Бүлдіршін қыздан «жын шығарған»

9 жасар қыз баладан жын шығарған емшінің видеосы әлеуметтік желіде ғана емес, тұтас қоғамда үлкен резонанс туғызды.

Видео­дан шыңғырып жылап жатқан қыз баланы екі ер адам байлап ұстап, емшінің сұрақтар қойып жатқанын көруге болады. «Балада қайдағы жын?», «Ата-анасы расымен «ертегіге» сеніп жүр ме?», «ХХІ ғасыр дейміз, бірақ санамыз тас ғасырында қалып қойған» деген бағыттағы пікірталас туғызған даулы видео оқиғаның Атырауда болғанын айғақтайды.

Сонымен видеодағы қыз бала кім? Осын­дай жағдайға бала қалай жеткен? Бала қазір аман ба? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік. Instsgram, TikTok желілерінде мил­лиондаған қаралым жинаған видеоға алғаш болып, дабыл қағып, пікір білдір­гендердің қатарында Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева да болды. 

Ол бұл оқиға бойынша Ішкі істер ми­нистрлігі, өңірлік уәкілдермен жұмыс істеп жатқанын хабарлады. «Емшінің кім екенін және баланың қайда екенін анықтадық. Ақпарат тексеріліп, барлық жағдай анық­талып жатыр», – деді ол. 

Атырау облысы Полиция департаменті оқиғаның Атырау облысында болғанын растады. Алайда қыз бала – Алматы қала­сының тумасы. Сондықтан істі Алматыдағы құқық қорғау органдары жүргізіп жатыр.

Желіде емшінің Атыраудағы мешіттердің бірінде имам болып қызмет атқаратыны туралы да ақпарат тараған болатын. Біз Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлынан жағдайға байланысты түсінік беруін сұрадық. «Желідегі емші – Кейқуат Оспанов. Ол Атырау қаласында тұрады. Алайда Кейқуат Оспановтың имам болып қызмет атқаратыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Себебі ол 2009 жылы екі ай уақыт Атырау қаласының орталық мешітінде күзетшілік қызмет істеген. Қазір де Кейқуат Оспановтың имам немесе молда ретінде ҚМДБ-ға ешбір қатысы жоқ», – деді ол.

Жалпы, жындар әлемі қиял-ғажайып па? Бұл туралы діндарлар не дейді? Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтыс­ханұлынан осы мәселеге жауап беруін сұрадық. «Жындар көбінесе лас және таза емес орындарда, айдала мен шөл далада жүреді. Күн батқанда жер бетіне тарала бастайды. Алла Тағала қалауымен, олардан қорғану үшін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйреткен таңғы және кешкі сүннет дұғаларды оқып жүру қажет. Құран Кәрімде: «Анығында, менің құлдарыма олардың үстінен сенде билік жоқ. Тек адасқандардан және саған ергендерге ғана (билік бар) деді» деп әмір етілгендей, шайтан Алла Тағаланы зікір етіп және құлшылық жасап жүрген адамға жақындай алмайды» деп нақтылады имам.

Даулы оқиғадан соң қыз баланың ана­сы­мен байланысудың сәті түсті. Есімін жа­сы­руды сұраған анасы бүлдіршін қызын ем­шіге өзі ертіп апарғанын мәлімдеді. «Қы­зым­ның бұған дейінгі, осы даулы ви­део­дан кейінгі жағдайы туралы басқа емес, өзім жақ­сы білемін ғой. Видео астына ком­мен­­та­рий жазушылар зор­лық туралы айтуда. Бі­рақ қызымды емдеген кезде өзім  ем­шінің қасында отырдым. Және жағдай­дың барлығын өз бақылауымда ұстадым. Қызыма қатысты ешқандай зор­лық-зом­былық болған жоқ. 

Кейқуат ағамыз Құран сүрелерін оқып, қызымды дертінен айықтырып берді. Біз бар­­­ғанда кезекте 200 шақты адам болды. Қан­шама адамның ішінен жын шығарыл­ды. Ме­ніңше, мұндай емшілер қоғамға өте қажет. Жын әлемі ертегі емес. Бұл туралы қа­сиетті Құ­ран кітабында да жазылған. Құ­­­­ранның сө­зін ешкім жоққа шығара алмайды», – дейді ол. 

Десе де, жағдайдан кейін құзырлы органдар емшімен кездесіп, одан жауап алған. Атырау қаласында тұрғанымен, ел аумағында сапарға шығып, қызмет көрсететін Кейқуат Оспанов өзінің халыққа пайдасы тиіп жатқанын айтқан. Видеодағы жағдай­дың да Атырауда болған оқиға екенін растаған емші қыз баланың есімі мен тегін есіне түсіре алмаған. 

Медицина мамандары «жын кіру» деген ауруды психикалық ауытқу деп есептейді. Психиатр дәрігер Сапар Рахменшеев күнделікті практикада мамандардың мұндай ауруларды жиі кездестіретінін айтады. «Олардың белгіле­­рі: қалыпты адамға тән емес әрекет жасау, өзімен-өзі сөйлесу, өзіне күтім жасамау. Кейде олар қолдарындағы заттармен басқа адам­дарға зиян келтіреді. Бірақ адамдар на­мыс­танып, бізге келмей молдаларға барады. Ал молдалар емдей алмайды, сондықтан ақыр соңында бізге келеді», – деді Рахменшеев.

Сапар Рахменшеев бұл аурудың кейбір жағдайларында медициналық емнің тұрақты әсер бермейтінін де айтты. Алайда дұрыс дәрі-дәрмектерді уақтылы қолданған нау­қастардың жағдайы айтарлықтай жақсарады.

«Бір науқасымыз бұл аурумен 17 жыл бойы ауырып келеді. Ол дәрілерді уақтылы қабылдайды, сондықтан асқыну болмайды. Бұл ауру тұқым қуалауы немесе ауыр жарақат нәтижесінде пайда болуы мүмкін. Сондықтан кез келген адам ұзақ уақыт бойы күйзеліске түсіп, ұйқысы бұзылса, мамандарға жүгінгені дұрыс», – деді психиатр маман.

Өкінішке қарай, жалған алаяқ емшілерге алданып, тіпті өмірімен қоштасып жатқандар да жиі кездеседі. Осыдан біраз жыл бұрын Атырауда емшінің «емінен» кейін әйел адам көз жұмған болатын. Шулы оқиғадан соң өзін «халық емшісі» атап жүрген адам бір жыл­ға бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға кесілген еді.

Түсініктірек болу үшін айта кетсек, оқиға Атырау облысы Махамбет ауданында болған. Емшінің «емінен» соң, мүгедек әйел көз жұмған еді. Белгілі болғанындай, емшіге марқұм әйелді оның ұлы апарған. 13 жыл бойы төсек тартып жатқан әйелге дәрігерлер «полиартрит» диагнозын қойған.

Емдеу кезінде емші жәбірленушінің аяғын күштеп созып, қолын тізесіне тигізді. Науқас айқайлап, ауырсынып есін жоғалтқан. Сәлден кейін марқұмның баласы жедел жәрдем шақырған. Әйел адам Махамбет аудандық ауруханасында травматикалық шоктан қайтыс болған болатын. Бір қызығы сот барысында емші «емдеу» кезінде өзінің «артық» кеткенін мойындаған. 

Еске сала кетейік, қазір Атырау облысы Махамбет ауданындағы №4 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында психикалық ауытқуға шалдыққан 300-ден астам адам ем алып жатыр. 

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы