Ең алдымен, Намазалы Омашұлы туралы сөз болғанда, оның өсіп-өнуіне өзі шыққан ортасының үлкен ықпал еткенін айтпай кете алмайсыз.
Жалаң сөзге жаны қас
583
оқылды

Ауыл-аймаққа сыйлы отбасында – қазақтың қарапайым зиялы шаңырағында дүниеге келуі соның айғағы. Әкесі Омаш ақсақал бар назарын бала тәрбиесіне аударған, олардың адал да еңбекқор, салауатты әрі саналы өсуіне өмірін арнаған екен. Әрқашанда орнымен ақыл-кеңесін айтып, өрендерінің зерек те ерек жетілуін әкелік парыз санапты. Мұның бәрі болашақ қаламгердің зиялы ғұмыр кешуіне бірден-бір сеп болғаны мәлім.

Жас та болса бас болатынын алғашқы аяқ алысынан-ақ аңғартты. Жасынан алғыр өс­кен ол алдымен білмекке ұмтылған. Сосын, кейін келе онысын іске асыруға талпынғанын байқар едік. Әрине, студент кездің өзінде кіл бір «сен тұр, мен атайын» қыз-жігіттер тобын бастап, кейін қатардағы оқытушыдан қара шаңырақ – университеттің проректорлығына дейінгі жолдан өту кім-кімге де оңай жүк артпасы анық. Осы меже биігінен қай орта, қай орында болсын абыроймен көріне білген Н.Омашұлы қашанда біліктілігін іскерлікпен ұштастыра алатын. Сондықтан да шығар әр кез сенім күшейген, міндет ұлғайған. Содан өзіне көрсетіліп жататын осындай бар сенім мен жауапкершілікті ынты-шынтысымен атқаруға бел буатын. Ондағысы – қолынан келгенінше ортақ істен аянбау. Ел үмітін үкілеу, шет жұртпен қатардан қалмай, тере­зесі тең, ауқымы кең байланыстар орнату. Әр істі бастағанда, қалай бітетіні әрі оңай шағы­латын жаңғақ еместігі ә дегеннен-ақ аңға­рыла­ды. Дегенмен діттегеніне жетпей қой­майтын қағылездігінен де жұмысты ұт­қыр­­­лықпен ұйымдастыра білген. Уақыт үде­сіне сай іскерлік пен ілкімділік арқасында алдағы қандай да күрделі міндетті орындап шығатын.

Осы ретте дара ұстаз, академик, Қазақ­станның халық жазушысы, Мемле­кеттік сыйлықтың иегері Зейнолла Қабдо­ловтың айтқан мына пікірі ол жайындағы ойды толықтыра түседі: «...Ұстаз деген ардақты атты кіршіксіз таза күйінде алып жүрген­дердің бірі, бірегейі десе де болады, ол – мына отырған менің Намазалы шә­кіртім. Біреулер кресломен көркеюге барады, біреу­лер креслоны көркейтуге келеді. Шырағым, біз таныған қалпыңда тұр! Әрбір менің ұстаз­дық тәрбиемді алып, түлеп ұшқан шәкірт – қолымнан шыққан төлтума кіта­бым іспетті. Мен жазған кітаптардың ішін­дегі классикасы – Намазалы Омашұлы!» Бұ­ған алып-қосар жоқ. Ендігісі мұны дамыту ғана секілді.

Тарихтың омыртқасы хроника болса, жүрісінен жаңылмайтын – тек факті. Н.Омаш­ұлының өмірбаянына үңілсеңіз, тым асығып, албыртыққа салынбайтын, тым баяу қатардан да қалмайтын қоңыраулы қоңыр қаламды серік еткен жорға жүрісті байқай­сыз. Туа бітті болмысындағы осы бір сабыр мен саф ауадай тазалық өмір жолындағы іздерінде сайрап жатқаны анық.

Өзіндік қолтаңбасы бар Намазалы Омаш­ұлының қарымы мен әр басқан адымы өзінше өрнек. Себебі «асықпай жүріп, анық басатын» табандылығы, алымдылығы жазғандарынан да айқын аңғарылатыны жайдан-жай емес-ті. Тынымсыз ізденістен туған «Толқындағы «тотияйын» атты іргелі монографиясынан, «Қазақ радио журналис­тикасы: тарихы, тәжірибесі, теориясы», «Белестер», «Жол үстінде – журналист» атты кітаптарымен әрбір ғылыми еңбек, мақала, ой толғаныстарында рухани бірізділіктің біте қайнасып жатқанын аңғару қиын емес.

Н.Омашұлының және бір қыры – жур­налистиканың теориясына қосқан қомақты үлесі, өз саласының білгір маманы екендігі. Бұл ретте, Н.Омашұлының 200-ден астам ғылыми-публицистикалық мақалалар, оннан аса кітап жазғандығын айтсақ та жеткілікті.

Ғалым зерттеуінің негізгі бағыты – радиотележурналистикасы және журналис­тика ғылымының мәселелері. Сөз ретінде ғалымның іргелі екі еңбегі аз-кем тоқталуды қажет етеді. «Толқындағы «тотияйын» моно­графиясы – алғашқы ғылыми ізденістің бірі. Негізінен, Қазақ радиосындағы фельетон жанрының қалыптасуы мен дамуын жете зерттейді. Жалпы, Қазақ радиосында сатиралық хабарлар елуінші жылдардың екінші жартысына қарай пайда болғанын ғылыми дәйектейді. Ал «Қазақ радио журна­листикасы: тарихы, тәжірибесі, теориясы» атты оқу құралы – 1917-1941 жылдар ара­лығындағы Қазақ радио журналистикасының нақтылы тарихын, жинақтаған тәжірибесін, қалыптасқан теориясын сөз ететін көлемді зерттеу. Бұл еңбек ғалымның әлі белгісіз мұрағат құжаттарын, арнаулы әдебиеттер мен әр жылдарда шыққан мерзімді ба­сылымдар жарияланымдарын, үнтаспадағы хабарлар түпнұсқаларын негізге ала отырып, Қазақ радио журналистикасының даму тарихын, алғашқы ширек ғасырлық тәжіри­бесін, қазақ радио хабарларының жанрлық, пішіндік өзгешеліктерін толыққанды ашып көрсеткендігімен құнды.

Н.Омашұлы Қазақстан журналистика­сының өсіп-өркендеуі мен дамуына ұйытқы болған тұлғаның бірі екенін қадап айту ләзім. Өйткені ол 1995 жылдан әмбебап журналис­тер әзірлейтін республикадағы бірден-бір оқу орны – Журналистика факультетінің деканы ретінде көп еңбек етті. Бұл күнде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің Журналистика факультеті – республикадағы журналистік білім беру жүйесінің ғылыми-әдістемелік орталығы. Заман талабына сай жаңашылдықтың жарқын іздері байқалса, бұл істе, сөз жоқ, ұжым басшының еңбегі зор. Декандық қыз­метте Н.Омашұлы өзін іскер басшы, білікті ұйымдастырушы және жаңалық жаршысы ретінде көрсете білді. Ол жетекшілік еткен кезде Журналистика факультетінде бұқара­лық ақпарат құралдарына қандай журна­листер қажет екендігі ескеріле отырып, оқу бағдарламалары түгелдей дерлік жаңар­тылды.

Бір анығы жоғары оқу орнын ашатын да, жабатын да – СТУДЕНТ! Бұл қағидаттың рас­тығы қазіргі таза бәсекеге құрылған жоғары оқу орындарына абитуриент тарту науқанында айқын байқалып жүр. Соңғы жылдары факультетте «Баспа ісі», «Бұқара­мен байланыс» сияқты заман сұранысы тудырған жаңа мамандықтар мен «Халық­аралық журналистика», ЮНЕСКО, «БАҚ және жарнама менеджменті» секілді кафедра­лар ашылды. Сондай-ақ факуль­теттің материалдық-техникалық базасы соңғы технологиямен жасақталды. Халық­аралық байланыс жөнінен Журналистика факультеті университетте алдымен аталады. Оған жоғарыда атап кеткен шетелдердің ірі журналистік білім беру жүйелерімен халықаралық байланыс орнатылғаны дәлел. Н.Омашұлының өзі екі мәрте АҚШ-тың Оклахома мемлекеттік университетіне, сондай-ақ Парижде (Франция) және Монреалда (Канада) өткен ЮНЕСКО-ның Халықаралық конференцияларына барып, ғылыми баяндамалар жасап қайтты. 1996 жылдан құрылған халықаралық ЮНЕСКО ұйымының Орталық Азия мен Қазақстандағы журналистика және коммуникация жөнін­дегі кафедрада оқытушылар мен студенттер әлемдік деңгейдегі телеарналар хабарларын, Интернет байланысын пайдалана отырып, журналистік зерттеулер және талдаулар жүр­гізумен айналысады.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, Н.Омаш­ұлының талантты жастарға деген қам­қорлығы ерекше тоқталуды қажет етеді. Қолы­нан жазу келетін талай ойлы өренді ғылымға баулып, жолдама берді. Ісіне мығым, білікті шәкіртін жасына қарамай басшылық орынға да қойды. Жалпы, адамның ісіне, талантына қарап бағалауы осы қадамдарынан аңғарылар еді. Жаңа уақыттың техника-технологиясы мен ілім-білімін тел емген жас ғалымға да, оқу орнына да қажет екенін жақсы түсінетін ұстаз кездес­кен кедергі-қиындыққа қарамай оларға жол ашты. «Ақыл жастан...» деп үлкен сенім білдірді.

Осылайша, «Жанам деген жігітке от беретін, шабам деген жігітке ат беретін» орта – Журналистика факультетінің барлық жағынан толысып, жетіліп, ең бастысы – жаңа уақыттың бар жақсы нышанына қарап бой түзеуіне берік іргетас қаланды. Ендеше мұны Н.Омашұлының қайраткерлік қыры деп қабылдауға толық негіз бар.

Соңғы ширек ғасырдың бедерінде уни­вер­ситет бітірген, бүгінде қазақ журналис­тикасының қара қазанын қайнатып жүрген журналистердің барлығына ұстаз, ақылшы. Талай талантты шәкірттердің тұсауын кесіп, ғылымға деген жігерін жаныды. Және бұқаралық ақпарат құралдарына мыңдаған маман әзірлеуге үлкен үлес қосқан. Байқап қарасақ, аз уақыт, аз көрсеткіш емес. Бүгінгі бүтін бір ұрпақтың өмірі. Қазақтың «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген нақылы тұрғысынан келсек, сонша мерзім шәкірт тәрбиелеу де мықтылықтың бір мысқал көрінісі. Н.Омашұлының талғамы­ның биіктігі мен талабының күштілігін сезініп өскен шәкірт күні ертең сол деңгейден көрінуге дағдыланатыны бар. Өйткені еңбекке ерте үйренген ұстаздың жалқаулыққа жаны қастығына еш шәкірті шәк келтірмейді. Жөн сөз айтып, жөндем болуға шақыруда қарабайырлықпен емес, қарапайымды­лығымен ерек.

2001 жылы Кембридждегі (Англия) Халықаралық биографиялық орталық журналистикадағы, білім берудегі және ғылымдағы ересен зор жетістіктері үшін Н.Омашұлына «Жылдың Халықаралық адамы» атағы мен медалін табыстады. Елдегі бұқаралық ақпарат құралдары мұны қазақ журналистикасы мен ғылымына әлемдік деңгейде берілген жоғары баға деп мәлімдеді. Шындығында солай, ерінің ғана емес, елінің де жеңісі еді.

Намазалы Омашұлы ағамыз еліміздің маңдай алды оқу орындарындағы қызметтері – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журна­лис­тика факультетінің деканы, Тіл және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы сынды жауапкершілігі зор жұмыстарды абыроймен атқарды. Бұрнағы кенжелеп қалған сала – қазақ журналистикасы ғылы­мын жаңа деңгейге көтерді. Білім орда­ларындағы жалпы идеологиялық жұмыстар­ды қолға алып, студенттерді мамандықпен қатар адамдыққа тәрбиелеу жағына жете көңіл бөлді. Қадап айтқанда, ұлттық өнер – рухани өрісімізді жас өскін, жаңа ұрпақ бо­­йына егу арқылы студенттерді отаншыл­дыққа баулу мәселесін жолға қойды.

Қаламгер, ғалым, ұстаз Намазалы Омаш­ұлының биылғы жетпіс бес жасқа толған шақ­тағы еңбек жолы жайлы сыр шерткенде осындай үзік ойларға кенелеріміз кәміл. Оған басты себеп –  оның көзіқарақты қауымды бейтарап қалдырмайтын өзіне ғана тән жоғарыдағыдай ерекшеліктерімен есте қалатын қасиетке ие өзгеше өмір өрнегі.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жоғары Мектебі Ғылым Академиясының академигі, Қазақ­стан Журналистика Академиясының ака­демигі, Қазақстан Жазушылар Одағы мен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты  Намаз­а­­лы Омашұлы ағаның және биыл ғылыми-педагогикалық қызметіне елу жыл толыпты. Жас ұрпақ үшін өлмейтұғын ісі, өнегелі еңбегі бар салмақты да сарабдал ағамызға алдағы уақытта ғибратты ғұмыр кешсін деген тілек білдіремін!  Ақылман аға, ұлағатты ұстаз тұлғасы биіктей берсін!                  

Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

 философия ғылымдарының кандидаты