«Ұлттың ұлттығын ұлықтайтын, оның ұлттық жанын сақтайтын – әйел» дейді жазушы. Оның әр сөзі – жастарға өнеге, өсиет. Зейнеп апай дәстүр жалғастығы үзілмесе екен деп тілейді. Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан жазушы-этнограф әлі күнге бабалар аманатына адалдық танытып келеді.
Зейнеп Ахметова десе, алдымен «Шуақты күндер» ойға оралады. Бұл кітап – қазақтың қаһарман ұлы, даңқты Бауыржан Момышұлы туралы естелік-эссе. Зейнеп Ахметова «Шуақты күндерде» Бауыржан атасы қайтыс болғаннан кейінгі қайғыдан арыла қоймаған жылдар туралы «Міне, басқа түскенге көніп, өзекті тіліп өткен қайғы уыты саябырлай түсіп шексіз сағынышқа ұласқанда, атамның қағаздарын парақтадым. Қарап отырып оның жалынды да жаралы жүрегінің лүпілін естуге тырыстым. Топ алдында тұлғасы оқшау асыл бейнесін елестете отырып, биік ойларын тереңірек түсінуге, қайсарлығы мен шыншылдығын тани түсуге талпындым» деп жазды. Сондай-ақ кітабына «Момышұлдарының – әкесі, баласы, немересі болып басы бірігіп, бір шаңырақтың астында тұрып, бір дастарқаннан ас ішкен берекелі жылдар» естелігін ұтымды арқау етті.
Зейнеп Ахметова 80-нің сеңгіріне шыққан шағында да «Мен тұла бойы қайшылықтарға тұнып тұрған, қайталанбас адамның биік шаңырағының кең дастарқанын ұстаған, шамам келгенше иіліп қызмет істеген, атамның өнегелі өсиеттерін де, өңменіңнен тесіп өтер айқайын да естіген маңдайлы келінмін» деп жазғанындай, «Бауыржанның келіні», «Батырдың келіні», «Үлкен үйдің келіні» деген абыройлы атағын кірлетпей, көтере алды. Шынашақтай қызды батыр рухының шырақшысына айналдырған қандай күш дейсің, еріксіз. Кітапты оқи отырып, сұрақтың жауабын «Өзім үшін тіршілігімнің мәніне өшпес өзек, жарық сәуле болып тартылған, өмір мектебі болған жылдар», «...зымырап өте шыққан қанатты жылдар» деген жолдардан табасың.
«Шуақты күндерде» «Үйге келген қонақтарға мені таныстыратын жері қызық. Марқұм құдағиым Мәлике – Кеген жақтың албаны. Он жеті жасында қазақтың ішіне келген жалғыз атты түрікке ғашық болыпты. Айдаһардай ақырған алты бауырының қаһарынан сескенбей, ай қараңғы бір түні түріктің етегінен ұстап қашып кетіпті. Жүректісін көрмейсің бе, түбі Момышұлына құдағи боларын әуел бастан білген. Ал мына Зейнеп «арғы атам – ер түріктің қызы». Өте өжет. Әйтпесе, төрт бауырының ашуынан тайсалмай, менің балама сескенбей қалай келген, ә?» – деген жолдар бар. Сондай-ақ «...аласа үстелдің үстіндегі темекі қалдықтарына толып қалған күлсалғышты ала беріп, ашық жатқан дәптердің бетіне ірі араб әріптерімен жазылған қысқа үш жолға көзім түсті», – дейді автор. Атасының араб әрпімен жазған құпиясын оқып қойғанын байқап, ашуланады-ау деп әбігер болған сәтінде: «Балам, егер сөздің жөніне көшсек, бұл әріпті білгенің өте жақсы екен. Менің жазбаларымның әжептәуір бөлігі араб әрпімен жазылған. Бала кезімде сауатымды осы жазумен ашқанға ма, қол оңай жүгіреді. Кейін Бақытжан қолжазбаларымды өзгенің көмегінсіз оқи алмайды-ау деп ойлаушы едім, енді қарасам сен бар екенсің» дегенін оқып, Бауыржан мұрасының бағы жанғанына қуанасың.
Иә, тағдыр талайы «Зейнептей дала қызын Алматының асфальтында туған, Кеңес үкiметi кезiндегі идеологияның салдарынан орыс мектебiнде оқыған» (Бақытжан Момышұлының сөзі) Момышұлының жалғыз ұлына жар етті. Зейіні ерек, зердесі зерек Зейнеп Ахметова батыр бабаның отын сөндірмей, қазақ келінінің мәңгілік бейнесін де жасай алды.
Ендігі жерде Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндерде» «Бабалар аманатын» арқалап, «Күре тамырға» жалғай «Теңбіл тіршілік» толқынында қазақ руханиятына, отбасы құнды-лығы мен ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі ұрпақ жадында жатталуы керек деп ойлаймыз. Бұл жолы, біз, Зейнеп апаның «Қазақ қызы қандай болуы керек», «Қазақтың келіні қандай еді» деген тұжырымдарын ұсынсақ...
Қызы тәрбиесіз елден ырыс кетеді
Анасы «әкең келе жатыр» дегенде айылын жимайтын бала жоқ. Қазір «Қызға қырық, ұлға отыз үйден тыйым» дегенді ұмыттық. Мына өмірден кетпей тынбайтын бәріміз де ажалды пендеміз. Жер бетінде уақытша жүрген жолаушымыз. Бұрынғы бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне, бала болашағына көп көңіл бөлген. Артымда ұрпағым қалса, Құран бағыштаса, отым сөнбей, түтінім түзу ұшса деп тілегендіктен, бала тәрбиесіне қатты мән берген.
«Ұл – өріс, қыз – қоныс» деп жатады. Заман бір орында тұрмайды, өзгереді. Шындап келгенде, қызы тәрбиесіз елдің іргесінен ырыс кетеді. Тұнығы лайланады, толысы төгіледі. Сөйтіп, ұрпағы жидіп, жүнжиді. Өйткені қыз – ертеңгі басқа босағаны аттайтын ақ келін. Содан кейін бір әулеттің ұрпағын өсіретін ана, одан кейін әже. Үйдің тірегі болатын қыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлмесе, ел ел болудан қалады. Басқасын айтпағанда, қазақтың мақал-мәтелінде қаншама тәрбие жатыр. Жыр-терме де тұнып тұрған тәрбие. Өкініштісі – әлі күнге дейін мемлекеттік деңгейде ұлттық балабақшаның жоспары жасалмағандығы. Тіпті, бізге ұлттық перзентхана керек.
Анасын көріп, қызын ал
«Шыққан қыз шиден тысқары, сенің түпкілікті тұрағың, түтінін түтетіп, тілеуін тілейтін үйің – күйеуіңнің үйі. Бір еркектің ыстық-суығына төзе алмасаң, кедір-бұдыр мінезін кешіруге кеңдігің жетпесе, жоғын бар етіп, ашылғанын жаба алмасаң, әйелдік ақ жаулықтан садаға кет», – депті. Міне, бұрынғының тәртіп-тәрбиесі. Апамыздың мықтығылы – осындай қазақы қайнардан сусындауында. Қазақтың «анасын көріп қызын ал, дастарқанына қарап асын іш» дегені осы.
Ене мен келіннің «илейтін терісі» бір
Мен өз енемді көрген жоқпын. Келін деген – ененің өкшебасары, ененің мұрагері. Енесінің жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, ұрпақ жалғастырып, өзі де келін түсіріп, ене болып, ары қарай әже болуы керек. Мен келінін жамандайтын енелерге: «Тоқтай тұр, саған келін болып келгенге дейін сол қызға қандай еңбегің сіңді?» – деймін.
Біреудің әлпештеген баласы, оқытып-шоқытып, дайын күйінде ененің қолына келді. Егер бір адамды бір әлем десек, ененің қолына бүтін бір әлем келді. Енді сол жас келінді ақылмен өзінің өкшебасары, мұрагері етіп үйрете алмаса, кімге өкпелейді? Кез келген әйел ене бола алады. Бірақ келінге ана болу керек. Өйткені ол – ененің мұрагері. Ал енесін жамандайтын келіндерге, «өзі сүйіп қосылған жігітті өмірге әкеліп, тәрбиелеп, мәпелеп өсірген анасы неге жаман болуы керек?» деймін.
Әйелдің миссиясы – отының басында
Менің ойымша, әйелдің миссиясы – отының басында. Ананы ардақтайық, ұрпақ өсіп-өнсін. «Қайтып келген қыз жаман» демекші, қайтып келген қыз ата-анасының бетіне де, ауыл-аймағына да көлеңке. Мысалы, «Қызға қырық үйден тыю, қала берді қара күңнен тыю» деген бар. Бұл – қырық үйден үлгі-өнеге көру, қала берсе, қара күңнен де бір жақсылықты үйрену деген сөз. Қазір, ең жаманы, ажыраса салу сөкет емес. Сондай-ақ тұрмысқа шықпай, некеге тұрмай жатып бірге тұратындар көбейді. Бұл – біздің мұсылмандығымызға да, қазақшылығымызға да жат нәрсе.
Салт-дәстүріміз шариғатпен үндес
Қазақтың қыздары тұрмысқа шыққанға дейін басына ешқашан орамал салмаған. Үкілі тақия, жырға, қасаба, кәмшат бөрік, құндыз бөрік киген. Сүмбіл шаш, қолаң шаш, алтын шаш деген теңеу ата-бабадан қалған емес пе? Орамал салды деген сөз – қыз тұрмысқа шықты деген сөз. Орамал мәселесі соңғы 30 жылда ғана шықты.
Қазақта «Тасын ала берсе, тау да таусылады» деген сөз бар. Қазақ ешқашан Құдайсыз болған жоқ. «Құдайсыз қурай сынбайды» деген қазақ қалай Құдайсыз болады? Бірақ қазіргідей «фанатик» те болмаған. Мұсылман болу үшін араб болу қажет емес. Қазақтың салт-дәстүрі шариғатқа қайшы келмейді.
Дайындаған
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ