Тұрғын үй құрылысының сапасы, апатты жағдайдағы үйлер тақырыбы – Алматыда әлі күнге дейін күйіп тұрған мәселе. Қазіргі уақытта қалада қауіпті деп танылған 1 366 үй бар. Бұл дегеніміз – шаһарда 43 мыңнан астам адам тозығы жеткен үйде күн көріп келеді деген сөз.
Апатты үйлер – Алматының «бас ауруы»
Сурет ЖИ-дің көмегімен жасалған
1,042
оқылды

Дегенмен өңірде мәселенің түйінін тарқатуға бағытталған бағдарламалар да жоқ емес. Соның бірі – қалада ескірген үйлерді қайта жаңарту үшін реновация бағдарламасы қолға алынған. Реновация дегеніміз – тозығы жеткен нысандарды сүріп, ғимаратты қайта құру, жаңарту процесі. Бұл ескі үйлердің орнына заманауи инфрақұрылымдар салуды және тұрғын­дардың қолайлы ортада өмір сүруін қам­тиды. Алматы қаласы әкімдігінің дере­гіне сүйенсек, бағдарлама аясында ең алдымен сейсмоқауіпті деп танылған ғимараттар, яғни тектоникалық қауіпті аумақта бой көтерген үйлер сүріледі. 2025 жылға жоспарланған шараларға назар аударсақ, тиісті органдар биыл реновация бағдарламасы негізінде қалада 37 ескі үйді бұзуды, 400-ге жуық тұрғынды жаңа пәтерге қоныстандыруды көздеген. Қала әкімдігі нысандарды сүру және тұрғын­дарды көшіру жұмысы меншік иесі келісімін берген жағдайда ғана жүзеге асырылатынын алға тартты. 

Реновация ұғымының анықтамасын жоғарыда атап өттік. Ал ескі үйлерді жаңа­р­ту немесе қайта құру ісі қалай жүзе­ге асырылуға тиіс? Реновация процесі қандай мүдделерді қамтиды? Қазақстан қалаларында қолжетімді тұрғын үй мәселесін шешу үшін қандай урбанис­тикалық шешімдер ұсынылады? Мегапо­листің түрлі аудандарында орналасқан тұрғын үй сапасын бағалау үшін ашық рейтингтік жүйе енгізу қажет пе? Осы және өзге де сауалдарды урбанист маман, Urban Living ЖШС бас директоры, Пар­ламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның мүшесі, Алматы қаласы Қо­ғамдық кеңесінің мүшесі Гүлмира Байға­бұловаға қойып көрдік.

– Реновация бағдарламасын әзірлеу кезінде біз мемлекет тарапынан қатысу векторын анықтауға тырыстық. Ең бірін­шіден, реновация – меншік иелері мен құрылыс салушылар арасындағы келісімшарттық процесс. Мемлекеттік органдар тек медиация қызметін атқарып, жұмысқа қолдау көрсетеді. Сондай-ақ мемлекет апаттық үйлерде тұратын аза­маттардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында реновация процесіне ара­ласады. Реновация процесі күрделі және көпқырлы болғандықтан, жеке, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қамтиды. Соның ішінде әрқайсысына тоқталып өтер болсақ, жеке мүдделер тобына негізінен жылжымайтын мүлік иелері кіреді. Олар реновация процесінен барынша пайда тапқысы келеді. Бұл топқа кіретін жыл­жымайтын мүлек иелерінің негізгі мүдделері – жылжымай­тын мүлік құнының өсуі және сату арқылы пайда табу, тұрғын үй жағдайын жақсарту және жаңартылған үйлерде өмір сүру жайлылығын арттыру, тұрғын үйдің энер­гия тиімділігін көбейту арқылы шығын­дарды оңтайландыру. Ал қоғамдық мүд­делер жергілікті қауым­дастықтың қажеттіліктерімен байланысты. Олардың мүддесі – халықты, соның ішінде осал топтарды баспанамен қамтамасыз ету, сонымен қатар құрылыс арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, экономиканы дамыту, ескі ғимараттарды жою және жаңа, заманауи әрі функционалды ғима­рат­тар салу, – деді ол.

Үшіншісі, мемлекеттік мүдделер тобы­ның қызметі қаланың даму жағдайын реттеу ісімен байланысты. Атап айтар болсақ, тұрғын үй құрылысы және бас­панамен қамтамасыз ету саласындағы ұлттық саясат мақсаттарына қол жеткізуге көмектесу, реновация процесін реттеу және жобаны жүзеге асыру кезінде қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, реновация кезінде баспанасынан айырылу қаупі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау шараларын қамтамасыз ету. Ма­ман­ның сөзінше, кей жағдайда жоғарыда аталған мүдделердің арасында тепе-теңдік сақталмауы мүмкін. Бұл ретте маман реновация процесінде барлық тараптың мүдделерін ескере отырып, жағдайды мұқият талдап, нақты бір ымыраға келуге тиіс екенін, сондай-ақ азаматтардың баспанасын сақтау кепілдігін бекіту маңызды екенін атап өтті.

– Расында, біз үшін реновация ұғымын анықтау өте маңызды болды. Бұл жөнінде біз ұзақ ойландық. Реновация бағдарла­масын әзірлеу кезінде бізге заңгерлердің кәсіби қолдауы қажет еді. Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің №2 комиссиясындағы заңгерлермен бірге шетелдік тәжірибені зерттедік. Нәтижесінде, реновация ұғымы мен құжат құрылымы қалыптасты. Рено­вация бағдарламасының негізгі принцип­тері мынадай: бағдарлама өмір сүру ор­тасын жаңартуға, азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсартуға, қоғамдық кеңістікті дамытуға және тұрғын аймақтарды абат­тандыруға бағытталған. Бағдарламаға енетін тұрғын үйлер қосымша ретінде бекітіледі. Қосымша мәтіні жыл сайын жаңартылады. Бағдарлама төтенше жағдайлардан зардап шеккен үйлерге қолданылмайды. Мұндай жағдайда бөлек құжат қарастырылады, – деді маман. 

Гүлмира Масабайқызының сөзінше, реновация бағдарламасының аясында әлеуметтік және инженерлік инфра­құрылымды қамтамасыз ету талаптары сақталуға тиіс. Десек те, кейде тұрғын үй құрылысы кезінде негізгі талаптар назардан тысқары қалып жатады.

– Инженерлік инфрақұрылыммен қам­тамасыз ету – тұрғын үй реновация­сының ажырамас бөлігі. Көп жағдайда тұрғын үй құрылысы аяқталғанымен, инженерлік желілер толық дайын болмай жатады. Осыған байланысты тұрғын үйлер пайдалануға берілмейді. Салдарынан тұрғындар жаңа үйіне қоныс аудару үшін бірнеше жыл күтуге тура келеді. Бұл дұрыс емес екенін айтқым келеді. Себебі тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылым мәселесі алдын ала қарастырылуға тиіс, – деді Г.Масабайқызы.

Сондай-ақ маман еліміз бойынша тұрғын үй құрылысы саласындағы негізгі мәселелерді атап өтті. Оның айтуынша, тұрғын үй сапасына әсер етуші негізгі факторлар – жобалардың сапасыз орындалуы, құрылыс материалдары сапасының төмендігі, инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы мен құрылыс жұмысы­ның орындалуына бақылаудың жеткіл­іксіздігі. Одан бөлек, Гүлмира Масабай­қызы қаланың түрлі аудандарындағы тұрғын үй сапасын бағалау үшін ашық рейт­ингтік жүйе енгізу қажет деген пікірмен келісетінін жеткізді.

– Иә, ашық рейтингтік жүйе тұрғын үй құрылысының сапасын бақылауда тиімді құрал болар еді. Бұл жүйе тұр­ғындарға объективті ақпарат беріп қана қоймай, құрылыс компаниялары арасын­дағы бәсекелестікті арттырып, тұрғын үй сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Алайда рейтингтердің субъек­тивтілігіне жол бермеу қажет. Рейтинг әділ, ашық және объективті болуға тиіс. Тағы бір атап өтетін жайт, елімізде сейсми­калық тұрақтылық стандарттары жоғары болғаны­мен, көбіне тұрғын үй құрылысын жобалау және салу кезінде мұндай стан­дарттар сақтала бермейді. Сондықтан құры­лыс материал­дарының сапасы мен нысан­дардың орналасуын қатаң бақылау қажет. Сейс­микалық қауіптерді ескере отырып, қала құрылысын жоспарлау процесін жетілдіру қажет, – деді Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның мүшесі Г.Байғабұлова. 

Естеріңізге салайық, былтыр қараша айында 2030 жылға дейін тұрғын үйді реновациялаудың жаңа бағдарламасы бекітілген еді. Алматы қаласы әкімінің мәлімдеуінше, бағдарламаның негізгі ережесі – кварталдық салу. Нақтырақ айтсақ, тозығы жеткен тұрғын үй иелеріне «бөлмеге бөлме» нормасы бойынша айырбастау немесе нарықтық құны негізінде компенсация алу мүмкіндігі беріледі. Бағдарлама аясында 2024 жылы Алматы қаласында 31 ескі үй сүріліп, 539 азамат жаңа пәтерге көшті. Енді 2030 жыл­ға дейін шамамен 676 үйді қайта жаңарту жұмысын іске асыру жоспарланып отыр.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы