Мәжіліс депутаты, «AMANAT» пар­тия­сы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан Премьер-Министр Олжас Бектеновке кино саласы туралы депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, кино бірінші кезекте бизнес емес, өнер, ұлттық ұстаным миссиясын атқаруы керек.
Ұлттық кино: идеология мен болмыс өзегі
203
оқылды

«Соңғы жылдары елімізде түрлі ба­ғыт­та түсірілген фильмдер аз емес. Алайда сол фильмдердің сапа­сы­на қатысты сұ­рақ-сауалдар пісіп жетіліп, арнасынан асып тұр...

Кино – идеология, кино – сая­сат, кино – керек десеңіз, ұлттың қауіп­сіз­дігі.

Жапония ІІ Дүниежүзілік қыр­ғын­нан кейін ұрпақ санасы мен ұлт­тық болмысын дәл осы ұлттық ки­но арқылы жүйелеп алғаны айдай ақиқат.

Кино – бүтін ұлтты ұйытатын, сол ар­қылы жас ұрпақтың санасына әсер ететін күшті қару. Әр халықтың ұлттық болмысы, тарихы, салт-дәс­түрі, діни ұстанымы, әлеу­меттік жік­телісі бар. Әсіресе, дәл қа­зір­гідей қазақ қоғамы шетелдік сериал­дар­ды тамсана тамашалап, жастардың са­насын бөтен жұрттың мәдениеті жау­лап жатқан тұста ұлттық киноға көңіл бөлудің маңыздылығы сәт сайын артып тұр.

Кино саясаты қоғам көшін бас­тауы ке­рек еді, ал біздің бұл өнеріміз қоғ­амның же­т­егінде кетіп барады. Соң­ғы жылдары мем­лекеттік тап­сы­рыспен тарихи тұлға­лар­ға арнал­ған сериалдар мен көркем фи­льмдер түсірілуде. Осы орайда Антон Че­хов­тың: «Біз Гогольді халықтың дең­гей­іне түсірмеуіміз керек, кері­сін­ше ха­лық­ты Гогольдің деңгейіне көтеруіміз қа­жет!» дегені еркісіз ой­ға оралады.

Дәл осы найзағайдың отына нан пі­сіріп жатқан кезеңде кино – бірін­ші ке­зек­те бизнес емес, өнер, ұлт­тық ұста­ным мис­сиясын атқару ке­рек. Сон­дықтан ре­­­жиссерлер мен сце­­на­ристер ең әуелі ки­нофес­ти­валь­­дар­дан сыйлық алуды емес, кино­ның ұлтқа әкелер пайдасын, ұр­пақ­­қа берер тәлімін көбірек ойлағаны лазым.

Әбжыландай ысқырған бүгінгі жаһан­дану дәуірі еліміздің ұлттық кино саясатын түбегейлі қайта қа­рау­ға мәжбүрлеп отыр.

Тіпті, бала-шағамызбен қатар оты­рып фильм көрсең, бетіңнен отың шығып кірер­ге тесік тап­пай­сың. Анайы эпизодтар мен сүйе­гің­нен өтетін бейпіл диалогтар, шұп-шұбар тіл, атыс-шабыс, жадағай жар­­гон сөздер, одан қалса әр жерден ұр­лап-жырлап, көшіріп алған ин­ку­батор-фильмдер. Керек десеңіз, мұн­дай теріс имидж тудыратын фи­льм­дер ақыл-есі түзу жұрттың ашуын туғызуда.

Ең қиыны, қатаң сүзгінің жоқ­тығынан қазақтың көркем де шұ­рай­лы тілі күйреп жатыр. Экран мен эфирде көшенің тілі үстем­дік ала бастады. Сонымен қатар дәс­түріңді дәл­дүріш қып, теріс діни ағым­дар­дың насихатын күйттеп жүрген тас­палар да жоқ емес.

Өткен 2024 жылы қазақстандық 90 фи­льм прокатқа шығыпты. Со­ның 56-ы – комедия. Күлдіреміз деп бүлдіріп жатыр­мыз. Жалпы, қазір күлетін кезең бе?.. Кар­тиналар жыл сайын 30 фильмге то­лыққан. Кас­садан түскен түсімдер де аз емес. 6 фильм миллиард теңгеден астам кас­са жинаған. Бірақ көпшілігінің са­пасы сын көтермейді. Көбі – та­рихи, экшн, ко­медиялық, авторлық фи­льмдер. Ұлттық ки­нолардың қа­тыр тым аз. Ұлттық ста­тистика бю­ро­сы 2024 жылы қазақстандық­тар 17 млн 47 мың 524 рет киноға барса, со­­ның үштен бірі – алты миллионға жуы­ғы отандық фильмдерді тама­ша­лаған. Сұраныс жоқ емес, бар!

Әлеуметтік сауалнама бойынша, ұлт­тық киноны көргісі келетіндердің қа­тары арт­қан. Алайда ұлттың есін екеу, түсін төртеу етіп, бала-шаға­сы­мен театрға түне­тетін өнім бол­май тұр. 

Кино өндірісіне нарықтық сипат бе­реміз деп жалаңаштап алған жағ­дай­лар да аз е­мес. Сөз жоқ, кино на­рығы коммерция­лық тұрғыдан өзін-өзі қаржыландыру ке­рек. Алайда әлемде ұлттық кино өнеріне ме­млекеттік деңгейде қолдау жасап отыр­ған елдер бар. Мамандар даяр­лауда ар­найы мемлекеттік саясат бел­гіленген. Мә­селен, Германиян кино саласына ма­ман дайындау үшін жыл сайын 76 миллион еуро бөледі. Ал Оңтүстік Корея отандық ки­но­ны қолдау үшін кинотеатрларда көр­се­тілетін шетелдік фильмдердің сағатын шектейді.

Сондықтан салаға жауапты ми­нистр­лік мына шараларды жедел­де­тіп қолға алу керек:

Бірінші, бүкіл мемлекет бойын­ша (мей­лі мемлекет болсын, мейлі жеке тұл­ғалар болсын) түсірілетін фи­льмдердің идео­логиялық, тілдік, ұлт­тық ұстанымын реттеу тетігін қа­растыратын арнайы көр­кемдік-сараптамалық кеңес құру;

Екінші, мемлекеттік тілдегі ұлт­тық фи­льмдердің үлес салмағына ба­сымдық беру;

Үшінші, фильмдерде мемле­кет­тік тіл­дің нормаларын бұзуды қатаң қа­дағалау;

Төртінші, халықты арнайы ұлт­тық ки­ноларды көрсететін кино­театр­лармен қам­тамасыз ету. 

Бұл орайда, жауапкершілікті арт­тыру мақ­сатында «Кинематог­ра­фия туралы» Заң­ды қатаңдату ба­ғы­тында бірлесіп жұ­мыс істеуге әзір екенімізді жеткіземіз», – деді.­

Ә.САМАТҰЛЫ