Білім саласында заңсыздық белең алып тұр

Бүгінде жасөспірімдер арасындағы тәртіп мәселесі алаңдатып тұрғаны жасырын емес.

Буыны қатпаған жеткіншектердің бір-біріне әлімжеттік көр­сетіп, тіпті соңы қайғылы оқиғалармен аяқталып жатқаны жан түр­шіктіреді. Әсіресе, Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы былтырғы оқи­ға дүйім жұртты дүр сілкіндірген болатын. Мектеп әжетханасында көз жұмған 8-сынып оқушысына қатысты қылмыстық істің үкімін сот күні кеше шығарғанымен, ажал құшқан баланың ата-анасы «күдіктілерге жеңіл жаза берілді» деп шырылдауда.

Әлімжеттіктен әжетханада көз жұмды

Әңгіменің әлқиссасын әрі­ден бастасақ, 2024 жылғы 30 сә­уірде Құмжота ауылында Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің жоғары сынып оқу­шылары әжетханаға 8-сынып оқушылар­ын жинап, өз нұсқау­ларын орын­дауды талап еткен. Айтқандарына көндіру үшін оларды кеуде тұсынан жұдыр­ық­пен ұрып шыққан. Сол кезде Мирас Мәлік кеудесінің сол жақ бөлігінен алған соққының сал­дары­нан тіл қат­пастан көз жұмған.

Бұл оқиғада кінәлары жоқ екенін дәлелдеу мақсатында мек­теп әкімшілігі «баланың жү­ре­гі ауырады», «өздігінен тал­ып қал­ды» деген сынды сан сылтау­ды алға тартқан. Алайда Мирас­тың адам қолынан қаза тапқаны тек сыныптастарының «соққы алған соң құлады» деп куәлік ет­кенінен кейін ғана белгілі бол­ған. Ал күдіктілер қара жамыл­ған отбасы полицияға арыз жазғаннан кейін барып ұсталған.

Мирастың анасы Раушан Құдасованың айтуынша, ұлы 8-сыныпқа өтіп, таңғы ауыс­ымда оқи бастағаннан мектепке бар­ғысы келмеген екен. Кейін бел­гілі болғаны, жоғары сынып оқу­шылары үйлеріне апарып жұ­мыс істетіп, көнбесе ұрып-соққан. Бұл туралы мектеп әкім­ші­лігіне ата-ана сан мәрте ес­кертсе де, нақты шара қол­дан­ыл­мапты. Соңы қай­ғылы оқиға­мен аяқталып отыр. 

Күні кеше Жамбыл облысы­ның кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандан­дырылған ауданаралық сотында аталған қылмыстық іс қаралып, күдікті ретінде танылған үш мек­теп оқушысына сот үкімі шықты. 

«Үш сотталушының біреуі ауырлығы орташа санаттағы қылмыс жасаған деп айып та­ғыл­ғандықтан, оған бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Екі сотталушыға қатысты 293-баптың 2-бөлігі 1-тармағымен және 106-баптың 3-бөлігімен және де екеуінің біреуіне айдап салушы ретінде 28-баптың 4-бөлімімен қосым­ша жаза тағайындалды. Түпкіл­ікті 6 жыл 8 айға бас бостан­ды­ғынан айыру жазасы белгіленді», – деді сотта судья Гүлмира Әлімқұлова.

Бұдан бөлек, қара жамылған отбасыға сотталушылар тарапы­нан 11 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеу мін­дет­телді. Осылайша, мектеп қабырғасында жүріп қылмыскер атанған үш оқушыға қатысты нақты сот үкімі шықты. Алайда бұл жазамен марқұм Мирастың жақындары келіспей, аппеля­ция­лық сотқа шағым түсіргелі отыр.   

– Тергеу амалдары кезінде күдіктілердің түрмеде отырған бір күні екі күн болып есепте­леді. Сонда олар 1 жыл 8 айын отырып қойды деген сөз. Енді сот қылмыскерлерге 6 жыл 8 ай жаза белгілеп отыр. Яғни, ба­лам­ды өлтірген адамдар 5 жыл отырып шығады деген сөз. Бұл – әділетсіздік. Сондықтан біз Жоғарғы сотқа шағым түсіреміз. Қылмыскерлер әділ жазасын алмай, артқа шегін­бейміз, – дейді ұлынан айырыл­ып, қан жұтқан ана Раушан Құдасова.

Ал мектеп қабырғасындағы қазаны аяқасты болған ажал деп жасырған мектеп әкімшілігіне қатысты сот үкімі шыққан жоқ. Бұл бөлектенген іс бойынша қаралады екен. 

Міне, осылайша ай-күннің аманында әжетханада көз жұм­ған жасөспірімге қатысты ал­ғаш­қы сот үкімі шыққанымен, әлі нүктесі қойылмауда.

Жастардың жұмбақ өлімі

Байзақ ауданында былтыр бол­ған жантүршігерлік оқиғаның тағы бірі – мектеп оқушылары­ның өзіне-өзі қол салуы еді. 25 қазан күні Түймекент ауыл­ында 15 жастағы жеткіншек көше бойындағы мұнарада асыл­ған күйі табылды. Оның дене­сін алғаш марқұмның інісі көрген. Ал ертесіне осы көшеде тұратын 16 жастағы оқушы өз қорасынан өлі күйі анықталды. Екі жас­өспірім де ауылдағы Ғазиз Бай­тасов атындағы тірек мектебінде бір сыныпта білім алған. Бала кезінен тайқұлындай тебісіп өскен достардың бірі қаза бол­ғанда, екіншісі оның жаназасына қатысқан. Алайда ертесіне өзі қорасында асылған күйі табылып отыр. 

Жалпы, жастардың мұндай жұмбақ өлімі тәртіп сақшы­ларының өзін састырғаны анық. Себебі екі жасөспірім де ажал алдында сыныптастарына аудиожазба жіберген. Онда марқұмдар өздерін белгісіз бір күштің жетектеп бара жатқанын, содан құтқаруын сұрап жылаған. Тергеу амалдарына байланысты барлық аудиожазба тәркіленіп алынғанымен, бұл тұрғындар арасындағы үрейді үдете түсті. Біреулер балаларды бір адамдар ажалға итермеледі десе, енді екіншілер «бойларын жын бай­лады» деген болжамдарын жаса­ды. Алайда бұл оқиға да әлі күн­ге басы ашық күйі тұр. 

Мектептегі жаппай улану

Негізі, бұл Байзақ ауданын­дағы білім саласындағы бірінші былық емес. Алдыңғы жылы аудандағы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясында 33 оқу­шы мен 2 мұғалім астан уланып, аймақты шулатқан болатын. 

«Асханадан ас ішті» делінген 350 баланы үй жағдайында қос­ым­ша тексергенде тағы 11-інен улану белгілері анықталған еді. Аталған жағдайға байланысты құ­қық қорғау органдары қыл­мыстық іс қозғағанымен, астан уланудың нақты себебі анық­талмады. «Балалар тағамды сырт­тан алып келуі мүмкін» де­ген байламсыз болжамдар ай­тылып, соңы мектепті ыстық тамақпен қамтамасыз ететін жеке кәсіпкер де жазасыз қалды. Осылайша, аудандық білім бөлімі мен мектеп басшылығы тәртіптік жазаға тартылуға тиіс болған оқиғаның соңы «буға» айналып кетті.

 

P.S. 

Міне, осы жағдайлардың өзі Байзақ ауданында, түптеп келгенде облыста оқушылар арасындағы тәртіптің ақсап тұрғанын анық аңғартуда. Мектептерде директорлар, психологтар мен инспекторлардың жұмысы кенжелеп тұрғанын көрсетеді. Енді бұл оқиғалардан білім саласына жауаптылар қандай сабақ шығаратыны белгісіз.   

Негізі, бұл Байзақ ауданында былтыр немесе алдыңғы жылдан шоғырланған мәселе емес. Білім саласындағы келеңсіздіктер жылдар бойы қатталып, соңы сыздауықтай солқылын сездіруде. Міне, осы жүйені ауданға күні кеше әкімдік қызметке тағайындалған Олжас Баққараев бұза ала ма?

Ол енді уақыт еншісіндегі нәрсе. Әйтеуір, «жабулы қазан жабулы күйі қалып», биыл да «білім саласы» дегенде бармақ тістеп жүрмесек болғаны. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы