Көк түтінге тұншыққан қала

Қарағанды мен Теміртау қалаларының тұрғындары көк түтінге тұншығуға мәжбүр. Жыл сайын айтылып, жазылып келе жатқанымен экологтар сараптама жасаудан әрі аса алмай отыр.

Жақында мемлекеттік экологтар Қара­ғанды қаласында оксидтің, азот диоксидінің, күкіртті ангидридтің, күкіртті сутектің және күйенің шекті рұқсат етілген концентрациясы артқанын анықтады. Сала мамандары Оңтүстік-шығыс, Майқұдық, Пришахтинск шағынаудандарында сараптама жүргізді. 

Экологтар мен Қазгидромет мамандары шамадан тыс көбеюі қолайсыз метеоро­ло­гия­лық жағдайлармен, атап айтқанда, толық тыныштық пен температураның инверсия­сымен байланысты деген қоры­тындыға келді.

«Бұл табиғи құбылыс, онда биіктік өскен сайын ауа температурасы көтеріледі, нәтижесінде жоғарыдан келетін суық ауа массаларының қысымынан жылы ауа кө­те­ріле алмайды. Сонымен бірге жылжымалы көздерден, пеш жылытудан және өнер­кәсіптік кәсіпорындардан шығарындылар жоғары көтерілмейді, бірақ жердің бойымен таралады, нәтижесінде интенсивті дисперсия және сұйылту болмайды, бұл түтіннің пайда болуына себеп болады», – дейді Қарағанды ​​облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Айман Құлатаева.

Қала тұрғындары болса көк түтінге қашанғы тұншыға береміз деп отыр.

Өлшеу жұмыстары қалалардың ірі кәсіпорындарының санитарлық-қорғау аймағының шекарасында, сондай-ақ ор­талық бөлігінде және тұрғын үй аумақтарында жүргізілгенін атап өткен жөн. Аспалы бөл­шектер, күйе, азот оксиді және диоксиді, күкірт диоксиді және күкіртті сутегі үшін көрсеткіштер алынды.

Кешкі уақытта жүргізілген экологиялық мониторинг кезінде ауадағы зиянды зат­тардың шекті рұқсат етілген концен­тра­циясының асып кетуі тіркелді. Әсіресе, Майқұдық пен Пришахтинск қалаларының жеке сектордағы аудандарда ауаның ластанғаны тіркелді.

Сондай-ақ Экология департаментінің мамандары Саран қаласында атмосфералық ауаны аспаптық өлшеу жұмыстарын бірінші ықшамауданда, Саран көшесінің бойында және автовокзалда жүргізді. Күкірт диоксиді, суспензия және күйе бойынша 1,1-4,4 ШЖК-ден асуы тіркелді. Бұл аудандарда ірі өнеркәсіп орындарының жоқтығы атап өтілді. 

Экологтардың мәліметінше, түтіннің пайда болуына қолайсыз метеорологиялық жағ­дайлар әсер етті. Сондай-ақ түтіннің пайда болуына жеке сектордың ұзақ уақыт бойы жанатын жылыту қазандықтары, сапасыз отын, автокөліктерді пайдалану және өнеркәсіптік кәсіпорындардың шыға­рындылары себеп екен-мыс.

Дегенмен Қарағанды мен Теміртау қалалары толық газбен қамтылғанда ғана түтіннен арыламыз деген үміт бар екендігін жасырмайды тұрғындар.

Алайда қала ішіндегі бірнеше шағын­аудандарға газ тартылғанымен, мәселе толық шешімін таппаған сынды.

Өйткені қазір құны 1 миллион теңгеден 3 миллион теңгеге дейінгі газ жабдығын сатып алуды көптің қалтасы көтермейді.

Тұрғындардың көптеген шағымына қарамастан экологтар тұрғын ауданда артық деңгей табылмағанын алға тартады. Соңғы тексеруден бері тек аспан қараңғы болған­дықтан, түтін көрінбейді.

«Көк түтінге тұншыққан қала. Тыны­сыңды кең алмақ түгіл, басыңды мұржаға тығып демалғандай боласың. Эколог ма­ман­дар ауаның ластанғанын «незна­чи­тельный», шу көтеретіндей емес депті. Әлеу­меттік желінің түндігін желпілдеткен мә­селе болса да, әсер етер түрі жоқ. Базардың жа­нында көзімізді бақырайтып қойып, бу­дақ-будақ қошқыл қою түтінімен улап жат­қан кәсіпорындар да бар. Шина жағып шу­латты ғой осыдан екі-үш күн бұрын», –дейді қарағандылық Ерзат Ермағамбет. 

Ал Теміртау қаласындағы өлшеу нә­тижелері бойынша «Қармет» АҚ санитар­лық қорғаудың солтүстік шекарасында күкірт диоксидінің 2,1 ШДК және қалқы­малы заттардың 1,9 ШДК артық мөлшері анықталды. 

Теміртаудың экологиялық мәселесі оңбай тұр. Еліміздегі ең ірі металлургиялық комбинат құрыш қаланы көк түтінге көміп тастаған. Қолқаны қабар жағымсыз иіс пен «қара қар» осының айғағы. Бұл мәселе бұған дейін де талай мәрте жазылып, биік мінберлерден айтылған болатын. 

Қарағанды – серіктес қалалар мен Теміртауды жыл сайын көк түтін басып, қолқа қабатыны бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Әлі де бірнеше жылға со­зылатынына «сенім» бар. Өйткені газ­дандыру жұмыстары әлі аяқталған жоқ.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы