Онда күн тәртібінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген құжатты даярлауға М.Ескендіров, С.Алдашев, Ш.Бұқтұғұтов, Б.Қаниев, Ә.Нәутиев, Л.Рысбекова, Д.Тұрғанов және С.Шайдаров сынды Парламент депутаттары бастамашы болған екен. Осы ретте «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Мұқаш Ескендіровпен сұхбаттасқан едік.
– Мұқаш Зұлқарнайұлы, сертификаттау саласындағы бүгінгі қалыптасып отырған ахуал қандай? Заң жобасын ұсынудағы мақсат не?
– 2023 жылғы қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы сертификаттау саласын реттеуді тапсырған болатын. Осыған байланысты заң жобасы бізге күзде келіп түсті. Содан бері жұмыс тобының 10-нан артық отырысы өтті. Депутаттар 147-ден астам ұсыныс енгізді. Парламент Мәжілісінің комитеттері оң қорытындыларын берді.
Заң жобасының негізгі мақсаты – қазақстандық нақты тауар өндірушілерді айқындауға мүмкіндік беретін, олар туралы және олар өндіретін тауарлар туралы ақпаратқа қол жеткізудің бірыңғай нүктесін қамтамасыз ететін, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыратын Тізілімді (реестр) енгізу. Бұл импорттық тауарларға тәуелділікті төмендетуге, жоғары локализация деңгейі бар өндірістік циклды қалыптастыруға, заманауи технологияларды жеткізуге, олардың трансферті мен жаңа өндірістерді локализациялауға мүмкіндік береді.
Қазір үш түрдегі сертификат қолданыста екені белгілі. Олар – СТ-KZ, индустриалды сертификат және экспорттық тауар шығу сертификаттары. Бұл құжаттардың барлығын әрісі 2008, берісі 2019 жылдан бері «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасы береді. Бүгінде сертификаттау процесі жоғары деңгейдегі адами фактор ықпалына ие екенін жасыруға болмайды. Сондай-ақ олар мемлекеттік ақпараттық жүйелермен, өндірушілердің бірыңғай дерекқорымен интеграцияланбаған. Бұл кемшіліктер сертификаттау процедураларының объективтілігі мен ашықтығына қауіп төндіреді. Сондай-ақ қазіргі сертификаттау процесі едәуір уақыттық және қаржылық шығындарды талап етеді, бұл шағын және орта бизнес үшін қиындық тудырып отыр. Әрі сертификаттар ақылы және жеке сарапшылардың қорытындысы негізінде беріледі. Мәселен, осы күнге дейін елімізде 50 мыңнан астам CT-KZ сертификаты мен 1 мыңнан артық индустриялдық сертификат берілген екен. Сертификатқа өтініш бергеннен кейін тауар өндірушілер өндіріс орнына сарапшыларды шақырады, оларға еңбегі үшін ақы төлейді. Айталық, CT-KZ құжатын алу үшін 16 мыңнан 500 мың теңгеге дейін, ал индустриялдық сертификатқа 350 мың теңгеге дейін төлеу керек. Бұған сарапшылардың іссапар шығындары қосылады. Бұл енді ресми төленетін ақшасы. Егер сарапшы өндіріс орнында он күн жүрсе, кәсіпкер оның күн сайынғы шығынын төлейді. Яғни, қазір CT-KZ пен индустриялдық сертификаттың пайдасынан гөрі зиянын көріп жатқандар көбірек болып отыр.
Міне, осыған байланысты заң жобасы аясында енгізу жоспарланып отырған Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі қолданыстағы барлық өндірушілердің тізімін біріктіріп, СТ-KZ мен индустриалды сертификаттарды функционалды түрде алмастыратын болады. Қазіргі ұсынып отырған бірыңғай реестрге кәсіпорындар ақысыз енгізіледі және оған қосылу мерзімі бойынша шектеулер болмайды, бұл бизнес үшін уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Тізілім биыл қолданысқа енгізілмек, ал CT-KZ нысанындағы сертификаттар мен индустриялық сертификаттар 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыста қалады. Заң қабылданып, реестр іске қосылса, қазақстандық кәсіпкерлер «Атамекеннің» артынан жүгірмейді. Сол сияқты қазір бірнеше түрлі тізілім бар, олар «Самұрық-Қазына» тізілімі, жиһаз өндірушілерінің отандық тізілімі, индустриалды сертификаттар берілген отандық тауар өндірушілердің тізілімі, «Қазақстандық құрамдас бөліктер» интернет-порталы және тағы басқалар. Міне, осылардың барлығын біріздендіру керек.
– Заң жобасында нендей жаңашылдықтар бар?
– Ал енді жаңа заң жобасының новелласына келсек, құжат жаңа айтқандай қолданыстағы сертификаттардың орнына Қазақстанда шығарылған тауарлар тізілімін (реестр) жасауға, отандық өндірушілерді қолдауға, Қазақстандық тауар үлесін арттыруға бағытталған. Мәселен, сараптаманы цифрландыру, толыққанды ақпараттық жүйе құру, отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету қарастырылған. Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар тарапынан келесідей маңызды ұсыныстар енгізіліп, ол Үкімет қорытындысында қолдау тапты.
Біріншіден, заңда уәкілетті орган ретінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін (ӨҚМ) айқындалды, Тізілімнің атауын және оны жүргізу тәртібін өзгертетін түзетулер енгізілді. Олар – цифрлық верификация жасай әрі өндірісті бағалай отырып Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін (реестр) құру.
Екіншіден, Қазақстандық тауар өндірушілердің тізіліміне енгізу үшін өндіріс жағдайларына, өндірістік және технологиялық операцияларға қатысты талаптарды белгілейтін ұсыныстар енгізілді. Оны салалық мемлекеттік органдармен бірге Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі белгілейді.
Үшіншіден, тізілімді қалыптастыру және одан кейінгі мониторинг шеңберінде өндірушілердің өндіріс жағдайын бақылаудың тиімділігін, олар ұсынған мәліметтер мен құжаттардың дұрыстығын арттыруға бағытталған түзетулер енгізілді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі салалық мемлекеттік органдар мен салалық қауымдастықтарды тарта отырып, өндірісті бағалауды жүзеге асырады, ал ұсынылған мәліметтер негізінде өндірісті бағалау мүмкін болмаған жағдайда бұл жұмыстарды көшпелі инспекция құрылып, жүзеге асыратын болады. Мониторинг цифрлық верификациялау арқылы мониторинг 3 айда бір рет жүргізіледі.
Төртіншіден, тауарлардың шығарылған елін айқындау мақсатындағы сараптаманы мемлекеттік бақылау мен лицензиялауды алып тастау туралы ұсыныс қолдау тапты. Өйткені ол бизнес үшін әкімшілік және қосымша жүктеме болар еді. Оның үстіне, тізілімді жүргізу шеңберінде онсыз да бақылау жүзеге асырылмақ. Мәселен, реестрге енгізер алдында кәсіпорында қанша тауар өндіреді, қанша адам жұмыс істейді, қанша салық төлейді, соның барлығы тексерілетін болады. Оның қорытындысында не кіргізеді, не толықтыруға жібереді, не қарсымын деген ұйғарым шығарады. Осылайша, жалған тауар өндірушілерге тосқауыл қойылады.
– Нақты артықшылықтарын санамалап бере аласыз ба?
– Тізілімді енгізу Қазақстанда жұмыс істейтін тауар өндірушілер туралы өзекті ақпаратқа қол жеткізудің бірегей нүктесін құруға мүмкіндік береді. Өндірісті растау жүйесіндегі қазіргі жағдайда мемлекеттік қолдау шаралары көбінесе нақты бағытталмаған, бұл олардың тиімділігін төмендетіп отыр. Экономиканы дамыту және әртараптандыру бағытындағы мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде мемлекеттік қолдауды тек Қазақстандық тауар өндірушілерге бағыттау жоспарлануда. Бұл тәсіл ресурстарды мақсатты пайдалану, жергілікті өндірісті ынталандыру және Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен олардың өндірушілері туралы ақпаратқа бірегей қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, ұлттық экономиканың дамуына ықпал жасайды. Сондай-ақ адами факторды минимизациялауға және тауар өндірушілерді тізілімге қосу процесін жеделдетуге мүмкіндік береді. Цифрлық деректерді пайдалану жабдықтармен, технологиялық операциялармен және тағы басқа манипуляция жасау тәуекелдерін төмендетеді. Компаниялар өздерінің шығу тегін тез растап, реттелетін сатып алуларға қатыса алады, бұл нарықтағы сенімділікті арттыруға ықпал етеді. Әзірленіп жатқан тізілім СТ-KZ сертификаттары мен өнеркәсіптік сертификатты беру тәртібімен байланысты анықталған кемшіліктерді ескере отырып, тауар өндірісін растау жүйесін жетілдіруге бағытталған. Бұдан бөлек, әзірлеу барысында жеке сараптамадан мемлекеттік сараптамаға көшу ұсынылады, онда бизнес өкілдері де қатысатын болады. Тізілімді енгізу өтініш беруші мен әкімші арасындағы байланыстарды минимизациялауға мүмкіндік береді.
– Бұл жаңалық кәсіпкерлер қауымына ендігісі қызық боп жатқан болар. Ендеше тізілімге ену жолы қандай?
– Тізілімді қалыптастыру және жүргізу бірнеше кезеңнен тұрады: өтініш беру, цифрлық верификациялау, өндірісті бағалау және тізілімге қосу немесе қоспау туралы шешім қабылдау. Мұнда толыққанды ақпараттық жүйе болады және ол қажетті құжаттарды сараптама жүргізу үшін басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланады. Әлгі ақпараттық жүйеде кәсіпорын қанша электр энергиясын тұтынады, неше адам жұмыс істейді, бюджетке салық төлей ме, сосын бейнекамералар арқылы өндіріс жұмыс істеп тұр ма, жоқ па, солар көрінуі керек. Егер бәрі кәсіпкердің айтқанындай болса, бес жұмыс күні ішінде оны тізімге қосады.
Осы ретте айта кетер жайт, бірыңғай реестрге қосылу-қосылмау ерікті түрде жүреді. Кәсіпкерлерді оған кіруге ешкім міндеттемейді. Егер мемлекеттік сатып алуға қатысқысы келетіндер болса, яки ірі квазимемлекеттік кәсіпорындармен, кен өндірушілермен жұмыс істегісі келсе, тізілімге кіру керек. Бұл биыл қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Мемлекеттік сатып алулар туралы заңда қарастырылған. Болмаса кіру-кірмеуді өзіңіз білесіз.
Жаңа айтқандай, Қазақстандық тауар өндірушілердің реестріне енген кәсіпорындарға үш ай сайын мониторинг жасалады. Мақсат жұмыс істеп тұрғанын білу. Өкілетті органның қызметкерлері бейнекамералар арқылы тексеріп, егер өндіріс тоқтап тұрса, оның себебін анықтайды, қажет болған жағдайда аяқтай барып тексереді. Егер жұмысы жанданбаса, әрине тізімнен шығарылады, мемлекеттік қолдаудан айырылады. Мұндай тексерулер еліміздегі «жалған» кәсіпорындарды анықтауға көмектеседі. Мәселен, белгілі бір өнімді жасауға Қытайға тапсырыс беріп, оны алып келіп логотип, этикетка, штрих код тағы басқа жабыстырып, өзінің өнімі етіп көрсту – әлемде бар практика. Қазақстан да одан тысқары емес. Міне, алдағы уақытта осыған жол берілмейтін болады.
Бұл заң жобасын қабылдағаннан кейін Қазақстандық тауарлар тізілімін енгізу бойынша нормативтік құқықтық актілер әзірленетін болады. Тоқетерін айтқанда, сертификаттау талап ету ғана емес, қолдау құралына да айналатын болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрлан ҚОСАЙ