Әлемде жыл сайын 2 миллиард тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылатынын білесіз бе?
Фандомат – пайдалы құрылғы
1,353
оқылды

Дүниежүзілік банктің бағалауына сүйенсек, бұл көрсеткіш жаһан бойынша әрбір Жершары тұрғыны күніне орташа мөлшерде 0,74 кг қалдық шығарады деген сөз. Дегенмен бұл сан 0,11 кг-нан 4,54 кг-ға дейін өзгеріп отырады. БҰҰ мәліметіне назар аударсақ, әлемде 2,24 млрд тонна тұрмыстық қалдық жиналса, оның шамамен 55 пайызы ғана қайта өңделеді. 

Сарапшылар 2050 жылға қарай дү­ние­жүзіндегі қоқыс көлемі 3,4 миллиард тоннаға дейін артуы мүмкін екенін айтады. Қазірдің өзінде кейінгі жылдардағы көрсет­кіштерді салыстыра отырып, жыл сайын шығарылатын қалдық санының күрт өсіп келе жатқанын аңғаруға болады. Қоқыс көлемінің ұлғаюына негізінен халық саны мен тұтыну деңгейінің өсуі әсер етіп отыр. Бұл аталған мәселенің алдағы жылдары да әлем жұртшылығы үшін күн тәртібіндегі өзекті тақырыптардың қатарынан түспейтінін көрсетеді. 

Жылдар бойы түйіні тарқамаған жаһан­дық проблема Қазақстанды да айналмай өтпейді. Елімізде жылына шамамен 4,5 мил­лион тонна қоқыс шығарылса, оның бар жоғы 24 пайызы ғана қайта кәдеге жа­райды. Бүгінде Қазақстанда 3 мыңнан аса қоқыс полигоны бар. Әсіресе, еліміздегі ең ірі мегаполис әрі экономикалық белсен­ді­лігі жоғары Алматы шаһары жыл сайын мыңдаған тонна қалдық шығарады. Былтыр «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны басталғалы бері ел аумағында 1,4 миллион тонна қоқыс жиналса, Алматы қаласы бо­йынша 2 мың тоннадан астам қалдық шы­ғарылып, полигондарға жіберілген. Екі миллионан астам халық шоғырланған Алматыда қалдықты қайта өңдеу мәселесі өзектілігін жойған емес. Себебі қалдық көлемінің шамадан тыс артуы қала эко­логиясына, ауа сапасына айтарлықтай әсер етіп отыр. Мәселен, шаһарда күн са­йын арықтардан 60 тоннаға дейін қалдық жиналады. 

Қалдықтарды басқару бөлімінің басшысы Әлинұр Бакеновтың сөзінше, былтыр қаламызда алғаш рет «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңделетін мате­риалдарды қабылдайтын құрылғылар ор­на­тылған. Нәтижесінде, жыл басынан бері 5 мыңнан астам бос ыдыс жиналыпты.

– Фандомат – автоматты түрде пай­даланылған бөтелкелер мен алюминий банкаларды қабылдайтын құрылғы. Ол халықтан қайтарылатын пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды қабылдап, оларды шағын ақшалай сыйақыға немесе дүкендерде пайдалануға жарайтын бонустарға айыр­бастайды. Бұл құрылғы тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу тізбегінің бір бөлігі саналады. Құрылғының тиімді тұсы – қоқысты бастапқы кезеңнен сұрыптау арқылы өңдеуге жарамды мате­риалдарды тиімді жинауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар олар экологиялық сананы қалыптастырып, тұрғындарды қоқысты қайта өңдеу ісіне белсенді қатысуға ынта­ландырады, – деді ол.

Қазіргі уақытта Алматы қаласы аума­ғын­да пластикалық бөтелкелер мен алю­миний банкаларды қабылдайтын 53 фан­до­мат (Sparklo ЖШС, Freedom Holding Corp ЖШС) орнатылған. Ең бір ерекшелігі сол – құрылғы процесс барысында жасанды интеллектің көмегіне сүйенеді. 

– Фандоматтардағы жасанды интел­лект технологиясы қоқысты автоматты түрде тану және сұрыптау үшін қолданылады. Бұл технология материал түрін анықтап, оны тиісті бөлікке жіберуге мүмкіндік береді. Мұндай заманауи шешімдер Алматы қаласының экологиялық дамуына және қоқысты қайта өңдеу жүйесін жетілдіруге үлес қосып келеді, – деді қалдықтарды басқару бөлімінің басшысы Ә.Бакенов.

2025 жылы фандоматтардың санын 100-ге дейін жеткізу жоспарланған. Әлинұр Ғабитұлы құрылғыны мектептерде, жоғары оқу орындарында және сауда орталықтарында көбейту көзделгенін, сондай-ақ тұрғындарды фандоматтарды белсенді пайдалануға ынталандыру үшін арнайы бағдарламалар мен науқандар өткізу мәселесі алға қойылғанын атап өтті.

Ал қала әкімдігі мегаполисте тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту белсенді түрде жүргізіліп келе жатқанын, соның бір мысалы – былтыр қалада ескі метал контейнерлердің орнына көлемі 3 метр текше болатын заманауи пластикалық тереңдетілген контейнерлер орнатылғанын мәлімдеді. Қоқыс сұрыптау кешені жылына 550 мың тоннаға дейін қалдықтарды өңдейді.

– Тереңдетілген контейнерлер жерді үнемдейді, жағымсыз иіс шығармайды және бұралқы ит-мысықтың кіруіне тосқауыл болады. Қазір қалада 1454 контейнер алаңы бар, оның 287-і тереңдетіле көмілген. Экологиялық мәдениетті дамыту мақсатында 8 қайталама шикізат қабылдау пункті ашылды, оның ішінде EcoSen экобекеттері мен Econetwork экохабы бар. Сондай-ақ «құрғақ» қалдықтарды жинауға арналған 1 300-ден астам контейнер орнатылды. Алматы қаласы тұрмыстық қатты қалдық­тарды жинау және тасымалдау қызметімен 100 пайыз қамтылған. Бұл қызметке 21 қоқыс тасымалдау ұйымы жауапты, – деді Алматы қаласы әкімдігі. 

Осыған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қалдықтарды қайта өңдеу ісін 40 пайызға дейін жеткізуіміз тиіс екенін айтқан еді. Өкінішке қарай, жоғарыда біз атап өткен 3 мыңнан асатын қоқыс полигонының 80 пайызға жуығы экологиялық және санитариялық нормаларға сай келмейді. Одан өзге жылдар бойы ел ішінде талқыланып келе жатқан заңсыз орналасқан полигондар тағы бар. Экологтар мұндай қоқыс полигондарының көбеюі, нәтижесінде еліміздің үлкен қоқыс алаңына айналуы жақсы үрдіс емес екенін айтып дабыл қағады. Мұның соңы болашақта экологиялық зардаптарға әкеліп, тұрғындардың өмір сүру сапасына кері әсерін тигізеді. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы