Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар жаппай таратылды. Алайда электр қуатына жолай үстемеақысын қосып, үлесін асап келген өнімсіз делдалдар нарықтан кеткенімен, ел күткендей, сарапшылар айтқандай, электр құны сол бойы арзандамады. Керісінше, қарапайым қазақстандықтар тарифтердің күрт көтерілгеніне шағымданады. Сонда бұл реформа не үшін қажет болды?
ЭЖҰ орнын АЭК басты
Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті елді электрмен жабдықтауды бұдан былай лицензияланған энергия беруші ұйымдар жүзеге асыратынын жариялады.
«Энергиямен жабдықтаудың ашықтығын, сенімділігін арттыру үшін былтырдан реформа жүргізілді. Нәтижесінде, реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар (ЭЖҰ) қызметін тоқтатты. 2024 жылғы 8 шілдеде Президент «Жылу энергетикасы туралы» және оған ілеспе заңдарға қол қойды. Оған сәйкес 2025 жылдан бастап, бөлшек тұтынушыларды электрмен жабдықтау функцияларын енді жаңа заңның біліктілік талаптарына сәйкес келетін аймақтық электржелілік компаниялар (АЭК) ғана орындайтын болады», – деп хабарлады ведомство.
Реформаны жүзеге асыру аясында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаменттері біліктілік талаптарына сәйкес келетін тек 21 АЭК-ке лицензия берді. Тиісінше, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, тұтынушыларды электр энергиясымен жабдықтауды келесі АЭК-тер ғана жүзеге асырады: Қарағанды облысында – «Қарағанды Жарық» ЖШС мен «Қарағанды өңірлік энергетикалық компаниясы» ЖШС. Ақтөбе облысында – «Энергожүйе» ЖШС. Қостанай облысында – «ЭПК-Atica» ЖШС мен «ЭПК-forfait» ЖШС. Павлодар облысында – Горэлектросеть» ЖШС мен «Павлодар АЭК» АҚ. Жетісу облысында – «Талдықорған акционерлік көліктік электржелілік компаниясы» АҚ. Ұлытау облысында – «Жезқазған-электр желісін тарату компаниясы» АҚ. Жамбыл облысында – «Жамбыл электр желілері» ЖШС.
Астанада – «Астана-Аймақтық Электржелілік Компаниясы» АҚ. Ақмола облысында – «Көкшетау Энерго» ЖШС мен «Ақмола АЭК» АҚ. Абай облысында – «Біріккен энергосервистік компания» АҚ. СҚО-да –«Солтүстік Қазақстан Электржелілік Тарату Компаниясы» АҚ. Маңғыстау облысында – «Маңғыстау өңірлік электржелілік компаниясы» АҚ. ШҚО-да – «Біріккен энергосервистік Компания» АҚ. БҚО-да – «Батыс Қазақстан-АЭК» ЖШС. Алматы қаласы мен облысында – «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ. Қызылорда облысында – «Қызылорда электр желісін тарату компаниясы» АҚ. Атырау облысында – «Атырау Жарық» АҚ. Шымкент пен Түркістан облысында – «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС.
– Электр энергиясын беру, жеткізу, сату функцияларын бір компанияда біріктіру – энергия жүйесін басқаруды айтарлықтай жақсартады, әрі оның тиімділігін арттырады. Инфрақұрылым мен қызмет көрсетуге кететін шығындарды азайтады, тұтынушыларды тұрақты және үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз етеді. Мұндай тәсіл неғұрлым үйлесімді және жедел жүйені құруға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе энергия тапшылығы күшейіп келе жатқан жағдайда жеткізілімдердің сенімділігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды, – деп дәйектеді аталған комитет мамандары.
Олардың айтуынша, нарыққа қатысушыларды лицензиялау және реттеу сайып келгенде, ашықтықты жақсартады, жосықсыз бәсекелестік тәуекелдерін азайтады және мемлекет бақылайтын әділ тарифтік саясат арқылы баға тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Енді тұтынушылар барлық мәселені шешу үшін бірыңғай операторға жүгіне алады.
Делдалды неге министрлік қорғаштады?
Айтпақшы, «Жылу энергетикасы туралы» заңы жобасының Мәжіліске Энергетика министрлігі енгізген бастапқы нұсқасында «энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды» (ЭЖҰ), яғни делдалдарды тегіс тарату туралы талап болмапты. Оны депутаттар енгізді. Себебі делдалдар ештеңе өндірмейді. Депутаттар ЭЖҰ-лардың өткен кезеңде жалпы сомасы 100 миллиард теңге табыс тапқанын айтады.
Алайда депутаттардың ұсынысына әуелде Энергетика министрлігінің сарапшылары да, елдің бас энергетигі Алмасадам Сәтқалиев те қарсы шықты. Дәлелі саналуан: қаптаған ЭЖҰ-лардың энергетика саласында бәсекелестікті дамытатынын, қуат өндірушілер мен оны сым-желі арқылы жеткізушілерді тұтынушыларымен байланыстыратынын айтты.
Осы 150 делдал компанияны жойса, қаншама адам жұмыссыз қалатынын, елдің тұрмысы төмендейтінін де ескертті. Егер оларды жойса, қаншама шартты қайта бекітуге, автоматты есептеу жүйесін қайта баптауға тура келетіні қиынсынды. Бірақ ақыры депутаттардың бедел-мысы басып, министрге депутаттық бастаманы қолдауға тура келді. Осылайша, делдалдардың шашбауын көтергендер тізе бүкті. О баста қарсы болғанын, аса қызу айтыс-талас өрбігенін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев растады.
– Ақыр соңында біз депутаттардың позициясын қабылдадық. Бүгінде Үкімет бұл салада тәртіп орнату шараларын қабылдап жатыр. ЭЖҰ-лар 2004 жылғы реформа кезінде бәсекелестікті дамыту мақсатында құрылды. Ол кезде елде электр қуаты артылып жатты. Профицит болған кезде нарық тетіктері жұмыс істейді. Сол кезде ЭЖҰ-лар электр қуаты құнының төмендеуіне үлес қосты. Өйткені ЖЭО-лар мен электр стансаларының өндірген электрін тұтынушыға жеткізуде өзара бәсекелесті. Кейінгі жылдары жағдай түбегейлі өзгерді, қазір бізде электр энергиясы тапшы. Дефицит болған жерде нарық жұмыс істемейді, реттеу іске қосылады. Қатаң реттеу жағдайында осынша көп ЭЖҰ-ға деген қажеттілік қалмады, – деді Энергетика министрі.
Оның мәліметінше, 2024 жылы 150 энергиямен жабдықтаушы ұйым (ЭЖҰ) болыпты. Оның тек 35-і мемлекет тарапынан реттелген. Қалғаны не Үкіметке, не антимонополиялық органға бағынбаған екен.
Тиімді үлгі тағы ізделеді
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов 2004 жылы энергетикада ахуал күрделі болғанын еске салды.
– Электрі үшін ақысы уақытылы түспеген соң электр стансалары инвестициялық бағдарламаларын, жөндеу жұмыстарын орындай алмай жатты. Тіпті көмір, отын сатып ала алмады. Себебі сол кезде де электр энергиясын жеткізу, тарату, өткізу функциялары АЭК-тердің қолында шоғырланды. АЭК-тер өзіне түскен қаржыны төл қажеттіліктеріне шығындады, екінші кезекте ғана берілген электр қуатына төледі. Біз сол кезде электр энергетикасы туралы заңды әзірлегеннің бірі болдық. Заң жүзінде электрді жеткізу мен сату-жабдықтау функцияларын бөлу туралы шешім қабылданды, – деді Д.Тұрғанов.
Соның нәтижесінде, АЭК-терге – электр жеткізу, ЭЖҰ-ларға – сату берілді. Депутат бұл функциялардың қайтадан жалғыз АЭК қолында шоғырлануы жекеменшік аймақтық электржелілік компаниялардың «супермонополистке» айналуына соқтырмай ма деп алаңдайды. Тұрғановтың пікірінше, оның орнына энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды қатаң реттеп, оларға табыстылық-рентабелділіктің шекті нормасын бекіткен, мемлекеттік бақылауды күшейткен жөн еді.
Энергетика министрі А.Сәтқалиев «қуат үшін төлемнің қайтадан уақытылы төленбеуінің, тұтынушылардан жиналған қаржының жекеменшік АЭК-тер қолында шөгіп қалуының үлкен қаупі барын» жасырмады. Өйткені АЭК-тер де төл өндірістік бағдарламаларын қаржыландыруы қажет, олар қаржыдан тарығады.
Сондықтан елдің бас энергетигі бұл жаңа модельдің қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін бақылайтындарын жеткізді. Бұл – өтпелі кезең ретінде қарастырылатын көрінеді. Егер болашақта атом электр стансалары салынып, энергетикада профицит туындаса, Үкімет салада бәсекелестікті дамыту және нарықтың барынша тиімді моделін құру мәселесіне қайта оралатын болады. Қазіргі реформа – қуат тапшылығы жағдайында елді электр энергиясынсыз қалдырмаудың, оның тарифтерін шектен тыс шарықтатып жібермеудің амалы ғана екен.
Айхан ШӘРІП