Атап айтқанда, Ернар Нұрғалиевтің «Алға» фильмі Иранда өткен 14-ші халықаралық спорттық фильмдер фестивалінде екі номинацияға, Асхат Кученчирековтің «Бауырына салу» фильмі Франциядағы Cinema Heritage фестивалінде арнайы жүлдеге ие болып, биылғы «Оскар» сыйлығына ұсынылса, Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі де Шанхай кинофестивалінде үздік танылып, 14 фильмнен озық шыққан еді. Қазақ киносына биыл алғашқы жеңіс әкелген фильм – «Шатырдағы екеу». Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген киноның режиссері – Гүлшат Смағұлова. Бұл – оның тұңғыш режисcерлік дебюті. Үндістандағы «Алтын арыстан» халықаралық кинофестивалінде жеңімпаз атанған фильм мазмұндық жағынан қоғамда көпті ойландыратын өзекті тақырыпқа негізделіп түсірілген. Қиындыққа толы жас жігіт Дамир мен аутизмге шалдыққан жасөспірім Костяның арасындағы достық сезімі мен отбасындағы сүйіспеншілікке толы сәт ерекше суреттелген. Бұл тек елімізде ғана емес, әлемді толғандыратын тақырыпқа айналғаны қашан?!
– Біз авторлық кино емес, көрермен киносын түсіретінімізді бұрыннан білетінбіз. Сондықтан көрерменге ұнауы үшін, бір жағынан жағымсыз әсер сыйлайтын орыннан алшақтап, тек жарқын және танымал орындарды іздедік. Мәселен, Талғарда түрлі экскурсия өтетін орындар көп, ол жерде ковбойлар да керемет киім үлгілерімен көзге бірден түседі. Біз осы сияқты кез келген дүниеден сұлулық іздедік, сонда ғана көрсеткіміз келген оқиға шынайы болатынына сендік. Достық махаббаттың қандай қымбат екенін, оның адам өмірінде ерекше орынға ие болатынын көрермен түсінсе екен. Актерлік құрам өте шебер ойнап шықты, қателік те болмағанын нық сеніммен айта аламын. Ал қазір қазақстандық көрерменге шексіз алғысымызды айтуымыз керек. Өйткені еліміздің кинематографиясының дамуына үлес қосып, жас киногерлерге үміт сыйлайтын қауым – көрермен ғана, – деді режиссер Гүлшат Смағұлова.
Кино сюжеті бойынша, балалар үйінің тәрбиеленушісі жиырма жастағы үйсіз-күйсіз жүрген Дамир құжаттарын реттеу және қалыпты өмір сүру дағдысын бастау үшін Алматыға келеді. Бастапқыда тегін пәтер іздеп, қаланың қақ ортасындағы көпқабатты үйлердің шатырын паналайды. Күндердің бірінде аутизмге шалдыққан, сөйлеу қабілеті нашар дамыған жасөспірім Костя үйінен қашып, шатырдағы Дамирдің «пәтеріне» келеді. Алайда шатыр үстінде екі жасөспірім «пәтерге» таласу кезінде Костя сөйлеп, сөздерді анық айта бастайды. Бұл аутизмі бар баланың ата-анасы үшін күтпеген ең жақсы жаңалықтың бірі еді. Сондықтан бұл жақсылық Дамирдің арқасында келді деп түсінеді. Бұған дейін қиындық көрген Дамирдің өмірі тағы да ауыртпалықтармен жалғасады. Ал аутизмге шалдыққан Костяның кез келген адаммен ортақ тіл табыса алуы қоғамдағы осындай жағдайға тап болған адамдарға тағы бір үміт сыйлайды.
Фильмдегі басты кейіпкер аутизмге шалдыққан Костяның рөлін сомдаған Александр Черепанов Нью-Йорктегі Oniros Film Awards халықаралық кинопремиясында «Жас актер» номинациясына ие болды. Режиссер Гүлшат Смағұлованың айтуынша, кастингке қатысқан 15 үміткердің ішінен Александр Черепанов жоғары актерлік шеберлігімен көзге түсіп, басты рөлге лайықты деп таңдалған.
– Кейіпкер Костяның рөліне актер таңдау Александр Черепановтың ұмтылысы ерекше байқалды. Өзінің кейіпкерін сезінгені соншалық, басқа бәсекелестерінен озық шықты. Фильмнің негізгі идеясы – кез келген жағдайда ортақ тіл табысу не достық мейірімділік қана емес, елдің рухани көрінісін көрсету. Мысалға локацияның өзі дәлел. Алматы қаласын таңдап алуымыздың себебі, бұл қала көптүрлілікті, мәдениеттер мен дәстүрлердің үйлесімін өте жақсы бейнелей алады. Француздар фильмдерінде Парижді қалай көрсетсе, біз де Алматыны солай көрсетеміз. Бұл өте орынды шешім, себебі Алматы – өз алдына бір әлем, ғимараттар мен көшелерінен бөлек, тарихының өзі үлкен дерек беретін қала. Бұл – локация жай көрініс қана емес, қаланың өзіне тән рухын, өмірін, тынысын бере алатын ерекше орын. Алматы осы жерден көрініп, өзінің көпмәдениетті, көпқырлы болмысын ашады. Кейде маған бұл жанрды «әлеуметтік ертегі» деп атауға болады дейді. Бірақ неге біз болуы мүмкіндігі аз жақсы нәрсенің бәрін ертегі деп атаймыз? Бұл біздің ерекше қаламыз сияқты шынайы болуы мүмкін емес пе? – дейді режиссер.
Диагнозы белгісіз аутизм сияқты дертке шалдыққан адамдардың біз біле бермейтін өз әлемі бар. Кездескен қиындыққа қарсы тұруға күші мен жігері де жетеді. Өмірдің нақты осындай мысалдарын көрсеткен «Шатырдағы екеу» фильмінен көрерменнің көбі хабарсыз. Алайда фильмнің бүгінгі халықаралық кинофестивальде дүйім жұртты мойындатқан жеңісі көпшіліктің қызығушылығын тудыратыны сөзсіз.
Айта кетейік, «Шатырдағы екеу» Гүлшат Смағұлованың алғашқы режиссерлік дебюті болғанымен, бұған дейін продюсерлік жұмысымен бірқатар үздік кинофестивальдерде топ жарды. Режиссер Іңкәр Әбдіраштың «Ұмай» қысқаметражды фильмінде продюсерлік жұмыс атқарып, British International Amateur Film Festival (BIAFF) халықаралық әуесқой кинофестивалінде екі жүлдеге ие болды.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ