Еліміздің ауыл шаруашылығы басы даудан арылмаған, проблемасы көп сала екені белгілі.
Дерек дәйекті болса, даму тұрақты
коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ
122
оқылды

Бұрнағы жылдары мұнда жемқорлық пен субсидия жымқыру дауы ушыққан болса, одан соң жалған статистика бой көрсетті. Мұның барлығын Президенттің өзі де сынға алып, саланы ретке келтіруді тапсырған болатын. Енді осы статистика мәселесінде бізге БҰҰ көмектескелі отыр.

Олқылықтар түзелмей тұр

Расын айтқанда, жалған дерек­тер ауыл шаруашылығындағы нақ­ты жағдайды бағалауға мүмкіндік бермей отыр. Бұл дегеніміз – эко­номикамызға қатер төніп тұр деген сөз. Өйткені ауыл шаруашылы­ғы – ел дамуының басты факторы, азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Табиғи ресурстарды ұтымды пай­далануда да, ауылдық жерлерде жұмыс орындарын құруда да бұл сала үлкен әлеуетке ие. Бүгінде еңбекке қабілетті Қазақстан хал­қының 38%-ы осында еңбек етеді. Ауыл шаруашылығы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бойынша төртінші орында, экономикадағы үлесі бойынша жетінші орында тұр. Сондықтан да мұндағы статистика жай ғана сан­дар емес, стратегиялық мәні зор ақпараттар. Оған бей-жай қарауға болмайды. Арнайы комиссияның мәліметтеріне сүйенсек, ірі қара мал саны ресми деректерден ор­таша есеппен 20%-ға алшақ екен. Сондай-ақ қайтыс болған 143,7 мың адамның және жоқ адамдар­дың, яки ЖСН-ы дұрыс емес 64,2 мың адамның атына мал тіркеу жағдайлары кездескен. 2023 жылы тамыз айында картоп егілген ал­қаптарға қатысты деректер тексе­рілгенде, айырмашылық 75%-ды құраған. Келтіре берсе, мұндай бұрмалаушылық өте көп.

«Аграрлық сектордағы бас­тапқы статистикалық ақпаратты кенттердің, ауылдардың және ауыл­дық округтердің әкімдері жа­сақтайды. Олар шаруаларға, ферма қожалықтарына, жеке кәсіп­кер­лерге, қосалқы шаруашылықтарға қатысты мәліметтерді электрондық шаруашылық бойынша есепке алу (ЭШБЕА) базасына енгізеді. Ол Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросына келіп түседі. Бұл жерде белгілі бір мүдделер қақ­тығысы туындауы мүмкін екенін ескеру керек. Өйткені кейбір жер­гілікті атқарушы органдар ныса­налы индикаторларға қол жеткізу үшін өзіне қарасты аймақтың нақ­ты статистикасын көрсетпей, төмен көрсеткіштерді жасыру үшін оны бұрмалап, асыра көрсетілген жалған мәлімет беруі ықтимал. Оның салдары субсидиялау, кре­диттеу кезінде қате шешімдерге, бизнес субъектілерінің, екінші деңгейлі банктердің салаға деген сенімсіздігіне әкеледі. Нәтиже­сін­де, мемлекеттік қолдау мен ауыл шаруашылығы өндірушілерін ын­та­ландыру механизмдері жұмыс іс­темей қалып жатады. Соңғы жыл­дары жалған мәлімет ұсыну схе­масымен қосымша субси­дия­лар алуға, яки мемлекеттік қолдау ар­қылы оңай ақша табуға ұмтылу де­ректерінің көбейіп кеткенін бі­леміз», – дейді Стратегиялық жос­парлау және реформалар агент­­­тігі төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов.

Оның айтуынша, ауыл шаруа­шылығындағы деректердің ашық­тығын жақсарту үшін жинау және өңдеу тәжірибесін жетілдіру қажет. Нақты айтқанда, статистиканың сапасы қолмен енгізу кезінде қада­ғалаудың жоқтығымен бай­ла­нысты. Мысалы, ауыл шаруа­шы­лығы деректерін қалыптастыру бойынша АШМ-ның 70 форма­сының 50-ден астамы әлі автомат­тандырылмаған. Бірқатар ақпарат­тық жүйелерде олқылықтар мен қателіктер бар.

«Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша біз Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашы­лығы техникасына қатысты ақпа­раттық жүйесінде жойылған кә­сіпорындар мен қайтыс болған адам­дардың меншік иесі ретінде тір­келгенін анықтадық. Дәл осын­дай сәйкессіздіктер мен дерек­тер­дің бұрмалануы ауыл шаруашы­лығы бойынша басқа да әкімшілік ақпарат көздерінде кездесті. Со­ның ішінде жануарларды есепке алу базасында және Жылжымай­тын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрында. Бұл олқылықтар әлі де болса түзелмей тұр. Сондықтан биылға жоспарланған ауыл шаруа­шылығы санақтары кезінде де­рек­тер базасын бір мезгілде жаңарту дұрыс болар еді», – дейді ол.

Кешенді шаралар қажет

Бұл жағдай депутаттарды да алаңдатып отыр. Олар мұндағы мәселелерді кешенді түрде шешу керек деп санайды. Мемлекет басшысының Ұлттық статистика бюросын реформалау және цифр­ландыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен Мәжілісте «Мемлекеттік статистика және де­ректерді басқару мәселелері жө­ніндегі заң жобасы» әзірленген екен. Соның аясында Ұлттық ста­тистика бюросы базасында дерек­тер контролерлері институты құ­рылуда. Бұл ұғым заңнама дең­ге­йінде енгізілген. Аталған ма­мандар басқа ведомстволардың әкімшілік деректерінде сапасыз ақпаратты анықтап қана қоймай, проблемалар туралы уақытында хабарлап, жедел ден қоятын бо­лады. Сондай-ақ «Цифрлық ста­тистикалық тіркелімдер» жобасы қолға алынған. Әкімшілік деректер негізінде эталондық дерекқорлар құруды көздейтін бұл бастама мә­ліметтердің қайталануын бол­дырмауға және респонденттердің есептік жүктемесін азайтуға кө­мектеспек. Дегенмен жобаны сәтті жүзеге асыру үшін деректерді жи­нау процестерін толығымен авто­маттандыру және әкімшілік де­ректер сапасын арттыру қажет, бұл талқыланып отырған тақырып аясында ақпараттық жүйелер мен Ауыл шаруашылығы министр­лігінің жүйелерін жаңғыртуды қажет етеді.

«Мемлекет басшысы статис­тикалық ақпаратты қалыптастыру тәсілдерін өзгерту жөнінде бір­неше рет тапсырма берді. Өйткені орасан үлкен дата-орталықтар мен цифрландырудың даму дәуірінде ақпарат жинаудың ескі әдістері өзектілігін жоғалтты. Аталмыш заң жобасы деректерді басқару және статистикалық ақпаратты қа­лыптастыру тәсілдерін қайта қарау үшін құқықтық жағдай жасайды. Өзгерістер аясында деректерді басқару жөніндегі талаптар Үкі­меттің қаулысымен бекітілетін болады. «Ұлттық регистрлерге» құ­қықтық мәртебе беріледі. Бұл – Электрондық үкімет архитекту­расы шеңберінде барлық салалар бойынша эталондық деректерді қамтитын базалар. Оның ішінде, қайталанатын және дұрыс емес мәліметтер болмайды. Бұдан басқа балама деректер ұғымы енгізіледі. Бұл – әкімшілік және статикалық емес деректер. Ұлттық статистика бюросының келісімі бойынша олар статистикалық есептер мен деректерді талдау үшін ұсыны­латын болады. Ұлттық анықта­ма­лық ақпарат ұғымы да енгізіледі. Ол жіктеуіштер, каталогтар, анықтамалар мен номенклатуралар жиынтығын білдіреді», – дейді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Депутаттар ауыл шаруашы­лығының экономикалық маңыз­дылығы жоғары бола тұра, өкініш­ке қарай, жалпы ішкі өнімге қо­са­тын үлесі аз болып тұрғанын ай­тады. Орта есеппен бұл көрсет­кіш 5%-ға жуық. Оның негізгі себептері: өнімділіктің төмен бо­луы, суармалы жер көлемін ұлғайту қарқынының баяулығы, суды тиім­сіз пайдалану, көлік-логис­тикалық инфрақұрылымның әлсіз дамуы, материалдық-техникалық жарақтандырудың жеткіліксіздігі және басқалар. Соның ішінде статистика жайын да айта кеткен абзал. Сол себепті олар ауыл ша­руашылығындағы статистикалық есепті мал басын есепке алудың ақпараттық жүйесін, дақылдардың ғарыштық мониторингін, салық және зейнетақы есептеулер, ке­дендік декларацияларды және элек­трондық шот-фактуралардың базасын интеграциялау арқылы жүргізуді ұсынады. Сондай-ақ кә­сіби фермерлерді, жетекші IT-ком­панияларды және халық­ара­лық сарапшыларды тартып, жұмыс тобын құру арқылы ақпараттық, әдістемелік және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру керек. Егер шаруа қожалығы жергілікті әкімдердің сұрауы бойынша өнді­рілген өнім көлемін ұлғайтып көр­сететін болса, оған тиісінше са­лынатын салық көлемі де ұл­ғай­тылуы қажет.

БҰҰ көмекке келеді

Биыл 1 тамыз бен 20 қазан ара­лығына елімізде Екінші ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткі­зілмек. Бұл жұмыста Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) маңызды рөл атқармақ. Нақ­тырақ айтқанда, Ұлттық ста­тистика бюросына «2025 жылғы аралас ұлттық ауыл шаруашылығы санағын техникалық қолдау» жо­басы аясында көмекке келмек. Біздің мамандарды оқытып, білік­тілігін арттырып, әдістемелер ұсы­нады. Халықаралық ұйым еліміздің аграрлық секторының тиімділігін арттырудағы маңызды кезеңге дайындық жұмыстарын әлдеқашан бастап кеткен екен. Еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі семинар өткізуде. Мәселен, былтыр 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында республика бойынша 54 елді ме­кенді қамтыған ауыл шару­ашы­лығы санағының пилоттық кезеңі өтті. Бұл 2025 жылғы Ұлттық са­нақты сәтті жүзеге асыру жолын­дағы маңызды қадам болды. Атал­мыш шара тиімді басқару ше­шімдерін қабылдау, тұрақты даму және азық-түлік қауіпсіздігі үшін дәл және өзекті ақпаратпен қамтамасыз етуге бағытталған. Осы пилоттық кезеңнің нәтижесін бекіте түсу үшін ФАО 2024 жылдың 11-15 қарашасы аралығында Аста­нада Бюро қызметкерлеріне ха­лық­аралық статистика сарап­шыларын тарту арқылы семинар-тренинг өткізді. Расмия Алиева, Гиорги Квиникадзе және Энтони Бургарда сынды білікті мамандар озық тәжірибелер, цифрлық де­ректерді жинау және өңдеу әдістері бойынша сессиялар өткізіп, ал­дағы ауыл шаруашылығы сана­ғында әкімшілік деректер мен цифр­лық шешімдерді тиімді пай­далану мүмкіндіктерін талқылады.

«ФАО сарапшыларымен тал­қылау сессиялары ағымдағы да­йын­дық шараларына жан-жақты шолу жасап, алдағы санақты ұйым­дастыру бойынша ұсыныс­тарды әзірлемек. Біздің техника­лық қолдауымыз тиімді санақтарды ұйымдастыру үшін Ұлттық ста­тистика бюросының институ­цио­налдық және әдістемелік мүмкін­діктерін нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ статистикалық мә­лі­меттерді салыстыру мен үйлес­ті­руді жақсартуға мүмкіндік бе­ре­ді», – дейді ФАО-ның Қа­­зақ­­стандағы байланыс және серік­тестік кеңсесінің бағдар­ла­ма­лар үйлес­тірушісі Жаңыл Бозаева.

Ауыл шаруашылығының пи­лоттық санағы дайындық бары­сындағы кемшіліктерді анықтап, негізгі санақ процесін жетілдіруге мүмкіндік берген екен. Тестілеу ке­зеңінде деректерді жинау әдіс­тері талданып, қолданылатын тех­нологиялардың тиімділігі ба­ға­ланып, жұмыс процесі кезінде туындауы мүмкін проблемалар анықталған. Бұл өз кезегінде әдіс­темені түзетуге, кадр даярлығын жақсартуға және 2025 жылғы не­гізгі ауыл шаруашылығы санағы кезінде саланың жай-күйін дәлірек және толық айқындауға негіз бол­мақ. Жоба ФАО штаб-пәтері мен оның аймақтық кеңселерінің қол­дауын қоса алғанда, тұрақты өзара әрекеттесу мен тәжірибе алмасуды қамтиды.

Нұрлан ҚОСАЙ