Сол жылдары елге келген ұлы өзгерістерді бейнелейтін суреттері арасынан «Радио тыңдау», «Колхоз тойы» (1937), «Колхоздың сүт фермасы» (1936), «Сүт машинасы» туындыларын байқасаңыз жаңашылдыққа үрке де таңғала қараған адамдардың келбетін байқар едіңіз. Әлімсақтан күні бүгінге дейін ғылым мен өнердің барлық саласында Көне мен Жаңаның тайталасы тоқтаусыз жалғасып келе жатыр. Біз мұнда ескіні мансұқтап, тек жаңаны жарылқауды тұспалдап отырған жоқпыз. Айтпағымыз басқа...
Белгілі бір қалыпты тіршілікке еті үйренген адам сол таптаурын тірлігімен ғұмыр кеше беруге бейіл. «Үйрек синдромы» деп аталатын психологиялық құбылыс осыны растайды. Бұл синдром әйгілі аустралиялық зоопсихолог және Нобель сыйлығының лауреаты Конрад Лоренцтің тәжірибесінің арқасында дүниеге келді. ХХ ғасырдың басында ол қаз балапандарына бірқатар тәжірибелер жүргізіп, импринтинг деп аталатын құбылысты тапты. Лоренц егер балапан туылғаннан кейінгі алғашқы 12-17 сағатта қаздың орнына кез келген қозғалатын затты көрсе, оны анасы деп қателесетінін байқады. Тіпті, балапандар жансыз роботты көрсе де, допты немесе резеңке үйректі де «анам» деп тануы ғажап емес. Ал нағыз үйрек анасы қанша шақырғанымен балапан жауап бермейді, өйткені оның миында анасы доп немесе резеңке үйрек. Лоренц эксперименттерінде қаздар болғанына қарамастан, неміс тілінен ағылшын тіліне, содан кейін орыс тіліне аударудағы қателікке байланысты «үйрек синдромы» деп аталды. Басқа ғалымдар да кейінгі тәжірибелері импринтингтің әсерін растады.
Айтпақ ойымызды көрермендер мен сыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болған былтырғы жылдың ең үздік анимациялық фильмі атанған режиссер Крис Сандерстің «Жабайы робот» туындысы арқылы тарқатып көруге тырысалық. Биылғы Оскар жүлдесіне басты үміткер болып отырған бұл мультфильмнің ерекшелігі неде дерсіз?! Алдымен Питер Браунның романына негізделген туынды оқиғасына зер салсақ, алапат дауыл әсерінен Universal Dainemix компаниясы шығарған Rozzum 7134 атты көмекші гиперинтеллектуал робот елсіз аралдағы орманға тап болады. Тек адамдардың талап-тілегін орындауға бейімделген андроид енді ормандағы жануарлардың тапсырмасын орындауға кіріседі. Аң тілін түсінбегендіктен түрлі кедергілерге ұшырағанына қарамастан, таңғажайып мүмкіндіктері бар құлтемір ақыры жан-жануарлардың тілін де меңгеріп алады. Орманда түрлі жағдайды бастан кешірген робот алып аюдан қашамын деп ағаш басындағы қаз ұясын бұзып алып, тек бір жұмыртқадан өзгесі қаза табады. Сол жұмыртқаны жарып шыққан қаз балапаны дүние дидарын алғаш көргендегі бейнесі – робот болғандықтан, оны анам деп таниды. Қаз балапаны қаз-қаз басып құлтемірдің артынан бір елі қалмайды...
Біздің кезімізде...
Мұның барлығы зоолог Конрад Лоренц ашқан «үйрек синдромымен» байланысты екенін айттық. Яғни, бұл белгілі бір ақпаратты есте сақтау, оған тәуелділік, мінез-құлықтағы кейбір үлгілердің бейсаналық көрінісі. Енді бұл синдромның адамдарға қандай қатысы барын түсінуге тырысайық. Біз де балалық шақта, яки ересек кезімізде көзіміз үйренген, өзіміз бейімделген таптаурын жолды шиырлап жүріп алғымыз келеді. Одан аулаққа барғымыз келмейді. Кейінгі таңсық дүниелердің барлығы ұнамсыз секілді көрінеді. Мәселен, үлкен ақсақалдардың «Заманның түзу кезінде...» деп сөз бастайтынын естіген боларсыз. Дегенмен ол заманның тарихтан өте қиын да ауыр болғанын оқимыз. «Бұрынғы шалдар айтқыш еді, батыр еді, ал қазіргі жастар...» деп сөйлейтін үлкендерді де жиі кездестіреміз. Дегенмен өткен заманды аңсап, бүгінге көңіл толмау әр заманда көрініс тапқан. Мәселен, Б.э.д. V ғасырдың өзінде Сократ: «Бүгінгі жастар молшылыққа үйренген. Олар жаман өнегемен көзге түседі, беделділерді жақтырмайды. Балалар ата-аналарымен дауласады, асты қомағайлана жұтады және мұғалімдерді титықтатады» деп налиды. Ал Еуропалық діни уағызшы Пётр Амьенский: «Дүние аласапыран кезеңді бастан кешіруде. Қазіргі жастар өздерін ғана ойлайды. Жастарда ата-аналарға немесе кәрілікке деген құрмет жоқ. Олар барлығына шыдамсыздық танытады. Олар бәрін білетіндей сөйлейді және даналық – олар үшін ақымақтық» деп күйінеді. Егер бұл пікірлерді бүгінгі бір ақсақал айтты десе нанасыз. Классик жазушы Л.Толстойдың «Жұдырықтай бидай дәнегі» атты шағын әңгімесі есіңізде болар?! «Ертеде бір диқаншы егін егіп жатып, жұдырықтай дән тауып алды. Бұрын-соңды мұндай үлкен дән көрмеген екен. Оны патшаға апарды. Патша да жұдырықтай дәнді көріп, таңғалды. Ненің дәні екенін ешкім білмей дал болды. Патшаның уәзірі: – Осы елде көпті көрген, көп естіген қария бар деп бір ақсақалға келеді. Оны көрген бойда қария: – Еһ, жарықтық, бар екенсің ғой. Мен сені тұқымың біржола құрып кетті ме деп едім, – деп дәнді алып жылай берді. Патша мен уәзірі түк түсінбеді. Сәлден соң қария: – Біздің кезімізде бидайдың дәні осындай, жұдырықтай болатын. Құдай біздің пейілімізге жердегі жемісті үлкен етіп берді. Ол замандағы адамның да көңілі кең болатын. Ақша, базар, өсімқорлық дегенді білмедік. Жұрт бір-бірін алдамайтын, өтірік айтпайтын. Үлкен де, кіші де берген уәдесіне берік болатын. Ел кедей, бай болып бөлінбейтін. Кішіге зәбір көрсету деген атымен жоқ. Жігіттері бірінің атын бірі қамшылап, «мен болмайын, сен бол» дейтін. Қыздары ердің бетіне тура қарай алмайтын, ибалы, инабатты еді. Қарттардың кеудесі толған қазына. Сөзі майдай жағатын, тыңдасаң, мейірің қанатын. Кейін адамдар әдептен, ардан аттаған соң, Құдай пейілдерін алып, олардың несібесін де қысқартты. Мынау – сол заманда жеген бидайдың дәнегі, – деді». Оралхан Бөкей шебер аударып ұсынған бұл шығармада да өткен заманның керемет, бүгінгі заманның кері кеткені суреттеледі. Ал Ф.Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романындағы кейіпкер Аркадий Свидригайловтың: «Халық маскүнемдікке салынды, білімді жастар әрекетсіздігінен орындалмайтын түстер мен қиялдарға берілді, теориялар да ажарсызданды, қайдан екені белгісіз ақшаны тығатын, ал қалғанын азғындыққа жұмсайтын жидтер қаптап кетті» деген мына сөзінен Петербургтегі жайсыз ахуалды байқауымызға болады.
Өзі өмір сүрген заманын мақтап, кейінгі заманға кейіп отыратындар бұрын да болған, әлі де бар. Мәселен, КСРО заманын көргендердің әңгімесін тыңдасақ, «біздің кезімізде жақсы еді, білімі терең еді, адамдары ерек еді, заттары сапалы, үлкендері баталы еді» дейді. Мәселен, «теңдік болды» дегенге келсек, қарапайым совхоз бастығы, судың бастығы, қырман меңгерушісі, свет бастығы, керек десеңіз жәй ғана мектеп директорының баласы десе жандарын қоярға жер таппай үркуі теңдік пе?! Бұл ескілікті аңсау ма, әлде сол ескі ғұмырдағы жағымды естеліктерге деген сағыныш қана ма? Мысалы, кеңес дәуірін көрген адамдардың көбі «ең дәмді балмұздақ «ақ пломбир» екеніне сенімді, ал оның алғашқы «Ладасы» — ең жақсы көлік. Бір зерттеуде адамдарға бір картинаны 1905 жылы, екіншісін 2005 жылы салғанын айтып, екеуін бағалауға ұсыныпты. Қатысушылардың барлығы дерлік «ең жақсы картина» деп ескі жұмысты таңдаған екен.
«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық»
«Үйрек синдромы қалай қалыптасады?» деген сұраққа психологтер: «Адам жаңа нәрсені сынап көріп, бұл тәжірибеге риза болса, оның миында жаңа нейрондық байланыстар пайда болады және ләззат гормоны – дофамин түзіледі. Процесс пен адам бастан өткерген жағымды эмоциялар арасындағы берік байланыс орнығады. Сондықтан да алғашқы әсер қашанда жағымды. Енді ол адамға өзге балама ұсынсақ қабылдамайды. Себебі эмоционалды тепе-теңдікті бұзудан гөрі ештеңе жасамау оңайырақ деген сенім бейсаналы түрде қалыптасады», деп жауап береді. Мамандар «үйрек синдромының» теріс әсер етуі мүмкін екендігі туралы бірнеше мысал келтіреді. Яғни, жаңадан бас тарту. «Әлем бір орында тұрмайды, заманауи қызметтер мен технологиялардан бас тарту айтарлықтай кері кетеді. Қарым-қатынас мәселесінде де кері әсері бар» дейді мамандар. Мысалы, бір экспериментте адамдар әртүрлі критерийлер бойынша сыртқы түрінен мінезіне дейін ата-анасына ұқсайтын жарды таңдауға бейім екені анықталады. Мәселен, көп адамдар өз жартысын табуға қарағанда өмір бойы бақытсыз некеде өмір сүруге бейім. «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» деген принципін ұстанады. Себебі жаңа таныстық – жаңа эмоцияларды, жаңа кедергілерді тудыруы мүмкін. Бұл тек романтикалық қарым-қатынасқа ғана емес, сонымен бірге достарымен, туыстарымен және әріптестерімен қарым-қатынасқа да қатысты. Мамандыққа қатысты тұсын айтар болсақ, адам алғаш қызметін бастаған саласын өзгерткісі келмейді және 22 жасында алған мамандығына адал болып келеді. Оны тіпті табыстың төмендігі мен қызметіне қызығушылықтың болмауы да орнынан қозғамауы мүмкін. Г.Андерсенның «Сүйкімсіз үйрек» ертегісінде өзін үйрек санаған аққу балапаны үйректер арасында бақытсыз ғұмыр кешіп, кейіннен өз ортасын тапқанда бақытқа кенелетіні де көп адамды өз ортасын табуға талпынуын меңземей ме?!
Қазақта «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген сөз бар. Импринтинг деп аталатын бұл әсердің айтпағы, мәселен сіз отбасыңызда көріп-өскен дүниелердің барлығы қалыпты құбылыс болып танылады. Импринтингтің ең танымал мысалы ретінде мына бір тәмсілді келтіруге болады. Кішкентай қыз анасының кешкі асқа балық дайындап жатқанын бақылап, табаға балықтарды салмас бұрын, басы мен құйрығын кесіп тастайтынының мәнісін сұрайды. Анасы «Әжең осылай жасайтын» дейді. Қыз әжесіне барып сұрағын қайталайды. «Мен жақсы білмеймін, менің анам солай жасайтын» дейді әжесі. Қыздың әжесінің анасы да әлі тірі болатын, оған барғанда жиеншарының бетінен сүйген кейуана: «Менің табам өте кішкентай болатын» деген екен. Яғни, бір нәрсенің ұзақ жылдар бойы солай жасап келген дәстүрі бар болуы оның ең жақсы баламасы дегенді білдірмейді дегенді тұспалдайды тәмсіл. Иә, бұл біз айтқан синдроммен астасып жатқан бір құбылыс. Демек, бұл синдромнан ұқпағымыз – ескіні құрметтеу арқылы, жаңадан қорықпау қажет.
Наурызбек САРША