Ал бұған дейін республикалық федерацияны басқарған қоғам қайраткері Әлихан Байменов ұйымның құрметті президенті болып бекітілді. Сонымен бірге Әлихан Байменов Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы президенті қызметін жалғастырады.
Астанада өткен республикалық федерацияның жиынында Әлихан Байменов осы күнге дейін ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясы вице-президенті қызметін атқарған Әкім Тұрсұнды федерация басшысы қызметіне ұсынды. Отырысқа қатысқан өңірлік федерация жетекшілері, тоғызқұмалақ қайраткерлері және федерация басшылық құрамы ұсынысты қолдап, Ә.Тұрсұнды ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясы президенті лауазымына сайлады.
Айта кету керек, Әлихан Байменов республикалық федерацияны 2004-2025 жылдар аралығында басқарды. Сондай-ақ бұл басқосуда республикалық федерацияның вице-президенттері лауазымына Батырбек Құлекеев, Шолпан Қадырова, Мақсат Шотаев, Дәулет Әбдікәрімов сайланды. Мақсат Шотаев вице-президенттікпен бірге Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясында бас хатшы қызметін атқарады. Федерацияның құрметті президенті, президент, вице-президент және бас хатшы қызметтері – қоғамдық негіздегі жұмыс. Ал Тоғызқұмалақ спорты федерациясы PR директоры лауазы-мына журналист Ришат Асқарбекұлы тағайындалды.
Отырыс барысында федерациясының құрметті президенті Әлихан Байменов жиналғандарға 2024 жылы атқарылған жұмыстар мен шаралардың есебі бойынша ақпарат берді. Өткен жыл ұлттық зияткерлік ойынның ерекше даму жылы болғанын және V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны елдегі тарихи оқиғалардың бірі екенін атап өтті. Жыл қорытындысына сәйкес дәстүрлі жүздеген шарамен қатар, тың және ірі жаңалықтар мол болды.
Бұл шаралар Дүниежүзілік және Тоғызқұмалақ спорты федерациясы мен өңірлердегі тоғызқұмалақ федерацияларының, Туризм және спорт министрлігінің, Оқу-ағарту министрлігінің, Спортты қолдау қорының және жергілікті әкімдіктердің, спорт басқармаларының тығыз әріптестігімен тоғызқұмалақ жанашырлары, демеуші кәсіпкерлердің қолдауы арқасында жүзеге асырылды.