Театр – ірі мәдениет ошақтарының бірі болса, кино – ұлт болмысын айшықтап көрсететін өнер.
Медғат Өмірәлиев, актер, Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі: Режиссерді сырттан шақыруға мәжбүрміз
2,616
оқылды

Екеуі бір арнада біте қайнасып жатыр. Екі өнердің де ескегін есіп жүрген талант көп. Кейіпкеріміз Медғат Өмірәлиев – жұртшылыққа «Тар заман» фильміндегі Әлихан бейнесімен танылған актер. Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі әрі кино актерімен сұхбатымыз өнер әлемі жайында өрбіді. 

Режиссерлер еркіндікті жақсы көреді

– Медғат аға, өнердегі ал­ғашқы қадамыңыз театрдан бас­тал­ды. Алматы облысында туып, жо­ғары білімді де осы қа­лада ал­ған­нан кейін ат басын Маң­ғыс­тауға бұрудағы себеп не? 

– Иә, туған қалам мен қыз­мет етіп жүрген қалам бір бас­қа. Екеуі еліміздің екі шеті. Елі­­міздің батыс аймағына бет­бұруымның себебін сұра­саңыз, айтайын. 2003 жылы оқу­ды аяқ­тамай тұрып, бізге Ең­бек сіңірген қайраткер, Маң­ғыс­таудың құрметті аза­маты, театр режиссері Нұрнияз Мұханов пен көркемдік жетекшісі Гүл­си­на Бақытжанқызы біз оқып жүр­ген оқу орнына келіп,  Ра­хи­лям Машурова мен Әубәкір Рахимовтың курсындағы екі топ­ты қосып, бізді Ақтауға жұ­мысқа шақырды. Оқып жүрген кез­де «Хабар» телеарнасына дуб­ляжға жаңадан жұмысқа кі­рістік. Әрі сол уақыттың өзінде Ал­маты қаласындағы біраз театр­дан ұсыныс түсті. Ғ.Мү­сі­ре­пов атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық балалар мен жа­сөс­пірімдер театрына шақырды. Бірақ бүкіл курс киелі Маңғыс­тау­ға кететіндерін көріп, біз де көш­тен қалғымыз келмей, не бол­са да көшпен бірге жүріп кө­рейік деп шешім қабылдадық. 4 жыл бірге оқыдық, бір-бірімізге бауыр бастық. Содан бері Маң­ғыстаудағы Н.Жантөрин атын­да­ғы музыкалық драма теат­ры­ның қабырғасында жүрміз. 

– Иә, осы театрдың басшысы әрі бас режиссері болған Гүл­си­на Мирғалиева бір жылдай бұ­рын Астанадағы Қ.Қуанышбаев атын­дағы Қазақ ұлттық музы­ка­лық драма театрына көркемдік жетек­ші қызметіне шақырылып еді...

– Қазір театрымызда нақты белгіленген режиссер жоқ. Өйт­ке­ні өзіңіз білетіндей, бас ре­жис­серіміз, бұрынғы басшымыз Гүл­сина Бақытжанқызы Қал­ле­ки театрының көркемдік жетек­ші­сі қызметіне ауысты. Біз қазір ре­жиссер іздестірудеміз. Келетін ре­жиссерлер жоқ емес. Бірақ сол кел­гендердің барлығының бір­ден сұрайтыны пәтер, басқа да әлеуметтік жағдайды жақсартуға ар­налған дүниелер. Бүгінде  об­лыс басшылықтарымен театр ұжы­мына керекті пәтер сұрап, кадр толтыру мәселелерімен ай­на­лысып жатырмыз. Егер облыс басшысынан осы сұранысы­мыз­ға жақсы жауап алып жатсақ, теат­рымызға белгілі бір бекітіл­ген режиссер келеді деген ой­да­мыз. Ал қазір біз режиссерлерді сырт­­тан шақыруға мәжбүрміз.  

Көп режиссер бір театрға бай­­­­­­­лан­ғысы келмейді. Оны мойын­дау керек. Өзі қалаған теат­рға ба­рып, қойылым сах­на­ла­ғысы ке­летіндей еркін жүр­ген­ді қа­лай­ды. Шынында, бү­гін­­де ре­жис­­серлердің басым бө­лігі осын­дай талапты ұстанып жүр. Осы­ған байланысты біз кө­бі­не көп басқа мемлекеттен ке­ле­тін ре­жиссерлермен тығыз жұ­мыс іс­теп жатырмыз. Мә­се­лен, Ре­сей­ден келген саха елінің ре­жис­сері, «золотая маска» ие­ге­рі Сер­гей Потапов қойған  «Бер­нар­да Альбаның үйі» спек­так­лі мен Әбіш Кекілбайұлының «Шыңы­рау» қойылымы әлі күн­ге дейін көрермен сұра­ны­сы­на ие болып отыр. Талғат Те­ме­нов­тің Шыңғыс Айматовтың «Жә­ми­ла» повесі желісімен қой­ған спек­таклі бүгінге дейін ре­­пер­туар­да тұр. Әр сахна­ла­нуын­да кө­рермен ағылып келіп жа­тады. Одан бөлек, Фархад Мол­даға­ли­дың бізге қойған «Менің атым Қо­жа» қойы­лы­мы­на көрермен­нің сұранысы арт­қа­нын жасыру мүм­кін емес. Ре­жиссер Мұрат Ах­мановтың «Бір түп алма аға­шы», Гүлсина Мир­ғалиеваның ре­жиссер­лі­гі­мен шыққан «Әли­хан­ның ама­на­ты» спектаклінің би­леттері он­лайн сатылымда-ақ тез өтіп жа­тыр.

Әртістерге қосымша табыс керек

– «Режиссерді іздеп жатыр­мыз» дейсіз. Ал актерлер жағы қа­лай? Кадр тапшылығы байқала ма?

– Оқу орнында жүргенімізде ұстаздарымыздың айтатыны: «Өнер жолы – ауыр жол. Елден оз­байсың, елден қалмайсың, ел­мен қатар жүресің.  Бұл – абы­рой мен қошеметке, елдің ықы­ла­сына бөленетін мамандық». Бү­гін біз де жастарға осыны ай­­­­­­тып жүрміз. Қазір театры­мыз­да 45 актер бар. Бұлардың ішінде 6-7-еуі осы театрдың іргетасын қа­лағандар. Басым көпшілігі – жас буын. Маңғыстаудағы театр­­дың жетістігіне, актер­лер­дің ше­­­­­берлігіне бұрыннан қызығып жиі келеді. Бұл құбылыс жұмыс про­цесінің тоқтаусыз ілгері жү­ріп отыратынына тікелей әсер ете­ді. Біздің театрдан болашағын кө­ріп келген жастардың кеуде­сі­нен итермей, құшақ жая қарсы аламыз. 

Бүгінгі күні әлеуметтік же­лі­де бір-ақ сәтте жұлдыз болудың мүм­кіндігі көп қой. Кейбіреулер тіпті оны табыс көзіне де айнал­ды­ра алады. Н.Жантөрин атын­да­ғы музыкалық драма театры­ның әртістері де театр шең­­­­­берінде ғана емес, кино, жарнамада да та­­­­нымалдыққа қол жеткізіп ке­леді. Бір жағынан бұл бүгінгі күн­нің басты талабына айналып кет­кен. Мұнымен театрда бері­ле­тін жалақы мардымсыз демей­мін. Киноға бет бұрғысы келе­тін­дердің бетін қаққым кел­­­мейді. 

Бұрын осы театрда актер бо­­­­лып жүргенімде бұрынғы бас­шы­лар қандай жобаға шақырту ал­сам, қуана келісім беретін. Қа­зір де біздің театр әртістеріне ки­­ноға түсуге ұсыныс түсіп жат­са, жолын байламай, жіберуге ты­­рысамыз. Егер театр актерлері кинода, жақсы жобада бой көр­сетіп жатса, бұл театрға жаңа кө­­рермен тартады. Солар ой­на­ған спектакльді іздеп келетін кө­рермен көбейеді.

– Кино актерінің жауап­кер­ші­лігі бір бөлек, театрдың көркемдік же­текшілігінің салмағы өз алды­на. Сізге батпандай ауыр салмақ са­латыны қайсысы?

– Кино әлемінің де өзіндік ауыр салмағы бар, бұл жердегі ең маңыздысы – жауапкершілік. Кө­­­­гілдір экранды дүйім жұрт кө­­ретіндіктен салмағы ауыр. Әсі­­ресе, өмірде болған кейіп­кер­­­­лерді сомдау қиынға соғады. Өйткені көзі көрген адамдар, олармен жете таныс дос-жарандары кейіпкердің мі­не­зі мен жүріс-тұрысын, сөз сап­тауын сізден көруі керек. Сон­дықтан  менің кино әлемінің жауапкершілігі мол деп отыр­ға­ным. Бұл әрбір актердің бойы­нан табылуы керек қабілет. Ал театрда көркемдік жетекші қыз­ме­тінің  салмағы киноға қарған­да ауыр. Өйткені  театр – тірі өнер, бұл өнердің бүкіл әлемін жа­сайсыз. Әрбір әртістің сах­на­да өзін ұстауы, сөйлеу мақамы,  бір цехтерге деген жауапкершілік тағысын тағы көркемдік жетек­шісінің мойнында тұрған міндет. Театрды көштен қалдырмай репертуарын, көрермен сүйсіне қарайтын қойылымдармен то­лықтырып отыру да тікелей көр­кемдік жетекшіге байла­ныс­ты. Бірақ кино мен театрды екіге жа­рып қарастыруға болмайды. Өнер­де екеуі егіз ұғым. 

– Белгілі актер Бекжан Тұрыс ағамыз да бір сұхбатында «Қазіргі актерлер мақтауға үйренгені соншалық, сын көтере алмайтын дәрежеге жетті» деп айтқаны бар. Өзіңіз сынды қалай қабылдайсыз?

– Әрине, сөзіне толықтай қо­­­сыламын. Біздің буын мен қа­­­­зіргі буын немесе оқуын енді аяқ­тайтын буынның көзқарасы, өнерді бағалауы әртүрлі. Сын айт­саң расында, көңіліне алып қа­лады, ренжиді немесе ашыл­май қалатын тұстары да кез­де­се­ді. Өзім сынға келгенде сын­бай­тын адаммын, ұстанымым – осы. Өйткені өнердегі сын өсіреді. 4 жыл­дық оқуымызда ұстазымыз Әу­бәкір Рахимов осыны құла­ғы­мызға құйып өтті. Бар айтары  – «сынсыз актер түзелмейді, бірін­шіден, сынды дұрыс қабылдау ке­­рек». Сын арқылы өзіңді тү­зей­­сің, қамшылайсың. Сах­на­да­ғы актерге сын айтылмағаннан қор­қу керек деп түсінемін. Егер ма­­ған сын айтылмай қалса, «об­разым көзге түспей қалды-ау, дұ­рыс ойнай алмай қалдым» де­гендей көзқарас қалыптасады.

Әлихан аяғымнан тік тұрғызды

– Белгілі театр және кино сын­­­­шысы Әшірбек Сығайдың «Ғы­лыми лабораториялардағы кез келген тәжірибелердің жүзеге аса бермейтіні секілді, әртістер­дің де кез келген жұмысы төрт ая­ғынан тік тұрып кете бермейді» де­ген сөзі бар. Сізді аяғыңызға тік тұр­ғызған қай рөліңіз? Кино ма, театр ма?

– Бақытыма орай театрда да, кинода да Әлихан Бөкейханның рөлі мені халық арасында та­ны­мал етті. Яғни, Н.Жантөрин атын­­­дағы музыкалық драма теат­рының сахнасында Нартай Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты» деген спектакльде Әли­ханның рөлін сомдаған едім. Бұл рөл мені кино әлемінен көрінуіме жолдама берді. Осы спек­такльден кейін киноға түсу­ге шақыру түсті. Осылайша, ки­­нода алғаш Әлихан Бөкей­хан­ды сомдадым. Сұрағыңыздан кейін ойыма бірден оралғаны – мені театрда да, кинода да актер ретін­де аяғыма тік тұрғызған Әлихан­ның рөлін ойнағаным. 

– Қорқыт, Жәңгір хан, Әли­хан. Осындай жекелеген тұлғалар туралы рөлді, сүйікті образдарды сом­дау, фильмдегі қадау-қадау рөлдерді алып шығу көп актерге бұйыра бермейді. Көрермен ірі тұл­ғаларды сіздің образыңыз ар­қы­лы танитын кезде қандай жауап­кершілік аласыз?

– Кино саласында сомдаған рөл­дерімнің көбі, өзіңіз айт­пақ­шы, тарихи тұлғалар бейнесі. Та­ри­хи тұлғаларды сомдау өте қиын­ға соқты. Шыншыл өнер тек шындықты көрсетуді мақсат етіп тұрады емес пе? Кітап беті­нен оқыған адамға ойындағы кейіп­керді көрсете аламын ба де­ген үрей туады. Бар жігерімді са­лып алып шыққан рөлім олар­ға ұнамаса ше? Бірақ менің об­ра­зымды өзіне жақын қабыл­да­ған көрермен пікірінен кейін ар­қамнан ауыр жүк түскендей се­зім кештім. Оның ішінде көп­ке таныс «Тар заманда» Әлихан Бө­кейханды сомдаған кезде, кө­рермен біле бермейтін қулық­тар­дың біріне бардым. Ста­лин­мен кездесетін сахнасында ай­тар сөзімді қазақша жаттап, дайын­дықпен барып едім. Алай­да дәл сол жерінде қазақша мә­тін­ді орысшаға аударып, орыс ті­лінде сөйлеуімізді айтты. Уа­қыт болса өтіп жатыр, үлгеру үшін қулыққа көштім. Орысша мә­тінді қағазға жазып, жан-жақ­қа іліп, кадр сыртында жүр­ген­дерге ұстатып, айтып шық­қан едім. Бұл сахнаның сәтті шық­қанынан көп көрермен мұ­ны байқамайды. Айтайын де­генім, актерге шешім қабылдау мен ұтқырлық қай жерде де ке­рек.

– Комедия жанрынан да таса қал­майтын шығарсыз? Мұндай жанрда сізді сирек көреміз...

– Мүмкін. Бірақ кинода бол­ма­са да, Н.Жантөрин атындағы му­зыкалық драма театрында комедияны жиірек сомдаймын, комедияны өзім ойнағым келеді. Өйткені комедияға жаным жа­қын, комедияны жақсы көремін. Шынымен-ақ комедия жан­рын­дағы киноға түсіп көрмеппін. Ал­дағы уақытта комедия жан­рын­дағы жобаларға шақырса екен деген ой бар. Мүмкін  бола­шақ­та комедиялық кинода да бой көрсетемін деген ойдамын.

Қазір киноға түсуге 1-2 ұсы­ныс келді. Әлі нақтылан­баған­дықтан ойнайтын рөлім мынау деп айта алмаймын.

Тәртіп барда кемшілік болмайды

– Талант та – сарқылатын дү­ние. Ол сарқылмас үшін көп ең­бек ету керек. Образ жасау үшін ойлылық, актерліктің қыр-сы­рын жетік меңгеру талап еті­леді. Актер ғылымға жақын бола ма? Осы тұста тәлімін берген ұс­­таз­дарыңыз туралы да сыр шер­т­сеңіз.

– Ешқандай ізденіс жасамай, кі­тап оқымай, шетел театрларын ба­рып көріп тұрмасаң талант сар­­қылады. Ол үшін көп іздену ке­рек, көп оқу керек. Жоғары 4 жыл­дық оқуда тәлім берген Әу­бәкір Рахимов  инсценировка жа­сауды үйретті. Бұл театрда ең ке­рек нәрсе. Расымен, өнер адам­дарының көбі, көбі емес бә­рі ғылымға жақын білім­паз­дар. Осы ұстазымыздың оқыма­ған кітабы жоқ шығар. Әлі есім­де, бір­де тобымыздағы сту­­­­­денттер бі­рігіп, ағайымыз оқы­маған кі­тап­ты өзіміз оқып келіп соның маз­мұнын сұраймыз деп шештік.  Сон­да 4 жылдың ішінде әрқай­сы­сымыз неше түрлі кітап оқып, әр кітаптан сұрақ  қойсақ, ұста­зы­мыз еш жерден сүрінген жоқ, бар­лығына мүдірмей жауап бе­ре­ді. Ағаймыздың оқымаған кі­­­­табы жоқ, оны сырттай «хо­дя­чий энциклопедия» деп атап кет­тік. Одан кейін театрда бола­тын қойылымның көбі бір шы­ғарма желісімен түсіріледі. Ол сах­наланғанша актерлік қ­ұ­рамның бәрі сол туындымен та­­­­нысып шығуы керек. Яғни, қай кезде де актердің қолында кі­тап жүреді. Білімге, оқуға жа­қын болуы бір жағынан ма­ман­дықтың талабы шығар. 

– Қазіргі театрда қойылым­ның сапалы болуы көркемдік же­­­­­текшінің жұмысына тікелей қа­тыс­ты. Бірі көңілден шықса, бірі сын көтермейді. Сіздің қойы­лым ке­зінде актерлерге қоятын талап­тарыңыз қан­дай? 

– Театрда қойылатын ре­пер­туар­дың, спектакльдердің бәрі көр­кемдік жетекшіге бай­ланыс­ты екені белгілі. Сынға ұшыра­мау үшін актер барын салу ке­рек, ойында­ғысының бәрі фи­­­­зи­калық қозғалысы арқылы кө­рі­не­ді. Менің актер­ларға қоятын ең бірінші тала­бым – дикция, шық­қан әрбір сөзі көрерменге же­туі керек жә­не актер сыр-сым­­батына ерек­ше мән беруі ке­рек. Олар­дан сахнада сом­дай­тын обра­зына шынайы­лық­ты талап етемін. Ол үшін тәр­тіп бірінші орында. Тәптіп­пен жасалған дү­ние кез келген кемшілік­тердің азаюына ық­пал етеді. 

– Театр деген ғажап өнердің ішін­де жүргеніңізге біраз болды. Сіз­дің түсінігіңізде өнерге адал­дық деген не? Түйгеніңіз не?

– Театр – ғажап ұғым, бұл сұ­рақтың жауабы өзінде тұр. Ға­жап маман, ғажап кәсіп. Өнер, сахна арқылы ақын-жазу­­шылардың ұрпаққа мұра етіп қалдырған шығармасын сахна арқылы өскелең ұрпаққа жеткізесің. Сондықтан киелі сах­нада бір мамандыққа бай­ланбайсың, бұл жер кез келген ма­мандықтың ұстанымын, кей­пін көрсетеді, адамның іш­кі эмоциялық толғаныстарын шы­ғарады, қоғамның айнасы бо­ла алады. Егер көрермен қойы­лымнан өзіне керегін ала алса, күткенін көрсе – театр­дың жетістігі. Бұл жолда бір кі­сінің «шаңы» шықпайды, ауыз­­­­­бір­шілікті талап ететін өнер түрі бол­ғандықтан, сіз «мен» түсі­ні­гін ұмытуыңыз ке­рек. Міне, өнер­ге деген адал­дық.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ


ҚЫСҚА-НҰСҚА:

• Күнделік не қойын дәптеріңіз бар ма?

• Жоқ.

• «Заманауи спектакль» қандай болуы керек?

• Заман өзгергенмен, мәселе өзгермейді. 

• Ұстанатын қағидаңыз қандай?

• Еңбек ету!

• Рөлге дайындық кезіндегі ритуалыңызды айтсаңыз...

• Сахна алдындағы тыныштық, артикуляциялық жаттығулар, психикалық тыныштық.

•  Театрды айқындайтын үш сөз айтыңызшы...

• Өнер, Даму, Тәртіп.