Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылы 21 мың қазақстандық интернет-алаяқтардың құрбаны болған. Көптеген отандасымыз онлайн түрде қаншама жинап-терген ақшасынан айырылып жатыр. 3 мыңнан аса алаяқтық фактілер банктердің, телекоммуналдық компаниялардың және де мемлекеттік Egov портал жүйелерінің жалған атынан жымқырған.
Қазір интернет алаяқтықтың ең кең таралған түрлерінің бірі – фишинг. Бұл топтағы алаяқтар жалған веб-сайттар немесе электрондық хаттар арқылы жеке мәліметтерді ақтарып алады. Мысалға, банкке ұқсас сайт жасап, пайдаланушылардың логиндері мен парольдерін иемденеді. Алаяқтардың екінші бір тобы «вишинг» деп аталады. Олар – телефон арқылы жасалатын алаяқтық. Нақтылай түссек өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, «шотыңызға шабуыл жасалды» деп, мәліметтеріңізді немесе SMS арқылы келген растау кодын сұрайды. Әрі қарай не болатыны бәрімізге мәлім. Ал сарапшылардың ойынша, адамдарды ең тез алдау әдістерінің бірі – «смишинг» деп аталады. Себебі көпшіліктің телефонына «Сіздің шотыңыз уақытша бұғатталды. Қайта ашу үшін сілтемені басыңыз» деген хабарлама келсе, әрине сілтемені баспай қоймайсыз. Мұндай әдіс-тәсілдер адамдарға бір жағынан психологиялық қауіп төндіру және оны өзіне бағындыру арқылы іске асады.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры әрі қаржыгер Қайрат Бодаухан жаһандану дәуірінде интернет біздің өмірімізге әбден сіңісіп кеткенін тілге тиек етті. Оның сөзінше, қазір бәріміз ақпарат іздеу, сөйлесу, сауда жасау, тіпті күнделікті қажеттіліктерімізді де интернет арқылы шешеміз. Бірақ сол интернетті алаяқтар да пайдаланып, өздерінің қулық-сұмдықтарын жүргізіп жатыр.
– Осындай алаяқтардың неліктен көбейіп кеткенін айтсам. Ең алдымен мәселе – елімізде интернет жүйесі кең көлемде таралып жатқандығында. Қазір ауыл-ауылды интернет байлаған заман келді. Интернет пайдаланушылардың саны күн сайын артып келеді. Сәйкесінше алаяқтардың да «құрбандары» көбейіп жатыр. Екіншіден, халықтың техникалық сауаты жеткіліксіз. Көп адам интернеттегі қауіптерден бейхабар, ал алаяқтардың қулығын бірден түсіне бермейді. Сондықтан осындай жағдайларға жиі алданып қалады. Үшіншіден, әлеуметтік желілерде жалған ақпараттың қаптап кетуі де үлкен мәселе. Көпшілік берілген ақпараттың рас-өтірігін тексеруге уақыт бөлмейді. Соның салдарынан алаяқтар фейк жаңалықтармен оңай алдап жүр, – дейді Қайрат Бодаухан.
Киберқылмыс кесірінен жұртшылыққа тиген залал да біршама.
– Алаяқтардың әрекетінен елімізде азаматтарға 4 млрд теңгеден астам шығын келтірілген. Оларды жасаудың ең көп тараған тәсілі – белгілі сауда алаңдарының сайттарында, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде хабарландырулар орналастыру арқылы жасалатын интернет-сауда. Әдетте, алаяқтар тауардың немесе қызметтің төмен бағасын көрсетеді және алдын ала төлемді немесе толық төлемді сұрайды. Биыл 1 мыңнан астам осындай қылмыс тіркелді, – деді киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай.
Сондай-ақ ол осы секілді алаяқтардың құрбаны болмас үшін не істеу керектігіне тоқталды.
«Біріншіден, тексерілген жарнама сайттарын пайдаланыңыз. Екіншіден, тауарды алғаннан кейін төлем туралы келісіңіз. Үшіншіден, тауардың бар екеніне көз жеткізіңіз, оның ішінде бейнеқоңырау арқылы. Егер сатушы басқа қалада болса, өзіңіздің таныстар немесе туыстарыңыздан тауарды алуды және жіберуді сұраңыз», – деп кеңес береді Жандос Сүйінбай.
Интернет алаяқтар алдау тәсілдерін күн сайын жетілдіріп, енді жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалануға кірісті. Жақында әлеуметтік желілерде бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтарға ағылшын тілінде үндеу жасағаны және Қасым-Жомарт Тоқаевтың Илон Маск платформасына инвестиция салуға шақырғаны туралы видеолар тарады. Кейін бұл бейнелердің дипфейк (deepfake) екені анықталды. Видеоны HeyGen нейрондық желісі соншалықты шебер өңдеген, Назарбаев пен Тоқаевтың бет қимылдары мен дауыс мәнерін айнытпай келтіргені көпшілікті таңқалдырмай қоймады.
Дипфейк – бұл deep learning (терең оқыту) және fake (жалған) сөздерінен құралған технологияның атауы. Оның негізгі мәні – жасанды интеллект көмегімен адамның бейнесін немесе дауысын өзгерту. Бұл технология арқылы бір адамның бет-әлпетін екінші адамның денесіне қоюға, дауысты айнытпай қайталауға болады. Әу баста бұл әдіс ойын-сауық үшін жасалған еді, бірақ қазір дипфейктің қолданылу салалары кеңейіп кетті.
Интернет алаяқтар жасанды интеллект арқылы адамның дауысын айнытпай қайталап, түрлі қитұрқы әрекеттер жасайтын болған. Мысалы, телефон арқылы сізге туысыңыздың даусымен қоңырау шалып, қиын жағдайға тап болғанын айтып, ақша сұрауы мүмкін. Бір қарағанда, бұл өтірік деп ойламайсыз, өйткені дауыс нағыз танысыңыздікіндей шығады. Мұндай жағдайлар шын мәнінде жиі кездесіп жатыр. Кейбіреулер тіпті банк қызметкерінің дауысын жасап, сіздің шотыңыз туралы ақпаратты сұрап алуы мүмкін. Олар арнайы бағдарламалар арқылы сіздің әлеуметтік желідегі видеоларыңыздан немесе телефонмен сөйлескендегі жазбалардан дауыс үлгілерін алады да, оны қолдан жасайды. Қазақстандық блогер Нейрогера дипфейктің көмегімен әжесінің дауысын салып, алаяқтың хабарласқанын айтты.
«Жақын арада атама әжем жылап хабарласып, қиын жағдайға тап болғанын және тез арада 50 мың теңге аударуды сұрады. Атам абдырап, ақша іздеп, не болды екен деп уайымдап қалды. Ол әжемнің басқа нөмірден хабарласқанына, дауысында өзгешеліктің барына назар аудармады. Өйткені қорқыныш адамның санасын улап тастайды», – деді блогер.
Human constanta құқық қорғау ұйымының дерегінше, 2024 жылы жаһандық дипфейк нарығының құны 79,1 миллион долларға жетеді, бұл жылдық өсу қарқынын 37,6% құрайды. Ол дегеніміз – алты ай сайын дипфейктің саны еселеніп артып жатыр дегенмен тең. Дереккөздің мәліметінше, дипфейктің басым бөлігі порнографиялық контентпен (94%) байланысты. Құрбан болғандардың көбі әйелдер қауымы екен. Ең қызығы, мұндай дипфейктер үшін 25 минут уақыт жеткілікті. Былайша айтқанда, суретіңіз анық болса олардың жұмысы жеңілдейді.
Digital Bridge форумының қатысушысы, IT-маман Ерлан Сарин жасанды интеллект адамдардың биометриялық деректері арқылы виртуалды нұсқасын, яғни көшірмесін жасап шығаруға қабілетті екенін айтты. Айтуынша, соны пайдаланып, алаяқтар адамның мобильді банк қосымшасына немесе биометрия арқылы кіретін басқа қосымшаларына кіріп кетуі мүмкін.
«Жасанды интеллекттің бір қауіпті тұсы – олар бара-бара биометриялық дерек, саусақ іздерін клондап, көшірмесін жасай алады. Мысалы, саусақ іздері немесе биометриялық деректің көмегімен сіздің жеке деректеріңізге қол сұғуы да мүмкін. Егер несие алу тәртібі қатаңдатылмаса, түріңізді ЖИ арқылы растап, атыңыздан несие ала алады», – деді ол.
Әсет ҚАЛИ