Импорт алмастыру да инфляцияға тосқауыл

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жақында «Қазақстанға экономиканың 4 пайыздық өсімі аздық ететіні анық...

Үкімет экономиканы барынша дамыту үшін тың тәсілдер табуға тиіс» деп ел билігіне салмақты міндет жүктелгенін қадап айтқан болатын. Әзірге Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, алғашқы 11 айдағы экономикалық өсім 4,4 пайыз көрсеткішке жеткен. Нақты саладағы оң динамика 5%, көрсетілетін қызметтер 4,5%. Алдағы 2025 жылы бұл көрсеткішті жоспарға сәйкес 5,5-6 пайыз деңгейіне жеткізу міндеті қойылып отыр.

Алайда сала мамандарының айтуынша, қазіргі ахуалды ескере отырып, тек мұнай шикізатының экспортына арқа сүйеу арқылы мұндай өсімге қол жеткізу мүмкін емес екенін түсіну маңызды. Тә­уелсіз сарапшы, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, еліміздегі экономикалық өсім соңғы кездегі бағалардың өсуі арқылы қалып­тасып отыр.

Табысың тұрмысынан білінсе игі

– Сондықтан бұл экономи­ка­лық өсімнің халықтың әлеуметтік жағдайына айтарлықтай оң әсерін тигізбегені анық байқалады. На­рық заңдылықтарына сәйкес, егер экономикалық өсім 3 пайыздан жоғары болса, ол азаматтардың тұрмыс деңгейін жақсартуға тиіс. Алайда біз бұл өзгерісті сезінген жоқпыз. Себебі елдегі экономи­ка­лық өсімнің бір бөлігі инфляция­ның әсерінен пайда болған жа­санды көрсеткіштерге негізделген деуге толық негіз бар. Мұны нақ­тырақ түсіндіру үшін 2005 жылды негізге ала отырып, ЖІӨ көрсет­кіштерін салыстырайық. Есептерге сүйенсек, биылғы жылы Қазақ­стан­ның жалпы ішкі өнімі 160 мил­лиард АҚШ долларына тең бо­луға тиіс. Бірақ ресми мәлімет­терде бұл көрсеткіш 260 миллиард АҚШ доллары деп көрсетілген. Яғни, шамамен 100 миллиард дол­ларға тең айырмашылық инфляция мен баға өсімінің нәтижесінде жасалған. Бұл экономикалық дамудың нақты өнімділікке емес, бағаның артуына негізделгенін білдіреді, – дейді ол.

Сарапшының сөзіне сүйенсек, халықтың әлеуметтік-экономи­калық жағдайында, нақты табыс деңгейінде айтарлықтай өзгерістер байқалмай отыр. Жалақының номиналды түрде өсуіне қара­мас­тан, сатып алу қабілеті төмендеген. Бағаның шарықтауы халықтың күнделікті тұтыну шығындарын арттырып, өмір сүру деңгейінің нақты төмендеуіне алып келді. Бұл жағдай экономикалық саясаттың тиімділігін қайта қарау қажеттігін көрсетеді.

– Әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін экономикалық өсім сапалы және тұрақты болуы тиіс. Яғни, өсім негізінен өнімділік пен өн­діріс көлемінің артуынан, жаңа жұмыс орындарының ашылуынан және халықтың нақты табысының өсуінен құралғаны жөн. Халықтың төлем қабілеттілігінің өскенін жа­лақысына биыл былтырғы жылмен салыстырғанда көбірек зат сатып алу және қызметтерді пайдалана алуынан көруге болады. Бізде кері кетіп барады. Қазір азаматтардың табысы ортша есеппен 5 пайызға өсті деп көрсетіледі. Бірақ та­уар­лардың бағасының қымбаттауы соңғы жылдары 10 пайыздан кем болып жатқан жоқ. Былтырғы қо­рытынды бойынша ресми статис­тика 8,5 пайыз деп көрсетті, де­генмен бейресми статистика өз алдына жүретінін білесіз, ол 10 па­йыз көлемінде. Алдыңғы жыл­дары, тіпті инфляция 20 пайызға дейін көтерілген еді, ал халықтың табысы жылына 5 пайыз деңге­йінде әзер көтеріліп келеді. Қорыта айтқанда халықтың табысы баға өсімін қуып жете алмай жатыр, – дейді маман. 

Оның айтуынша, ресми түрде арифметикалық жолмен есепте­летін «орташа жалақы мөлшері» бар. Бірақ одан бөлек, соңғы кез­дері медиандық жалақыны есептеп қоса бастады. Бұл – еліміздегі аза­маттардың көп бөлігі алатын жа­лақының орташа есебі. Экономист бұл әлдеқайда шынайылыққа жа­қын деген пікірде. Мысалы, ха­лық­тың 70 пайыздан астамы 200-300 мың теңгенің арасында табыс табады. Соның ішінен орта есебін шығарса, ол 250 мың теңге болмақ. Дегенмен әлі де төменгі жалақы алатын халықтың саны көп.

Экономиканың әртараптан­дырылуы – тұрақты дамудың не­гізгі шарты. Осы орайда ауыл ша­руашылығы, өңдеу өнеркәсібі, туризм және инновациялық техно­логиялар сынды салаларды да­мы­туға ерекше назар аудару қажет. Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, аталмыш секторлардың әрқайсысы ел экономикасына қоз­ғаушы күш бере алады. Сон­дықтан сыртқы тәуекелдерді айна­лып өтудің негізгі амалы өз өнді­рісімізді өрге домалату ғана.

– Экспортқа тәуелді мемлекет ретінде әлемдік нарықтағы мұнай бағасының ауытқулары елдің эко­номикалық көрсеткіштеріне ті­келей әсер ететіні сөзсіз. Ал тәуе­кел­дерді төмендету үшін эко­­­но­ми­каның тұрақтылығын қамта­­­масыз ететін ішкі өндірісті дамы­туға басымдық беру маңызды. Соны­мен қатар биыл инфляция дең­гейін 5,5-7 пайыз аралығында ұстап тұру – экономикалық өсімге оң ықпалын тигізетін факторл­ар­дың бірі. Елдің сыртқы экономи­калық байланыстары мен әлемдік экономиканың даму қарқынына үйлесімді әрекет ету де маңызды рөл атқарады. Сауда серік­тес­те­рімен тиімді ынтымақтастық ор­натып, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту арқылы жоғары нәтиже­лерге қол жеткізуге болады. Эко­номикалық стратегияны дұрыс жоспарлап, әрбір секторда үйле­сім­ді саясат жүргізу арқылы елдің тұрақты және сапалы өсіміне жол ашамыз, – деген пікірімен бөлісті сарапшы.

Қымбатшылық құрығынан шығар жол қайда?

2023 жылмен салыстырғанда, инфляция қарқыны біршама бәсеңдегенімен, межелі «дәлізден» асып жығылмақ. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстандағы инфля­ция 2023 жылғы 9,8%-дан 2024 жылы 8,6%-ға дейін баяулады. Бұл бағаның біртіндеп тұрақтанғанын көрсетеді. Дегенмен бағаның өсу қарқыны әртүрлі санаттағы ­та­­уар­лар мен қызметтер арасында өзге­ріп отырады. Атап айтқанда, азық-түлік тауарлары 5,5%-ға, азық-тү­лік емес тауарлар 8,3%-ға қым­­баттады, ал ақылы қызмет­тердің құны 13,3%-ға өскен. 

Сарапшылардың айтуынша, инфляцияны 5 пайызға дейін төмендету – елдің экономикалық саясатындағы басты мақсаттардың бірі. Дегенмен биыл бұл көрсеткіш 6-7 пайыз аралығында болатыны болжанып отыр. 

– Бұл мәселенің күрделілігі баршаға белгілі, себебі инфляция көптеген факторға тәуелді, олар­дың ішінде ішкі нарықтың ахуалы, сыртқы сауда байланыстары, ха­лықтың тұтынушылық сұранысы мен ұсынысы айтарлықтай рөл атқарады. Үкімет пен Ұлттық банк осы бағытта бірқатар жүйелі шаралар қабылдауда. Атап айтсақ, салық саясатына енгізілген өзге­рістер экономиканың тұрақты­лығын қамтамасыз етуге бағыт­талған. Бұл шаралар мемлекеттік кірістерді тиімді басқарумен қатар, бизнес ортаның белсенділігін арт­тыруға ықпал етеді. Шағын және орта бизнестің үлесін көбейту, ха­лықтың төлем қабілеттілігін жақ­сарту сияқты қадамдар инфля­ция­ны бақылауда маңызды рөл ат­қарады. Бұл бағыттар тек инфля­цияны төмендетіп қана қоймай, экономикалық өсімге де жаңа серпін береді, – дейді Б.Ысқақов.

Елімізде инфляцияға жауапты орган – Ұлттық банк болған­дық­тан, сол мекемеден инфляцияны төмендету талап етіліп отыр. Қазір ол инфляцияны таргеттеу бо­йынша саясат жүргізіп жатыр және 2025 жылдан бастап оның мөл­шерін 5 пайыздан асырмаймыз деп уәде еткен. Биыл сол дәлізге ора­луды мақсат етіп отыр. Дегенмен Мақсат Халықтың айтуынша, инфляциямен күрес ол тек Ұлттық банктің міндеті болмауы қажет. Өйткені ол ақша массасын реттеу және базалық пайыздық мөлшер­леме арқылы теңгеге құн беріп, ең төменгі пайызды бекіте алады. Осы екі құрал арқылы ғана на­рыққа ықпал етеді. Ал негізінен инфляцияның аз және теңгенің тұрақты болуы Үкіметтің жүргізіп отырған саясатына байланысты.

– Бізде индустрияландыру бағдарламасы, Президент тап­сыр­ған экономиканы әртараптандыру бағдарламалары бар осы бағыт­тардың барлығы өкінішіке қарай орындалып жатқан жоқ. Инфля­цияның жоғары болып қалуының басты себебі – осы. Бірақ Үкімет бұл міндеттерді орындауға бел шешіп кірісті деп айта алмаймын. Ол бағамен күресеміз дегенмен, әрекетіне қарасаң шенділердің базар аралап жүргенін елестетеді. Бұл – ең әлсіз әдіс. Инфляцияны құрықтаушы негізгі фактор тауар өнідірісі болса, оған жеткілікті түрде көңіл бөлінуі керек. Қандай отындақ тауарлар өндіруге басым­дық берілгені дұрыс? Индус­трия­лық министрлік тарапынан осын­дай тауарлардың тізімі бар реестр жасалынуы тиіс. Жазда аталмыш ведомтво өкілдерімен пікірталасқа түскен едік, ол кезде мұндай реестр әлі дайын еместігін алға тартқан болатын. Міне, қазір 2025 жылға өттік, алдағы жылы жасалып қа­лар. Дегенмен бір әттеген-ай деп айтатын тұсымыз қазір Қытаймен шекара ашық. Көптеген тауарлар импортталып жатыр, ал соған ұқсас отандық тауар өндірушілер қазір жабылудың аз-ақ алдында тұр. Бірақ мемлекеттік реестр әлі де дайын емес. Кімдерге көмек көр­сету қажет, қай салаға басым­дық беру керек деген сауалға жауап жоқ. Бұл ұят жағдай, сондықтан осындай үдерістер экономи­ка­мыз­ды артқа тартып отыр, – деген тұ­жырымды айтады экономист.

Маманның пікірін әріптестері де қолдап отыр. Өйткені импорт алмастыру – инфляцияны ұстап тұруға арналған негізгі тетіктердің бірі. Сырттан келетін тауарлардың орнын отандық өнімдермен ал­мастыру, жергілікті өндірісті қол­дау, логистиканы оңтайландыру және өндірістік шығындарды төмендету арқылы нарықтағы тауар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге болады. 

– Бұл шаралар отандық тауар­лардың бәсекеге қабілеттілігін арттырумен қатар, халықтың та­бысына лайықты баға деңгейін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Биылғы жылы инфляцияны 6 пайыз деңгейінде сақтап қалу – айтарлықтай жетістік болар еді. Себебі бұл тек сандық көрсеткіш қана емес, елдегі экономикалық тұрақтылықтың маңызды инди­ка­торы, – дейді Бауыржан Ысқақов.

Қара алтынның құны қалай өзгермек?

Қымбатшылық туралы айта отырып, мұнай бағасын қалай айналып өтпекпіз. Өйткені мем­лекеттік бюджеттің шығыны мен кірісі қара алтынның құнына ті­келей байланған. Мұнай бағасы­ның динамикасы әлемдік нарық­тағы сыртқы факторларға тәуелді екені белгілі. Соңғы жыл­дары АҚШ-тың дамушы елдердің эко­номикасы мен мұнай бағасына қатысты қатаң саясаты, әсіресе монетарлық шектеулер, мұнай ба­ғасының төмендеуіне әкеліп отыр. Қазір мұнайдың барреліне шақ­қандағы құны төмендегені бай­қалады. Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, дамушы елдердің қата­рында болғандықтан, бұл жағ­дайдың біздің экономикамызға да кері әсер ету қаупі жоғары. 

– Осы факторларды ескере отырып, биыл мұнай бағасының барреліне шаққанда шамамен 72-75 АҚШ доллары деңгейінде болатыны болжануда. Аталған факторлар ескерусіз қалса, ұлттық валютамыздың девальвацияға ұшырау қаупі сейілмейді. Бұл жағ­дай елдің ақша-несие саяса­тының әлсіздігін және бюджет тапшы­лығы мен инфляция деңгейінің ұлттық валюта тұрақтылығына әсе­рін көрсетеді. Қазіргі болжам­дар­ға сәйкес, теңге бағамы 2025 жылы 545-550 деңгейінде болады деп күтілуде. Алайда бұдан әрі құл­дырауына жол бермеу – мемле­кеттік экономикалық саясаттың тиімділігіне тікелей байланысты. Ұлттық валютаның тұрақтылығы үшін кешенді шаралар қабылдау қажет, – деп өз болжамдарын ортаға салған экономист сыртқы қарыздардың да мән жайына ерек­ше тоқталды.

Оның айтуынша, Қаржы ми­нистрлігінің алдында 2025 жылы 2,5 миллиард АҚШ доллары көле­міндегі облигацияларды өтеу мін­де­ті тұр. Бұл – еліміздің сыртқы қарыздарын азайтуға және қар­жы­лық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қа­дам­дардың бірі. Алайда шетел ва­лю­тасына деген сұранысты ұл­­ғай­тып, теңгенің әлсіреуіне ық­пал етуі мүм­кін. Бұл жерде им­портты ал­мастыру саясатының ма­ңызы зор. Ұлттық валютаның құнын сақ­тау үшін мұнай бағасына ғана тәуелді болмай, әртараптанды­рыл­ған эко­номика құру – уақыт талабы. 2025 жылы доллар бағамын 550 теңге деңгейінде ұстап қалу мүм­кіндігі бар. Бұл үшін мемлекет қатаң әрі тиімді экономикалық саясатты ұс­танып, сыртқы қа­рыздарды басқару мен импортты алмастыру бойынша нақты шара­ларды жүзеге асыруы қажет. Осын­дай страте­гиялық қа­дамдар ұлттық валютаны тұрақ­тан­дырумен қатар, халықтың әл-ау­қа­тын арттыруға мүмкіндік береді.

Кәмила ЕРКІН