Облыс әкімі Нариман Төреғалиев салаға жауапты мамандарды жинап, кеңейтілген кеңес өткізді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев алдағы су тасқыны кезеңі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін атап өтті.
Жалпы, Батыс Қазақстан облысында су тасқынына дайындық жұмыстары жаз айында басталған болатын. Себебі 2024 жылдың көктемі Батыс жұрты үшін ауыр болды. Қаншама үй, саяжай бірлестіктері суға кетіп, халықты біраз әбігерге салған болатын. Мұндай жағдай қайталанбас үшін жергілікті билік 2025 жылдың көктеміне дайындықты ерте бастады. Ол үшін суға кетеді-ау деген қауіпті аумақтар анықталып, су тасқынының алдын алудың Жол картасы жасақталды.
Батыс тағы суға кете ме? Қазір елдің көкейінде осы сұрақ. Сұрамағанда қайтсін, 2024 жылдың көктемінде суға кетіп, дүние-мүлкі бүлініп, үйсіз-күйсіз эвапунктті жарты жылға дейін паналағанын жергілікті халық әлі ұмыта қойған жоқ. 2024 жылдың көктемінде облыс бойынша 5 927 үйге су кірді. Өңірде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жаряланды. Жарамсыз деп танылған 2 828 үйдің орнына 889 жаңа тұрғын үй салынды және 1 939 тұрғын үй сатып алынды.
«Су тасқынының салдарын жою жұмыстары 2024 жылы ойдағыдай аяқталды», – деп есеп берді облыс әкімдігі сол кезде.
Бірақ әне-міне дегенше 2025-тің көктемінің басы қылқиып тұр. Қазгидрометтің болжамы да көңілді күпті етіп отырғаны бар.
– Биылғы қаңтар айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бірдей мөлшерде жауын-шашын жауды. Осының нәтижесінде Тасқала, Сырым, Бөрлі, Теректі, Бәйтерек және Орал қаласында жердің бетінде 2 см қалыңдықта мұз жабындысы пайда болды. Ауа райы күрт жылынып, жаңбыр мол жауатын болса, наурыз айында бұл мұз жабындысы су тасқынына әкелуі мүмкін. Қазір біз қыс мезгілінің дәл ортасындамыз, алдағы ақпан және наурыз айларында түсетін жауын-шашынның, топырақтың бетінде қалыптасқан мұз жамылғысын және күзгі топырақтың ылғалдануын ескере отырып, Орал қаласы, Тасқала, Бәйтерек, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау, Қаратөбе, Сырым, Қазталов және Ақжайық аудандарын су басу қаупі жоғары аумаққа жатқызамыз. Аталған аудандар көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейту қажет, – деді «Қазгидромет» РМК БҚО филиалы директоры Тілеген Шапанов кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде.
БҚО-дағы ең ірі өзен – Жайық өзені. Облыста Жайық өзенінің арнасында орналасқан саяжайлар мен жағасында орналасқан ауылдар өте көп. Одан бөлек, қаланың дәл іргесінде Деркөл, Шаған өзендері айналып жатыр.
Қазір Жайық өзенінің бойы бекітіліп, су басу қаупі бар аумақтарға 102 шақырымды құрайтын 54 қорғаныс бөгеттері тұрғызылған. Жаман айтпай жақсы жоқ, су тасқыны бола қалған жағдайда халықты орналастыратын 219 орын әзірленіп қойған. «Ол жерге шамамен 47 мың адамды орналастыра аламыз» деп отыр мамандар. Ал жан-жануарларды судан қорғау үшін 200-ге жуық орын дайын тұр. БҚО-да қазір су басу қаупі бар делінген 186 елді мекеннің тізімі жасақталған.
«Төтеншеліктер қазір осы маңдағы елді мекендерді ерекше бақылауда ұстап отыр», – деп атап өтті БҚО ТЖД бастығы Руслан Қасыбаев.
Биыл БҚО-да «БатысИрригация» деген жаңа мекеме ашылды. Бұл – көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарына қарсы шара атқаруы тиіс бірден-бір орган. Себебі осы мекеме аймақтағы бөгеттер мен қорғандарды түгендеумен айналысады. Бір өкініштісі, облыста бөгеттер мен су қоймалары мүлдем қараусыз қалған. Бұл туралы мамандар өздері бірнеше рет айтты. Тіпті, кейбір бөгеттер ешбір мекеменің баланыснда жоқ, иесі болмағасын оны ешкім күтіп ұстамаған да. Соның кесірінен 2024 көктемінде су бәрін шәйіп кеткен. Енді осындай олқылық болмас үшін жоғарыдағы мекемені құрып отыр.
– Әбден тозған гидротехникалық нысандарды жөндеу, иесіз қалғандарының құжатын жасау мәселесі өткір тұр. Олқылықты жою үшін өңірде жаңа кәсіпорын құрылды. Президент тапсырмасы бойынша біздің облыста «Батыс Ирригация» мекемесі құрылды. Қазір онда 19 адам жұмысқа қабылданды. «Батыс Ирригацияның» теңгеріміне гидротехникалық құрылымдар беріліп жатыр, – деп атап өтті БҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашев.
Жоғарыда атап өткендей, тәуелсіздік алғалы өңірдегі бөгеттер мен су қоймаларының жай-күйіне ешкім бас қатырмаған. Соның салдарынан олар әбден тозып, су ұстамайтын халде, тіпті кейбірі жермен-жексен болып тып-типыл болған. Енді былтырғы су тасқынынан сабақ алған өңір атқамінерлері аймақтағы гидронысандарды түгендеп, жөндейтінін жөндеп, қайта салатынын қайта салып жатыр. Мәселен, БҚО бойынша 50 гидронысан бар екен. Мұның ішінде 39 су қоймасы бар. Биыл Президент тапсырмасына сәйкес өңірдегі гидронысандарды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүруде.
– Қазіргі уақытта 11 су қоймасын реконстуркциялау үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. 2024 жылы Ақжайық ауданы Солянка өзеніндегі Ақжайық су қоймасын және Бөкейордасы ауданындағы Мұратсай су қоймасын реконструкциялауға құжаттар әзірлеу басталды. Жалпы құны 431,722 млн теңгеге Теректі ауданындағы 9 су қоймасын реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. 2024 жылы «Демеу Қазақстан коры» корпоративтік қоры есебінен 2,9 млрд теңге сомасына 19 қорғаныс бөгеті қалпына келтірілді, – дейді Марат Молдашев.
Өкінішке қарай, өңірдегі су қоймалары мен бөгеттердің жағдайы мүшкіл. Мамандар 20 гидронысан қанағаттанарлықсыз жағдайда деп отыр.
– Мәселен, Ұзынкөл, Жана өмір, Кемер, басқа да қанағаттанарлықсыз жағдайдағы бөгеттер 2025 жылы қатты су келсе бұзылып кетуі мүмкін. Сондай-ақ Жайық өзені бойынша жағалауды шайып кету қаупі бар, жағалауды нығайту жобаларын іске асыруға қаражат бөлу қажет, – деп қорытындылады М.Молдашев.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев су қоймалары мен тоғандардың жағдайын бақылау, тасқын суды өткізуді қамтамасыз ететін арналарды, каналдарды, арықтарды тазалауды, сонымен қатар су тасқынын жоюға арналған күш пен құралдардың, қорғаныс бөгеттерінің дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Көктемге барынша дайын болуымыз керек. Су тасқынының алдын алу шараларын сапалы жүргізуіміз маңызды. Қала, аудан әкімдері және тиісті мекемелердің осы жұмыстарды күшейтуін тапсырамын», – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
БҚО-дағы су тасқыны қаупі туралы алғашқы ақпаратты Қазгидромет өкілдері ақпан айының басында береді. Қазір мамандар Ресейдегі әріптестерімен тығыз байланыста отырғандарын айтады.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы