Jazera travel деген туристік фирма жүзден аса азаматты Меккеге апарамыз деп, уәдесінде тұрмаған.
Алданғанның алды – жөн, арты – соқпақ
613
оқылды

Турфирманың иесі Мейіржан Ырыскелді мобильді аударымдар арқылы адам басынан 450-500 мың теңге жинап алған. Бірақ қажылық та, қаражат та жоқ. Еліміздің әр түкпірінен жиналған азаматтар не ақшасын қайтара алмай, не Меккеге бара алмай, полицияға шағымданған.

Қажылыққа баруды мұрат тұтқандардың алаяқтардың арбауына түсуі бірінші рет болып отырған оқиға емес. Бұған дейін де Zam Zam Qazaqstan, Kausar Travel секілді туристік компаниялардың қулығына құрбан болғандар туралы БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде жарияланған болатын. Бірақ Құдайдың да атын сатып, қалтасын қампайтқысы келетіндерге заңның да, шариғаттың да үкімі жүрмейтін секілді. 

Жәнділлә БЕКЖІГІТОВ, 

ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі: 

Діни басқарманың турфирмалар қызметін қадағалауға 

заңды құзіреті жоқ

– Еліміздің бірнеше аймағынан жүзден аса азаматты ұмраға алып барамын деп ақша жи­нап, уәдесін орындай алмаған Jazera travel компаниясының бас­шысы Мейіржан Ырыс­келді ешқандай діни қызмет атқармаған және мешітте наиб имам бо­лып жұмыс істемейді.

Алматы облысының Іле ауданындағы «Сәбденұлы Өтеген батыр» мешітінің наиб имамы Марсель Тамашбековке Jazеra travel компаниясының басшысы Мейіржан Бауырұлы ұмра сапарына ниет еткен жандарға дәріс өтіп беру жөнінде өтініш жасаған. Наиб имам діни құлшылықты түсіндіру мақсатында өтініштерін қабыл алып, екі рет сабақ өткізген. Дәріс соңы сұрақ-жауап негізінде жалғасып, наиб имам Jazеra travel компаниясының қызметі жайлы білген ақпараттарымен де бөліскен.

Туристік фирмаға қатысты даулы мәселе құқық қорғау органдары тарапынан тексеріліп жатыр. Наиб имамның аталмыш мәселеге қатысы бар-жоғы анықталу үстінде. Осы ретте БАҚ өкілдерінен тексерілмеген мәліметтерді таратпауын сұраймыз.

Айта кетейік, соңғы кезде қоғамда ұмра сапарын ұйымдастырушы кейбір турфирмалардың күмәнді іс-әрекеттеріне қатысты шағымдар көбеюде. Осы орайда ұмраға баратын азаматтарға қызмет көрсету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аталмыш турфирмалар жауапкершілігінде екенін еске саламыз. Қазақстан Республикасының сыртқы туризмді реттейтін тиісті заңнамасына сай ұмра сапарын топпен ұйымдастыру үшін міндетті түрде мемлекеттік лицензиясы болуы тиіс және әр ұмра жасаушыға туроператор тарапынан туркод берілуі қажет. Мұндай талаптар орындалмаған жағдайда ұмраны топпен ұйымдастыру ҚР заңдарына қайшы. 

Осы ретте ұмраға апарушы турфирмалардың қызметін қадағалауға Діни басқарманың заңды құзіреті жоқ екендігін жеткіземіз. Сонымен қатар отандас­тарымызды ресми туроператорлық лицензиясы жоқ туркомпаниялармен ұмра сапарына бармауға шақырамыз.

Данияр ҚАСҚАРАУОВ,

Мәжіліс депутаты:

Адамдар өздері қырағы болуы керек

– Қажылыққа ба­рамын деп ниет етушілер ең алдымен өздері қы­рағы болуы керек. Қазір алаяқтар бұл салаға да еніп кетті. Әлеуметтік желі арқылы жарнама беріп, қасиетті қалаға арзанға апарамыз деп жар салады. Жұрт соған сеніп, ақшасынан айырылуда.

 Сондықтан қажы­лыққа барамын деушілер ең алдымен заңды жұмыс істейтін, ешкімнің ақысын жемейтін, лицензиясы, тіркеуі бар тур фирмаларды таңдауы керек. Тіпті, Қа­зақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласып, қажылық сапарларды ұйымдастыратын туристік агенттіктердің тізімін, байланыс нөмірлерін алуға болады. Ал алаяқтықпен ақша алғандар заң алдында жауап береді.

Айман ОМАРОВА, 

заңгер:

Қылмыстық жазаны қатаңдатқан жөн

– Бұл алдымен қыл­мыстық іс ретінде тір­келуі керек. Сосын тер­геу арқылы заң жү­зінде шешілуге тиіс. Бұл жерде адамдардың Құ­дайға деген сенімін пайдаланып отырған­дықтан, оның пси­хи­калық әсері екі есе бо­лады. Ақшасынан айы­рылуы бір басқа да, қажылыққа қасиетті сапарға барамын деп алданудың зардабы тіптен ауыр. Мемлекет тарапынан алаяқтық туралы бапқа өзгерістер керек пе, нақты алаяқтық істің құрамына қарау керек. Адамдардан алдап ақша алған адам ақшаны қайтара алмаймын, көп болса бірнеше жылға отырып шығармын деуі де мүмкін. Сондықтан жазалау тәртібін қатаңдату керек. Ол адам келешекте елден шыға алмауы, ұшақпен ұша алмауы, түрлі кәсіпкерлікпен айналыса алмауы керек дегендей шектеу шараларын да қарастырған жөн. Мемлекет заң үстемдігін қатаңдатып, жеке адамның және қоғамның құқықтары мен бостан­дықтарының қорғалуын көздейтін мақсаттар мен міндеттер қоюы керек деп санаймын.

Абай МАУҚАРАҰЛЫ, 

жазушы-журналист:

Алаяқтардың артында кім тұрғаны да маңызды

– Қазақстанда бүкіл жеке фирма, компа­ния­лар заң бойынша тір­кеуде болуға тиісті. Егер Jazera travel турфирмасы тіркеуде болса, онда алданған азаматтар оның иесін бірден сотқа беруге тиіс. Адамдардың берген ақшасын, айы, күні мен сағаты көрсетіп, бұл­тартпайтын дәделдер арқылы фирма иесінің есепшотын бұғаттап, тексеру онша қиын шаруа емес деп ойлаймын. Бірақ бұған жең ұшынан жалғасқан сыбайластық араласқан болса, жемқорлыққа қарсы агенттік алаяқтардың ізін кесуге кірісуі тиіс. Әйтсе де, елдегі жемқорлықтың тамыры терең жайылғандықтан, мұндай қылмыстарды тектеп, тексеру де оңай болмайтыны белгілі.

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы – заң бойынша қоғамдық ұйым. Егер алданған адамдар куәгер ретінде ол мекемеге шағымданса, бәлкім бүкіл мешіт имамдары арқылы, бұндай алаяқтық­тың мұсылман адам үшін ауыр күнә, ислам дінінде қатаң тыйым салынған әрекет екенін айтуға болатын шығар. Әйтпегенде, діни басқарманың өз тарап­та­рынан шариғи үкім жасап, жаза қолданатын құ­зіреті жоқ. Себебі біздің еліміз құқықтық, заңдық, зайырлы мемлекет болып саналады. Ал егер осы турфирмаға ҚМДБ-ның қатысы болса, олар да заң алдында жауапқа тартылуы мүмкін. Алданған адамдар да ресми құзыреті жоқ көрінген біреуге ақкөңілдікпен сене салған болса, әрине өздері де кінәлі ғой.

Дайындаған 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ