Ұлттық кино – идеология құралы

Жаһанданған заманда ұлттық болмыс пен қасиетті сақтап, елдікті сақтаудың жолында бірлікті бекемдеуіміз қажет. Жаһанданған заманда ұлттық болмыс пен қасиетті сақтап, елдікті сақтаудың жолында бірлікті бекемдеуіміз қажет.

Мойындау керек, қазір кі­тапқа, мерзімді баспа­сөз­ге қарағанда әлеуметті қамтуы жағынан киноның әлеуеті басым. Ки­нотуындының адамның сана-сезіміне, мінез-құлқына және ой-өрісіне әсер етуде мән-маңы­зы жоғары. Киноны дұрыс мақ­сатта пайдалана алсақ, ел-жұртты стратегиялық мақсаттарға жұ­мыл­дырып, биік белестерді бағын­дыруға болады. Сондықтан ки­ноны өнер ретінде ғана емес, әлем­ді және өмірді танудың көр­кем тәсілі, ұлттық бет-бейнемізді дә­ріптейтін құрал ретінде баға­лауымыз керек.

Рас, Алаштың біртуар ұлы, көр­некті мемлекет және қоғам қай­раткері, ұлы ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының күреске толы тағдырының бізге мәлім де беймәлім қырларын паш еткен «Соң­ғы үкім» толықметражды та­рихи драмасы, көрнекті қай­рат­керіміз Міржақып Дулатов тура­лы түсірілген «Міржақып. Оян, Қазақ!» көркем фильмі жас­тардың патриоттық рухын ас­қақ­татты. Академик Қаныш Сәт­баев­тың өмірі туралы түсірілген «Қа­ныш. Қазына» тарихи теле­хи­кая­сы, мемлекет қайраткері Жұ­мабек Тәшенов бейнеленген «Тай­талас» фильмінің тәлім-та­ғылымы ерекше, көрерменнің та­рихты және тұлғаларды тануға де­ген ықыласын арттырды. «Абай жо­лы» романы қалай жазылғаны суреттелетін тарихи телехикая, «Қорқыт» биографиялық теле­хи­каясы өткенімізді білуде маңызды рөл атқарады.

Көңілімізге осындай санаулы кино туындылар жылу береді. Бір­ақ теңізге тамған тамшыдай аз ғана фильмдер тұтас халқы­мыз­дың рухын байытып, отан­шыл­дық қасиетін шыңдауға жетіспей жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарға сергектікпен қарап, стратегиялық мән беру маңызды. Онсыз жаһан­дан­ған әлемде ұлттық кодымыз­дан айырылып қалу әп-сәтте...

Мұны неге айтып отырмын?! Қ­азіргі көптеген отандық кинода ұлтсыздандыру идеясы басым, дақ­пырт пен дарақылықты дәріп­тейтінін көріп жүрміз. Әсіресе, фильмдердің тіліндегі әлеумет­тік-лингвистикалық мәселелер қатты толғандырады. 

Қазақ тіліндегі киноның тілі көр­кем, шұрайлы, ана тіліміздегі сөз саптаудың үлгісіне лайық болуы тиіс. Кеңестік кезеңнің өзінде қазақ фильмдері осы та­лап­қа жауап берген еді. Өкінішке қарай, қазіргі қазақ киносының тілі туралы жағымсыз сыни пікір­лер, қарсылыққа толы ашу-ыза белең алуда.  

Қазіргі қазақ киносында тіл мә­селесі тым өзекті екені жасы­рын емес. Себебі атауы қазақша бол­ғанымен, кейіпкерлері таза қазақ тілінде сөйлемейтін, тілі ала­шұбар, жеңіл әзіл мен арзан күл­кіге құрылған, анайы сөздер мен азғындыққа толы фильмдер кө­бейді. Бұл үдеріс осылай жал­ғаса берген жағдайда таяу уақытта таза қазақ тілінде түсірілген ки­но­ны таппай қалуымыз да мүм­кін... 

Қазіргі қазақ киносының ұлт­тық сипат алуына, ұлттық дү­ние­танымды танытуына және ұлттық мә­дениет пен тілдің кең құлаш жаюы­на тәуелсіз елімізде еш ке­дер­гі жоқ. Солай болса да шет­ел­дің жат ұғымын насихаттайтын, көр­­­­кемдік деңгейі ұлттық таны­мы­­мызбен сәйкес келмейтін «көр­­кем фильмдер» өскелең ұр­пақ­тың рухани талғамына кері әсер етуде. Әсіресе, орынсыз ай­­­­тылған олқы сөздер санаға сіңіп жатқаны жалған емес. Қи­сын­сыз сөз қасиетті тілімізді қор­лап жатқандай көрінеді. Ұлт­тық мәселелерді шешу мақ­са­тын­да мұндай қалыбы қисық әре­кет­тер­ге тыйым салатын мезгіл жет­­кен сияқты. Өркениетті ел­дер­де ұлт мәртебесімен және ха­лық­аралық беделімен үнемі бірге қарастырылатын тіл тазалығы үшін күрес тілдің мәдениеті үшін де күрес екені белгілі. 

Қазіргі қазақ киносындағы қа­зақ және орыс тілдерінің ара­лас қолданылуын, жаргондар мен сленгтердің жиі кездесуін көрер­мен­нің бір тобы реалистік көрініс ре­тінде қабылдаса, енді бір тобы­на осындай көрініс қазақ тілінің та­залығын бұзатындай әсер қал­дырады. Мұндағы соңғы топтың алаң­дауы мен жанайқайы өте орынды. Өйткені көптеген кино жә­не телебағдарламалардағы жар­гон, сленг және аралас тіл қол­данысы қазақ тілінің тазалы­ғын сақтауға зиянын тигізуде. 

Ұлы жазушымыз Ғабит Мү­­сіреповтің «Тіл – са­лақ сөйлегеннен бұзылады» деген та­ғылымы бар. Қалай тауып айт­қан десеңізші! Қазіргі қазақ ки­но­сына қарата осы сөзді айтуға әб­ден болады. 

Әрине, мұның артында ре­жиссерлер мен киносцена­рис­тер­дің киноны көрілімді етіп, қыруар қаржы жинаймыз деген мұ­раты тұрған шығар. Бірақ уа­қыт өте келе, мұндай аралас тіл жас­тардың ана тілі ретінде орны­ға­ды. Салдарынан аралас тіл ұр­пақ­тан ұрпаққа қолданылған сайын ана тілі рөлін атқарып, ті­лі­міздің бастапқы құрылымы өз­геріске ұшырайды. Осылайша, қазақ тілі өзінің ғасырлар бойғы таза нұсқасынан алыстап, күрделі тіл­дік нормаларын әбден жоғал­туы мүмкін. Мұндай жағымсыз жағ­дай қазақ тілін үйренуге та­лап­танған тұлғалардың да тілдік дағ­дыларына теріс ықпал етері анық.

коллаж: Елдар ҚАБА

Тіл – халықтың табиғатымен, бол­мысымен, дүниетанымымен үй­лесіп жатқан, ғасырлар бойы жи­нақталып, құрылымға ие бо­лып қалыптасқан коммуникация құралы. Тілдік нормаларды сақ­тай отырып, кірме сөздерді ұлт­тық ерекшелікке сай айналдыра алса, онда кемелденіп, тірі ағза сын­ды дами береді. Ал тілдерді ара­ластырып сөйлеуді жалғас­ты­ра берсе, жасанды тілге айнала­ты­ны хақ. Әлемде поляк ғалымы, лин­гвист Людвик Заменгоф құрас­тырып шыққан «эсперанто» деп аталатын жасанды тіл бар.  

Ұлы Абай «Тіл өнері дертпен тең» дейді. Қазір ана тіліміздің та­­за­лығын сақтауға мән бер­ме­сек, ғасырлар бойы Ұлы дала елін­­де салтанат құрған баба тілі­нен айырылып қалу қаупі бар.

Мұны айтып отырғаны­мыз­дың себебі, қазіргі қа­зақ киносындағы қалыптасқан ара­лас тіл әлеуметтік лингвистика са­ласында тілдік араласулардың бір түрі ретінде қарастырылады жә­не бұл үдерістер нақты әлеу­мет­тік-мәдени факторлар әсері­нен туындайды. Белгілі бір жағ­даят­пен ғана шектелген ком­му­никативтік қыз­мет атқаратын қосалқы тіл сөйлеушінің ешқайсысына ана ті­лі болып саналмайды. Тарихта оған мысалдар жеткілікті. 

Қазіргі қазақ киносының ті­лін­­дегі әлеуметтік-линг­вис­ти­ка­лық мәселені шешу біздің ал­ды­мызда тұрған ең негізгі міндет са­налады. 

Бұл ретте отандық кино өні­мін идеологиялық тұрғыда ба­қы­лап, кино түсіру саласына мем­ле­кет­тік лицензиялауды енгізу өте маңыз­ды. Сондай-ақ кино мен те­леиндустриядағы тілдік мәде­ниет мәселесін реттеу мақсатында ұлттық кино және сахна тілін қа­да­ғалау функциясын енгізумен бірге, қазақ киносының тілін көр­кем әдеби стильге негіздеп, көркем фильмдерді тек бір тілде, яғни мемлекеттік тілде түсіруді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуіміз қажет.

Қазақ тілінде кино түсіру­ші­лер­ге арнайы тілдік курстар өт­кізудің де артықшылығы жоқ деп санаймын. Кенжелеп қалған ки­но сыны саласын жетілдіріп, әр жаңа фильмге қатысты кәсіби мамандардың сыни пікірін жа­рия­лайтын арнайы журналдар шы­ғарудың да маңызын түсі­не­міз. Бастысы, мемлекеттік тап­сы­рыс аясындағы киноның барлы­ғын мемлекеттік тілде түсіруді заң нор­маларымен айқындау аса маңыз­ды.

Қысқасы, ұлттық кино ұлттық идеология өзегі екенін ұмыт­пайық.

Руслан РҮСТЕМОВ,

Парламент Сенатының депутаты