Дүниежүзілік кітап оқу индексінің (World Book Reading Index) дерегіне сәйкес, Қазақстан – кітап оқудан әлемде 100-ге жуық елдің ішінде 42-орында.
«Бір ел – бір кітап» оқу мәдениетін қалыптастырады
425
оқылды

Бұл көрсеткіш әлі де кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, кітапқұмарлар қатарын көбейту керегін көрсетеді. Дегенмен қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратын, қазақ әдебиетін насихаттайтын шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Бір ел – бір кітап» акциясы. 

Ұлттық академиялық кітапханада атал­ған республикалық акцияның қорытын­дысы мен 2025 жылы акция аясында оқи­тын кітапты таңдау оты­рысы өткен еді. Бір топ зиялы қауым өкілдері қатысқан алқалы жиынға ZOOM платформасы арқылы облыстық кітапхана басшылары да қосыл­ды. Жиын барысында Жеңістің 80 жылды­ғына орай майдан тақырыбына қалам тербеген авторлардың шығармалары, биыл мерейтойлары аталып өтетін қазақ қалам­герлерінің туындылары және барлық жас­та­ғы оқырманның сұраны­сын қанағаттан­дыратын кітаптар мен авторлары ұсы­­­нылды.  

Ұлттық академиялық кітапхана ди­рек­торы Ғазиза Құдайберген мерей­тойы той­ланатын тұлғалардың шығар­масын оқумен шектелмей, түрлі мето­дология­лық орталық­тар зерттеу жүргізіп, сайт­тар ашылса, тағы сол сияқты қажетті дүниелер жарық көрсе деген ұсынысын айтты. 

– «Балалар кітапханасы» арқылы был­тыр конкурс болды. Алматы облысы­нан балалар қатысып, жеңімпаздар анық­талған. Ресейдің «Полка» деген жо­басы бар. Былтыр біз де Мұрат Әуезовті қойып едік, биыл сондай жоба сәл кешеуілдеп жатыр. Сол сияқты «Бір ел – бір кітап» жобасы қоғамда танылса және насихатталса екен. Кітап таңдауға келгенде ел болып, отбасы болып оқи­тын кітап таңдағанымыз дұрыс деп ой­лаймын, – дейді Ғ.Құдайберген.

Жазушы Асқар Алтай былтыр Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойына орай 10 000-нан астам шара болғанын негізге ала оты­рып, келесі авторлардың да еңбегінде нені алға тартқанын зерт­теп, өмірбаянына, шығармашылық­қа келуін зерттеу керегін айтты. Сонымен қатар мектептің 9,10,11-сынып оқушы­ларына эссе емес, осылай шығар­малар жаздырып үйрету қажетін ұсы­ныспен жеткізді. 

Ал әдебиеттанушы Амангелді Кең­шілікұлы: «Кітап оқу деген – тек ұстап оқу ғана емес, аудио кітапқа да көңіл бөлген жөн», – дейді. Айтуынша, кітаптың аудио нұсқалары оқырманның уақыты мен қаражатының үнемделуіне сеп болады. Осы тұста Ғазиза Құдайбер­ген бірқатар автор­лардың шығармасын осындай жобамен жасағандарын және оның оңай емес екенін айтты. Мысалы, Қуат Ахметжанмен бірле­сіп жасалған 23 шығарма 1 жыл бойы дайын­далған екен. 

Ақын Дәулеткерей Кәпұлы ауыл кітап­ханаларына көбірек кітап жеткізу керегін айтты.

«Осы жобаның он шақты жылдан бері басы-қасында жүрміз. Былтыр екі халық­аралық шараға қатыстым. Бакуде Б.Соқ­пақ­баевтың әзербайжан тіліне аударылған шығармасының тұсаукесері өтті. Екіншісі – Шымкентте өткен Халықаралық кон­­ферен­ция. Бізде екі адам­ның кейіпкер­леріне ес­керт­­кіш қойыл­ған. Олар – Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Бердібек ағамыздың шығармасын­дағы кейіпкер­лер. Мектеп кітапханалары және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері бұл акцияны жиі өт­кізеді. Сондықтан қала емес, ауыл кітап­ханаларын жа­рыл­қап, көбірек кітап­тар жеткізуіміз керек», – деді ол.

Шараның соңына қарай 2025 жылы акция аясында оқи­тын кітапты таңдау туралы ойлар ортаға салынды.

– Бердібек Соқпақбаев туралы көп дүние айтылды. Былтыр «Айқын» газетінде көп насихатталды. «Менің атым – Қожаны» түсіруге Тахауи Ахтанов се­бепкер болған­дығы туралы тың деректер берілді. Сол сияқты мектеп кітапхана­ларында көп оқы­луы қажет. Өйткені мектеп қабырғасында оқушы санасына жетуі керек. Соғыс туралы оқы­луы керек еді, мысалы Ә.Нұршайықов, Т.Ах­тановтың «Шырағың сөнбесін» сияқты шығармаларды жоба соңында таңдап, ұсын­сақ, – деді журналист Гүлзина Бектасова. 

Сондай-ақ жиынға қатысушылардың әрқайсысы ұсыныстарын айтып, ортаға салды. Нақтырақ айтсақ, Ғ.Құдайберген­қызы прозаға – М.Байғұт, Т.Әлімқұлов, Т.Нұрмағамбетов, поэзияға – Молда­ғалиев, Ж.Нәжімеденов туындыларын, Б.Қайыр­бекқызы М.Ғабдулиннің «Менің майдан­дастарым», Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі», С.Мұқановтың «Бо­та­гөзін», Ә.Нұр­шайықовтың «Махаббат, қызық мол жыл­дарын», Қанат Алтынбек әр акцияға М.Әуезовтің сұраныстағы кітаптарын қосуды, Амангелді Кең­шілікұлы Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» шығармасын, Асқар Алтай Қасым Қайсеновтің туындыларын,  Анар Хами­това орыс тілінде болса да Александр Бектің «Волоколомское шоссе» шығар­маларын оқуды ұсынды. Комиссия мүшелері қорыта келе, прозадан Т.Әлім­құловтың, поэзиядан Ж.Нәжімеденовтің шығармаларын оқуды таңдады. 

Әсемай РИНАТҚЫЗЫ