Әлемді халал ететін үдеріс басталды
Әлемді халал ететін үдеріс басталды
5,195
оқылды
Бұлай бара берсе, бүкіл әлем «халал аймаққа» ай­на­луы ғажап емес. Өйткені дү­ние­жүзінде талпақ танау­лар қырылып, шошқа шаруа­шы­лығы дағдарысқа ұшырап жатыр. Бұған кейінгі жылдары күш алған «шошқалардың африкалық обасы» себепкер. Жер бетіндегі барлық шош­қаның төрттен бірі қазірден жойылуға жақын.  

Коронавирус пен обаны қатар таратады

Жануарлар саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйым вице-пре­зидент Марк Шипп дабыл қақ­ты. Тіпті, жануардың бұл түрі қал­­маған елдер де пайда болды. Мысалы, шошқалардың африка­лық обасынан (ШАО, african swine fever) қорғану мақсатында Гонконг өз аумағындағы осы жан­уардың барлық басын – 6 мың шошқаны тегіс қырып тастады. Себебі мал сою орындарының бі­рінде әлгі қауіпті індеттің вирусы табылған. Жануарлар саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйымның президенті Моник Элуа Reuters-ке берген сұх­батында «географиялық орна­ласу жағдайына қарамастан, бар­лық елдерге қауіп-қатер төніп тұр­ғанын» мәлімдеді. Оның ай­туын­ша, жануардың бұл вирус­ты жұқтыру көздері өте көп және жа­қын арада ахуал жақсарады деп үміт­тенуге болмайды. Өт­кен жылы қор­қынышты кесел ошақ­тары Вьетнам, Камбоджа, Венгрия, Латвия, Польша, Румыния, Словакия, Оңтүстік Корея, Филип­пин және басқа­сын­да әшкереленді. Таяуда WhatsApp арқылы тал­пақ танаулардың лек-легімен та­сылып, алып шұңқырға таста­лып, бульдозермен тірідей көмі­ліп жат­қаны бейнеленген видеоролик тарады. Қытайда 2019 жылдың өзінде 915 мыңнан астам шошқа жойылған. Ресми мәлімет бойынша, ҚХР-да бір жылда осы мал түрі 40%-ға кеміді. Сарапшылар шығыны одан зор дейді. Оның үстіне Сovid-19-бен шош­­­­қаның да ауыратыны анықта­лып отыр. Ухань вирусологтері жар­ғанаттар тасымалдайтын коро­навирустың шошқаларға жұғуын 2018 жылы зерттей бастаған. Ухань вирусология институтының ғылыми қызметкері Чжоу Пэннің осыған қатысты эксперимент жүр­­гізіп жатқаны жайында екі жыл бұрын Синьхуа агенттігі рес­­ми хабар таратыпты. Пэн 28 тарау­­дан тұратын өз жұмысын Nature ғылыми журналына да басқан. Онда ол жарғанаттар тара­та­тын коронавирус торайларға топалаңдай тиетінін баяндайды. Қытайдың Денсаулық сақтау ұлттық комиссиясы вирустың мута­цияға қабілетті екенін раста­ды. Демек, түрін өзгерткен ол жа­нуардан адамға көшеді. Кезінде елеусіз қалған бұл зерттеулер Сovid-19 өршуімен бірге қайта жа­рыққа шықты. Осы орайда, шың елінде шош­қа етін тұтыну төмендеген. Бұған оның көп көлемде жойылуы сал­дарынан осы ет түрінің күрт қымбаттауы да ықпал етсе керек. ҚХР Коммерция министрлігінің дерегінше, Қытайда шошқа етінің бағасы биылғы қаңтарда 116 пайызға өсті. Россельхознадзор хабарлауын­ша, 2019 жылдың соңында көрші Ресейде шошқаның африкалық обасының 113 ошағы тіркелді. Бұл ретте вирус геномы тек тірі мал­дан емес, дүкендегі өнімнен, колбасадан табылды. РФ Шошқа өсірушілер ұлттық одағы­ның бас директоры Юрия Ковалева­ның байламынша, әсіресе Ка­лининград, Курск, Новгород об­­лыстарының ірі кәсіпорындары осы індеттен зардап шегуде. Олар­дың колбаса өнімдері Қазақстанға да жететіні мәлім.  

Елімізде шошқа етіне сұраныс аз

Қазақстанда ШАО жоқ. Бірақ сонда да шошқа шаруашылығы терең дағдарыста. Қазақ мал ша­руа­шылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу инс­ти­туты­ның ма­маны, ауыл шаруа­шылығы ғы­­­лым­­дарының кан­ди­даты Маргарита Долгих шошқа шаруа­шы­­лығы үш нысанда – ауыл шаруа­­шылығы кәсіпорындары, шаруа қожалықтары және жеке қосалқы шаруашылық түрінде жұмыс істеп жатқанын айтады. Бәрінде мал басының күрт азаюы байқалады. 2018 жылы ШҚ-ларда 109,9 мың шошқа болса, 2019 жыл соңында оның 92,5 мыңы ғана қалған. Яғни, осы мал түрі бірден 17,4 мыңға кеміді. «Ауыл шаруашылығы жануар­ларын сәйкестендіру» дерек­тер ба­засына жүгінсек, 2019 жыл соңын­да, жалпы алғанда Қа­зақстанда 714 070 бас шошқа қал­ған. 2010 жылдары оның саны 1,5 мил­лионға дейін баратын. Ал Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда 3-3,5 миллионға дейін көбейген. Алматы облысының Іле ауда­нында орналасқан ірі шошқа фермасының басшысы Лидия Гаврилюк бұл шаруашылықтың та­бысты жылдары артта қалға­нына назар аудартты. «Шаруашылық дәуірлеген 2010 жылы біздің фермада шошқа саны 10 мыңға дейін жететін. Бүгінде 3,5 мыңы ғана қалды. Бұл іске салған қаражат өзін-өзі өте­мейді, әзер күнелтудеміз. Бі­рінші себеп – азық-жем ба­ғасы күрт қымбаттады. Біз оны алып­сатардан сатып алуға мәж­бүрміз. Кеңес ке­зінде және бер­тінде шошқа шаруашы­лы­ғына элеваторлар қызмет ететін. Проб­леманың не екенін білмейтінбіз: арзан бағаға не керектіні аста-төк көлемде алып кетесің. Бұған қоса, шошқа фермаларына арпа және басқа жемшөп дақылдарын өсіруге егістік берілетін. Енді ол жоқ. Егістік өзгелерге таратылып кетті. Бізге азық-жемді ақшаға сатып алуға тура келуде», – дейді Лидия Григорьевна. Сонымен бірге өзге төрт тү­ліктен айырмашылығы – талпақ танаудың өне бойы тұнған ке­сел. Аскарида, балантидиоз, цис­тицеркоз, трихоцефаллез, трихинеллез деп кете береді. Паразиттері толып жатыр. «Шошқаларға арналған дәрі-дәрмекке, вакциналар мен вет­препараттарға қол жеткізу үлкен проблема. Сапасы төмендері жа­ра­майды, сондықтан анағұрлым сапалы препараттарды іздеуге уақыт пен күш кетеді. Бағасы да әртүрлі. Мысалы, «Фарашур голд» Алматыда 640 теңге, ал Ақтөбеде 570 теңге тұрады. Шошқалардың дерттері көп, олардың алдын алу және емдеу үшін орасан зор ау­қымда ветеринарлық препарат ке­рек. Аса қауіпті ауру – аусыл та­­ра­­ғанда, ветқызметтерден қайыр болмады. Оларға өтінішім жауап­­сыз қалды. Тек Ауыл ша­руа­­шы­лығы министрінің өзіне қоңы­рау соққасын шара­лар қа­был­данды», – дейді Л.Гаврилюк. Ол ет комбинаттары тара­пы­нан сұраныс кемігеніне қын­жылады. Ет зауыттары мен кол­баса цехтары күніне 20-30 шошқа қабылдаған кездер болыпты. Енді 100-110 келіден артық алмайтын көрінеді. Кесірінен, фермаларда шошқалар басы артық көлемде жинақталады. Уақытында сойыл­маса, бұл жануардың денесін май басып кетеді екен. Ондайының етін әр келісін 300 теңгеден «су­тегінге» өткізуге мәжбүр. Қазіргі уақытта еліміздің екі ірі мегаполисінде шошқа етін көп жер сатпайды. Алматыда оны іздеушілер «Жасыл базар» мен «Талғар» базарларынан табады. Елордада жеке ет дүкендері ғана ұсынады. Салыстыру үшін айтсақ, Eurostat ақпаратына сай, Еуропада әр адам жылына – 45 келісін, Қы­тайда – 40 келісін, Ресейде – 30 келісін жейді. Бұл – тарихи минимум. Әйтпесе, өткен ғасырда бұл көрсеткіш 200 келіге дейін барған. Eurostat 2019 жылы шошқа етін тұтыну бірден 10 миллион тоннаға кемігенін келтірді. Бұл тапшылық әрі қарай артуда. Оған осы еттің жыл сайын қымбаттауы да түрткі. Мысалы, Германияда шошқа етінен жасалған барлық өнім бағасы орташа есеппен 8,3% көтерілген. Шошқа етінің әр келісі 6,3 еуродан 7,39 еуроға дейін өсіпті. Белгілі дінтанушы, Әзірет Сұлтан мешітінің бұрынғы бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы елге шошқа етінің зияны көп екенін қаперге салады. «Доңыздың денесінде, оның майының құрамында «сутоксин» делінген улы зат бар. Ол де­неге енген соң қайта сыртқа шы­ға­рылуы үшін лимфа бездері шамадан тыс жұмыс істейді. Ауруға ұшыраған баланың тамағы қатты ісінгендіктен, доңыз кейпін елестетеді. Міне, сондықтан бұл ауру медицина тілінде skrofuloz немесе «доңыз ауруы» деп ата­лады. Доңыздың етін жеуден пайда болатын, адам өміріне қауіп төндіретіндей қатерлі тағы бір ауру – трихина. Трихина құрттары асқазан және ішектер арқылы қанға өтеді. Сосын бүкіл денеге тарайды. Қан тамырларының бітелуіне, менингит және ми­дың асқынуына әкеп соғады. Мұсылман елдерінде бұл ауру жоқтың қасы. Медицина ғылымы дамығаннан кейін ғана доңыз етіндегі трихина сияқты зиянды құрттар мен микробтардың, улы заттардың бар екенін білудеміз. Ал Құран қанша ғасыр бұрын доңызды «харам» деп кесіп үкім берген», – дейді ғылыми-зерттеулерге сүйенген дінтанушы. Демек, талпақ танау етінің бұ­қа­раға қолжетімді арзанқол өнім­нен аса қат тауарға айналуы адам­зат­қа пайдалы болмаса, зиянды болмас.   Елдос СЕНБАЙ