Микроқаржы омбудсменінің қызметі микрокредит беру нарығын құқықтық алаңда дамытуға ықпал етеді.
Несиесі барларға жақсы жаңалық
19,148
оқылды

Қазақстанда микроқаржы ұйымдармен (МҚҰ) қарыз алушылар арасындағы соталды дауларды шешу үшін Микроқаржылық омбудсмен институты құрылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратынша, бұл институт 21 желтоқсаннан бастап жұмысын бастайды. Омбудсмен қызметтері жеке тұлғалар үшін тегін болады.

Оның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау және дауларды сотқа дейін реттеуге көмектесу. Микроқаржы омбудсмені қазақстандықтардың микрокредиттерге байланысты дауларын, соның ішінде мерзімі өткен қарыздарды реттеп, коллекторлық агенттіктермен туындаған мәселелерді қарайды.

Омбудсменнің көмегіне тек микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) клиенттері – жеке тұлғалар жүгіне алады. Оның қызметтері тегін болады. Омбудсмен тәуелсіз төреші ретінде әрекет етіп, дауларды сотқа жүгінбей шешуге ықпал етеді.

Бұл ретте омбудсмен қабылдаған шешімді микроқаржы ұйымы мен қарыз алушы орындауға міндетті. Егер тараптардың келісімімен басқа мерзім белгіленбесе микроқаржы омбудсменінің шешімі 30 күннің ішінде орындалуы керек.

Микроқаржы омбудсменінің құзыретіне сотқа жолданған істер немесе заңды күшіне енген сот актілері кірмейді. Сондай-ақ дәлелденбеген жағдайлар бойынша немесе жаңа мән-жайлары анықталмай қайта жолданған өтініштер қаралмайды.

Микроқаржы омбудсменінің қызметі микрокредит беру нарығын құқықтық алаңда дамытуға ықпал етеді. Бұл институт микроқаржылық ұйымдарды заңнаманы сақтауға және қызмет көрсетудің озық тәжірибелерін енгізуге ынталандырады. Айта кетейік, қазіргі уақытта елде банк және сақтандыру омбудсмандары жұмыс істейді.

Еске сала кетсек, 2024 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Қазақстанда микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын 220 ұйым, 215 кредиттік серіктестік және 497 ломбард бар.