Үкіметтің хабарлауынша, 16 қаңтардан бастап экспортқа фитосанитариялық сертификаттар беру толығымен тоқтатылды. Бағаны тұрақтандыру үшін картопты экспорттауға алты айға тыйым салу туралы шешім қабылданды. Шектеу ЕАЭО елдеріне (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения) әсер етпейді, бірақ экспорт қатаң бақыланады.
Қайрат Балабиев,
Мәжіліс депутаты:
Тұрақтандыру қорларынан қайыр жоқ
Картоп қымбаттайтыны осыдан шамамен екі ай бұрын белгілі болған. Өйткені Ресей федерациясы картопты сыртқа шығармай жауып қойды. Негізінен, Ресей картобын Өзбекстан сатып алатын еді. Биыл Ресей картоп сатпай қойған соң, өзбек кәсіпкерлері біздің Павлодар мен Қарағанды облысындағы қоймада жатқан картопты алдын ала сатып алды. Сол кезде-ақ елдегі картоп бағасы өсе бастаған еді. Кәіпкерлер де, Үкімет те мұны білді. Бірақ Үкімет ешқандай шара қабылдамады. Әуелі жағдайды бақылауда ұстап, Үкімет картопты сатып алып, қоймаларда сақтауы керек еді. Ал қазір Үкімет ештеңе істей алмайды, баға қымбаттай береді.
Меніңше, картоп бағасын түсіретін бір ғана жол бар. Қазір Пәкістанда картоп шықты, сол жақтан арзан сатып алып, Қазақстан нарығына құю керек. Солай ғана арзандатуға болады. Біздің Үкімет алдын ала шара қолданбайды да, әбден болары болған соң ғана әрекетке көшеді. Бірақ бір көтерілген баға қайта түспейтіні әу бастан белгілі. Қымбатшылыққа қарсы әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларының бағасын тұрақтандыру шеңберiнде облыстарда тұрақтандыру қоры бар. Олар картоп қорын сақтап қойып, бағаны реттеуі керек еді. Бірақ бізде барлығы алдау, көзбояушылық.
Мақсат Халық,
экономист:
Шаруаның еңбегі бағаланбайынша, бәрі бекер
Бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес. Картоп та, сәбіз де бір уақыттарда қатты қымбаттаған. Үкімет көбінесе соңғы бағамен, базардағы бағамен күресетіні бар. Костюм шалбармен барып, базарды аралап, мынау баға неге өсіп кеткен дегендей болады. Бұл – бағамен күрестің ең әлсіз жолы. Ондай қадам Үкімет үшін сын деп айтар едім. Негізінен салдармен емес, себеппен күресу керек.
Бағаның өсу себебі шаруалардың қызметімен ұштасады. Оларға дер кезінде тұқымды жеткізіп беру қажет. Мысалы, биыл кейбір аймақтарда топан су болды, соның салдарына қатысты Үкімет қаншалықты қадамдар жасады? Бір кездері қуаңшылық болды, сол кездерде Үкімет не істеді? Шаруаларға табиғат жағдайына төтеп беретіндей тұқым берілді ме? Сосын қойма мәселесі де үлкен сұрақтың бірі.
Екінші – делдалдар мәселесі. Нарықтық экономикада делдалдар болмау керек деген қағида жоқ болу керек. Бірақ елімізде делдалдар тым көп. Ол жерде эксплуатацияның болуы, қаржылық алаяқтықтың орын алуы, бағалардың тым жоғарылауы. Шын мәнінде, егістікте еңбектеніп жүрген шаруа өнімін өте төмен бағаға сатады. Ал қалада базардағы баға 10 есе жоғары болса, қандай әділеттілік бар?
Үкімет араласпайтын кезде араласып, араласатын кезде араласпай қоятын жағдайлар бар. Үкіметтің араласатын жері делдалдардың бағаны асыра көтеретін кезі, солармен жұмыс істеуі керек. Баға келісімі болып жатса, орындалмаса жазалау керек. Егер монополистер болса, олармен күресуі керек. Үкімет негізінен шаруаға жағдай жасау, шаруаның өнімімен нарықтың арасындағы, базардың арасындағы логистиканы қамтамасыз ету, тізбекті құру мәселесін шешуі керек. Міне, Үкімет осыған дұрыс жауапты болса, бағалардың барлығын реттеуге болады деп есептеймін. Реттеу деген мәселеде мынадай ұғымды айтқым келеді, бағаны шарықтатпай, белгілі бір дәрежеде шаруа да өзінің еңбегінің құнын алатындай және тұтынушы үшін де әлдеқайда төмен баға ұсына алатындай жағдай жасауға болады.
Самат СҰЛТАНОВ,
жеке кәсіпкер:
Делдалдардың тірлігі – шаруаны қанау
Мұның бәрі Үкіметтің агросаясатты дұрыс жүргізе алмауынан болып жатқан дүние. Әйтпесе, шаруаларымыз өз еліміздің ішкі нарығына жететін картопты өндіре алады. Әрі қарай соны үйлестіру – Үкіметтің жұмысы.
Бағаны құбылтатын арадағы делдалдар соны да қадағалауы керек деп ойлаймын. Мысалы, біздің ауылда 1 келі жылқы еті 2 100 теңге, ал Астанада 3 500 теңгеден сатылып жатыр. Жол шығынына 200-300 теңге қосқанның өзінде әрі кетсе, Астанада жылқы еті 2 500 теңге шамасында сатылуы керек еді. Шаруа өнімін тікелей сата алмайды. Міне, көрдіңіз бе, біздегі делдалдардың тірлігі – шаруа еңбегін қанау. Бұл қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиіп жатыр. Осының бәрін Үкімет қатаң бақылауға алса, бізде нанның да бағасы арзан болады. Қадағалау болмаған жерде баға осылай шарықтап кете береді.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ