«Келешектің» келешегі қандай?

Бүгінгі жаһандану заманында ең мықты инвестиция білімге құйылған қаражат екені мәлім. Әсіресе, ата-аналар балаларының болашағына алаңдамас үшін қазірден-ақ олардың жоғары әрі сапалы білім алуына баса назар аударғаны абзал.

Бұған мемлекет те тиімді жағдай ұсынып отыр. Елімізде 2023 жылдан бері әлеуметтік саясат пен білім беру саласында бірқатар маңызды бастама жүзеге асырылып келеді. Қолға алынған бұл реформалар мен бағдарламалар халықтың әл-ауқатын жақсартуға, балалардың болашағын қамтамасыз етуге және білім беру жүйесінің инфра­құрылымын жетілдіруге бағытталған. Соның жарқын мысалы – «Келешек» жүйесі. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында еліміздегі бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырды. Жолдауда: «Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағ­дарламада мемлекет тарапынан ұсыны­латын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуы тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – ­ба­ла­ларға» жобасының қаражаты қо­сыл­ғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуы­на мүмкіндік туады», – деді. Ал жуыр­да, нақтылап айтсақ, 10 қаңтар күні, Прези­дент «Келешек» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысты заңға қол қойды.

Жинақтау жүйесі қандай қажеттіліктен туындады?

2023 жылы сол кездегі Премьер-Ми­нистр Әлихан Смайыловтың төраға­лығымен өткен Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөніндегі шаралар қаралған болатын. Штаб отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бала туу көр­сеткішінің көбеюіне байланысты болашақта білім беру жүйесіне түсетін жүктеменің едәуір артатынын атап өтіп, бүгінде мемлекеттік білім беру тапсырысы мектеп түлектерінің 40%-дан астамын гранттармен қамтуға мүмкіндік беретінін, алайда қолданыстағы тәсілдер сақталса, 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен 15%-ға дейін қысқаратынын айтқан бо­ла­тын. Осыған байланысты Мемлекет басшысының Жолдауын орындау аясында азаматтарға жоғары білімді қолжетімді етудің қосымша тетігі ретінде қолда­ныстағы қолдау шараларын біріктіретін «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды.

Қандай қажеттіліктен туындады деген сұрағымызға келсек, Әлихан Сма­йыловтың мына бір сөзі соған жауап болардай. Мәселен, соңғы 6 жылда университеттерде оқуға арналған гранттар саны іс жүзінде екі есе өсті. «Биыл (2023 жыл) 73 мыңнан астам грант (бакалавриат) бөлінді, 2017 жылы бөлінген гранттар са­ны 38 мыңнан астам болған. Сондай-ақ үш жыл ішінде бір білім алушыға жұм­салатын қаражат көлемі 2019 жылғы 420 мың теңгеден 2023 жылғы млн теңгеге дейін екі есе өсті», – деген ол со­нымен қатар бүгінге дейін туу көрсет­кішінің өсуін ескере отырып, 2040 жылға қарай 18 жастағы қазақстандықтар саны айтарлықтай өседі деп күтілетінін, бұл ретте гранттар санын арттыру олардың көбін жоғары біліммен қамтуға мүмкіндік бермейтінін атап өткен болатын.

«Ұлттық қор – балаларға» мен «Келешектің» айырмасы неде? 

Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы да бар екені мәлім. Ал енді осы екі бағдарламаның айырмашылығы мен ерекшеліктері қандай? 

«Келешек» бірыңғай ерікті жи­нақ­таушы жүйесі бұл қазақстандықтардың көпшілігінің ақшасын үнемдеу және балаларын жоғары біліммен қамтамасыз ету үшін жақсы жағдай жасауға бағыт­талған мемлекет тарапынан қолдау көр­­сету шарасы. Жүйенің негізгі мақсаты – әр­түрлі көздерден (ата-ана, сақтандыру компаниясы, мемлекет) түсетін қаражатты бірыңғай жинақтаушы жүйесіне жинақтау және әрбір баланың жоғары оқу орнына түсу жасына қарай жоғары білім алуды қолжетімді ету. Бір айта кетерлігі, осы Ұлттық қор мен «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінде жиналған балалардың қаражатын біріктіріп, болашақта оқуға немесе баспанаға жұм­сауға болады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтқан еді. 

«Бұл екеуі – екі түрлі бағдарлама. Бірақ бұл ақша оқуға түскен кезде бірігіп кетеді. «Келешек» бағдарламасына тоқ­талсақ, қазіргі таңда заңға өзгеріс енгізіліп жатыр. Сол себепті де қаражат­тың қай банк арқылы берілетіні әлі нақтыланған жоқ. Бірақ банктерді таңдауда сенімді әрі қаржылай тұрақты банктерге басымдық берілетіні анық. Осы жылдан бастап кез келген ата-ана банктерге ба­рып, арнайы қорғалған есепшоттар аша алады. Ол жерге ең аз дегенде 1 АЕК көлемінде – 3 450 теңге қаражат түсіп отырады. Бұл қаражат бала оқуға түскен уақытқа дейін жиналатын болады. Ата-аналар «Келешек» бағдарламасы­мен жинаған ақшасы мен Ұлттық қор­да жиналған ақшаны сол кезде бірікті­ріп, баланың білім алуына жұмсай ала­ды. Ал егер бала грант алатын болса, бұл қаражатты баспана сатып алуға жұмсай алады немесе оны бауыры­ның оқуын төлеуге қалдыра алады. Бұл қа­ра­жат­ты жинаудағы басты мақсат – балалардың жоғары білім алуына жағдай жасау», – деді Ғылым және жоғары білім министрі. Сондай-ақ министр елімізде болашақта гранттар саны өзгеріп немесе азаюы мүм­кін екендігін, сол себепті қол­данысқа ен­гізілгелі отырған бағ­дар­лама ата-ана­ларға мемлекеттік грантқа сенім артпай, баланың оқуына алдын ала ақша жинауға мүмкіндік беретіндігін айтқан еді. 

Білімге құйған қаржы

Бұл ретте біз ҒЖБМ Қоғаммен бай­ланыс департаментінің директоры Олжас Беркінбаевпен байланысуды жөн көрдік. Ол «Келешек» негізгі моделі Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) аясында жүзеге асырылып жатқанын, 2013 жылдан бастап 63 мыңнан астам банктік салымдар мен 2,5 мың сақтандыру келісімшарты ашылғанын атап өтті. 

– «Келешек» жүйесінің тартымды­лығын арттыру мақсатында мемлекет тарапынан ағымдағы күнтізбелік жылы 5 жасқа толған балаларға бастапқы білім беру капиталы ретінде 60 АЕК (221 520 теңге), ал жетім балаларға 120 АЕК (443 040 теңге) мөлшерінде қаражат бөлінуі көзделген, сондай-ақ жыл сайын 5-7% мөлшерінде мемлекеттік сыйақы төле­нетін болады. Сонымен қатар «Келешек» ата-аналардың балалардың білім алу бағытын анықтауға қатысуын көздейді және сол арқылы ақша жинақтау мәде­ниетін қалыптастырады. Келешек шоттарын Екінші деңгейдегі банктерде және балаларға арналған Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі қатысушылары болып табылатын сақтандыру компания­ларында ашуға болады. Осыған бай­ланысты ата-аналар шот ашқаннан кейін жыл сайын ең төменгі мөлшерде жарна енгізуге міндетті: әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін – 12 АЕК, ал қалған балалар үшін – 24 АЕК. 

Заңнамалық негізде банктердің ең төменгі сыйақы мөлшері белгіленеді. Мәселен, мерзімі 1 жылға дейінгі салым­дар бойынша базалық мөлшерлемеден 200 базистік пунктке төмен емес (-2%) (мысалы, егер ҰБ-ның базалық мөлшер­лемесі 15% болса, жылдық тиімді мөл­шер­леме 13%-дан төмен болмауға тиіс), ал мерзімі 1 жылдан асатын салымдар бойынша 300 базистік пунктке төмен емес (-3%) мөлшерінде (мысалы, егер ҰБ базалық мөлшерлемесі 15% болса, жылдық тиімді мөлшерлеме 12%-дан төмен болмауға тиіс). Сонымен бірге бұл салымдардағы қаражат Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры арқылы сақтандырылған, ал сақтандыру төлем­дерінің сомасы Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры арқылы кепілден­дірілген, – дейді ол. 

«Ал егер бала білім грантына ие болса ше?» деген сауалымызға департамент директоры: «Мектепті аяқтағаннан кейін жинақталған қаражатты елдегі немесе шетелдегі колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алуға пайдалануға болады. Егер грантқа қол жеткізілсе, жинақталған қаражатты басқа білім алуға, үшінші тұлғаға аударуға, жинақ­тауды жалғастыруға, тұрғын үй алуға немесе білім туралы құжатты ұсыну шартымен жинақталған қаражатты алуға болады. «Келешек» жинақтау моделі бо­йынша актуарлық есептеулерге сәйкес, 18 жасқа дейінгі (13 жыл) жинақтар: - жылына 12 АЕК (44 304 теңге) жарна болғанда – 5,2 млн теңге; - жылына 24 АЕК (88 608 теңге) жарна болғанда 8,2 млн теңге болады. Орташа алғанда бір гранттың құны жылына 1 млн теңгені құрайды. Осылайша, ата-аналардың жи­нақтаған қаражаты, мемлекет тарапы­нан берілетін бастапқы білім беру капи­талы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы, банктердің сыйақысы түріндегі инвес­тициялық кіріс, сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында қалып­тасқан жинақтар сапалы білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты мақсатты бағытқа қол жеткізгеннен кейін – білім алу (Техникалық және кә­сіптік білім немесе Жоғары оқу ор­нының дипломы), жинақ иесі «Ұлттық қор – балаларға» жобасы үлгісінде тұр­ғын үй жағдайын жақсартуға жинақталған қаражатты аудару құқығын пайдалана алады», – деп жауап берді.

Бұл жүйенің тағы бір артықшылығы, білім беру жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша сақтандыру қорға­ныстарының болуы. Яғни, қаражаттарды жинақтаушы ата-анамен күтпеген жағ­дайлар болған жағдайда (1 немесе 2 топтағы мүгедектік, нәтижесінде еңбекке қабілеттілігін жоғалту немесе қайтыс болу) шарт бойынша сақтандыру жар­налары тоқтатылады, бірақ сақтандыру мерзімінің соңында бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін қажетті жинақты алады. Сонымен қатар бала 5 жасқа тол­ған кезінде, бірақ 6 жаста емес, мем­лекеттен 60 АЕК мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын алады. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін – 120 АЕК. Және бала 18 жасқа толған кезде жинақталған соманы ұлғайту мақсатында білім беру жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша барлық қолда бар жинақтарды және Ұлттық қорда жи­нақталған барлық жинақтарды біріктіру мүмкіндіктері бар. Бұл дегеніміз – білім алуға жинақталған қаражаттың көлемін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бастысы, салық жеңілдіктері қарас­ты­рылған. Үш және одан да көп жыл мер­зімге жасалған Сақтандыру шарты бойынша ата-ана барлық төленген жарналар сомасының 10%-ы мөлшерінде салықтар төлеп (жылына 320 АЕК-ке дейін) үнемдей алады және 23% дейін жоғары кірістілік – 8% – сақтандыру компаниясынан кепілдендірілген табыс, 5-7% – жылдық мемлекеттік сыйлықақы, 10% табыс салығы бойынша жеңілдік жатады. «Келешек» жүйесінің қатысу­шысы болу үшін ата-аналар «Халық-Life» АҚ-мен Bilim Life білім беру жинақтаушы сақтандыру шартын жасасуы қажет, бұл жерде ата-аналардың жинақтарынан басқа, мемлекеттен жыл сайынғы сыйақылар және сақтандыру ұйымынан кепілдендірілген инвестициялық кірістер, сондай-ақ мемлекеттен бастапқы білім беру капиталы есептелінетін болады.

коллаж: Елдар ҚАБА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заңның екінші блогы креативті индустрияны қолдаудың қарқынын күшейтеді. Әр аймақта арнайы орталық қалыптастырып, қатысушыларға өз өнімдерін сатуға көмектесу көзделіп отыр. Сондай-ақ арнайы қор іске қосы­лады. Ол таланттарды іздеп, оларды насихаттаумен айналысады.

Әлем халқы бала біліміне қалай ақша жинайды?

Әлемнің көптеген елдерінде жалпыға бірдей тегін орта білім бар. Бірақ ешкім тегін жоғары білімге кепілдік бермейді. Әлемнің беделді жоғары оқу орындарында тегін орындардың саны аз және жыл сайын бәсекелестік артып келеді. Әлемде ата-аналар балалардың оқу ақысын төлеу мәселесін қалай шешеді? Мәселен, американдық университеттер әлемдегі ең қымбат университеттер болып саналады. АҚШ университетінде бакалавр бағдарламасында оқу құны жылына 19 мың доллардан басталады. Тұруға, тамақтануға, оқулықтарға жұмсалатын шығындардың орташа құны жылына 11 мың долларды құрайды. АҚШ-тың көптеген оқу орындары қаржылық қаражаттың болуын растайтын тиісті құжаттарды ұсынбаса, студенттердің оқуға түсу құжаттарын қарастырмайды. Осылайша, болашақ студент бір жыл ішінде оқу ақысы мен қосымша шығын­дарды төлеу мүмкіндігін растайды. Мә­се­лен, 2020 жылы 10 студенттің 7-сі несие алған ақшаға оқығаны таңғаларлық емес. Көбінесе, білім беру несиелерін ауқатты отбасылардан шыққан адамдар алады (олардың табысы жылына 97 мың доллардан асады). Мемлекеттік білім беру несиелері үшін пайыздық мөлшер­лемелер өте жоғары: 5-тен 7,5%-ға дейін (салыстыру үшін: жылжымайтын мүлікке арналған несие ставкалары – небәрі 4,3%). Тео­риялық тұрғыдан білім беру не­сиелері бойынша төлемдерді жеңілдетуі керек бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бар, бірақ іс жүзінде олар көбінесе жұмыс істемейді. Мысалы, кіші Буш бастаған 2007 жылғы бағдарлама бойынша, егер адам мемлекеттік қызметте жұмыс істесе, білім берудегі қарыздардың бір бөлігі есептен шығарылуы мүмкін. Оның өмір сүру кезеңінде 30 мың адам өтініш берді, бірақ олардың тек 96-сы қанағаттан­дырылған. 

Ал жоғары білім мен ғылым сала­сындағы әлемдік көшбасшылардың бірі Ұлыбритания білім беру жүйесінде уни­верситет пен бағдарламаны таңдау кезінде ескеру қажет бірқатар ерекше­ліктер бар. Мұнда оқытуды қаржылан­дырудың бірыңғай жүйесі жоқ. 

Tuition fees loan (оқу несиесі). Қа­рыздың бұл түрі Британдық жоғары оқу орындарында оқу мерзімін төлеуге мүмкіндік береді. Білім үшін төлем схемасы келесідей: қарыздарды бас­қаратын ұйым әр семестрде қажетті қаражатты тікелей оқу орнына аударады. Оқу несиесі жалпы мемлекеттік оқу орнында оқу құнын жабуға мүмкіндік береді. Бірақ қарыз сомасына шектеулер бар. Maintenance loan, бұл – ұстауға ар­налған несие. Қарыздың бұл түрі білім алушының Англия универ­ситеттерінде тұруына жұмсалатын барлық шығындарды жа­бады. Айтпақшы, сту­денттердің Ұлы­британиядағы тұрғын үйге инвес­тиция салуы жалға берушілер үшін өте тиімді. Бұл несиені бакалавр дәрежесін қа­растыратын бағдарлама бойынша оқи­тын күндізгі студенттер ғана пайдалана алады. Алдыңғы жағ­дайдағыдай, несие әр семестрде студенттің жеке шотына түседі. 

Жоғары білім алғысы келетін, бірақ қаржылық қиындықтарға тап болған студенттер санының артуына байланысты Жапония үкіметі 2017 жылы мемлекеттік стипендия бағдарламасын іске қосты. JASSO бағдарламасы оқу несиелерінің екі түрін ұсынады: пайызсыз және пайыздық (3%-ға дейін). Бағдарлама елдегі белгілі бір аймақтарда мемле­кетке жұмыс істеуді көздейді.

Ал көршіміз Ресейде ата-аналар бала жаңа туылған күні депозит ашып, 18 жыл бойы бұл жинақтарға ешқашан қол тигізбестен ақша жинауы керек. Ол жақта депозиттің орнына сақтандыру жинақтаушы өнімдерін пайдалана алады. Ресейлік университеттерде білім алу ақы­сы жылына жүздеген мың рубльді құ­райды. Бұл жағдайда балаға білім беру үшін субсидияланған несие алу керек: ресейлік банктерде мұндай өнім бар. Мемлекеттік қолдауы бар білім беру не­сие­сін 14 жастан асқан кез келген азамат банктерден ала алады. Несие алу үшін кепілдік қажет емес. Бұдан басқа, білім алушыға (қарыз алушыға) жеңілдікті кезең кезінде білім беру кредитін өтеу бойынша кейінге қалдыруға рұқсат етіледі. Қарыздың пайыздық мөл­шер­лемесі барлық мерзімге (15 жылға дейін) тіркелген болып қалады және 3%-ды құрайды. 

 

ТҮЙІН: 

Заңға қол қойылысымен Алматыда «Келешек» ерікті жинақтау жүйесі бойынша меморандумға қол қойылды. Сәтбаев университеті Президент бастамасын қолдап, «Қаржы орталығымен» келісімге келді. Меморандум аясында университет осы жүйеге ақша жинақтағандарға 20%-дан 50%-ға дейінгі көлемде жеңілдік қарастырады. Яғни, мемлекеттік білім беру грантына ие бола алмаған, алайда «Келешек» бағдарламасы бойынша жалпы оқу құнының жартысын жинақтаған талапкер жеңілдіктерді пайдалана алады. Ең үздік инвестиция – ол білімге құйылған инвестиция дегенді айттық. Яғни, оны сізден ешкім ұрлай алмайды, тартып та ала алмайды. Мәңгілік өзіңіздің санаңызда қалады. АҚШ-тың негізін қалағандардың бірі, мемле­кет қайраткері Бенжамин Фран­к­линнің сөзі де мұны құптай түседі: «Білімге салынған инвестицияның ­қай­­тары­мы (үстемеақысы) әрда­йым жо­­ғары болады», – дейді амери­калық дип­­ломат. Жалпы, «Келешектің» ел да­муы­на әкелер пайдасы ұшан-теңіз», – дейді сарапшылар. Себебі елдің әл-ауқаты мен бәсекеге қа­бі­леттілігі халықтың бі­лім деңгейіне ті­ке­лей байланысты. Дү­ниежүзілік банк­тің мә­ліметінше, эко­номика өсімінің 16%-ы – физикалық капиталға, 20%-ы – табиғи капиталға, қалған 64%-ы адами және әлеуметтік ка­питалға байланысты екен.

Наурызбек САРША