Орал қаласындағы «Жайық арена» спорт кешенінде дзюдодан жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты басталды.
Дзюдодан Қазақстан чемпионаты басталды
425
оқылды

Былтырғы жылдың соңында ғана ашылған нысан республиканың түкпір-түкпірінен арқасы жерге тимеген палуандарды қабылдап жатыр. Боз кілемде 900-ге жуық жасөспірім бақ сынайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Аталмыш додада оза шапқандар іріктеліп, 2025 жылы халықаралық аренада ел намысын қорғайтын Қазақстан жасөспірімдер құрамасы жасақталады. Чемпионаттың ашылу салтанатына БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, ҚР дзюдо федерациясының президенті, атқарушы директоры және күрес саласының белгілі майталмандары қатысты.

«Бүгінгі ел чемпионатының «Жайық аренада» өтуі біз үшін үлкен қуаныш. Аталмыш дода – спорт кешені өткізіп жатқан алғашқы ауқымды шара. ҚР Президентінің БҚО-ға сапары кезінде айтқан арнайы тапсырмасымен салынған ғимаратта бүгін біз 900-ге жуық спортшыны қабылдап отырмыз. Бұл тіркелушілер арасындағы рекордтық көрсеткіш. Мен барлық спортшыға тек сәттілік тілеймін! Ақжайық өңіріне қош келдіңіздер!», – деді БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Чемпионат 26-29 қаңтар күндері өтеді. «Жайық Арена» спорт кешенінде төрт күн бойы еліміздің 17 облысы және 3 қаласынан 900-ге жуық дзюдошы бақ сынайды.

Облыста өтіп жатқан ҚР чемпионатына кешегі Париж Олимпиадасының жүлдегері, біздің мақтанышымызға айналған Ақмарал Науатбек келді. Ақмарал жас спортшылардың қарқыны күшті, бәсекелестік өте жоғары деп атап өтті.

«Жарысқа өте көп адам қатысып жатыр. 871 дзюдошы, бұл – рекордтық көрсеткіш. Біздің кезімізде осынша спортшы жиналмайтын. Күресшілердің саны артқан сайын бәсекелестік те жоғары болады деген сөз. Ал жоғары бәсекелестік жаңа есімдердің шығуына сеп. Мен қыздарды қарап отырмын. Мықты арулар жетерлік. Татамиде сабырлы, нық күресетін қыздарды көріп қуанып, тілекші болып отырмын. Жігіттер де жанып тұр. Осынша адамды Оралда қабылдап, жоғары деңгейдегі чемпионатты өткізіп жатқан БҚО әкімдігіне алғыс айтқым келеді», – деді Ақмарал Науатбек.

Спорттық шара барысында облыстық дзюдо федерациясының атынан Ақмарал Науатбекке қаржылай сыйлық табысталды. Ал федерацияның жетекшісі Рустам Шайхиев «Дзюдо тарланы» орденімен марапатталды. 

Айта кетейік, осыған дейін Орал қаласында 2019 жылы дзюдодан Қазақстан Республикасының V Жазғы спартакиадасы, 2021 жылы дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты, 2001-2003 жылғы жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының V Жазғы спорттық ойындары өтті.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, Батыс Қазақстан облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.