Әлемдік экономика жаңа даму кезеңіне қадам басып, дәстүрлі салалардағы капитал ағымы өзгере бастады.
Инвестиция ағымы қалай айқындалмақ?
165
оқылды

Инвесторлар тұрақты өсу мен заманауи технологияларды іздеп, шикізат секторларынан алыстап, жасыл технологиялар мен шикізаттық емес салаларға назар аудара бастады. Бұл үрдіс Қазақстан экономикасы үшін жаңа бағыттарды зерттеп, дамудың балама жолдарын іздейтін уақыт жеткенін көрсетіп отыр. Еліміздің экономикалық болашағын қайта қарау туралы ұсыныстар кейінгі онжылдықта биік-биік мінберлерде талай сөз болды. Ал соңғы уақытта шикізат секторларына инвестициялардың азаюы еріксіз-ақ сөзден іске көшуге мәжбүр етуде. 

Бүгінгідей жаһандық өз­ге­ріс­тердің тарихи кезеңі – жа­сыл технологияларды дамыту жә­не экономиканы әртарап­тан­ды­руға басымдық беру арқылы мем­­лекет тұғырын тіктейтін уа­қыт. Де­генмен осы тұста аса маңыз­ды сұ­рақ туындайды: Қа­зақ­стан экономикасы мұндай ау­қымды өзгерістерге дайын ба? Қа­зір ел экономикасына тар­ты­ла­тын таза тікелей шетелдік ин­вес­тициялар (ТШИ) өткен жылы өз тарихындағы ең төменгі деңгейге дейін төмендеді. Ұлттық банктің деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың алғашқы 9 айында ел­ге тартылған жалпы ТШИ кө­лемі күрт азайған. ТШИ-дың жал­пы көлемі экономикаға ин­вес­тициялардың ауқымын көр­сет­се, таза ТШИ нақты әсерді ба­ғалауға мүмкіндік береді. Бұл айырмашылық маңызды, себебі таза ТШИ көрсеткіші шетелдік ин­весторлардың елден капиталды қай­тарып алуы, қарыздарды жабуы және дивидендтерді шет­ел­ге аударуы сияқты факторларды қамтиды.

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек ай­ларында Қазақстанға таза ТШИ көлемі бар болғаны 72,8 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәй­кес кезеңіндегі 3,4 миллиард АҚШ долларынан айтарлықтай аз. Ал жалпы ТШИ көлемі 12,7 мил­лиард АҚШ долларына жет­ке­ніне қарамастан, таза көрсеткіш 98%-ға құлдыраған. Мұндай құл­дырау елдің тәуелсіздік жыл­да­рынан бері, яғни 2005 жылдан бергі ресми деректер бойынша ең тө­менгі деңгейге тең.

Бұл тенденцияны Үкімет бас­шы­сы соңғы онжылдықта ірі ин­вестициялық жобалардың аяқ­талуымен түсіндіріп отыр. Мә­селен, 2023 жылы да Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік ин­вестициялардың (ТШИ) жалпы кө­лемі 23,6 млрд АҚШ долларын құрап, 2022 жылмен салыс­тыр­ған­да 16,2%-ға төмендеген еді. Ма­мандар оның себебін 2022 жы­лы орнаған рекордтық жоғары көр­сеткіштен деп және шикізат сек­торына, әсіресе мұнай мен газ өн­діру саласына қайта инвес­ти­циялардың қысқаруымен байла­ныс­тырған болатын.

Сонымен қатар Үкімет бас­шысы депутаттық сауалға берген жауабында 2024 жылдың ал­ғашқы жартыжылдығында ТШИ көлемі 9,8 млрд АҚШ дол­ларына жеткенін атап өтіп, бұл көр­сеткіш 2023 жылдың тиісті ке­зеңімен салыстырғанда 27%-ға тө­мен екенін жеткізген болатын (13,5 млрд АҚШ долларынан азай­ған). 

«Инвестициялардың азаюы әсі­ресе тау-кен өнеркәсібінде (28,5%-ға), соның ішінде мұнай жә­не табиғи газ өндіруде (1,9 млрд АҚШ долларына), сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде (49%-ға) бай­қалды. Металлургия өнер­кә­сібінде бұл көрсеткіш 1,4 млрд АҚШ долларына төмендеген. Тау-кен өнеркәсібі, оның ішінде мұ­най мен газ өндіру, ТШИ ағы­нының ең үлкен үлесін (37%) ие­­ленгенімен, тәуелсіздік жыл­да­рын­дағы ең ірі жобалардың бірі – «Теңізшевройл» Болашақ кеңейту жобасы/Саға­лық қысымды басқару жобасы­ның (БКЖ/СҚБЖ) аяқталуы 2023 және 2024 жылдары бұл са­ла­дағы инвестициялардың ай­тар­лық­тай қысқаруына алып келді. Жоба шеңберіндегі инвестиция­лар көлемі жылдар бойынша ай­тар­лықтай азайып отырған: 2019 жы­лы – 3,6 трлн теңге, 2020 жылы – 2,6 трлн теңге, 2021 жылы – 1,9 трлн теңге, 2022 жылы – 1,8 трлн теңге, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 1,6 трлн теңгеге дейін төмен­де­ген», – деді О.Бектенов.

Алайда осы тектес ауқымды жаңа ірі жобалардың болмауы ал­дағы жылдары да ТШИ ағы­ны­ның төмендеуіне алып келуі мүм­кін екенін атап өту қажет. Бұл жағ­дай экономиканың шикізат сек­торына тәуелділігін азайту жә­не жаңа инвестициялық мүм­кін­діктерді қарастыру қажеттігін одан әрі айқындап отыр.

Экономист Ғалымжан Айт­қа­зин ҰБ ұсынған деректерді негізге ала отырып, Қазақстанның шет­ел­дік инвестициялар саласындағы жағдайын екі түрлі көрсеткіш арқылы сипаттайды. Біріншіден, елге тікелей шетелдік инвес­ти­ция­­­лардың (ТШИ) жалпы ағы­ны­ның төмендеуі – бұл ел эконо­ми­касына жаңа инвестиция­лар­дың келу қарқынының баяу­ла­ға­нын білдіреді. Яғни, инвестиция тартуда қиындықтар болғанымен, жағдай әлі де сын көтеретін дең­гейде. 

Ал, екіншіден, сарапшы наза­рын аударған мәселе – ТШИ бойын­ша теріс «нетто-позиция». Бұл – елге келіп жатқан инвес­ти­ция мен елден шығарылып жат­қан капиталдың арасындағы айыр­машылық. Егер ол теріс бол­­са, яғни елден шығатын ка­пи­тал елге келетін инвестициядан көп болса, онда бұл ел эконо­ми­касына шынайы қауіп төндіреді. Сарапшы бұл «апатты жағдай» деп сипаттап отыр. Өйткені шет­елдік инвесторлар елден капи­та­лын шығарып, инвестиция салу­ды азайтуда, ал жаңа ірі жобалар болмауы экономикалық өсімді тежеуі мүмкін.

«Кейбіреулер, соның ішінде Үкі­меттегі адамдар да, Қа­зақ­стан­ға шетелдік инвестициялар қажет емес деп санайды және біз өз қор­ларымызды (Ұлттық қор, БЖЗҚ) және мемлекеттік хол­динг­тер мен ұлттық ком­пания­лар­ды пайдалана аламыз деп ой­лайды. Алайда Қазақстан эко­но­микасы тек ішкі инвестициялар есе­бінен ұзақ уақыт бойы тұрақты да­ми алмайды, өйткені мұндай ре­сурстар тез сарқылады. Ке­рі­сін­ше, сыртқы инвестициялар тек қар­жылай көмек қана емес, сонымен қатар технологиялар, бі­ліктілік пен тұрақты жұмыс орын­дарын да алып келеді. Бұдан бө­лек, сыртқы инвесторлар тар­тыл­ған кезде жаһандық инвес­ти­циялық қорлар мен жекеменшік инвесторларды да экономикаға тарту әлдеқайда оңай әрі тиімді болады», – дейді экономист.

Дегенмен әлемдік нарықта 2023 және 2024 жылдары тікелей шетелдік инвести­ция­лар­дың (ТШИ) жалпы ағынының төмендеуі байқалған. Мәселен, ЮНКТАД-тың «World Investment Report 2024» есебінен 2023 жылы жаһан­дық ТШИ ағындары 2022 жыл­мен салыстырғанда 2%-ға тө­­­мендеп, 1,3 трлн АҚШ дол­ла­рын құрағанын көруге болады. Бұл құлдырауға Еуропаның «жол­серік» елдері деп танылған Люк­сембург пен Нидерландыдағы қар­жы ағындарының күрт ауыт­қуы негізгі себеп болды. Дегенмен бұл елдерді есепке алмағанда, 2023 жылы жаһандық ТШИ кө­ле­мі 10%-дан астамға төмендеген.

Әлемдік экономикадағы өсу перспективаларының белгісіздігі, экономикалық құлдырау үрдіс­тері, сауда және геосаяси шие­ле­ніс­тер, сондай-ақ өнеркәсіптік сая­сат пен жеткізу тізбегін әрта­рап­тандыру шаралары ТШИ құ­ры­­лымына елеулі өзгерістер ен­гі­зіп отыр. Әлемдік бұл үрдістен Ор­та Азия елдері де тыс қалмады. Мы­салы, 2023 жылы аймаққа тар­тылған ТШИ көлемі 2022 жылмен са­лыстырғанда 27,3%-ға төмен­деп, 7,4 млрд АҚШ долларын құ­­­­рады. Орта Азия елдеріне тартылған ТШИ мөлшерінің 43,4 пайызы Қазақстан үлесіне тиесілі. Бұл аймақтағы елдермен салыс­тыр­ғанда көңілге қонымды көр­сет­кіш. Десе де, тәуелсіз мамандар «еліміздің инвестициялық ахуа­лын жақсарту үшін мемлекеттік саясатты қайта қарастыру қажет» деп есептейді. Өйткені әлі де ин­вес­торларға тұрақтылықты қам­тамасыз ету, салықтық және рет­теуші қысымды азайту, сондай-ақ геосаяси тәуекелдерді барынша азайту маңызды. Тек осылайша, Қазақстан экономикасы қайта тар­тымды болып, шетелдік ин­вес­тицияларды өзіне тарта алады.

Қазақстан үшін бұл кезең тек сын-қатерлермен шектелмей, үлкен мүмкіндіктерді де ұсынады. Егер ел жаһандық инвестициялық трендтерді тиімді пайдаланып, ресурстарын дұрыс бағыттай білсе, ол өзінің экономикалық әлеуе­тін күшейтіп, әлемдік на­рық­та бәсекеге қабілеттілігін арт­тыра алады. Бұл кезең – Қа­зақстан үшін тек бейімделу емес, сонымен қатар стратегиялық артықшылықтарды игеру кезеңі болып қалмақ.

Кәмила ДҮЙСЕН