Қозыбасы неге елеусіз қалды?

Тарихын білмеген елдің болашағы бұлыңғыр. Бұл – өмір шындығы. Уақыт ақиқаты. Сондықтан өткенді ұлықтау, барды бағалау бүгінгі, һәм келер ұрпақтың парызы.

Алайда «тарих» деген де «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз аз емес. Әсіресе, бабадан балаға жеткен құнды мұрамызды қастерлеп, танытуда ақсаудамыз. Оған бір ғана дәлел – Қазақ хандығының Туы тігілген Қозыбасы мекені  бүгінде елеусіз қалып отыр.   

Қазақ хандығының жалауы жел­біреген Мойынқұм ауданы­ның біраз жері Шу өзенінің бойын­да ор­наласқан. Айдарлыдан Ұлан­бел­ге дейінгі ауылдар Шу өзенін бой­лай қоныстанған. Кезінде Асан қайғының өзі табиғатына там­санған Шу бойы бүгінде төрт тү­лікке пана, жанға сая мекен. Мұн­да тарихтың әр кезеңінде ауа кө­шу, қайта оралу процестері жү­ріп жатты. Әсіресе, ең маңызды та­ри­хи оқиға – Керей мен Жәні­бек сұлтандардың Әбілхайыр Шай­баниден бөлініп, осы Шу бойына қоныстанып, қазақ хан­ды­ғының ірге тасын қалауы. 

Кез келген халықтың жаз­ба­ша және ел ішінде ауыз­дан-ауызға тараған тарихы бо­лады. Біздің де ұрпақтан-ұр­пақ­қа жетіп, ауыздан-ауызға беріліп кел­ген тарихымыз бар. Оны көне­нің көзі, тарихтың өзі болған қа­рияларымыз жадында сақтап ке­леді. Алайда олардың саны бүгінде си­реуде. Көне көздердің айт­қан­дарын қағазға түсіріп, кейінгі ұр­паққа жеткізу парыз. Міне, сон­дай даналық дәнегін сеуіп жүрген өл­кетанушы ақсақалымыздың бірі – Ахметәлі Жанғозиев. 

Өлкетанушы жиырмасыншы ғ­а­сырдың екінші жартысында өмір сүрген қариялардың айтқан де­ректерін хатқа түсіріп, сол оқи­ғалардың тарихи шындыққа жа­на­сатынын дәлелдеп кеткен жан. Ол жазбаларын «Мойынқұм – та­рихи өлке» атты кітапқа жинақтап, ке­лер буынға мол мұра қалдырып отыр. 

«Мойынқұм ауданындағы Қа­ра­бөгет ауылынан арқаға апара­тын жолда, Қарабие өзенінің бойын­да «Қайып» деген жер бар. «Қайыптан» шығысқа қарай 12 ша­қырымдағы жерді «Қасым ба­сы» деп атайды. Бұл өңір Қасым хан мен Қайып ханның жайлауы бол­ған. Осы тұстан терістікке қа­рай 40 шақырым жүрсеңіз, «Қи­лы­қожаға» барасыз. Ол кісі Ақжол бидің (Дайырқожаның) інісі. Ал «Керегетаста» «Жәнібек қыстауы» дей­тін жер бар. Мұнда Арғын-Жа­лайыр болысына қарасты 16 ауыл­дың адамдары, атап айтқанда Ма­­­­хамбет, Ыбырайымқұлдың әулет­тері 1929 жылға дейін қыстап келді», – дейді тарихи жазбасында автор.

Ахметәлі Жанғозиев айтып отыр­ған тарихи жерлер бүгінгі күн­ге дейін сақталған. Қасым хан – Жә­нібек сұлтанның баласы болса, Қайып хан – Тәуке ханның бала­сы. Керей мен Жәнібектің Әбіл­хайыр­дан бөлініп кетуінің бір се­бебі – Ақжол биді (Дайыр­қо­жа­ны) қарақыпшақ Қобыланды батыр­дың өлтіруі. Ақсақал айтып отыр­ған Жәнібектің қыстауы бол­ған «Керегетас» деген жер Сарыө­зек ауылының тұсында, солтүс­тік­ке қарай шамамен 30 шақырым жерде орналасқан.

Ахметәлі Жанғозиев тағы бір де­ректі былай баяндайды: «Кіші Қам­қалы ауылының шығыс жа­ғын­дағы Шу өзенінің терістік бет­кейіндегі жер мыңдаған жыл­дар бойы «Қаратал» деп аталып ке­леді. Жері шұрайлы, тірлікке қолайлы өзеннің бұл маңының ені қысқа, яғни ұрымтал тұс. Жәнібек пен Керейдің көші нақ осы жерде мұз үстімен өзеннің теріскей бе­ті­не өткен. Жәнібек хан мен оның ба­ласы Қасым хан қыстаған «Қа­раталды» ырым қылып, қойтас бо­лысы Мәдібек Кеншімов осы жер­ден қыстау салған. 1960 жылы Мә­дібектің қыстауының орнына «Мойынқұм» кеңшарының бірін­ші бөлімшесі орнықты», – дейді қария.

Бүгінде жоғарыда айтылған «Ке­ре­гетастағы» Жәнібек сұл­тан­ның қыстауының орнын ешкім дәл айта алмауда. Ал Қараталдағы Жә­нібек сұлтан мен Қасым хан­ның жұртының орнында Кеңес дәуіріндегі ғимараттардың қаң­қа­сы тұр. Ахметәлі Жанғозиевтің айтуын­ша, 1983 жылы Сарыөзек ауылында «Кенесарының өткелі» де­ген жер болыпты. Ол маңда Бай­тал кеңшарының малшылары жайлауда отырған.

Кенесары өзіне қарасты 20 мың түтінімен орыс әске­рі­нің қысымына шыдамай оңтүс­тік­ке ығысып, Шу өзенінен өткені тарихтан белгілі нәрсе. Сол өткел Қараталдың маңында, Шудың ең енсіз жерінде орналасқан. Бұ­рын­да­ры ол жерді «Кенесарының өт­­­келі» деп атаса, қазір халық «Тасөт­кел» деп атайды. Себебі өткелдің табаны қиын-керіш, тастақтан құралған.

Тағы бір айта кететіндігі Ке­рей­ді Ақ киізге отырғызып, хан сай­­­­лаған жерді 1465 жылдары М.Дулати өзінің «Тарих-и Ра­ши­ди» атты еңбегінде «Тұлпарсаз» деп атап өтеді. Бұл жайында кейін­нен Жамбыл облысы әкімдігінің Тіл­дерді дамыту басқармасының қол­дауымен жарық көрген «Та­рихи зерде – жаңғырған атаулар» атт­ы кітапта айтылады. 

«Демек, осынау қасиетті қо­ныс, хан жайлаған өңір Мойын­құмдағы Қозыбасы тауы Қазақ хан­дығының алғаш Туы жел­біре­ген жері екені даусыз. Тұлпарсаз – Жамбыл облысының Мойын­құм ауданының орталығы – Мойын­құм ауылынан басталып, Құ­мө­зекке дейінгі Шу өзенінің аты­рау­ланып келіп таралатын, ша­мамен 40-50 шақырым ара­лығын алып жат­қан бөлігі. Бұл жер­ді тұрғы­лық­ты халық ежелден «Тұл­пар­саз» деп атаған. Сыр бойы­нан тыш­қан жылы қара күз­де үдере көшкен Керей мен Жәні­бек сұл­тан­дар бастаған көш Мойын­құм­да қыстап шығып, келе­сі жылы көк­темде Керейді ақ киіз­ге кө­теріп хан сайлаған. Яғни, Тұл­парсаз – қазақ хандығы тари­хын­дағы аты алтын әріппен жа­зылу­ға тиіс қасиетті жер», – делін­ген құн­ды жазбада. 

Байқап тұрсаңыздар, Қазақ хан­дығының Туы тігілген Шу бойын­­да тарихи орындар өте көп бол­­ған. Алайда осы құндылық­тары­­мыз өз деңгейінде ұлықталып жа­тыр ма?

– 2015 жылы Қазақ хан­дығы­ның 550 жылдығы аталып өтті. Бұл шара Тараз қаласында ұйым­дастырылды. Әрине, Тараз – 2000 жыл­дық тарихы бар Жібек жолы­ның бойындағы белгілі қала. Алай­да мерейтой кезінде Қазақ хан­дығы құрылған, «қазақ» деген ұлт­тың тұсауы кесілген қасиетті жер Шу бойы, Тұлпарсаз бен тағы бас­қа тарихи жерлерді ешкім ізде­ген жоқ. Былайша айтқанда таса­да қалды. Ең болмаса сол іс-ша­раның аясында ғылыми экс­­­­педиция ұйым­дастырып, өлкетанушы қарт­тарымызға жолығып, қосым­ша деректер жинап, не болмаса тарихи жерлерді анықтап, белгі қойса болатын еді. Уақыт өте келе бұл жерлерді де көрсететін адам­дардың қатары сиреп бара жат­қа­ны және бар. Жер бетінде 1,5 млрд мұсылман болса, бәрінің тәу ете­тін жері – Мекке-Мәдине, яғни Ислам дінінің орнаған жері. Сол сияқ­ты жер бетінде шамамен 20 мил­лион қазақ болса, қазақ ұлт­ты­ның атауы дүниеге келген жері, мем­лекеттіліктің пайда болған ме­кені Мойынқұм, төменгі Шу бойы­на атбасын бұрып, әркім құр­мет көрсетуі керек деп ойлай­мын. 

Осы қасиетті жерлерді іздеп ке­­­летін бір қазақ болатын болса, сол тарихи жерлерге ең бол­маса стелла қойып, тақтайшаға қыс­қаша жазып қою сияқты әре­кет­тер жасау керек. 

Қазақ хандығының 550 жыл­дығына орай кинофильм түсіріл­генін бәріңіз білесіздер. Ол тарихи Туынды болғандықтан сол кино­ның ең болмаса бір сериясын осы Шу бойында түсіріп, жер атау­ла­рын халықтың есіне салып, сол жер­­лерді көрсетіп, ауып келген елге сая, малына пана болған Мойын­­құмның табиғатын, һәм тарихын таныстырғанда дұрыс болатын еді.

Кіші Қамқалыда, кезінде Сә­кен Сейфуллинді Арқадан Әулие­таға жеткізген Сүйіндіктің ұрпақ­тары Шу өзенінің бойына, Сәкен өткен өткелге белгі қойды. Ал Қа­зақ хандығының Туы тігілген Қо­зыбасыға бір белгі қоя алмай отыр­ғанымыз өте өкінішті. Бұл ба­ба­лар рухы мен ұрпақ алдын­да­ғы ұят нәрсе, – дейді тарихшы, өл­кетанушы Мақсұт Омаров. 

Иә, өлкетанушының қын­жылысы орынсыз дей алмаспыз. Шынында, бүгінде Қазақ хан­ды­ғының 550 жылдық мерейтойынан қалған дүние некен-саяқ. Әр об­лыс салып берген саябақтар қала құры­лысының бір бөлігіне айна­лып кетті. Тек Керей мен Жәнібек ханға қойылған ескерткіш бол­ма­са, елдігімізді көрсетіп тұрған еш­­теңе жоқ. Ал Қазақ ханды­ғы­ның Туы тігілген Қозыбасы құм үйіл­ген төмпешік қана болып жа­тыр. Егер «Қазақ хандығы» фи­ль­мі желісіне орай Қозыбасыдан ша­ғын қалашық тұрғызып, туын­дыны осында түсіргенде кейінгі ұрпақ­қа сол жәдігерлер мол мұра болып қалар еді. Әрі бұл турис­тер­ді тар­татын бір тетік болары хақ. Алай­да мұны ойлаған ешкім бол­мады. 

«Ештен кеш жақсы» дейді қа­зақ даналығы. Бәлкім қазіргі об­лыс пен Мойынқұм ауданының әкім­дері осы мәселені қолға алып, Қо­зыбасына бір белгі қойса, жо­ғал­ғанымыз табылып, ұмыт бол­ға­нымыз қайта жаңғырар ма еді?!

Саян ТІЛЕУЖАН,

Жамбыл облысы