Әлемдік ақпараттық мейнстрим америкалық президенттің кеше қол қойған жарлықтары мен олардың салдарлары туралы Aikyn.kz британдық Financial Times басылымына сүйеніп талдайды.
«Кеше маған біреу: «Бір күнде көп [жарлыққа] қол қоймаңыз. Мұны бірнеше аптаның ішінде жасайық» деді. Мен: «Біз мұны бірнеше аптада жасамаймыз, сайтан алғыр. Біз оларға ең басында қол қоямыз» дедім. Олар «кейінірек жасайық» дейді де, кейін ештеңе істемейді», – деген еді Трамп дәл инаугурацияның алдында өз жақтаушыларына.
Ақ үй әкімшілігіндегі жаңа тағайындаулар туралы жарлықтарға Трамп бірден инаугурациядан кейін қол қойса, тағы тоғыз құжатқа – Capital One стадионындағы ұлықтау парадының сахнасында қол қойды. Олардың алғашқысы Байденнің 78 «зиянды» атқарушы өкімдері мен меморандумдарының күшін жоюды қарастырады. Бір қызығы, Трамп күшін жойған заңнамалық актілердің 17-сіне Джо Байден 2025 жылдың қаңтарында қол қойған. Кейінгі жарлықтарына Трамп журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Ақ үйдегі Сопақша кабинетінде қол қойған.
Президент Трамп бірнеше күн ішінде Мексика мен Канадаға 25%-дық баж салығын енгіземін деген мәлімдемесін кеше тағы қайталады. Ақ үйге кіре салысымен кешегі одақтастарына «жаңа тарифтер енгіземін» деп қорқытып, Джо Байденнің соңғы жылдарда жүргізген ішкі және сыртқы саясатын кері бағытқа бұрған АҚШ-тың 47-президенті әлемдік экономикада «тосынсыйлар» дәуірін бастаған сияқты.
Дүйсенбі күні (20 қаңтар) кешке инаугурациясынан кейін Сопақша кабинетте журналистерге сұхбат беріп отырып, жарлықтарға қол қойып отырып, Трамп 1 ақпанда Канада мен Мексикадан импортталатын тауарларға 25%-ға дейін баж салығын енгізетінін тағы бір рет қайталады. Бұндай шешім аталған екі елдердің валюталарына айтарлықтай әсер етіп, АҚШ компаниялары акцияларының биржалық фьючерстерін төмендетеді.
Дональд Трамп сондай-ақ Бейжің TikTok қолданбасының кемінде 50%-зын америкалық компанияға сатуға келіспесе, Қытай импортына 100%-ға дейін баж салығын енгізетінін, америкалық мұнайды көп сатып алмайтын болса, Еуроодақ өнімдеріне де баж салығын қоятынын мәлімдеді.
Трамптың мәлімдемелері мен жаңа жарлықтарынан кейін жаһандық бизнес кеңістікте үлкен дүрбелең туды. Жаңа президенттің ұстанған саясаты бұрыннан бері мызғымастай болып келген ойын ережелерін өзгертіп, Америка өзінің мақсатына жету үшін негізгі сауда серіктестерін де аямайтынын, оларды мәжбүрлеуге дейін баратынын тағы бір еске салды.
Дональд Трамп өзінің инаугурациялық сөзінде Американың «құлдырауын» тоқтату үшін Байден әкімшілігінің күн тәртібін қайта қарап, жаңа «алтын ғасыр» жасауға уәде берді. 78 жастағы президент қазба отын өндірісін ұлғайту (мұнай мен газ), заңсыз иммигранттарды депортациялау және Ақ үй үшін жарыста өзіне жеңіс әкелген ұлтшыл платформаны іске асыру бойынша батыл шешімдер қабылдайтынын жариялады.
Ол Байденнің нәсілдік теңдікті жетілдіру мен Батыс жағалаудағы экстремистік израильдік қоныстанушыларға қарсы санкциялардан бастап Medicaid-ті нығайтуға және дауыс беруге қол жеткізу сияқты көптеген саяси мәселелерді қамтитын ондаған атқарушы жарлықтарының күшін жойды.
Ауқымды реформа АҚШ-тың Париждегі климаттық келісімнен қайта шығуын да қамтиды. Сондай-ақ Трамп 2021 жылғы 6 қаңтарда Конгреске басып кіріп, Капитолийде тәртіпсіздікке қатысқаны үшін сотталған адамдарды кешіретінін мәлімдеді.
Қызметіне кіріскен президенттің халықаралық сауда алаңдарында жасаған дүрбелеңі кеше күні бойы жалғасты. Трамп инаугурациялық сөзінде халықаралық экономикалық дипломатияда тарифтер оның оңтайлы құралы екенін және олардың АҚШ кірістерін арттыру үшін өте маңызды екенін айтты. Дегенмен президент тарифтердің америкалық тұтынушылар үшін тауар бағасын едәуір өсіретінін айтпай қалды.
«Басқа елдерді байыту үшін азаматтарымызға салық салудың орнына, өз азаматтарымызды байыту үшін шетелдерге салықтар мен тарифтерді енгіземіз», – дейді ол.
Трамп өзінің қайта сайлау науқаны кезінде айтқан Америкаға сырттан келетін барлық тауарларға баж салығын енгізу жоспарын әлі де қарастырып жатқанын айтты. Канаданың қаржы министрі Доминик Леблан болса Трамптың тарифтерді енгізу қаупі «жаңа» емес деп жауап берді.
«Біздің ел осы сценарийлердің кез келгеніне жауап беруге дайын. Америка үкіметінің тарифтерді енгізуі қателік болар еді», – деді ол журналистерге.
Иммиграцияға қарсы күрес ішкі саясаттың басымдығы болып қала беретінін атап өткен Трамп, кеше АҚШ-Мексика шекарасында төтенше жағдай жариялау туралы заңға қол қойды. Сонымен бірге АҚШ аумағында заңсыз иммигранттардан туған балаларға туу құқығы бойынша азаматтық алу құқығын шектейтін заңнама актісін қабылдады.
«Бұл үлкен сұрақ. Біз өзінің аумағында туған балаларға азаматтық беретін әлемдегі жалғыз елміз», – дейді ол. Бірақ әлемде ондаған елдерде бұған заң рұқсат береді.
Трамптың бұл шешімі АҚШ Конституциясына енгізілген 14-ші түзетуге қарама-қайшы болғаны үшін сотта даулануы мүмкін.
Президент Пентагонға АҚШ-Мексика шекарасына әскерлер орналастыру жоспарын әзірлеуді тапсырды. Ол есірткі картельдерін шетелдік террористік ұйымдар қатарына жатқызды. АҚШ-тың арнайы күштерін оларды жою үшін «Мексикаға жіберілуі де мүмкін. Бұдан да сорақы нәрселер болған» деген ойын да президент журналистерден жасырмады. Дональд Трамп Иммиграциялық-кедендік полиция сейсенбіде (21 қаңтар) ірі қалаларда құжатсыз мигранттарды ұстау үшін рейдтерді бастайтынын айтудан бас тартты.
«Қашан екенін айтқым келмейді, бірақ болады, болуы керек, әйтпесе елден айырыламыз».
Сыртқы саясаттағы уәделерінің ішінде Дональд Трамп АҚШ-тың Панама каналына бақылауды қайтаратынын және «әлемде бұрын-соңды болмаған ең қуатты армияны құрайтынын» жариялады. Және Украина мен Таяу Шығыстағы соғыстарды тоқтатуға уәде беріп, «бейбітшілікті жақтаушы бітімгерге» айналатынын мәлімдеді.
АҚШ президентінің Гренландияны сатып алу идеясы туралы кеше Aikyn.kz арнайы сараптамалық материал жариялады: «Президенттік қызметіне кірісе салып, Гренландияны сатып алмақшы».
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.