Біраз өзгеріс өмірге жолдама алғалы тұр. Үкіметке мемлекеттің көмегіне шын мұқтаж отбасыларды анықтап, соларға ғана нысаналы түрде қолдау көрсету міндеті жүктелді. Осы мақсатта халыққа әлеуметтік көмекті ұсынудың тетігі жетілдіріледі. Оны алудан үмітті азаматтардың жиынтық шығыстары мен кірістері қатар тексеріледі. Тағы қандай өзгерістер бар?
Бұрынғы өзгерістер не берді?
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен білімің екі жақтап» деп Абай Һәкім айтқандай, қазақ халқы еңбекпен тапқан байлықты бақ-берекеге балаған. Еңбексіз, маңдай терсіз келген дүние көзді ашып-жұмғанша берекесіз ғайып болуы мүмкін. Еңбек етіп, бейнеттеніп, мүлікті тебендеп жиып көрмеген адам дүниенің қадірін де білмес.
Қазақстандықтарды масылдық психологиядан арылту үшін 2002 жылдан бері атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) енгізілді. Оның басты мақсаты – әлеуметтік осал отбасылардың 18-ден асқан, еңбекке жарамды мүшелерін жұмыс істеуге ынталандыру. Өйткені аяқ-қолы балғадай, он екі мүшесі сау бола тұра, өзгеге телміріп тіленуді, кісі үстінен күн көруді қазақ халқы да, асыл дініміз де жақтырмаған.
Мұның сыртында «табысы төмен» деп, жаппай мемлекеттік көмек үлестіру кереғарлық-парадокс тудырады. Ешкімге алақан жаймай, күндіз-түні, бірнеше жұмыста істейтін кісілер әлеуметтік көмек алатындармен деңгейлес өмір сүреді. Содан оларға бұл тынымсыз тірлігін тыйып, үйінде жатып алып мемлекеттің көмегіне тіршілік ету тиімді болды.
Сондықтан ХХІ ғасырдың басында енгізілген атаулы әлеуметтік көмек аясында тұрмысы төмен отбасыларға ақшалай төлем төленбес бұрын, еңбекке қабілетті мүшелерінен жұмыс істеуі талап етіледі. Бас тартса, АӘК төлеу тоқтатылады. Мысалы, 2024 жылы еңбекке қабілетті 97,6 мың АӘК алушының 59,4 мыңы жұмыс істеді. 32,5 мыңы бала күтімімен отырған. 5,7 мың адам жұмыссыз болды.
Мемлекет оларға өз ісін бастауға да көмектеседі. Жеке кәсіппен айналысуға ниетті жандар үшін жеңілдетілген шағын несиелер, бизнес ашу үшін қайтарымсыз грант ұсынылады.
– Еңбекке қабілетті 16 мың адам 2024 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шарасына тартылды. Соның 11,2 мыңы, 70%-ы тұрақты жұмыс орындарына орналасты. 3,5 мың адам, 22%-ы уақытша жұмыс тапты. 426 адам (2,5%) кәсіпкерлік бастамасына грант алды. 300 адам (1,9%) біліктілікті арттыру, қайта даярлау және қайта оқыту курстарына жіберілді, – деді Еңбек вице-министрі Олжас Анафин.
Іске қосылған 23 жыл ішінде АӘК бірнеше лек өзгерісті өткерді. Өйткені оның тетіктеріндегі олқылықтар түрлі қулыққа, адал емес схемаларға сеп болды. Мысалы, АӘК алу үшін ерлі-зайыптылардың жалған ажырасатыны белгілі болды. Сондай-ақ шын табысын жасырған, қымбат көлігі бар, коттеджде тұратын адамдарға миллиондаған теңге көмек беріліп келгені әшкереленді. Ресми мәлімет бойынша осы көмекті заңсыз алу үшін азаматтардың өз табысы мен бизнесін жасыру фактілері көбейген: 2019 жылы нақты табысын жасырған 73 мыңнан аса отбасыға АӘК-тің заңсыз тағайындалғаны анықталды.
Сондықтан 2020 жылы отбасылардың материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін Отбасының табысын анықтау жөніндегі учаскелік комиссиялар құрылды. Олар көмекке мұқтаждардың үйлерін аралап, дүние-мүлкін суретке түсіре бастады.
Көмек алушылар екі есе кеміді
Талаптарды қатаңдату нәтиже әкелді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратынша, 2020 жылы 184,7 мың отбасындағы 936 мыңнан астам адам АӘК алған екен. Оларға бюджеттен 75,3 миллиард теңге төленді. Оның алдында 2019 жылы 485 мың отбасыдағы 2,5 миллиондай адамға осы көмек тағайындалыпты.
Комиссиялар құрылып, талап күшейгелі АӘК алушылар саны 6 еседен астамға кеміді! 2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша былтыр 77,6 мың отбасындағы 411,3 мың адамға АӘК берілді. Оларға 2024 жылы бюджеттен 54,7 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Тиісінше, әрбір отбасыға бір жыл ішінде орта есеппен 704 мың теңгеден келеді.
Мына жайт назар аудартады: Еңбекмині мәліметінше, бүкіл көмектің басым бөлігін – 62,2%-ын оңтүстік өңірлердің тұрғындары алады. АӘК алушылардың көбі Түркістан облысында – 20,3%, Шымкентте – 11,3%, Қызылорда облысында – 8,2%, Алматы облысында – 7,9%, Жамбыл облысында – 7,5% және Жетісу облысында – 7%.
2020 жылғы реформа кезінде АӘК алатын жағдайы төмен отбасыларға қосымша көмек ретінде балаларына арнап, «Кепілдендірілген әлеуметтік топтама» (КӘТ) енгізілді. 2020 жылдың қорытындысында АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 218,2 мың бала осы пакетті алды.
коллаж: Елдар ҚАБА
Алайда артынша әлеуметтік желі АӘК алушылардың шағымына толды. Заң бойынша КӘТ құрамына азық-түлік пен гигиеналық керек-жарақ жиынтықтары кіруге тиіс. Ай сайын берілетін бұл пакет құрамы 25 түрлі өнімнен тұрды. Оның ішінде кем дегенде 2 литр сүт, 180 грамнан көп печенье, 320 грамнан асатын ботқа, 1,2 келіден мол балалар пюресі, ең кемі 800 грамм сұлы ұлпасы (хлопья), 800 грамнан астам макарон, кем дегенде 0,8 литр сұйық май, гематогендер, бірнеше келі әртүрлі жарма, бұршақ, тіпті ара балы болған.
Бұдан бөлек, ай сайынғы пакетке балалар кремдері, шаруашылық және иіс сабындар, мәуесек пен тіс пастасы, сусабындар, кіржуу ұнтағы және басқалары қосылды. Мемлекеттің тегін бергенін телекамера алдында ақтарған кейбір кедей адам: «Маған мынау керек емес!» деп, көктеп кетпеген, қолданыс мерзімі өтпеген тауарды қоқысқа лақтырып, көңілтолмастық білдірді. Тағы бір тобы Үкіметке хат жаудырып, «Мынаның орнына мынадай тауар бер!» деп (бір қап қант, бір қап ұн сұрағандар болды), «нақты тапсырыс-заказ» жасады.
Мұнда әрбір адамға ұнау, талғам мен таңдауын дөп басу мүмкін еместігін, аз қамтылғандар оны қайырымдылық емес, мемлекеттің міндеті деп қабылдайтынын, жақсылықтың қадіріне жетпейтінін түсінген Үкімет 2022 жылы «кепілдендірілген әлеуметтік топтамадан» бас тартты. Сол жылдан бері азық-түлік пен тұрмыстық химия орнына табысы аз отбасылардағы 1-6 жастағы әр балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш (2025 жылы 5 898 теңге) көлемінде қосымша төлем енгізілді.
2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша былтыр АӘК алушы мектеп жасына дейінгі 128,8 мың балаға жалпы сомасы 5 миллиард теңге қосымша төлем аударылған екен.
Тексеру тетігі жетіледі
Мұқтаж отбасылардың материалдық жағдайына тексеру тетігі биылғы 2025 жылы жетілдіріледі. Еңбекмині «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» жаңа бұйрық жобасын әзірледі.
– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұл бұйрық жобасы 2024 жылғы 7 ақпанда, Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген Президенттің АӘК алуға үміткерлердің жиынтық табысы мен шығыстарын қатар ескеру тапсырмасын орындау үшін әзірленді. Жоба өтініш беруші отбасының материалдық жағдайын фотофиксациялайтын мобильді қосымшаны енгізу арқылы учаскелік комиссияның әрекетін цифрландыруды көздейді, – деді құжатқа түсініктемесінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин.
Ақпарат құралдарының жазуынша, бұйрық қабылданған соң, жауапты комиссиялар әрбір елді мекенде осы көмекке өтініш білдірген отбасыларды аралап, ауласын, баспанасын, үйінің іші-сыртын және ондағы дүние-мүлікті фотосуретке түсіреді. Соның нәтижесінде, мысалы, отбасының меншігінде қымбат көлігі болса, коттеджде не салтанатты тұрғын үй кешенінде тұрса, комиссия АӘК беруден бас тартуы мүмкін.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, Президенттің аталған тапсырмасын орындау мақсатында біріншіден, биыл енгізілетін пилоттық жоба аясында АӘК тағайындау үшін банктерден азаматтардың кірістері мен шығыстары туралы егжей-тегжей мәлімет алынады. Алгоритмі келесідей: азамат АӘК алу үшін уәкілетті органға пилоттық жобаға қатысу туралы өтініш береді. Содан соң оның отбасының кәмелетке толған барлық мүшесінің ұялы телефонына 1414 нөмірінен sms-хабарлама жіберіледі. Оған олар 1 жұмыс күні ішінде растап, жауап беруге тиіс.
Келісім алынса ғана меморгандар мен банктердің ақпараттық жүйелері арқылы отбасының әрбір мүшесінің есепшоттары тексеріледі. Егер банктік шоттар бойынша шығыс операцияларының мөлшері кедейлік шегінен аспаса, онда АӘК тағайындалады.
Екіншіден, учаскелік комиссия қызметі цифрландырылды. Олар да адам, бармақ басты, көз қысты тірлікке баруы, қолына әлдене қыстырса, АӘК-тен дәмелі отбасының сөзін сөйлеп, сойылын соғуы мүмкін.
Министрліктің мәліметінше, оны болдырмау мақсатында FSM Social атты арнайы мобильді қосымша енгізіліп жатыр. Бұдан былай комиссияның барлық әрекеті сол сервисте тіркеледі. Үміткердің үй-жайының, дүние-мүлкінің көрінісі осы қосымша арқылы тіркеліп, фотосуреті жүктеледі. Ведомство соның нәтижесінде, жемқорлық тәуекелдері азаятынына, өтініш берушінің геолокациясы, нақты географиялық орны айқындалатынына сенімді. Сондай-ақ бұл тетік АЕК-ке қатысты шешімдерді қабылдау мерзімін қысқартатыны, қорытынды шығару рәсімдерін оңайлайтыны, тексеру мен шешім қабылдау рәсімдерін атүсті, формальды жүргізуді болдырмайтыны айтылды.
Мемлекеттік қолдауға аса зәру азаматтарды айқындау үшін FSM Social қосымшасы арқылы өтініш берушінің материалдық жағдайын фотофиксациялау жүргізіледі. Соның нәтижелері бойынша «Өтініш берушінің материалдық жағдайы туралы тексеру актісі» жасалады және Мұқтаждық туралы қорытынды дайындалады.
«АӘК тағайындау тетігіндегі алдағы өзгерістер шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларды мемлекеттің нысаналы қолдауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұйымдастырушылық жұмыстарды сапалы жүргізу үшін енді комиссия құрамында төрағаның орынбасары лауазымы пайда болады. Бұған қоса, комиссия мүшелерінің саны кемінде 7 адамды құрауға тиіс. Бұған дейін комиссия құрамында 5 адам ғана болатын», – деп түсіндірді Еңбекмині.
Тағы бір өзгеріс сол, бұдан былай D және E санаттарына жатқызылған жергілікті отбасылар санын азайту – әкімдердің рейтингіне тікелей әсер етеді. Көрсеткіш әкімдердің KPI-ына енгізілді. Сөйтіп, жергілікті биліктің қимылдауына серпін берілді. Бүгінде әкімдер мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп отбасыларды дағдарыс және мүшкіл санаттардан неғұрлым қолайлы санаттарға көшіру шараларына кірісті. Соның арқасында 2024 жылы бұл контингенттің саны елде 15%-ға азайыпты.
АӘК өмір бойға берілмейді. Бұл тетіктің ендігі миссиясы – адамның не отбасының өмір тұйығынан, тығырықтан шығуына жәрдемдесу. Мысалы, табысы аз отбасыларға кешенді қолдау көрсету шараларының нәтижесінде 2023 жылы АӘК алушы 54,3 мың адам кедейлік жағдайынан шығыпты. 2024 жылы тағы 52,5 мың адам жұмыс тауып, бизнесін бастап кедейлік қамытынан құтылған көрінеді. Бұл тұрғыда АӘК тетігінің өзін ақтап отырғаны байқалады. Көркемдегенде, оны кедейлік құрдымына құлаған қазақстандықтарды шыңыраудан шығаратын баспалдаққа теңеуге болатындай. Мемлекет жоғары көтерілу үшін саты ұсынды, оны пайдалану-пайдаланбау – әр азаматтың еншісінде.
Елдос СЕНБАЙ