Асылай Ниязбаева: «Тіл жаңа құндылықтарға ілеспесе, қоғам тез ұмытады»

Тіл – белгілі бір ұғымды, затты, түсінікті белгілейтін және дыбыстауы бар ортақ қабылданған таңбалар жүйесі.

Оның өміршең болуы сол қоғамда өмір сүретін сіз бен бізге байланысты. Бүгінгі кейіпкеріміз филолог, жас маман Асылай Ниязбаева өңірде, дәлірек айтсақ, Атырау қаласында біраздан бері қазақ тілін үйрететін оқу орталығын ашып, қазақ қоғамына пайдалы қызмет етіп келеді. Бұған дейін 150-ге жуық оқушыға қазақша үйреткен оның «қазақ тілі әлемдік деңгейде сұранысқа ие тіл болады» дегенге сенімі мол. Сөзінше, басқа аймақтарға қарағанда, Атырауда қазақ тіліне деген қажеттілік өте жоғары.

 Асылай, біраздан бері Атырауда қазақ тілін үйрететін орталық ашып, өнімді еңбек етіп келесің. Жалпы, курстың мақсаты мен ерекшелігі неде? Мұны ашуға не түрткі болды?

– Қазақ тілін үйрететін орталықты ашу бір күнде пайда болған идея емес. Бала күнімде әкемнің менен журналистика саласының мықты маманы болады деген үміті болса да, іштей балаларға арнап үлкен мектеп салуды армандайтын едім. Өзім тұратын ауданның көшесін аралап жүріп, бұл жерде менің мектебім болады деп, оның сұлбасын жиі елестететінмін. Бірақ кімдерге арналған, қандай бағытта жұмыс істейтіні өзіме жұмбақ болды.

Оқуды ойдағыдай тәмамдап, үлкен өмірге қадам басқан сәттен-ақ түрлі салада қызмет еттім. Олардың бәрі маған үлкен тәжірибе бергенімен, ылғи мына өмірде өз орнымды таппағандай сезінетінмін. Сөйтіп жүргенде, менен кейін өсіп келе жатқан буынның тілі орысша шығып жатқанын байқадым. Ол тек қоғамдық орындарда көзге ұшырасып қалатын адамдар емес еді. Тіпті, менің туыстарымның, таныстарымның бәрі қазақша жетік білсе де, балаларының орысша сөйлейтініне қатты таңғалдым. Содан қоғамда мен емдей алатын үлкен «жараның», яки «жарақаттың» барын сезіп, қазақ тілін үйрететін орталық ашуға бекіндім.

Бастапқыда мақсатым – балаларға тек қана қазақ тілін үйретіп қоймай, оларды ұлттық мәдениет пен құндылықтар алаңына шақыру еді. Қазір де сол, өз ойымнан айныған жоқпын. Осы күні балалар үшін де, ересектер үшін де қазақ тілін өмір сүрудің ажырамас бөлігіне айналдырып келеміз.

Орталықтағы әр мұғалім қазақ тілін үйренгісі келетін адамға оны қарапайым, қолжетімді және заманауи әдістер арқылы үйретеді.  Грамматиканы көбірек үйретуден гөрі сөйлеу, тыңдау, жазу мен ойды еркін жеткізу дағдыларын дамытуға басымдық береміз.  Бірақ бұл грамматиканы үйретпейді деген сөз емес, барлығы да кезең-кезеңімен біртіндеп жүзеге асып келеді. Жеке сабақтарға қарағанда, баласын курсқа алып келген ата-аналарға топтық сабақтарды ұсынамыз. Мейлі тіпті, қате сөздік қолданысы болса да, оқушыларды көбірек сөйлетуге, пікір алмасуды ұйымдастыруға тырысамыз. Алдымызға келген оқушының бойына сенім мен үміт отын жағып, қолдау білдіреміз. Олар қазақ тіліндегі қ, ғ, ө сияқты төл дыбыстарды дұрыс айта алса, оның өзі үлкен жетістік екенін көрсетеміз.

Себебі бізге келген оқушылардың дені «осыған дейін қазақ тілі қиын, оны мектепте де меңгере алмай  қойдым, қазақша сөйлесем бәрі маған күлетіндей» деген қорқынышпен келеді. Ал біздің қызметіміз – курсқа келген оқушының қорқынышын жеңіп, олардың кішкентай қадамының өзін таудай жетістік деп бағалап, бойына адами құндылықтарды сіңіру.

 Курсқа келетін қазақтар көп пе? Әлде өзге ұлт өкілдері, соның ішінде орыс ұлтынан көп пе?

– Курсқа әртүрлі жастағы бірнеше ұлт өкілі келеді. Этностық топтардың саны жағынан нақты басымдық жоқ. Бірақ бастауыш сынып оқушылары арасында қазақ балаларының саны басым. Және ең «қызығы» – олардың кейбірі қазақ сыныбына баратын оқушылар. Мені осы елдің азаматы ретінде кейде осы жайттар қынжылтады.

Әрине, Атырау қаласы шетелдік компаниялар көп шоғырланған аймақ болғандықтан, ересектер арасында өзге ұлт өкілдері көп. Сонымен қатар бір байқағаным, соңғы жылдары Ресей мен Украинадан келген азаматтар тарапынан қазақ тілін үйренуге сұраныс артты.

Жалпы, елімізде қазақ тіліне деген қажеттілікті қалай бағалайсың?

– Бәлкім, Астанада тұратын немесе Солтүстік өңірде тұратын адамдар бұл ойыммен келісе қоймас. Себебі осы аймақтарда тілге қатысты келеңсіз жағдайлардың да азаймай жатқанын көзбен көріп жүрміз. Бірақ осы салада жүрген адам ретінде айтайын, сөз жоқ, қазір елімізде қазақ тіліне деген қажеттілік артып келеді. Әсіресе, жастар арасында. Оған мәдениетімізде болып жатқан өзгерістер көп ықпал етті деп ойлаймын. Соның ішінде қазақ музыкасының, қазақ поп-музыкасының  танымал болуы қазақ тілінің де әлеуетін биіктетпесе, құлатқан жоқ. Өйткені бізге оқушылардың көбі соңғы жылдары танымал қазақ авторларының әнін құлаққапта жиі тыңдайтынын, қазақша контент пен мәдени трендтерге қызығушылық танытатынын айтып отыр. Әлемдік масштабтағы Димаш эффектісін былай қойғанда, өз ішіміздегі бір ғана Ninety one тобының өзі талай жасты қазақша сөйлетуге ықпал етті. Қалай десек те, көпшілік жаңа трендтің артынан ереді. Осы жағынан қарасақ, аталмыш топтың қазақ тілін биік деңгейге көтерудегі рөлі өте орасан. Меніңше, кез келген тіл жаңа құндылықтарға ілеспесе, қоғам тез ұмытады.

Бізде мемлекеттік тіл саясаты деген ұғым бар ғой. Ал ол қалай жүзеге асып отыр? Жалпы, мемлекет тарапынан қазақ тілін қолдауға көңіл бөлініп жатыр ма?

– Иә, ондай ұғым бар. Бірақ қазақ тіліне мемлекет тарапынан соншалық қолдау болып жатыр деп айта алмас едім. Анығында, Қазақстанда қазақ тілін қолдайтын қор не ұйым ашудың өзі абсурд дер едім. Әрине, белгілі бір мемлекеттің тілін басқа мемлекетте қолдауға, дамытуға болар. Бірақ өз елімізде жүріп, тілді қорғап-қолдайтындай деңгейге түсуіміз – сорлылық. Бұл салаға келгендегі ең негізгі ойым – ешкімге қол жаймай, қазақша білмейтіндерге тілді үйрету еді. Дегенмен былтыр жылдың соңына қарай Атыраудағы "Теңізшевройл" компаниясының әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жүзеге асып жатқан «Жарқыра!» жобасына қатыстым. Бизнес жоспарымды тапсырып, жобадан уақытша берілетін ақша алу мүмкіндігіне ие болдым. Сөйтіп, жарты жыл өткен соң компанияға алған қаражатты тапсырамын. Меніңше, бұл да жаман емес, көп көмек болды. Осы аралықта өзімді дамытуға, қазақ тілін оқытатын орталықтың жұмысын жетілдіруге барынша күш салып жатырмын.

Сонда дәл осы Атырауда қазақ тіліне деген қажеттілік жоғары болып тұр ма?

- Иә, Атырау қаласында қазақ тіліне деген қажеттілік салыстырмалы түрде өсіп жатыр, әлі өсе де бермек. Жалпы, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында қазақ тіліне деген қажеттілік ешқашан төмендеген емес. Сондықтан да болар, бізде таза қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкіліне, соның ішінде орысқа ешкім таңырқай қоймайды. Бұл – норма. Керісінше, көшеде орысша сөз қосып, өзін «жоғары» санайтындарды азаматтық қоғам шетке ысыруға тырысады. Өңірге басшы болып келген әр азамат мұны жақсы білгендіктен, жиындарды қазақша өткізеді. Бұны өзім қатысқан үлкен жиындарға сүйеніп айтып отырмын. Қазақ тілі ассимиляцияға ұшыраған кейбір өңірлерге қарағанда, мұнда ата-аналардың баласын қазақ курсына беру себебі – жергілікті халықтың тек қазақтілді болуы мен талапшыл болуының арқасында деп ойлаймын.

Бұл жердегі (курстағы) білім беру жүйесі мемлекеттік мектеппен салыстырғанда, қандай әдіс-тәсілдер арқылы ерекшеленеді?

– Мемлекеттік мектептерде бағдарлама көбіне жалпы аудиторияға бейімделіп жасалады. Бұл – қатып қалған стандарт. Сондықтан мұғалімдердің одан ауытқып, сабақ үйретуі неғайбыл. Ал біз оқушылардың тілдік деңгейін, оқуды қабылдау жылдамдығын және тілді үйренудегі мақсатын ескере отырып, әр оқушыға жеке әдіс-тәсіл қолданамыз.  Оқушыға көбірек көңіл бөлу үшін сабақтар жеке немесе 5-6 оқушыдан құралған топта өтеді. Қанша дегенмен балаға оны мақтағаннан артық мотивация жоқ. Сондықтан оқушының әрбір болмашы қадамын, кішкентай жетістігінің өзін зорайтып көрсетеміз де, оқу үдерісін жеңілдетуге тырысамыз. Курстың бір артықшылығы – осы, қарапайым мектептегідей «сен білмейсің, оқымайсың, қолыңнан түк келмейді» деген сөздерді айтпаймыз. Осы жерге келудің өзі, қазақ тілін үйренуге ниет етудің өзі үлкен жетістік екенін үнемі қаперіне салып отырамыз. Себебі салы суға кетіп, үнжырғасы түсіп отырған оқушыдан бірдеңе істеуді талап ету   ақымақтық болар еді. Бұл тәсіл бізде жақсы жұмыс істеп келеді. Қазақ тілінен мүлдем мақұрым, мектептегі үлгерімі өте нашар балалардың өзі қоғамдық ортаға сіңісіп, қазақша жап-жақсы сөйлеп кетіп  жатыр. Бізде мұғалімдер қазақ тілінің амбассадоры ретінде үмітпен келген оқушыға тілді қарапайым схемалар арқылы түсіндіреді. Балаларға грамматиканы қарапайым тілмен жеткізіп, олардың қазақша көбірек сөйлеуі үшін сабақты ойындар, диалогтер жүргізу арқылы оқытып отыр. Тіпті, соңғы уақытта сабақты нейрожелілер арқылы өткізеді.

Жалпы, тілді үйрету дегеніміз – тек сөйлеуді үйрету болмауы керек. Тілді үйрену арқылы оқушы сол тілде сөйлейтін ұлттың кім екенін, кім болғанын, болмысын, мәдениетін, тарихтағы орнын білгені абзал. Сонда ғана оны толыққанды қазақша біледі деуге келеді. Сол үшін де біз оқу барысында тек тілді ғана емес, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін де үйретеміз. Бұл оқушыларға қазақ тілінде еркін ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

Дұрыс айтасың. Бірақ отарлық езгіге ұшыраған, мәдениетіне, санасына сан мәрте қастандық жасалған ұлттың тілін жаппай насихаттау ұзаққа созылатын іс емес пе?

– Иә, солай болғаны рас. Бірақ қазір жыламсырап отыратын уақыт емес қой. Қазақ тілін дамыту үшін әркім қолдан келгенін істеп жатыр. Одан кейін біздің тіл – бір жүйеге келген, ережелері қалыптасқан тіл. Оның қасында жер бетінен жойылып кеткен «өлі тілдің» өзін тірілтіп, бүтін бір дамыған мемлекет сөйлейтін тілге айналдырып отырған жоқ па?!

Жарайды, солай-ақ делік. Бірақ бұған қоса мемлекеттің тілге қатысты саясаты да өзгеруі керек қой. Мәселен, бізде заң бойынша ісқағаздар әуелі мемлекеттік тілде жүруі керек. Алайда іс жүзінде үнемі басқалай болады...

- Иә, өзгеріс керек-ақ. Бірақ өз басым келешекте мұндай болмайтынына сенемін. Оған негіз де жоқ емес. Мысалы, халықаралық қоғамдастық арасында жыл сайын көшбасшы тілдердің тізімі жарияланады. Сол тізімдегі үздік он тілдің арасында жыл сайын орыс тілі ойып тұрып орын алатын. Ал биыл орыс тілі оған енген жоқ.  Енді соңғы жылдары болып жатқан геосаяси ахуалдарға да көз жүгіртсеңіз, орыс тілінен бас тартып жатқан саналы қоғамның, саналы ұлттың, саналы мемлекеттің көп екенін байқаймыз. Бұл нені білдіреді? Демек, келешекте әлемге ортақ құндылықтар сөзсіз орыс тілінің ықпалынсыз қалыптасады деген сөз. Оған қоса, маған қазір әр ұлт, әр мемлекет, әр қоғам өзін-өзі  іздеп, төл құндылықтарынан ғалам ортақ құндылықтарды тауып, өз болмысына оралып жатқандай көрінеді. Тілдің тағдыры өткен күнмен немесе қазіргі уақытша жағдайлармен бағаланбауы қажет. Меніңше, қазақ тілі келешекте сұранысқа ие тілге айналады, мен соған сенемін.

 Рақмет! Солай боларына біз де сенгіміз келеді...