«Құс фабрикасын аша алмай отырмын. Менің түсінбей жүргенім, жер заңды түрде менікі болғанымен, ол аумаққа бөгет салынатынын ешкім маған ескертпеді. Шенеуніктерден жауап ала алмағандықтан, Атырау облысының кәсіпкерлер палатасына жүгінуге мәжбүр болып отырмын», – дейді кәсіпкер Вячеслав Орлов.
Кәсіпкердің айтуынша, ол 2022 жылдың қазан айында Махамбет ауданының Бейбарыс ауылынан жалпы аумағы 2,7 гектар болатын жер учаскесін сатып алған.
«Сатып алынған жерге құс фабрикасын ашу мақсатында өткен жылдың басында ол учаскені қоршап, трансформаторлық қосалқы станция орнаттым. Бірақ жоспарымның бәрі қағаз күйінде қалды. Менің учаскемде бөгет салынып жатқаны туралы маған ешкім хабарлаған жоқ, ресми түрде ешқандай органға рұқсат бермедім. Мәселені шешу үшін ауылдық, аудандық әкімдіктерге бардым, бірақ мардымды жауап ала алмай отырмын», – дейді Вячеслав Орлов.
Белгілі болғанындай, Бейбарыс ауылы территориясы жағынан Махамбет ауданына қарағанымен, кәсіпкердің жеріне тұрғызылған бөгет аумағы Атырау қаласына бағынысты болып шықты.
«Біздің қолымызда су тасқыны салдарынан зардап шеккен аудандық кәсіпкерлердің тізімі бар. Бұл – шамамен 105 бизнес субъектісі. Қазіргі уақытта оларға өтемақы төлеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың арасында Вячеслав Орлов жоқ, өйткені біздің баланста оның учаскесі арқылы өтетін бөгет жоқ», – деді Махамбет аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ақылбек Салиев.
Дегенмен спикер кәсіпкерге көмек көрсетудің заңда көрсетілген жолдары бар екенін айтты.
«Мемлекет мұқтаждығы үшін жер учаскесі алынған жағдайда оның өтемін берудің екі жолы бар. Бірінші – қаржылай өтемақы төлеу немесе тең бағадағы жер учаскесіне ауыстырып беру. Қазіргі уақытта тура осындай 2,7 гектар жерді ауыстырып беретін жер жоқ. Тек қана ақша беру жағын қарастырамыз. Кәсіпкер келіспесе, мәселе ары қарай сотпен шешіледі», – дейді Махамбет аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ақылбек Салиев.
«Атамекен» кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары, Атырау облысы бойынша бизнес-омбудсмен өкілі Сәрсенбай Жолдыбаевтың айтуынша, былтыр тасқын кезінде қорғаныс жұмыстары өте қысқа мерзімде жедел жүргізілген. Сондықтан әкімдік пен Төтенше жағдайлар департаменті бөгеттердің есебін жүргізіп, заңдастыруды жеделдетуі қажет.
«Осыдан кейін ғана кәсіпкерге жаңа жер учаскесін береді немесе бөгет салынған аумақты ол өз күшімен қалпына келтіруі керек», – дейді бизнес-омбудсмен Сәрсенбай Жолдыбаев.
Тасқын кезінде зардап шегіп, әлі күнге дейін өтемақы ала алмай жүрген кәсіпкер жалғыз Вячеслав Орлов емес. Атырау облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілі Саттығұл Сабыровтың айтуынша, 2024 жылы табиғи апаттан 300-ге жуық кәсіпкерлік нысандары зардап шеккен.
«Нақтырақ айтсақ, 291 кәсіпкер жалпы көлемі 5,8 млрд теңге шығынға ұшырады. Құрылған арнайы комиссия мәселені жан-жақты зерделеп келіп, 5,6 млрд теңге кәсіпкерлерге республикалық бюджеттің резерві есебінен төленді. Қалған сумма бюджеттік емес қор есебінен төленуде. Дегенмен Атырау облыстық өңірлік комиссия шешімімен 7 кәсіпкерлік субъектінің өтінімі қанағаттандырылған жоқ», – дейді Атырау облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілі Саттығұл Сабыров.
Зардап шеккен кәсіпкерлік нысандар қатарында Жылыой, Махамбет, Қызылқоға, Атырау қаласы бойынша шаруа қожалықтары, жылыжай нысандары, дүкен, наубайханалар да болғанын атап өткеніміз жөн.
Қазір Атырауда төтенше жағдайлар департаменті жанынан құрылған жедел штаб қорғаныс бөгеттерін салуды жалғастырып жатыр. Негізгі күш Жылыой ауданы мен Махамбет ауданына бөлінуде.
Тасқынға қарсы жұмыстар жалғасуда. Дегенмен соңғы уақытта Атырауда көбейген қарсылықтар шаруалар, кәсіпкерлер, тұрғындардың жергілікті билікпен арадағы байланысы ақсап жатқанын көрсетіп отыр.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы