Кешегі Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов ішкі нарықты отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету қажет екенін айтты. – Біз жоғары импортқа тәуелділікті талдап, анықтадық. 8 тауар тәуекел тобына кірді. Олар бойынша импорт үлесі 15 пайыздан асады. Мұның ішінде қант, ірімшік, сүзбе, құс еті, күнбағыс майы және тағы басқа азық-түлік өнімдері бар. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, тауарлардың 5-7 пайызына аздаған тапшылығы алыпсатарлықтың себебінен бағаның 1,5-2 есеге өсуіне әкеп соғуы мүмкін, – деді шенеунік. 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есе арттыруды тапсырып еді. Бес жылдың екеуі өтті де кетті. Ал біздің Үкімет мүшелері әлі күнге дейін экспортты былай қойып, импортқа тәуелдіміз деп аузын қу шөппен сүртеді. Ау, сонда бұл қалай болғаны? Ішкі нарықты қамтамасыз етуге Қазақстанның қауқары жетпей ме?
Әрине, жетеді. Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз. Тек оның әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Шындасақ, бүкіл дүниежүзін органикалық және экологиялық таза өнімдерге қарық қылатын жағдайымыз бар. Осы мақсатта Үкімет суармалы жер көлемін кезең-кезеңімен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл қадам ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 4,5 есе арттыруға септігін тигізбек.Ауыл шаруашылығына шетелден инвесторлар тарту да – кезек күттірмес міндет. Міндет орындалып та жатыр. Мәселен, бірер ай бұрын Премьер-Министр Асқар Мамин АҚШ-қа барды. Сапар барысында америкалық агробизнес өкілдерімен Қазақстанда ет өңдеу кәсіпорындарын және суару жүйелері өндірісін ашу туралы келісімшарт жасалды. Үкімет басшысы АҚШ-тағы аса ірі ет өндіруші Tyson Foods компаниясымен келіссөз жүргізді. Аталмыш кәсіпорын Қазақстанда екі жылда үш зауыт салмақшы. Сондай-ақ Омаха қаласында маңызды құжатқа қол қойылды. Құжат бойынша Қазақстанда 2022 жылы қуаттылығы жылына 1 мың машина фронтальді және айналма суаруды құрайтын Valley ирригациялық жүйелерін өндіру зауыты салынады. Америкалық технология өсімдік шаруашылығының өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығындағы су шығынын 50 пайызға азайтады. Жалпы, аграрлық сектор – бизнес үшін тартымды бағыт. Соңғы 5 жылда бұл бағытқа 3,3 млрд доллар (1,3 трлн теңге) инвестиция құйылған, оның 80 пайызға жуығы жеке секторға тиесілі. Еліміздің географиялық орналасуын, ұлан-ғайыр жер байлығын, ауа райы жағдайын ескерсек, отандық ауыл шаруашылығының болашағы зор екенін анық аңдаймыз. Мысалы, Нидерландқа қарайықшы. Алақандай мемлекет ауыл шаруашылығына инновациялық жаңалықтар енгізуде әлемдік көшбасшы ретінде танылған. 2000 жылдан бастап голланд фермерлері қолданыстағы пестицидтерден толығымен бас тартты, 2009 жылдан бастап құс және мал шаруашылығында антибиотиктерді қолдану көрсеткішін 60 пайызға қысқартты. Бүгінде Нидерланд тамақ өнімдерін сыртқа шығару жағынан өзінен әлденеше есе үлкен АҚШ‑тан кейінгі екінші орында. Ауыл шаруашылығы болашақта біздің де бірден-бір қозғаушы күшіміз болмақ. Өйткені мұнай – қырық-елу жылда сарқылатын байлық. Ал жердің мәуесі мен малдың сүмесі адамзатты әлімсақтан бері асырап келеді. Жейтін тамақ пен киетін киім жердің астында емес, жердің бетінде. Табиғи өнімдерге деген сұраныс алдағы уақытта арта түспесе, еш кемитін емес. Аузы дуалы сарапшылардың айтуынша, ауыл шаруашылығы экономикалық дағдарысты жою, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларын дамыту, саяси-әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында шешуші рөл атқарады. Ауыл шаруашылығы дегенде кең-байтақ жеріміз, төрт түлік малымыз, егінді алқаптарымыз еріксіз ойға оралады. Осы табиғаттың берген сыйын құмға сіңген судай құрдымға кетірмеу үшін салаға ерекше көңіл бөлгеніміз жөн.
Қазақтың жаны – ауыл. Қазір шамамен 7,7 млн адам немесе халықтың 41 пайызы ауылда тұрады. Ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартпайынша, ауыл шаруашылығы өнімін арттыру мүмкін емес. Былтыр Президент «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру жұмысы жалғасатынын мәлімдеді. Шағын елді мекендерді дамытуға қатысты күрмеуі қиын күрделі мәселе баршылық. Осы орайда, өңірлік стандарттар әзірленіп, мыңнан астам ауылға жағдай жасалады. Мемлекет басшысы Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде ауылды дамытуға 90 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Бұл қаражат көлік, ауызсу және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалады.Иә, биологиялық ресурстарымыз, минералды ресурстарымыз, моральдық, интеллектуалдық ресурстарымыз бәрі ауылда. Тек капитал ауылда емес, билiк ауылда емес, элита ауылда емес. Соңғы үшеуі ауылға бетін бұрса, ауыл шаруашылығы да гүлденеді. Біз көріп отырған жалғыз шешім – осы. Басқаның бәрі – қосымша. Еркебұлан НҰРЕКЕШ