Жуырда Өзбекстан парламенті осыдан 28 жыл бұрын қабылданған «Азаматтық туралы» заңды қайта қарап, маңызды өзгеріс енгізді. Жаңа заңға сәйкес, өзбек тілін ауызекі деңгейде меңгермеген адамға Өзбекстан азаматтығы берілмейді. Көрші елдің батыл қадамы Қазақстан билігіне қозғау сала ма? Негізі, мұндай талап әлемдік тәжірибеде баяғыдан бар. Өйткені кімде-кім қоғамның толыққанды мүшесі боламын десе, айналасымен түсінісе алуы тиіс. Осы орайда, «Тұрып жатқан елінің тілін қонақ, нақұрыс немесе өз тілінің үстемдігін орнатқан басқыншы білмеуі мүмкін» деген Карл Маркстың әйгілі афоризмі ойға оралады. Қайта өзбектердің заңы тым жұмсақ па дейміз. Ал АҚШ пен Еуропа бұл ретте қатаң саясат ұстанып, мемлекеттік тілден бөлек, сол жердің тарихы мен саяси жүйесі бойынша емтихан тапсыруға міндеттейді. Мәселен, Финляндия азаматтығын алғыңыз келсе, фин немесе швед тілін біледі деген ресми құжатқа қол жеткізуіңіз керек. Тіл емтиханы 3-6 сағатқа созылады. Үміткер мәтінді түсіну, ауызекі әңгіме айту, жазу қабілеті, грамматика мен лексика сияқты дағдыларды игергенін дәлелдеуі қажет. Жыл сайын Канада азаматтығын алуға өтініш жазғандардың 20 пайызы тіл емтиханынан құлайды екен. Жиырмадан аса автономиядан құралған, жүзден астам ұлт мекендейтін федеративтік Ресей де орыс тілін ерекше талап етеді. 2017 жылы заңдағы бұл талапқа әзербайжандық Фирангиз Гусейнова наразылық танытып, Жоғарғы сотқа жүгініпті. Оқиғаның жай-жапсары былай: Фирангиз Гусейнова 2012 жылы Ресей азаматына тұрмысқа шығып, РФ аумағында жүріп-тұруға уақытша рұқсат алады да, Орлов облысының бір ауылына қоныстанады. 2017 жылы рұқсат қағазының мерзімі біткендіктен, Ресей азаматы атануға ниет білдіреді. Бірақ Ресейде екі бала туып үлгергеніне қарамастан, оған азаматтық берілмейді. Себебі орыс тілінен мақұрым. Гусейнова сот мәжілісінде: «Мен қиян түкпірдегі ауылда тұрамын. Бау-бақша өсірумен айналысамын. Орыс тілін қажетсінбеймін. Сондықтан азаматтық алуға құқығым бар» депті. Бір қарағанда, қисынды уәж секілді. Алайда қарсы тарап та қарап қалмаған. Олар тек Конституциядан дәлел келтірумен шектелмей, шариғаттан мысал келтірген. «Біз мұсылмандардан арнайы сұрастырып, нақты жауап естідік: тұрып жатқан елінің заңын сыйлауға бәрі міндетті» деп әлгі әйелдің аузына құм құйған. Ақыры сот арызданушының жауабын қанағаттандырмай тастаған. Ал Қазақстанда қалай? Бәз-баяғыдай. Мемлекеттік тіл мәселесі «тізесі шыққан» тақырыпқа айналғалы қашан. Тіпті, жазуға қысыласың. Жазсаң да, нәтиже нөлге тең.
Конституция бойынша мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен бірдей қолданылады. Мемлекеттік тілді білмегені үшін заңнамада ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған.
Мысалы, «ҚР азаматтығы туралы» заңның 1-бабында: «Ол (ҚР азаматы – ред.) ҚР Конституциясы мен заңдарын сақтауға, ҚР мүдделерін, оның аумақтық тұтастығын қорғауға, әдет-ғұрыпқа, дәстүрге, мемлекеттік тілге және оның аумағында тұратын барлық ұлттардың тілдеріне құрметпен қарауға, ҚР-ның күш-құдіретін, егемендігін және тәуелсіздігін нығайтуға жәрдемдесуге міндетті», – деп жазылған. Яғни, мемлекеттік тілді меңгеруге нақты бір талап қойылмаған. Осы заңның 17-бабында Қазақстан азаматтығына қабылдаудан бас тартудың бір себебі ретінде: «Егер ҚР азаматтығына қабылдау туралы өтініш жасаушы адам мемлекеттік тілдің қолданылуына қарсы әрекет жасаса... оның өтініші қабылданбайды» делінген. Қысқасы, сипай қамшылау және көз алдау. Есесіне, Конституция бойынша мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен бірдей қолданылады. Мемлекеттік тілді білмегені үшін заңнамада ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Соның кесірінен ғой, әлі күнге дейін сан салада орыс тілінің бағы басым. Отаршылдық зардабы десек те, ең басты кілтипан өзімізде. Үкіметті ешкім көпе-көрнеу зорламағанын, бар кінәрат ұлттық сананың төмендігінен екенін қынжыла мойындаймыз. Билікке, бизнеске жақын мықтылардың көбі қазақша сөйлесе, тегіс жерде сүрінеді. Сүрінеді дейміз-ау, омақаса жығылады. Сондықтан шығар, қазақ тілінің мәртебесі туралы әңгіме көтерілсе, шетінен өре түрегеледі. 2004 жылы Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Амангелді Айталы «Сайлау туралы» заң жобасындағы «Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу», «Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркеу» және «Мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу» деген баптарға «Ұлты қазақ үміткерлер мемлекеттік тілді білуге міндетті» деген түзету енгізбек болғаны есімізде. Бұл ұсынысқа сол кездегі Парламенттің 70 пайызы қарсы шыққан. Содан бері аттай 16 жыл өтсе де, толғақты мәселе бір адым алға жылжымапты. Күні кеше сенатор Мұрат Бақтиярұлы Үкіметтен 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді дамыту бағдарламасының нәтижесін сұрады. «Биыл осы бағдарлама мәресіне жетіп, нәтижесінде Қазақстан халқының 95 пайызы қазақ тілін еркін меңгеруі керек еді. Алайда бағдарламаның жемісін жеген жоқпыз. Бөлінген миллиардтар желге ұшты. Сонда бұған кім жауап береді?» – деп ашынды халық қалаулысы. Жалпы, Мұрат Бақтиярұлы тіл мәселесінде ойындағысын осып-осып айтады. Кейбір әріптестері секілді алыстан орағытпайды, ешкімнің қас-қабағына жалтақтамайды. Ақпан айында да осыған ұқсас мәлімдеме жасаған. «Еліміздің әр азаматын қазақ тілін білуге міндеттейтін уақыт келді. Мемлекеттік тілді білу – борыш емес, міндет! Заңнамаға осындай өзгеріс енгізу қажет», – деген еді сенатор. Сол-ақ екен, Wikipedia интернет-энциклопедиясында әлдекімдер Мұрат Бақтиярұлының өмірбаянын өзгертіп, «расист» және «русофоб» деп жазып кетіпті. Соған қарағанда, оның тілге қатысты талаптары біреулердің шамына тисе керек. Марк Твеннің бір аңғал кейіпкері: «Бәріне түсінікті ағылшын тілі тұрғанда Франциядағы жұрт неге француз тілінде сөйлеуі керек?» деп таңғалады ғой. Қазір соның кебін киіп отырған сияқтымыз. «Ұлтаралық қатынас тілі» деп дабырайтатын орыс тілі бар жерде қазақ тіліне төрден орын жоқ-ау. Әзірге.