Хусейн Әл Мусаллам Қазақстан ҰОК жұмысына толық қолдау білдіріп, халықаралық деңгейдегі түрлі спорттық бағдарламаларға қатысып, оларды Қазақстанда жүзеге асырғаны үшін алғысын білдірді.
Азия Олимпиадалық кеңесінің бас директоры Қазақстанға келді
Фото: ҰОК
284
оқылды

Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) бас директоры және World Aquatics ұйымының басшысы Хусейн Әл Мусаллам іссапарымен Астанаға келіп, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің (ҰОК) штаб-пәтері мен Туризм және спорт министрлігіне барды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

ҚР ҰОК мәліметінше, сапар аясында Хусейн Әл Мусаллам ҰОК Бас хатшысы Әлімжан Ақаевпен және Қазақстан су спорты түрлері федерациясының вице-президенті, ҰОК Спортшылар комиссиясының мүшесі, жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинмен кездесті.

Хусейн Әл Мусаллам Қазақстан ҰОК жұмысына толық қолдау білдіріп, халықаралық деңгейдегі түрлі спорттық бағдарламаларға қатысып, оларды Қазақстанда жүзеге асырғаны үшін алғысын білдірді. Әсіресе, ол спортшыларды қолдауға, білім алуға және мансаптық өсуіне көмек көрсетуге бағытталған ҰОК бастамаларын жоғары бағалады.

Сонымен қатар АОК бас директоры Олимпиадалық қозғалыс аясында киберспорт пен интеллектуалдық ойындарды дамыту болашағын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыт қазіргі таңда басымдыққа ие.

Хусейн Әл Мусаллам жақын арада арнайы семинарда Халықаралық Олимпиадалық комитеті мен АОК бағдарламаларын жүзеге асыру жоспары таныстырылатынын айтып, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетін осы іс-шараға қатысуға шақырды.

Сапар бағдарламасының маңызды бөлігі ретінде Хусейн Әл Мусаллам бастаған АОК мен ҰОК делегациясы, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновпен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан Су спорты түрлері федерациясының қызметін талқылады. Сонымен қатар 2025 жылы Бахрейнде өтетін жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының, 2026 жылы Дакарда өтетін жасөспірімдер Олимпиадасының және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының жарыс бағдарламасындағы су спорт түрлері бойынша мәселелер қарастырылды.

Кездесу барысында 2025 жылдың қыркүйегінде Қазақстан ҰОК бастамасымен Астанада өтетін АОК спортшылардың континенталдық форумын ұйымдастыру тақырыбына ерекше назар аударылды. Бұл маңызды оқиға Азияның 45 елінің ҰОК Спортшылар комиссиясы өкілдерін, сондай-ақ ХОК пен АОК басшыларын біріктіреді. Форум Лозаннада маусым айында өтетін ХОК Спортшылар форумының жалғасы болмақ.

Бұл шара барысында қатысушылар спорт, спортшылардың дамуы және өңірдегі Олимпиадалық қозғалысқа байланысты негізгі мәселелерді талқылайды.

Сапар соңында Хусейн Әл Мусаллам Қазақстан құрамасына 2025 жылы Харбинде өтетін Азия ойындарында сәттілік тілеп, бұл жарыстың 2026 жылғы қысқы Олимпиада қарсаңындағы маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, Ербол Мырзабосыновты алдағы Азия ойындарына құрметті қонақ ретінде шақырды.

Айта кетейік, 21 қаңтарда Хусейн Әл Мусаллам Астананың спорт нысандарын аралады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.