек!» деген ұран сөз немесе «Тәрбие жоқ жерде тәртіп жоқ, ал тәртіп жоқ жерде Тәңірі жоқ...» деген Құран сөз көбірек керек шығар. Осылай толғана келе мен таңдауды оқырманның өзіне қалдыруды жөн көрдім. Өйткені оқырман болу да «шындыққа сүйіспеншіліктен туады» (Жиырма төртінші дәптерден). Қай-қайсысымызға да «дүниеге келу – бір парыз, ал лайықты өмір сүру – мың парыз» (Қырық бесінші дәптерден). Біз Сағат Әшімбаевтың шығармаларының үшінші томына енген төл оймақтай ойларын, кемеңгерлерден қотарып әкеліп бізге де ұсынған небір парасатты пікірлерін оқу арқылы көзі ашық көпшілігіміз адам болып лайықты өмір сүруіміздің бір парызын орындайық та. Бақыт САРБАЛАҰЛЫ