Осы мәселелер жөнінде біз робототехника тренері, «КазРоботикс» Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясы Атырау облысы филиалының директоры Асқар Алданмен сұхбаттастық.
– Робототехника саласының елімізде дамуы туралы не айтасыз?
– Елімізде робототехника саласы енді ғана қарқын алып келе жатқанымен, оның болашағы зор. Егер қазіргі бастамалар сәтті жүзеге асса, алдағы онжылдықта Қазақстандағы робототехника айтарлықтай жетістіктерге жетуі мүмкін.
Жалпы, робототехниканы үш бағытта бөліп қарастыруға болады: білім беру саласы, ғылым және өндіріс. Қазір білім беру робототехникасы елімізде жақсы деңгейде дамып келе жатыр. Айталық, мектептерде, университеттерде, жеке оқу орталықтарында робототехника және STEM бағыты енгізілуде. Жас буынның да қызығушылығы жоғары. Бірақ ғылым және өндіріс саласында робототехниканың дамуы өте баяу.
Қазір әлемнің ең мықты дамып жатқан елдері өндіріс саласына робототехниканы әлдеқашан енгізіп жіберді. Олардың қатарында АҚШ, Жапония, Сингапур, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия және Швеция сияқты елдер бар. Айтпасақ та түсінікті, робототехника өндірісінде алдыңғы қатарда тұрған елдер әлемдегі технологиялық даму деңгейі бойынша ерекшеленеді. Өйткені олар өндіріс процестерін автоматтандыру, еңбек өнімділігін арттыру және шығындарды азайту мақсатында роботтарды кеңінен қолданады. Айталық, Жапония – робототехника саласындағы әлемдік көшбасшы мемлекет. Роботтар жасау бойынша Fanuc, Kawasaki, Yaskawa Electric және Honda Robotics сияқты алпауыт компаниялары бар. Сондай-ақ олар роботтарды Toyota, Honda, Nissan сынды автокөлік өндірісіне, электроника, тұрмыстық техника саласына енгізіп жатыр. Сонымен бірге Жапония әлемде бірінші болып гуманоидтық роботтарды жасап шығаруда. Оңтүстік Корея автокөлік, электроникадан бөлек, роботтарды денсаулық сақтау саласына енгізді. Қазір онда медициналық роботтар кеңінен қолданылып жатыр. Қытай болса, өндірістік роботтарды электроника, ауыр өнеркәсіп және логистика саласында пайдаланады.
Қазақстанға оралатын болсақ, робототехника саласындағы ғылыми бағытта іргелі зерттеулер саны аз. Өндірістік робототехника, өкінішке қарай, шектеулі деңгейде ғана дамып келеді. Бұл екі бағытқа көбірек назар аударылса, еліміздің экономикасы мен өндіріс саласына робототехниканың үлесі айтарлықтай артар еді. Сонымен қатар өнеркәсіптік робототехниканы дамыту арқылы еліміздегі өндіріс орындарының автоматтандырылу деңгейін көтеріп, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға әрі еңбек жағдайындағы қауіпсіздікті күшейтуге болады.
– Робототехника саласы оқушыларға, жастарға қаншалықты қолжетімді деп ойлайсыз?
– Бүгінде Қазақстандағы оқушылар мен жастар үшін робототехника саласы барған сайын қолжетімді болып келеді. Үкіметтің қолдауымен мектеп жасындағы балалар мен студент жастарға STEM және робототехника бойынша тегін курстар мен үйірмелер ұйымдастырылуда. Әсіресе, қала мектептерінде бұл бағыт жақсы дамып жатыр. Сонымен қатар бұл мүмкіндіктер аудандық және ауылдық жерлерге де жетуде. Әрине, ауылдық аймақтарда робототехника курстарының жеткіліксіздігі сезіледі, бірақ бұл мәселені шешу бағытында амалдар жасалуда. Мысалы, көптеген мектепте робототехника сыныптары ашылуда, арнайы құрал-жабдықтар сатып алынуда, мұғалімдер дайындықтан өтуде. Сондай-ақ түрлі қоғамдық ұйымдар, компаниялар және жеке оқу орталықтары демеушілік жасап, оқушылардың осы салада білім алуына қолдау көрсетуде. Бұл – жақсы бастама, бірақ робототехниканы нағыз жалпыға қолжетімді ету үшін әлі де көп жұмыс атқарылуы керек. Әсіресе, ауылдық жерлерде сапалы білім беру мүмкіндіктерін арттыру, білікті мамандарды даярлау және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету маңызды.
– Осы салада белгілі бір жетістіктерге жеткен шәкірттеріңіз бар ма?
– Робототехникамен кәсіби түрде айналысқаныма биыл 10 жыл толды. Осы жылдар ішінде шәкірттерімнің жетістіктері мені әрдайым шабыттандырып келеді. Олар робототехника бойынша республикалық жарыстарда 41 мәрте жүлдегер атанды, оның ішінде 16 рет чемпион болды. Халықаралық деңгейде де оқушыларым ел намысын абыроймен қорғап, өз қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетті. Мысалы, халықаралық жарыстарға 6 шәкіртім қатысып, олардың кейбірі шетелдік мамандардың назарын аударды. Сонымен қатар облыстық деңгейде шәкірттерім 170-тен астам рет жүлделі орынға ие болды. Бұл көрсеткіштер – олардың еңбекқорлығы мен қызығушылығының дәлелі. Ең бастысы бұл жетістіктер тек жарыстармен шектеліп қалмай, оқушылардың өзін-өзі дамытуына, өз болашағын сенімді түрде жоспарлауына септігін тигізуде.
Осы тұста шәкіртім Қазыбек Қыдырбайды ерекше атап өткім келеді. Қазыбек жеке тұрғын үйлердегі газ жарылуының алдын алуға мүмкіндік беретін жоба жасап шығарған болатын. Қазыбектің осы жобасы «Шапағат – 2023» республикалық өнертапқыштар байқауында гран-при иеленіп, 1 000 000 теңге көлемінде грант алды. Қазыбек осы жобасына патент алды және қазір Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті осы жобаны қолдану мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Қазір Қазыбек қазақ-британ техникалық университетінде оқиды.
Сондай-ақ бір топ шәкіртім Түркияда өткен халықаралық Meb Robot Yarismasi-2023 робототехника бойынша мектеп оқушылары арасындағы жарыста үздік команда қатарына енді. Халықаралық бәйгеге сол кезде әлемнің 19 елінен 170 команда қатысқан болатын.
– Патент алған жобалардың бәрі бірдей өндіріске жетіп жатыр ма?
– Робототехника саласы – қазіргі заманның ең перспективалы бағыттарының бірі. Алайда елімізде бұл саланы таңдаған жас мамандар біз қаласақ та, қаламасақ та қиындықтарға кезігіп жатады. Оның ең басты себебі – өндірістік робототехниканың жеткілікті деңгейде дамымауы. Өндіріс орындары дайын технологияларды импорттауға көбірек мән береді, ал жергілікті мамандардың әзірлемелерінен қолдану сирек кездеседі. Сондықтан робототехника мамандығын бітірген студенттердің өз мамандықтары бойынша жұмыс табуы кейде қиындық тудырады.
Дегенмен робототехника саласында алынған білім мен дағдылар IT, инженерия, автоматтандыру секілді басқа да техникалық бағыттарда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл саланың артықшылығы – оның жан-жақтылығы. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде робототехника мамандығын тәмамдаған мамандарды білемін. Олар Қазақстанда жұмыс істеп жатыр, бірақ өкінішке қарай, өз мамандықтары бойынша емес.
Жобаларын жасап, патент алып, оны өндіріске енгізу үлкен еңбек пен қолдауды талап етеді. Қазақстанда бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізілмегендіктен, патент алған жобалардың көпшілігі өндіріске жете алмайды. Бұл жағдайды өзгерту үшін мемлекет, бизнес және ғылыми орта арасында тығыз байланыс орнату қажет.
– Жалпы, отандық ғылым мен өндіріс арасында байланыс бар ма?
– Ғылым мен өндіріс арасында байланыс әлсіз екені рас. Оны жасыруға да болмайды. Егер байланыс жүйелі түрде орнатылған болса, оның нәтижелері қазір айқын көрінер еді. Сондықтан Қазақстанда ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту үшін мемлекет тарапынан ынталандыру шаралары қажет. Бұл бағытта қаржылық қолдау, өндірістік компаниялармен серіктестік орнату және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізуге бағытталған бағдарламалар жасау маңызды.
– Қалай ойлайсыз, робототехника саласы не себепті барлық мектептерге міндетті пән ретінде енбей отыр?
– Робототехника – бірнеше пәннің тоғысуынан тұратын кешенді сала. Оның ішінде бағдарламалау, физика, математика, информатика, технология сияқты пәндер бар. Бұл пәндер мектеп бағдарламасында қазірдің өзінде оқытылуда. Сондықта робототехниканы жеке пән ретінде енгізу міндетті емес деп ойлаймын. Оның орнына оқушыларға қосымша үйірмелер, элективті курстар және жобалық жұмыстар арқылы осы бағытта білім алуға мүмкіндік беру тиімдірек.
Сонымен қатар робототехникаға қажетті құрал-жабдықтар мен мамандар дайындау үлкен қаржыны талап етеді. Егер бұл бағытқа мемлекет тарапынан жеткілікті қолдау көрсетілсе, алдағы уақытта робототехниканы барлық мектепке енгізу мүмкін болады.
– Алдағы он жылдан кейін робототехника саласы Қазақстанның экономикасына, өмір сүру салтына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Робототехника – болашақтың саласы. Алдағы он жылда оның әсері экономикада ғана емес, күнделікті өмірде де айқын байқалатын болады. Өндіріс орындары автоматтандырылып, өнімділік артады. Жұмыс орындарында қауіпті процестерді роботтар алмастырып, адам еңбегін жеңілдетеді. Дегенмен қарапайым адамдар үшін робототехниканың күнделікті өмірге толық енуі кем дегенде 20 жылды қажет етеді. Бұл уақыт ішінде біз робототехниканың түрлі салаларын игеріп, оны өміріміздің ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Баян ЖАНҰЗАҚ