Депутаттардың ашық айтуынша, ол газ бағасының көтерілуіне әкеледі. Себебі газды тұтыну көлемі қарқынды өсті. Ал геобарлау жұмыстарының жете қаржыландырылмауы, белсенді жүргізілмеуі, жаңа газ өңдеу зауыттарының салынбауы, басқа да факторлар салдарынан газ тапшылығы күшейді. Сондықтан мемлекет оны үнемді тұтынуға ынталандыруды мәжбүрлеу тетіктері арқылы жүзеге асырмақ.
Парламенттің дерегінше, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Е.Жаңбыршин, Е.Смышляева, С.Мұсабаев әзірлеген «Кейбір заңнамалық актілерге газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліс 2024 жылғы 19 маусымда жұмысқа қабылдап алыпты. Заң сол жылы мақұлданады деп күтілген. Алайда заңды қабылдау 2025 жылдың желтоқсанына ысырылғаны белгілі болды.
– Аталған заң жобасына Парламент депутаттары бастамашы болды. Құжат Үкіметте қаралды. Ұсынылған түзетулер Конституция ережелеріне және қолданыстағы заңнамалық актілерге қайшы келмейді. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін реттеуді қатаңдатуды көздемейді. Мәжіліс депутаттары 32 түзетуге бастама жасады. Соның ішінде Үкімет 14 түзетуді қолдайды, 13 түзетуді ішінара қолдайды, 4 түзетуді қолдамайды және 1 түзету бойынша Үкіметтің ұстанымы реттеушілік әсерге талдау жүргізілгеннен кейін берілетін болады», – деді Премьер-Министр Олжас Бектенов.
Бұл ретте Үкімет пен Мәжіліс арасында «ішінара келісім» орнаған, ендеше заңмен бірге қолданысқа енгізілу мүмкіндігі жоғары баптарды ғана сараптаған ләзім.
Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы, депутат Еділ Жаңбыршин бұл жобаны «Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау үшін» жазғандарын айтады.
– Заң жобасында газ саласының келесі мәселелері бойынша түзетулер қарастырылған: біріншіден, тұтынушыларды газды ұқыпты тұтынуға ынталандырады. Екіншіден, газды ішкі нарықта сату кезінде оны есепке алудың ашықтығын қамтамасыз етеді және автоматтандырады. Үшіншіден, жеке газ тарату ұйымдарының қызметін мемлекеттік реттеу ұсынылады. Төртіншіден, тариф қалыптастырудың жаңа әдістері енгізілмек, – деді Еділ Терекбайұлы.
Бесіншіден, газ саласы бойынша ұлттық оператор QazaqGaz компаниясына жаңа құзырлар берілуі мүмкін. Мысалы, ол тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілерін салуды жобалауға арналған тапсырмаларды және олардың жобалық-сметалық құжаттамасын келісуге, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілерін салу жобаларын техникалық қолдауға ие болуы ықтимал.
Санаттар бірігеді, құзырлар бөлінеді
Қарапайым халықты алаңдататыны – «тұтынушыларды газды ұқыпты тұтынуға ынталандыру» шаралары болса керек. Заң жоба авторлары Президенттің өз Жолдауында монополистер жайлаған нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» атты жаңа тарифтік саясатқа көшуді тапсырғанына назар аудартты. Сондықтан бір тұтынушыларға арналған баға басқалар үшін бағаны көтеру есебінен тежеп ұсталатын «тарифтерді тоғыспалы субсидиялаудан» бірте-бірте бас тартылмақ. Мұның сыртында, газ үшін тарифі көтерілетін санаттардың саны артады.
– Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 1 ақпандағы №36 бұйрығымен бекітілген «Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларына» сәйкес, тауарлық газды тұтынушылардың 11 тобы бар. Ұлттық экономика министрлігі осы 11 тұтынушы тобы үшін тауарлық газдың бөлшек бағасын газдың өзіндік құнынан да төмен етіп бекітті. Бұл газ саласын дамытуды, оның ресурстық базасын ұлғайтуды, газ тасымалдау жүйесін, яғни құбырлар жүйесін өрістетуді ынталандыруға мүмкіндік бермейді, – деді депутат Еділ Жаңбыршин.
Бұған қоса, заң авторлары газ тұтынушылардың жекелеген санаттары үшін бағаны ұстап тұру мақсатында Үкіметтің тоғыспалы субсидиялауды жалғастырғанына екпін түсірді. Яғни, бір топ, мысалы, бизнес басқа топты, тұрғындарды субсидиялайды. Депутаттар мұны әлеуметтік әділеттілік емес, нарықтағы олқылық санап, оны «түзетуге» ниетті.
– Жаңа заң жобасында ұсынылып отырған норма тұтынушылардың 5 санатын жалғыз, бірыңғай санатқа біріктіруді және ол үшін газдың ақырғы бағасын бекітуді қарастырады. Ол баға газдың өзіндік құны деңгейінде болады, одан төмен болмайды. Сондай-ақ осы біріктірілген санат үшін баға белгілеу өкілеттілігін Энергетика министрлігіне беру ұсынылады. Сөйтіп, тұрмыстық тұтынушылар, коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар, сондай-ақ тауарлық газды халыққа арнап жылу энергиясын өндіруге пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылар үшін көтерме және бөлшек бағаларды бекіту өкілеттігі Ұлттық экономика министрлігінің құзырында қалады. Ал бұл тұтынушылардың нормативтен тыс тұтынысына шекті бөлшек бағаны бекіту құзыры Энергетика министрлігіне көшеді, – деп түсіндірді жоба авторлары.
Экономика министрлігінің құрамында монополистер мен қоғамдық маңызы бар нарықтар саласына жатқызылған қызметті бақылап, реттейтін, яғни бизнес пен бұқараның құқықтарын қорғайтын Табиғи монополияларды реттеу комитеті барын еске сала кеткен жөн. Мына заң оның салмақты өкілеттігін көбіне монополистердің сойылын соғатын Энергетика министрлігіне алып бермек.
Баға неге көтеріледі?
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов сала бәрібір жаңғыруға зәру екенін айтады.
– Бұл проблема кеше не бүгін емес, кемі 25 жыл бұрын басталған жағдай. Өкінішке қарай, қазіргі Үкімет бұрынғы үкіметтердің қате саяси-экономикалық шешімдерінің салдарын тартып отыр. Ұзақ жыл бойы бағасы қымбат мұнайдан түскен ақшаның буын көтере алмаған секілдіміз. Сол мол қаражат бюджетті балағынан кері тартатын сән-салтанатты жобаларға, неше түрлі шараға жұмсалды, одан қалса ұрланып-жырланды. Осылай жүріп уақытты босқа өткізгеннің кесірінен еліміздің жартысына жуығы бүгінгі күні газбен қамтылмады. Мұнай мен газ үстінде отырып, бірде-бір жаңа газ өңдеу зауыты салынбады. Қолданыстағы инфрақұрылымның тозығы жетті, – деді Ә.Жұбанов.
Былтыр депутаттар бюджеттің шығыстарын қайта қарау есебінен 2025 жылы халықты газбен қамту мәселесін шешуге, ауыл шаруашылығын қаржыландыруды үш есе ұлғайтуға, тұрғын үй салуға қосымша жалпы сомасы 100 миллиард теңге бөлгізе алды. Бірақ салада жылдап қордаланған мәселелерді шешуге бұл да жұқ болмайтын көрінеді.
– Таяу жылдары QazaqGaz-дың шетелге сататын көгілдір отынының экспорты минимумға дейін құлдырайды. Өйткені ішкі нарықта тұтыныс өсіп барады. Бұл оған ары қарай газ бағасын ұстап тұруға мүмкіндік бермейді. Себебі компания шетелге жоғары бағаға газ экспорттаудан түскен табысы есебінен сол газды еліміздегі тұтынушыларға өзіндік құнымен жеткізу шығындарын өтейді. Елді тұрақты газбен қамтуды сақтап қалу үшін қолданыстағы көтерме бағалар мен өзіндік құн арасындағы айтарлықтай айырмашылықты 3 жыл ішінде қысқартуымыз қажет, – деді Энергетика министрлігінің сарапшылары.
Заң қабылданғанда газдың көтерме бағасының бір мезгілде күрт жоғарылауын болдырмау үшін тауарлық газдың шекті көтерме бағаларын жылына 2 рет, бөліп көтеруге рұқсат етілмек. Сонда «бағаның күрт емес, кезең-кезеңмен көтерілуі қамтамасыз етіледі».
Ал «баға көтерілісінен» тұрмысы онсыз да төмен бұқара қатты зардап шекпеуі үшін «халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тауарлық газдың төмендетілген бағасының айырмашылығын атаулы-адресті субсидиялау» туралы жаңа норма ұсынылды. Ал қолданыстағы тәжірибе бойынша тек кедейлерге емес, бүкіл халық үшін газ бағасы оператордың табысы есебінен арзандатылатын.
Алпауыт та субсидия сұрайды
Депутаттар QazaqGaz-ды да субсидиялауды сұрап отыр. Бұл оның кредиторлары мен контрагенттері алдындағы қарыздарын «сөндіру» үшін қажет көрінеді. Министрліктің дерегінше, QazaqGaz Aimaq АҚ халықты газбен үздіксіз қамту мақсатында оларға тауарлық газды жеңілдікті бағамен сатады. Бұдан бөлек, жаңа пилоттық жоба аясында Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан облысында атаулы әлеуметтік көмекті және тұрғын үй көмегін алуға мәртебесі бар азаматтарға «Әлеуметтік әмиян» арқылы тауарлық газға тағы да қосымша жеңілдік беріле бастады. Жеңілдік мөлшері газға есептелген соманың 24%-ына дейін жетуі мүмкін.
Сонымен бірге ұлттық компанияның өзі газды өндірушілерден нарықтық бағамен сатып алатын көрінеді. Жер қойнауын пайдаланушылар мұнайға ілесіп шығатын көгілдір отынның үлкен бөлігін алауларда босқа жағып жатады. Алайда олар соны тұтынушылардың барлық топтары үшін жеңілдікті көтерме бағамен сатуға міндеттелмеген болып шықты.
– Осыған байланысты QazaqGaz Aimaq тауарлық газды өткізуден алынбаған табыс айырмашылығы көлемінде шығын шегіп жатыр. Алынбаған табысты ол тұрақты, үздіксіз және апатсыз өндірістік циклды ұстап тұруға бағыттай алатын еді. Мысалға, 2023 жыл қорытындысында атаулы әлеуметтік көмекті және тұрғын үй көмегін алатын 177 764 азамат тауарлық газды субсидияланған баға бойынша алды. Тұтыну көлемі жылына 32,3 миллион текше метрді, шығыны 174,6 миллион теңгені құрады», – деп хабарлады Энергетика министрлігі.
Ведомство жылу-энергетикалық кешендердің жеткізілген газ ақысын уақытылы төлемеуі жыл сайын қайталанатынына назар аудартты. Тұтынылған газдың төлемін 2-3 ай кешіктіріп аударады. Салдарынан газ жеткізушіде салықтарды төлеуге, контрагенттермен, өнім жеткізушілермен есептесуге, сондай-ақ газ беру жүйесіне техникалық қызмет көрсетуге ақшасы жетпей қалатын кездер болады екен. Сол себепті депутаттар QazaqGaz компаниясына да субсидия сұрап отыр.
Бір жыл ішінде апаттық-диспетчерлік қызметтерге газ құбырларында, жабдықтарында, абонентте апатты жағдай туындағаны туралы 71 230 шағым түсіпті. 428 апат болған.
Жаңа заң қабылданған соң бұқара мен бизнес газ есептегіштерін өз ақшасына ауыстыруға мәжбүрленуі мүмкін. Себебі заң жобасында ұсынылғандай, бұдан былай есептегіштер деректерді қашықтықтан беруді қамтамасыз етуге және Еуразиялық одақтың техникалық регламенттері мен ұлттық стандарттарға сай келуге тиіс. Осы орайда жеке тұлғалардың үйінде 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін орнатылған және деректерді қашықтықтан беруді қамтамасыз етпейтін есепке алу аспаптарының пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін тұратыны айтылды. Ал заңды тұлғалардан 2025 жылғы желтоқсаннан кешіктірмей жаңа есептегіш орнату талап етілуі мүмкін. Мұның да газды ысырап етпей, үнемді пайдалануға ықпал ететіні айтылды.
Бұдан бөлек, Үкімет біріншіден, газ тасымалдау және газ тарату жүйелерін цифрландыру үшін өнеркәсіптік тұтынушылардың да «газды есепке алудың механикалық аспаптарын» «телеметрия функциясы бар газды есепке алу аспаптарына» ауыстырады. Екіншіден, газбен жабдықтаудың технологиялық объектілерінде газ шығынының, босқа ағып кетуінің санын, сипатын анықтау үшін жаппай тексеру жүргізбек. Үшіншіден, халықтың газ тұтынуын анықтайтын талдамалық жүйе, портал іске қосылады. Сонымен қатар халық арасында газды барынша аз, ұтымды пайдалануға үндейтін түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Бүгінде елдің ішкі тұтынуы мен ұлттық энергетикалық балансының құрылымында газ екінші орынға шықты, оның үлесі 24%-ға жетті. Көмір және басқа органикалық отынмен салыстырғанда, газ экологиялық таза саналады. Сондықтан декарбонизация саясаты, өңірлерді газдандыру, ел экономикасының өсуі аясында алда оның тұтыну құрылымындағы рөлі мен үлесі тек артады.
Алайда ОПЕК-тің OPEC Annual statistical bulletin есебінде айтылғандай, соңғы онжылдықта Қазақстанда газдың минералдық-шикізат базасы нашарлады, қоры азайды. Газ қорларын ұлғайту, өндірілген қорын жаңа ашылған кен орындарымен өтеу үшін жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық барлау бағдарламасын іске асырады, әйткенмен, Энергетика министрлігі инвесторлардың орындаған жұмыстарының көлемі тым жеткіліксіз болып қалуда дейді.
Сондықтан жер қойнауын пайдаланушыларды геологиялық барлауды қаржыландыруға көндіре алмаған шенеуніктер тұйықтан шығар жолды тұтынушыларды газды неғұрлым аз және үнемді қолдануға иліктіруден көріп отырғанға ұқсайды.
Елдос СЕНБАЙ