Әсіресе, балалар туризмінің тоқсаныншы жылдардан бері тоқырауға түсіп, мемлекеттік лагерьлердің жаппай жабылғаны көптің көкейінде. Сонымен қатар заңсыз, тіпті санитарлық бақылау қызметінің рұқсатынсыз ашылып жұмыс істеп жатқан жекеменшік лагерьлерден аяқ алып жүргізісіз халге жеткен. Өңірде бұдан өзге де балалар демалысының тынысын тарылтатын өткір мәселелер жетіп артылады. Жақында түйткілді мәселе Зерендіде төрт бірдей министрлік өкілдерінің, сондай-ақ құзырлы жергілікті атқарушы билік өкілдерінің қатысуымен майшаммен қаралды.
Мәселен, Павлодар облысындағы балалар үйі жазғы уақытта жөндеуге жабылып, жеткіншектерді екінші жыл қатарынан Бурабайдағы лагерьге жіберіп келген. Алайда Зерендідегі жиын барысында тексеріс жүргізген құзырлы органдар іс жүзінде бұл лагерьде, тіпті санитарлық қадағалау қызметінің рұқсаты да болмай шыққаны анықталғанын баян етті. Демалыс келісімшарты мемлекеттік сатып алу порталында болатындықтан, балалардың демалыс шартын тексеру мүмкін емес. Былтыр лагерьде болған оқыс жағдай өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық қызметті тұтастай аяғынан тік тұрғызған еді. Ашылмаған лагерьде «демалып жатқан» павлодарлық жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне аяқастынан түрлі демалыс орталықтарынан орын іздеп, біреулерін Бурабайға, енді біреулерін Зерендіге автобуспен тасымалдауға мәжбүр болған.
Бұл, әрине еліміздің балалар демалысы орталықтарындағы даулы жағдайлардың бір көрінісі ғана. Жазғы демалысты ұйымдастыру мәселесіне ақыры Үкіметтік деңгейде назар аударылып, оны шешуге іс жүзінде құзырлы жауапты органдар мен министрлік кіріспек. Жиын барысында сонау 2012 жылы алынып тасталған балалар демалысы нысандарын лицензиялау нормаларын қалпына келтіру жөнінде шешімі қабылданды. Заңнамаға бұдан өзге де өзгерістер енгізілмек.
Сонымен елімізде балалар демалысын дамыту үшін қайтпек керек? Лагерьлердегі балалар қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Түйткілді мәселе құзырлы төрт министрлік, демалыс лагерьлері иелері, қоғам белсенділері мен жергілікті құзырлы атқарушы органдардың қатысуымен талқыға түсті. Зерендідегі «Парус» балаларды сауықтыру орталығы базасында өткізілген алқалы жиынға Парламент Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинская, Туризм және спорт министрлігіне қарасты Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев, сондай-ақ оқу және ағарту, әлеуметтік қорғау және қорғаныс вице-министрлері қатысты. Облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Ернар Жәркешов балалар туризмін тұралатқан түйткілді мәселелерді ашық айтуға шақырды.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, балалар демалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер жобасы әзірленіп қойған. Былтыр бұл сала қосымша білім беру саласынан шығарылып, қайтадан Оқу-ағарту министрлігіне өткен. Лагерьлерді лицензиялау нормалары енгізілгенімен, демалыс ұйымдары әзірленіп үлгеру үшін 2026 жылдың қаңтарына дейін оны тоқтата тұру ұсынылыпты. Сонымен қатар вице-министр Президенттің жаңа 50 балалар демалыс орталығы құрылысын салу тапсырмасын жүзеге асыру жұмыстарының барысына тоқталды.
Оқу-ағарту министрлігінің Қосымша білім беру және тәрбие жұмысы департаменті директоры орынбасары Стэлла Ибраева лицензиялау туралы нормаларды енгізуде асығыстық жасалғанын мойындады.
– Қазір біз бірқатар қателікті түзетудеміз. Қашан болсын біз лагерьлердің қызметін заңнама тұрғысынан жаңа бөлек сала етіп жасаймыз. Бірақ бұл бүгін-ертең бола қоятын шаруа емес. Ол үшін бірқатар заң мен кодекске өзгеріс енгізу қажет. Онда барлығы түгелдей ойластырылады. Дегенмен уақыт қажет, – дейді Стэлла Ибраева.
Департамент директоры орынбасарының дерегінше, дәл қазір 11 жаңа заңнамалық норма жасалып қойған. Жаңа жобалар демалыс лагерьлері орталықтары иелері тарапынан сынға ұшыраған. Мәселен, оның бірі Кәсіпкерлік кодекске «тиісті лицензиясыз заңнаманы өрескел бұза отырып қызметін жүзеге асыру жеке кәсіпкерлік субъектісіне кәсіпкерлік қызметін тоқтатуға әкеліп соғады» деген алғашқы цитатасы сала өкілдерінің сұрақтарын қарша боратыпты.
– Бұл жерде қайсысын дөрекі заңбұзушылық, қайсысы дұрыс деп санау қажет? Ол қалай анықталмақ? Қандай да бір ескерту шаралары бола ма? деді Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская.
– Әрине, біз балалардың қауіпсіздігіне қатты алаңдаймыз. Бірақ қала сыртындағы балалар демалысына арналған нысандардың азаюы да алаңдаушылық тудырады, – дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Туризм департаменті сарапшысы Анар Шаймұханова.
Дегенмен жиын барысында лагерьлерді лицензиялау қажеттігіне залда қатысушылардың іс жүзінде бәрі де келісті. Бірақ бірқатар сауал да туындатты.
– Мен де лицензиялау қажеттігін қолдаймын. Балалармен кім көрінген емес, кәсіби мамандар жұмыс істеуге тиіс деп есептеймін. Бірақ кәсіпкерлерге әзірлену үшін қосымша уақыт беру қажет деп ойлаймын. Біз қазір, тіпті лицензия алу үшін қандай талаптарды орындау қажеттігін де білмейміз. Қаңтарда заң нормасы күшіне енбек. Ал көптеген рұқсат құжаттарын алу уақытты қажет етеді. Балалар демалысымен айналысу кәдімгі туристік бизнеске қарағанда мың есе қиынырақ екенін айтқым келеді. Бұл – аса үлкен жауапкершілік. Лицензиялау жекеменшік лагерьлер санын азайтуға ықпал ететін бір факторға айналуы мүмкін, – дейді туризмді дамыту мәселелері бойынша Ақмола облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі әрі «Discovery – Боровое» демалыс орталығы директорының орынбасары Павел Безвербный.
Алайда кәсіпкерлердің бұл уәжіне Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан қарсылығын білдіріп, лицензия алуға құжаттарды рәсімдеуге жететіндей уақыт бар екенін жеткізді.
– Балалар сауықтыру орталықтарына талап кез келген жағдайда қатаңдатылады. Бұл аса күрделі жағдайларға байланысты болып отыр. Балаларды мұндай жұмысқа ешқандай рұқсаты жоқ орталықтар да қабылдаған. Мемлекет балаларды қорғауға тиіс, – деді вице-министр.
Заңды жоспарлау кезінде демалысты ұйымдастырудың алуан түрлерін ескеру қажеттігін бәрі кездесу барысында айтты.
– Еліміздің аумағында жыл бойы жұмыс істейтін 17 лагерь бар. Оларда балаларды оқытуға және медициналық қызмет көрсетуге де жеке лицензиялары бар. Лицензиялау туралы нормалар енгізілгеннен кейін олар үшіншісін алуы керек пе? Әлде, алдыңғы екі лицензиялары күшін жоя ма? деп сұрады республикалық балалар және жасөспірімдер туризмі ассоциациясының төрағасы Қайрат Сұлтанов министрлік өкілдерінен.
Тағы бір аса маңызды мәселе, тұрақсыз балалар лагерьлері, яғни күркелі және киіз үйлі лагерьлерді лицензиялау мәселесі де үлкен талқыға түсті.
– Демалыстың мұндай түрлерін лицензиялаудан шығаруға болмайды. Балалардың өрт, санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету онда аса өткір тұр. Бірақ заңнама қазір тек лагерьлердің екі түрін, яғни жыл бойғы және маусымдық түрлерін ғана анықтаған, – дейді «Астана Кэмп» балалар сауықтыру орталығының директоры Мэлс Әбенов.
Өңірдің бас санитар дәрігері де бұл мәселеде көптеген киіз үйлі және күркелі лагерьдің еш құжатсыз жүргенін, сондықтан түрлі улану және басқа да түйткілді мәселелердің туындап отырғанын атап өтті.
– Қазір күркелі және киіз үйлі лагерь көп жағдайда ешқандай құжатсыз жұмыс істеп жатыр. Бізде астан улану, тіпті қылмыстық оқиғалар да болған. Бізге осындай лагерьлерді далада кезіп жүріп іздеуге тура келеді. Тексеріс өткізу үшін тым құрығанда бұл субъектінің қайда орналасқанын білуіміз қажет қой, – дейді облыстың Санитарлық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина.
Сонымен балалар демалысы ұйымдарының күрделі талаптары да айтылмай қалмады. Мэлс Әбенов жазғы лагерьлерге қазір Полиция басқармаларының жедел орталығына қосылған бейнебақылау камераларымен жабдықтау талабын орындау мүмкін болмай отырғанын атап өтті.
– Иә, біздің мекеме жалпы білім беру мекемелеріне жатқызылады. Бірақ біз тұрған аумақта, тіпті ұялы байланыс та жөндеп ұстамайды. Бұл – елді мекендер мен ауылдардан алыс орналасқан көптеген лагерь үшін аса өзекті мәселе, – дейді Мэлс Әбенов.
Толығымен тексеру керек
Түйткілді мәселе жөнінде Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Марал Рақымжанова да өз пікірін айтты. Оның айтуынша, лагерьлердің азаюында тұрған ештеңе жоқ. Өйткені мұнда тек заңсыз жұмыс істегендердің саны төмендейді.
– Қолда бар орталықтардың басты мәселесі – ескі ғимараттар, көшедегі әжетханалар, сумен қамтудың болмауы. Мұның бәрі өте үлкен қаржылық шығындарды қажет етеді. Осыған байланысты бизнеске қолдау ауадай қажет. Бірінші кезекте бізге балалардың келу шарттары стандарттарын жазып алу қажет. Бүгін біз ешқандай нормаларға сәйкес келмейтін кереует, матрас, жастық сияқты басқа да жиһаздарды жиі көреміз. Тіпті, кейбір демалыс орындарында матрастардан да мүлде бас тартып, балалар кәдімгі тақтайда ұйықтап жатқандар да болып шықты. Сондай-ақ бұл ыдыс-аяққа да қатысты. Пластик немесе кәдімгі ыдыс болса да сынған ыдыс ұстауға бола ма? Стандарт қызметкерлерді жұмысқа алу және рұқсат беруде, медициналық тексперістен өтуде және медициналық кітапшалар алуда да болуға тиіс, – деп атап өтті, Марал Тілеулесқызы.
Оның айтуынша, заңнамада тек демалыс түрлерін бекітіп қана қоймай, барлық демалыс орталықтарын қызмет түрлеріне, қуаттылығына қарай нақты бөлу қажет. Сонымен қатар ол мемлекеттік тапсырыс алған барлық ұйымдар жылына екі мәрте мемлекет есебінен тексерілуге тиіс деп санайтынын жеткізді.
– Бірінші мәрте болған жағдайда бұзушылық үшін айыппұл салмай, оны жоюға уақыт беріп, нұсқау берілгені жөн. Ал егер бизнес өкілі мәселені шешпесе онда өзінен көрсін. Нұсқауды орындамағаны үшін айыппұл салу қажет әрі сол бұзушылық үшін толыққанды жауапкершілікке тарту керек. Сонда жосықсыздар саны азайып, адал кәсіпкерлер талаптарды орындап тыныш жұмыс істей алады. Ең бастысы балалардың дені сау әрі қауіпсіз демалады, – деп толықтырды Марал Рақымжанова.
Субсидия берілгені жөн
Балаларға қолайлы жағдай туғызу үшін кәсіпкерлерге не қажеттігі жөніндегі сауалға Қайрат Сұлтанов жауап берді.
– Жекеменшік лагерьлер барлық салық түрлерін төлейді. Тіпті, мемлекеттік демалыс орталықтары қосымша құн салығынан босатылғанымен, бізге осы ҚҚС төлетеді. Бұл әділ емес деп санаймын. Балалар туризмі дамуы үшін салаға мемлекеттен қолдауы ауадай қажет. Балалар лагері – туризмдегі аса үлкен ауқымды жоба, ондаған жұмыс орны, ірі жергілікті өндіріс орындарының өнімдерін тұтынатын көлем. Менің ойымша, мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қолдаудан кем болмауға тиіс. Арзан несиелер қажет. Сонда бизнес осы аса үлкен энергия мен жауапкершілікті салаға келеді, – деп түйіндеді балалар туризмі ассоциациясының төрағасы.
Қайрат Сұлтановтың айтуынша, Бурабай ауданындағы Қатаркөл көлінде алты ескі балалар лагері жұмыс істемейді. Оларды қайта іске қосу өңірде 500-ге дейін жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Бұл сондай-ақ ақмолалық курортты аймақтарда қазақстандық балалардың 20 пайызын демалдыруға да болатын жағдай туғызады.
Балалар орталығының басындағы тағы бір аса өзекті мәселе ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда балалардың болғаны үшін төлем жасау қажеттігі болып отыр. Жиын барысында сөз алған Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының төрағасы Ерқанат Мұсылманбек ұлттық парктерге кіруде тек 18 жасқа толғанда ғана кәмелет жасы болғанымен, жарна төлеуден алты жасқа дейінгі балалар ғана босатылады.
– «Балдәурен» республикалық балаларды сауықтыру орталығы ғана ұлттық парк аумағына балалардың келгені үшін жылына 50 миллион теңге төлейді. Бұл – заңнамадағы өте өрескел қателік. Сондықтан біз оны дереу жоюды өтінеміз, – деді Ерқанат Мұсылманбек.
Кәсіпкерлердің сауалдарына жауап берген вице-министр Еділ Оспан көптеген мәселенің министрлікте көптен бері талқыға түскенімен, оның бәрін шеше алмай отырғанын мойындады.
– ҚҚС мәселесі өкілетті мемлекеттік органмен талқылау қажет. Егер Ұлттық экономика министрлігі қолдаса біз де қолдаймыз. Нысандарды күрделі жөндеуге қатысты мәселенің бәрі әкімдіктерге жатады. Олар мәселені шешуге тиіс. Мемлекетік жекеменшік әріптестікпен бе, әлде бюджет есебінен бе, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бе оны өздері шешеді, – деді вице-министр.
Өз кезегінде Юлия Кучинская кездесуде айтылған барлық мәселе бойынша таразыға салынып, нақты ұсыныстар Парламентте көтерілетінін атап өтті.
P.S.
Қорыта айтқанда, ақсап тұрған балалар туризмі саласына қайта қан жүгіру үшін жауапты органдар мен министрліктер жедел арада заңнамалық өзгерістер мен жауапкершілік талаптарын сүзгіден өткізіп, түйткілді мәселелерді шешудің оң жолын табуы қажет. Мәселе жүгі ауыр болғанымен, уақыт созбақтауды еш кешірмейді...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы