Қазақ тілінде жазылған алғашқы Жүсіпбек Аймауытұлының «Жаман тымақ» атты комиксі осыдан 1 ғасырға жуық уақыт бұрын жарыққа шыққан. Содан бері төл әдебиетімізде балалардың оқуына жеңіл, тіліне ыңғайлы жазылып жатқан комикстер некен-саяқ еді. Ал бүгін солардың қатары тың туындымен толықты. Жазушы, журналист Азамат Әбілқайыр мен спорт журналисі Аслан Қаженовтің жарыққа шыққан «Қазақ чемпиондары» атты комиксі былтыр Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне арналған. Бұл – көзі тірі спортшыларға арналған тұңғыш жинақ.
Бес кітаптан тұратын комикс жанрындағы кітаптан дзюдошы Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев, боксшылар Назым Қызайбай мен Нұрбек Оралбай, палуан Демеу Жадыраев, гимнаст Нариман Құрбанов, мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтбаев және Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Президенті Геннадий Головкин туралы ақпарат алуға болады. Комикстің авторлары еңбектің шынайы оқиға негізінде жазылғанын тілге тиек етіп, балаларға ел намысын қорғап жүрген спортшылардың нағыз батыр екенін және сол батырлардың арамызда екенін көрсетуді мақсат еткенін айтты.
– Бүгін осы кітапты оқып, ертең болашақ Демеулер, Елдостар, Назымдар шығып жатса әрі осы комиксті оқығаннан кейін баланың кітапқа деген махаббаты ашылып, ертең том-том романдар тауысып жатса, ол – миссиямыздың орындалғаны. Комикс – қазақ әдебиетінде өте кенже қалған жанрдың бірі. Осы кітапты шығару арқылы басқа да балалар әдебиетіне қалам сілтеп жүрген қаламгерлерге ой тастасақ деген мақсат болды. Бастысы балалар комиксті оқып, қоғамда тетігін тауып кірпіш болып қаланып жатса, біздің мақсатымызға жеткеніміз, – деді Азамат Әбілқайыр.
Қазақ комиксінің тақырып аясын кеңейте түскен кітаптың мазмұнына Париж Олимпиадасының жүлдегерлері арқау болған. Авторлар оны әр спортшының кәсіби мансабында қызық пен қиындық қатар жүретінімен түсіндірді.
– Кітап идеясының авторы – Аслан Қаженов. Мен сценарисімін. Әріптесім Аслан Қаженов Париж Олимпиадасында ақпарат таратып, көпшілікті халықаралық додадағы отандастарымыздың жетістіктерімен бөліскеніне баршамыз куәміз. Қай чемпионның да біз білмейтін қыр-сыры көп. Содан кейін әріптесім осы азаматтарды неліктен көпшілікке ұсынбаймыз деген ой тастады. Оны оқуға жеңіл, суреттері де қанық болатын комикс жанрында жазуды ұйғардық. Осы спортшылар арқылы ертең халықаралық аренадаларда, додаларда намысымызды қорғап, байрағымызды желбірететін жас өрендердің шығуына ықпалымыз тисе екен. Негізі, Париж Олимпиадасының жеңімпаздарын тек спортшы ретінде көрсетпей, оларды жан-жақты таныстыруға тырыстық. Олар да тұрмыстық қиындық көрген. Мәселен, кітапта Назым Қызайбайдың бұрын 1500 теңге таба алмай, ынтасымен боксқа қалай жол тапқаны немесе Демеудің аяқкиімі болмай, шұлықпен күресіп, Бішкекте топ жарғаны, Айбек пен Нұрбек алғашында бокс залына қатынауы қиындап, футболға ауысып кеткенде, бапкері іздеп барғаны сияқты жайттардың бәрі өмірінен алынды, – деді А.Әбілқайыр.
Комикс шынайы оқиға негізінде жазылғандықтан, авторлар әр спортшымен, бапкерімен тілдескенін айта кету керек. Шығармашылық жұмыстың оңай емес екені анық, сондықтан кітап сериясын жазуға шамамен үш айдай уақыт кетіпті. Париж Олимпиадасы кезінде қазақстандық спортшылардың қасында жүріп, елге хабар таратқан спорт журналисі Аслан Қаженов аталған комикстер топтамасы спорт мектептеріне, кітапханаларға тегін таратылатынын айтты. Сондай-ақ спортшыларға арналған топтаманың электронды нұсқалары да бар.
– «Қазақ чемпиондары» комиксі сериясын шығару идеясы Париж Олимпиадасынан кейін келді. Олимпиада барысында күнде сағат сайын тікелей эфирге шығып жаңалықтар таратып, эксклюзивті сұхбаттар жаздым. Фильмдер түсірдік. Елге келген соң спорт саласындағы проблемаларды көрдік. Былтыр қыркүйек, қазан айларында білек сыбана кірістік. Бірақ бұл біз ойлағандай оңай шаруа емес екен. Шығармашылық процесс ұзаққа созылды. 5 кітапқа 5 шығармашылық ұжым жұмыс істеді, өзіміз де басы-қасында жүрдік. Бұл еңбек Париж Олимпиадасында ел намысын қорғаған спортшыларымызға деген құрмет, екінші жағынан өскелең толқынға үлгі, спортта жетістіктер көбейсе, болашақ чемпиондардың дайындығына сәл де болса үлесімізді қосуға кеткен әрекетіміз. Сондықтан елде кенжелеп қалған комикс жанры арқылы жас ұрпаққа қазақ чемпиондарының есімі мен жетістіктерін насихаттауды көздедік. Осы кітапты оқығандар арасында тек спортшы емес, комикс жанрында кітап жазатын немесе комикске сурет салатын балалар шығып жатса, тіпті керемет. Мүмкіндігінше, қазақ әдебиетіне, қазақ спортына қызмет еткізіміз келеді, – деді спорт журналисі Аслан Қаженов.
Әлемдік додаларда байрағымызды желбіреткен спортшы өте көп. Мәселен, Азамат Әбілқайырдың былтыр «Бекзат Саттарханов кім?» атты шағын кітабы жарыққа шыққан болатын. Автор бірнеше ай бойы кейіпкерді зерттеп, беймәлім тұстарын жинап жинақ етіп құрастырды. Ол спорт саласында ұмытылмас еңбек еткен тұлғалар мен спортшылар туралы әлі де еңбек жазу жоспарында бар екенін негізге ала отырып, комикстің әдебиеттің бір жанры ретінде дамуы керек екенін алға тартты. Спорттың кеңінен насихатталуына аянбай жұмыс істеген спорт журналисі, комментатор Амангелді Сейітхан, Әмен Тұяқов, Шәміл Серіков сияқты бірқатар азаматтарды комикспен шығарып, ең әуелі балалар аудиториясына адал қызмет етуді көздейтінін де жасырмады.
– Қазақтан шыққан чемпиондар жайлы жазу ойымызда бар. Бірақ тек чемпиондар ғана емес, ғалымдар, әр салада жүрген мамандар, шекарашылар, шахтерлар, журналист, ұшқыш көп. Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады, осындай жұмысшы мамандарды, ел арасында жүрген қарапайым азаматтарды елге үлгі етіп көрсету жоспарымызда бар. Мәселен, Атырау облысында су тасқыны кезінде халықтың сүйкімдісіне айналған Пішөн деген ит болды. Халықтың ауызбіршілігін осы ит арқылы көрсетуді де жоспарлап отырмыз. Комикс – төл әдебиетімізді, мәдениетімізді, насихатымызды өткізетін бірден-бір құрал әрі жанр. Қазір әдебиетте жүрген қаламгерлер қауымы комикс жанрын әдебиеттің бөлшегі деп санамайды. Осы нәрсе мені қынжылтады. Кітапты шығарар алдында идеяларымызды айтып жүрдік, сонда комиксті суретпен жеңіл-желпі жазылған кітап ретінде деп қарайтынын байқадым, – деп көңілі толмайтын тұстарды мысалға келтірді А.Әбілқайыр.
Бүгінде әлем комикске ерекше назар аударуда. Мәселен, Жапонияның мангасы бар, Америка, Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей мен Қытай елдерінде балаларға ғана емес, ересектерге арналып жазылған комикс жанрындағы шығарма өте көп. Қазір елімізде комикс жасампаз жасөспірімнің сүйіп оқитын жанрына айналып келе жатыр. Сондықтан ынта-ықыласы артып тұрған кішкентай оқырманның сұранысын қанағаттандыру үшін қазіргі қазақ авторларының да қаламынан осындай шығармалар туындап жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ