«Руханият жылы» рухымызды көтере алды ма?

Сыр өңірінде 2024 жыл «Руханият жылы» болып белгіленіп, бірқатар жоспарлы жұмыстар мен маңызды іс-шаралар атқарылатыны жария болған еді.

Облыс әкімінің бастамасымен былтырғы жылдың наурыз айынан бастап қолға алынған бұл игілікті жобадан өңір халқы үлкен үміт күтті. Саладағы жетістіктер сараланып қана қоймай, көптеген күрмеулі мәселе оңтайлы шешімін табатынына сеніммен қарады. Сонымен баянды бастама елге не берді? Жыл бедерінде атқарылған игі шараларды ой елегінен өткізіп көрсек.

Негізінен, атаулы жыл аймақ халқының зор қолдауына ие болды. Осы арқылы саланы өркендету бағытында атқарылар істердің ауқымдылығы көз қуантты.

Жалпы, былтыр игі жоба шеңберінде аймақта сәні мен салтанаты келіскен мәдени орындар сап түзеп, ел игілігі үшін жұмысын бастады. Соның бірі де бірегейі 3,7 млрд теңгені құрайтын 1000 орынға негізделген «Өнер орталығы» ғимараты іргелі істердің бастамасына айналды. Сонымен қатар  жыраулар үйі, барлық аудандарда неке қию залы,  кітапхана,  музей,  архив, жастар сарайы мен аналар үйі орналасқан  «Руханият» орталықтары және Қызылорда қаласынан «Анаға тағзым» орталығын ашу сол жылдың еншісіне тиді. Бұған қоса, тұңғыш рет 50-ден астам кәсіби музыканттан жасақталған симфония оркестрі құрылып,  мүгедектігі бар өнерпаздардың шығарма­шылығын шыңдауға арналған инклюзивті театр үйірмесі жұмысын бастаса, «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым болып қайта құрылды. 

«2024 жылы Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр өңірінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы­ның бастамасымен «Руханият жылы» деп жарияланғаны белгілі.  Өңірде аталған жыл аясында тек мәдени-көпшілік шаралар ғана емес, ауқымды жобалар да жүзеге асырылды. Соның ішінде Қызылорда қаласының сол жағалауынан құны 2,7 млрд теңгені құрайтын облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратын салу жұмыстары бастау алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» тұжырымдамасына сәйкес 2024 жылдың ақпан айынан бастап 171 мәдениет үйлері мен клубтарда 7  бағыт бойынша «Адал адам – мәдени-тәрбие орталығы» жобасы іске асырылды. Сыр өңірінің тарихи жәдігерлері қатарына жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесімен «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайы­мы» реконстуркция­лары, «Түгіскен көсемі» және «Жетіасар ақсүйек әйелі» алтындатқан мүсіндері жасалып, облыстық музей қорына табысталды. Аймақтың мәдениет және руханият саласында атқарылған жұмыс­тарға халықаралық Түрксой ұйымының шешімімен Сыр өңірі­не түркі дүниесінің «Ең үздік мәдени аймағы» номинациясы берілді.  Сондай-ақ  Сыр елінде бірқатар өнер тарландары­ның шығармашылық кештері ұйымдастыр­ылып, айтыстың ақтаңгері Сұлтанхан Мейірбек «Алтын домбыра» иегері атанды. Осы орайда айта кеткен абзал,  «Руханият жылы» аясында мәдениет қызметкерлеріне 40 қызметтік пәтер берілді»,  – дейді бұл жайында Қызылорда облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан.

Басқарма тарапынан атаулы жыл шеңберінде салаға тың серпін беретін сан алуан тірлік атқарылғанын тілге тиек етеді. Әрине, қуанатын тұстары аз емес. Дейтұрғанмен, әр нәрсенің күнгейі мен көлеңкелі тұстары қатар жүретіні белгілі. Сол сияқты жыл бойына атқарылған игі бастамалар саладағы түйткілдерді түбегейлі жойып жіберді деп айта алмаймыз. Әсіресе,  жылдан-жылға жалғасып,  айта-айта жауыр болған күрмеулі мәселелер әлі де менмұндалайды. 

Басқасын айтпағанда, облысқа қарасты Арал қаласындағы тарихи нысан саналатын мәдениет үйі ғимаратының жетімнің күйін кешіп тұрғанына талай жыл болды. Бүгінде көне нысанның ішкі ахуалы адам шошыр­лық жағдайға жеткен. Ғимараттың төбе жа­бындысы ескірген. Еріген қар мен жа­ңбыр­дан көрермендер залы мен бірнеше кабинеттің төбесінен су ағып, қолайсыздық туғызып тұр. Соның сал­дары­нан қабырға­лары қақырап, электр желілері өте ескірген. Ең қиыны бүгінде «Арал аудандық мәдениет орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорында 8 үйірме жұмыс істейді. Онда 134 бала дәріс алады екен.  Сонда «Бүлдіршіндердің қауіпсіздігі  құзырлы орындардың қаперіне кірмей ме?» деген қорқыныш көптің көкейін мазалайтыны ақиқат. 

Бұған дейін осы түйткіл төңірегінде тиісті басқармаға сауал да жолдаған едік. Соған орай нысанды күрделі жөндеуден өткізуге шешім қабылданып, оның  жоба-сметалық құжаттамасы да әзірленгенін жеткізген. Алдағы уақытта ғимарат қайта қалпына келтірілетінін мәлімдеген еді. Бірақ түзелген дүние көрінбейді. 

Бұл мәселе қоғамда жиі көтеріліп жүр. Әсіресе, атаулы жыл аясында тарихи ғи­мар­ат қалпына келтіріліп,  ахуал оңалар деген үміт те болған. Алайда  сапасы күн са­нап сыр беріп, адам өміріне қаупі күшейіп бара жатқанына жергілікті жұртшылықтың өкпесі қара қазандай. 

Сол сияқты осы өңірдегі Абай ауылын­дағы ауылдық клубтық бүгінгі ахуалы да алаңдатарлық күйде тұр.  Ауыл халық апатты ғимараттың адам өміріне зор қауіп туғызып тұрғанын айтып, мұңын шағып отыр. 

«Клубымыздың сапасының сыр беріп тұрғанына көп болды. Іргесі 1985 жылы қаланған бұл ғимарат бүгінде құлау қаупінде тұр. Ол жерде мәдени-көпшілік іс-шаралар мен мерекелік кештер өткізу күн санап қиындап барады.  Жыл сайын кем-кетігін жамап-жасқап, ғимаратты бағанамен тіреп, өлместің күйін кешіп келеміз. Осы төңірегінде тиісті орындарға талай мәрте айтылды. Бірақ қара халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге асығар емес»,  – деп мұңын шағады ауыл тұрғыны Абай Әбішев. 

Бұл аз десеңіз, облыс орталығындағы ең құнды тарихи нысан – 1878 жылы салын­ған, өз заманында Мұстафа Шоқай дәріс алған Перовск орыс-қазақ училищесі­нің ғимаратының келешегі де дүйім жұрт­ты алаңдатумен келеді. Тоқырау кезең­інде жекенің қолына өткен тарихи нысан бү­гінде сауда орталығы ретінде жұмыс істеуде. Алайда халық тарапынан тарихи нысан күтімге алынуы тиіс деп есептейді. Соған орай нысанды жедел түрде жекеден қайтар­ып, мемлекет қамқорлығына алу керек деген халықтың жанайқайы әлі күнге дейін  ескерілер емес.  

Негізінен, салаға қатысты мәселелер шалғай ауылдарда жетіп артылады. Бұл тұрғыда ауыл халқымен пікірлесе қалсаңыз, көптеген түйіні тарқатылмаған  түйткілдерді тізбектей жөнеледі. Біз бүгін соның бірлі-жарымын ғана тілге тиек еттік. 

Жалпы, тұтас бір жылды мәдениет са­ла­сына арнап, айдар тағып атаулы жыл ретінде дәріптеу құптарлық іс. Дегенмен де, бірінші кезекте шешімін күткен мә­селелерге баса назар аударылса нұр үстіне нұр болар еді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы