Тарихқа көз жүгіртсек, еліміздің құрамасы қысқы Азия ойындарына 1996 жылдан бері қатысып келе жатыр, сол жылы Азия ойындарын осы Харбин күтіп алған екен. Ең алғаш Азияға қатысқан сәттен-ақ керемет нәтиже көрсеттік деп нық сеніммен айта аламыз. Себебі Қазақстан құрамасы медальдық есепте екінші орынға шығып, отандастарымыз Жапония мен Оңтүстік Кореяны шаң қаптырып кеткен еді. Біздің спортшылар 14 алтын, 9 күміс және 8 қола медаль жеңіп алды. Жеңіс тұғырына бірнеше рет көтерілген Людмила Прокашева (конькимен жүгіру), шаңғышы Павел Рябинин, биатлоншылар Дмитрий Пантов, Валерий Иванов және Инна Шешкиль көңілімізді біраз марқайтқан еді. Ендігі жылда да осындай нәтижелер тіркеліп, қанжығамыз майланса дейміз.
Соңғы өткен 5-ші Азия ойындарында ұлттық құрамамыз биіктен де көрініп, кейде сүрініп те жатты. Мысалға бір спорт түрінен бір жылдары бірнеше медальді жеңіп алсақ, кей жылдары бұл көрсеткішіміз 1 медальмен шектелді. Соңғы 2017 жылы өткен Азия ойындарының шаңғы жарысында құрама спортшылары құрлықтағы ең мықты шаңғышылардың қатарында болғанына қарамастан, небәрі бір ғана алтын медаль місе тұтты. Алайда басқа да спорт түрлерінен жақсы нәтиже көрсетті. Осы жарыста Қазақстан құрамасының қоржынына ең көп алтын медальды биатлоншылар салды. Біздің спортшылар бұл спорт түрінде алты рет жеңіс тұғырынан көрінді. Ян Савицкий екі рет, ал Галина Вишневская-Шепоренко үш рет жеңімпаз атанды. Атой салып тағы бір алтын медаль аралас эстафетада жеңіп алынды. Бұл жарыста ел намысын Максим Браун, Ян Савицкий, Дарья Усанова және Галина Вишневская-Шепоренко қорғағанын айта кеткен жөн.
Қазақстанның ерлер хоккей командасы үздік нәтижемен есте қалды. Құрама барлық матчта жеңіске жетіп, қарсыластарының бірде-бір шайба соғуына мүмкіндік бермеді. Екінші орынды Оңтүстік Корея иеленсе, Жапония үздік үштікті қорытындылады. Ал әйелдер арасындағы жарыста қазақстандықтар үшінші орынды қанағат тұтты.
«Былтырдан бері Азия ойындарына дайындыққа құзыретті мекемелер, федерациялар білек сыбана кірісті. Қазір 139 спортшымыз қызу дайындық үстінде деп айтсақ болады. Жалпы, енді командалық есепте үздік бестікке кіру деген айқын мақсатымыз бар. Өйткені салыстырмалы түрде Азия құрлығында қысқы спорт түрлері қатты дамымаған. Негізі, бұл қысқы Азия ойындары – алдағы жылы Миланда өтетін қысқы олимпиада ойындарына дайындық ретінде керемет мүмкіндік. Сәйкесінше көп көңіл бөлінеді», – дейді спорт журналисі Аслан Қаженов.
Журналистің сөзінше, Азия ойындарында Қазақстан құрамасы шорт-тректен бірде-бір алтын алмапты. Негізі, елімізде қысқы спорт түрлерінен салыстырмалы түрде жақсы әрі жүйелі түрде дамығаны осы шорт-трек спорты екен.
«Тәуелсіздік алғаннан бері 6 қысқы Азия ойындарына қатысып, 78 алтын алыппыз. Басым бөлігін шаңғышылар (26 алтын) ұтып алса, одан кейін биатлоншылар 19 алтынды жеңіп алды. Сосын, шаңғымен бағдарлаудан 8 алтын жүлдеміз бар екен. Негізгі үміттеріміз осы бағыттарда болып тұр. Жеңіс жолын әрі қарай жалғастырады деген үміттеміз. Өз басым құрамамыз үздік бестікке кіреді деп санаймын. Тіптен үштікке де кіріп нәтижелерімізді жақсартсақ екен дейміз», – дейді Аслан Қаженов.
Шорт-трек – Азия ойындарының ерекше әрі тартысты спорттарының бірі. Бұл дода нағыз Азиаттық мектептің мықтылығын көрсететін бәйге іспеттес. Азия құрлығының басты көшбасшылары ретінде Оңтүстік Корея, Қытай және Жапония елдері күмәнсіз кіреді. Анық басымдықтарын олимпиадалар мен әлем чемпионаттарындағы үстемдігі дәлелдейді.
Соңғы жылдары ел құрамасы да шорт-тректен айтарлықтай қарқын алып келеді. Қазір команда құрамында өте мықты спортшылар бар. Сондықтан алдағы Азия ойындарында біздің спортшыларымыз таңғалдырады дегенге сеніміміз мол.
Айта кетейік, қазір шорт-тректен Қазақстан құрамасының еншісінде тек үш қола медаль бар. Біздің шорт-трекшілер алғаш рет 2011 жылғы Азия ойындарында жүлдегер атанды. Ерлер эстафетасында Абзал Әжғалиев, Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев, Федор Андреев және Артур Сұлтанғалиевтен жасақталған құрама үшінші орын алды. Сол жылы әйелдер командасы да қола медаль иеленді. Жүлдені Инна Симонова, Ксения Мотова, Дарья Волокитина және Анна Самарина жеңіп алды.
2017 жылы Саппорода өткен Азия ойындарында әйелдер командасы бұл жетістікті қайталап, Анастасия Крестова, Ольга Тихонова, Мадина Жанбусинова, Анита Нагай және Ким Ёнг Аның арқасында тағы бір қола медальға қол жеткізді.
Жекелей сында әзірге медальдар жоқ. Дегенмен соңғы ойындардан кейін Қазақстан шорт-трекшілерінің дайындығы жоғары деңгейде. Атап айтсақ, Әлем кубогы кезеңдерінде жүлделі орындарға ие болды, ал Денис Никиша әлем чемпионатында екінші орын алды. Сонымен қатар Харбинге аттанатын Алина Әжғалиева жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алған еді. Осылайша, қазір шорт-тректен Қазақстан құрамасына үлкен үміт артуға болады.
Қызығы бұл спорт түрінде Азиядағы көшбасшылар қашықтық ұзақтығына қарай өзгеріп тұрады. Мысалы, 500 метр қашықтықтағы алтын медальдың көп бөлігін Қытай спортшылары жеңіп алған. Оңтүстік Корея өкілдері 1000, 1500 метр қашықтықтарда және эстафеталарда үстемдікке ие. Жапон спортшылары да қалыс қалған емес. Ал Солтүстік Корея мен Қазақстан құрамаларының үздік үштікке ілінуі – сирек кездесетін жағдай. Жалпы, Қытай мен Оңтүстік Корея тек Азияда ғана емес, әлемде де ең мықты құрамалардың қатарында. Бұл елдердің спортшылары техникалық шеберлігімен және күтпеген әдіс-тәсілдерімен ерекшеленеді. Сонымен қатар олардың физикалық дайындығы мықты, төзімділік жағынан да ақсап тұрған жоқ. Көптеген сарапшы бұл құрама спортшыларының керемет бұрылыстар жасауын, түрлі жағдайда жылдамдықты сақтау қабілеті сынды артықшылықтарын атап өтеді.
Азия ойындарында спорттың 6 түрі мен 11 дисциплина бойынша 64 спорттық оқиға өткізу жоспарлануда. Атап айтар болсақ, спортшылар коньки түрлері (шорт-трек, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау), шайбалы хоккей, керлинг, шаңғы жарысы түрлері (тау шаңғысы, сноубординг, фристайл, шаңғымен жарысу), биатлон және шаңғы альпинизмінен сынға түседі.
Ел құрамасынан Харбиндегі жарысқа спорттың 6 түрінен 139 спортшы (71 ер, 68 әйел) барады. Олар 50 медаль жиынтығына таласады.
1. Биатлон – 10 спортшы;
2. Кёрлинг – 12 спортшы;
3. Конькимен жүгіру спорты – 20 спортшы;
4. Мәнерлеп сырғанау – 4 спортшы;
5. Шорт-трек – 12 спортшы;
6. Шаңғы жарысы – 12 спортшы;
7. Шайбалы хоккей (ерлер) – 23 спортшы;
8. Шайбалы хоккей (әйелдер) – 23 спортшы;
9. Тау шаңғы спорты – 8 спортшы;
10. Фристайл-акробатика – 7 спортшы;
11. Шаңғы жарысы – 8 спортшы
Харбиндегі осымен екінші мәрте өткелі жатқан ІX қысқы Азия ойындары 2025 жылдың 7 ақпанында басталып, 11-інде өз мәресіне жетеді.
Әсет ҚАЛИ