Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Тауарды сертификаттау туралы заң жобасы мақұлданды
214
оқылды

Сондай-ақ резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдап, Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. 

Тауарлардың шығарылған елін айқындау мә­селе­лері туралы заң жобасы депутаттардың бас­тамасымен әзірленді. Түзету авторларының бірі, Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов жобаның Президенттің 2023 жылғы Жолдауын жүзеге асыру аясында әзірленгенін айтты. Оның негізгі мақсаты – импорттық тауарларға тәуелділікті төмендету, жоғары локализация деңгейі бар өндірістік циклды қалыптастыру, заманауи технологияларды жеткізу, олардың трансферті мен жаңа өндірістерді локализациялау. 

– Қазір сертификаттың үші түрі қолданылатыны белгілі: бұл «СТ-KZ», индустриалды және тауардың шығу тегі жөніндегі экспорттық сертификаттары. Бұл сертификаттарды «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасы береді. Заң жобасы аясында отандық тауар өндірушілердің тізілімін енгізу жоспарланып отыр. Ол қазіргі қолданыстағы барлық өндірушінің тізімін біріктіріп, «СТ-KZ» сертификаттары мен индустриалды сертификаттарды функцио­налды түрде алмастыратын болады, – деді депутат.

Жаңа тізілім толыққанды ақпараттық жүйеге айналады және қажетті құжаттарға сараптама жүргізу үшін басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктіріледі. Ол адам факторын барынша азайтады. Сонымен қатар тізілімді әзірлеу барысында жеке сараптамадан бизнес өкілдері де қатысатын мемлекеттік сараптамаға көшу ұсынылады. Тізілімге кәсіпорындар ақысыз енгізіледі және оған қосылу мерзімі бойынша шектеулер болмайды. Бұл бизнес үшін уақыт пен қаражатты үнемдеуге жол ашады. Тізілімді жүргізуге жауапты уәкілетті мемлекеттік орган – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі болады. 

Дүйсенбай Тұрғанов өндірісті растау жүйесіндегі қазіргі жағдайды ескере отырып, мемлекеттік қолдау шаралары көбінесе нақты бағытталмайтынын, бұл олардың тиімділігін төмендететінін айтты. Сондықтан мемлекеттік қолдауды тек қазақстандық тауар өндірушілерге бағыттау жоспарлануда. Бұл тәсіл ресурстарды мақсатты пайдалану, жергілікті өндірісті ынталандыру және Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен олардың өндірушілері туралы ақпаратқа бірегей қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, бұл ұлттық экономиканың дамуына септігін тигізеді. 

Жұмыс тобының жетекшісі Мұқаш Ескендіров қосымша баяндамасында қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі 2025 жылда күшіне енетінін, ал «CT-KZ» нысанындағы сертификаттар мен индус­триялық сертификаттар 2026 жылғы 1 қаңтарына дейін қолданыста қалатынын айтты.

Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады.

Жалпы, отырыста резервтегі әскери қызмет және кейбір орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң екінші оқылымда қабылданды. Жұмыс барысында депутаттар 6 кодекс пен 14 заңға 100-ге жуық түзету енгізді. Жұмыс тобының жетекшісі Ермұрат Бапи әзірленген түзетулер әскери бөлімдерде дайындалған кадрлармен толықтыруға және жауынгерлік іс-қимылдарға дайын резервтік күштер құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Депутаттар резервтегі әскери қызметке кіретін адамдарға қойылатын талаптарды, әскери қызмет өткеру тәртібін, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттерін белгілейтін нормаларды пысықтады. Осы нормаларды ретке келтіру үшін «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға депутаттар әскерге шақыру және келісімшарт бойынша әскери қызметке ұқсас резервтегі әскери қызметті өткеру ерекшеліктерін көздейтін нормаларды жеке тарау ретінде  жүйелендірді, – деді Е.Бапи.  

Депутаттар енгізген түзетулердің келесі блогы әскери резервшілердің еңбек қатынастары мен әлеуметтік қамсыздандырылуына бағытталған. Сонымен қатар әскери резервшілерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдары мен жарналарын реттеуге, әскери құқықбұзушылық субъектісі ретінде резервтегі әскери адамның қылмыстық жауаптылығына қатысты түзетулер бар. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу бөлігінде осы заң суармалы жерлердің гидрогеологиялық-мелиоративтік мониторингін жүргізу функциясын Ауыл шаруашылығы министрлігінен Су ресурстары және ирригация министрлігіне беру, сондай-ақ суды үнемдейтін озық технологияларды енгізу стандарттары туралы түзетулер енді.

Бұдан соң Мәжіліс 2022 жылғы 10 мамырда Анкарада қол қойылған Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Заң жобасы туралы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқар­у­шы Ермек Кенжеханұлы баяндады. 

– Келісімде карантинге жатқызылған өнімдерді өткізу кезінде елдерімізге қолайлы фитосанитария­лық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті өзара ынтымақтастықтың негізгі жайттары ескерілді. Мысалы, зерттеу және диагностикалау тәжірибесімен алмасу бөлігінде өсімдіктер карантині жөніндегі ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру. Сондай-ақ карантинге жатқызылған өнімнің әкелінетін партияларына, ілеспе құжаттарға және тасымалданатын жүктердің транзит шарттарына қатысты талаптар мәселелері талқыланды, – деді Е.Кенжеханұлы. 

Түркиядан әкелінетін негізгі карантиндік өнімдер – жаңғақ, қызанақ, бұрыш, алма, цитрус жемістері, жаңа піскен жидектер, жеміс-жидек және гүлді дақылдардың көшеттері. Қазақстаннан дәнді және бұршақ дақылдарының барлық дерлік түрі экспортталады. 

Жұмыс тобының жетекшісі Еркебұлан Мәм­бетов­тің айтуынша, Қазақстан осыған ұқсас келісімдерді Қытай, Вьетнаммен және Әзербайжанмен жасаған. Иран Республикасымен тағы бір келісім ратификациялауға әзірленіп жатыр.

Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар: экологиялық мәселелер бойынша; кәсіби парасаттылыққа тестілеу туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер; Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы Алматы қаласында консулдық мекеме үй-жайларын салу үшін АҚШ үкіметіне жалға жер учаскесін беру туралы келісімді ратификациялау туралы; Қазақстан мен Қырғыз арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялау туралы; 2007 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Үкіметі   мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан аумағында болуы шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары.

Жалпы, отырыс соңында Мәжіліс депутаттары әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 18 депутаттық сауал жолдады. «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары өңірлерді аралап, халықпен кездесу барысындағы ұсыныстарды негізге ала отырып, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру үшін кешенді шаралар қажеттігін айтып, мәселе көтерді. Депутат Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі  Олжас Бектеновке  кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру және жұмысшы мамандарды даярлаудың икемді жүйесін құру туралы ұсыныстарын жеткізді.

Ал «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Д.Тұрлыханов инфляцияны ескере отырып, техникалық жұмысшылардың жалақысын индекстеу мүмкіндігін қарастыру қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар кәсіптік білім беретін мекемелерді лицензиялау барысында кезедесетін бюрократиялық кедергілер мен білім алушылардың стипендиясын да сөз етті. Ол аталмыш шаралар жұмысшы кәсіптерін қолдауға және әлеуметтік саланың орнықты дамуына ықпал ететінін атап өтті. 

Депутат Мақсат Толықбаев мал ұрлығынан зардап шекен ШҚО тұрғындарының үндеуі негізсіз емес екенін алға тартып, аталмыш мәселе жіті қаралуы қажеттігін айтты. Мақсат Мәлікұлы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденовтен Шығыс өңірдегі Қатонқарағай ауданында арнайы рейд жүргізіп, мал ұрлығының алдын алу мен ұрыларды ұстау бойынша кешенді шараларды қолға алуды сұрады.

Ә.МҰХАНБЕТ