Токиода сумодан өткен 2025 жылдың алғашқы турнирі өз мәресіне жетті.
Ерлеген Ерсін
689
оқылды

Кілең мықтылар тоғысқан Хацу бащёның ең жоғарғы алаңы Макуути дивизионында бақ сынаған жерлесіміз, Жапонияда Кинбозан Харуки атымен танымал Ерсін Балтағұл үздік үштіктен көрінді.

Құндылыққа негізделген сумо

Сумо – жапонның ұлттық күресі. Ол жекпе-жек, шоу және діни рәсім элементтері сынды ерекше тартуларымен ерекше. Дүниежүзінде бірде-бір спортта жекпе-жек алдында сәлемдесу сияқты философиялық рәсім жоқ. Арнайы рәсімде қарсылас тараптар бір-бірімен амандасып, таза ниетпен, қарусыз келгендерін көрсетіп, әділ шайқаста өз артықшылықтарын дәлелдеуге дайын екенін паш етеді. Жапон сумосының негізгі күші – рух, техника және дене. Сумо палуандарын «сумотори, рикши» деп атайды. Сол сумоторидің ұрандатып айтқан сөздері құдды бір арқадан жүк түсіргендей көрінеді. Олардың «жеңгенде мақтанбаңыз; жеңілгенде, рухыңызды жоғалтпаңыз!» деген қағидатында бүкіл бір елдің құндылығы, мәдениеті жатқандай. 

Сумо күресінің алаңы, яғни дохё, ерекше құрылымы мен символикасы арқылы көзге түседі. Ерекше айтар тұсы – алаң жерден көтеріліп, балшық негізінде орналасқан. Бір турнирдегі алаңды жасау үшін 14-15 тонна саз батпақ кетеді. Күрес шеңбері арнайы күріш сабанынан жасалып, жіптермен қоршалса, ал олардың ұшы мықтап жерге көміледі. Бұл шеңбер балуандар үшін қасиетті кеңістік саналғандықтан, оған ерекше құрмет көрсетіледі. Кәсіпқой сумо күресінде жеңімпаздарға берілетін сыйлықтар өте көп әрі қызықты. Сумоның басқалардан өзгешелігі қатал тәртібінде. Бұл спортта жеңімпазға сыйлықты ешқашан әйел адам тапсырмайды. Тіпті, сумошылар күресетін алаңға әйел заты шықпайды екен. Бұл заң! 

Сумо жекпе-жегінде екі балуан қатысады, олардың мақсаты – қарсыласын дохё шеңберінен ығыстырып шығару немесе аяғынан да басқа дене мүшесін жерге тигізу. Бұл екі шарттың кез келгені орындалған жағдайда жеңімпаз анықталады. Дене бітімдеріне сай  балуандардың киімі де ерекше. Олар 9 метр 80 сантиметр ұзындықтағы «маваши» деп аталатын арнайы белдік тағады. Бұл белдік белдің айналасында мықтап байланып, аяқ арасынан өткізіледі, осылайша жекпе-жек кезінде ыңғайлы әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз етеді. Белдік тек функционалды рөл атқарып қоймай, сумоның дәстүрлі эстетикасын көрсетеді-мыс.

Жоғарыда айтқандай, дәстүр мен рухани тереңдік үйлесім тапқан сумоның рәсімдік әрекеттерін бір шолып өтейік. Ең алдымен дохёға шыққан сумошылар күресер алдында ауызын сумен шайып, сүлгімен сүртінуі керек. Ауызды шаю оларды жаман ойлардан тазартады деген ырым екен. Одан ары қарай дохёға уыстап тұз шашады. Жапондарда тұз тазалықтың символы болып саналады. Тұз шашу арқылы олар алаңнан жын-шайтандарды қуып, адал күресеміз дегендерінің белгісін көрсетеді. Одан кейін сикири психологиялық шайқасы өтеді. Бұл кезеңде балуандар дохёда бір-біріне жақындап, бір сәтке қолдарын жерге тигізіп, бір-бірін мұқият шолып шығады. Бұл қимылдар тек қарсыласты психологиялық тұрғыдан басып озу емес, сонымен қатар өзіне деген сенімділікті көрсету үшін жасалады.

Сумо жекпе-жектері ұзақ уақытқа созылмаса да, оның әрбір сәті кернеуге толы. Әдетте жекпе-жек бірнеше секундтан бірнеше минутқа дейін жалғасады, бірақ бұл қысқа уақыттың өзінде көрермендер нағыз драманы сезінеді. Әр қозғалыс, әр қадам мұқият есептеліп, балуандардың шеберлігін паш етеді.

Бәсекелестіктің әсерлігі, әсіресе қатысушылардың физикалық өлшемдері арқылы айқын көрінеді. Сумо балуандарының салмағы көбіне 150 келіден асып, алып денелері ерекше назар аудартады. Мұндай алып күш иелері жеңіл әрі жылдам қимылдар жасай отырып, тек дене салмағына ғана сеніп қоймай, өзінің тактикасы мен жылдам рефлекс­терін де пайдаланады. Сырт көзге балуандардың күресі тек күшке негізделгендей көрінуі мүмкін, алайда бұл спорттың өзінде айлакерлік пен стратегия үлкен рөл атқарады. Қарсыласының әлсіз тұстарын пайдалану, сәтті тепе-теңдікті сақтау және күрес алаңындағы әрбір қимылын есептеу – нағыз шеберлердің өнері.

Айтып өткендей, сумо спортындағы тәртіп өте қатаң. Балуандарға төбелесуге, машина айдауға және басқа спорт түрлерімен айналысуға тыйым салынған. Дегенмен ішімдік ішуге рұқсат беріледі, бұл спорттың ерекше мәдениетін көрсетеді. Атақ-дәрежесі төмен балуандар арасында әлімжеттік жасау секілді іс-әрекеттердің көрінісі бар. Мұндай мінез-құлық сумоның көлеңкелі жағын көрсетсе де, бұл спорт түрінің қатаң тәртіптері мен 2 500 жылдық тарихы оны ерекше деңгейге көтереді.

Еңсемізді көтерген Ерсін

2025 жылдың Хацу басёсы Кинбозан Ерсін Балтағұл үшін тартысты әрі маңызды кезең болды. 15 күнге созылған бұл жарыста Ерсін 12 рет жеңіс тұғырынан көрініп, тек 3 рет қарсыластарына жол берді. Финал күні ол 25 жастағы жапон балуаны Охо Коносукеге есе жіберіп, шешуші кезеңге өте алмады.

Алайда турнир нәтижесі бұл жеңіліспен аяқталған жоқ. Өзіміздің Ерсін, моңғолиялық Хошорю Бямбасүрэн және жапондық Охо Коносукенің арасындағы ұпай сандары тең болып, үшеуі өзара чемпиондыққа таласуға мүмкіндік алды. Өкінішке қарай, Ерсін қос қарсыласына да есе жіберіп, нәтижесінде турнирді 3-орынмен аяқтады. Бұл жолы Хошорю Бямбасүрэн жеңімпаз атанып, сумоның ең жоғарғы атағы – Ёкозуна дәрежесіне ие болды. Айта кетсек, Хошорю – тарихтағы 74-ші, ал моңғолиялықтар арасында 6-шы Ёкозуна.

Кинбозан Ерсін 2024 жылы Макучи дивизионына көтеріліп, үлкен үміт арқалаған еді. Алайда жарақатының салдарынан жыл бойы толыққанды күрес көрсете алмай, рейтингі төмендеп, екінші алаң – Жюро дивизионына түсіп қалған болатын. Желтоқсан айында Жюрода өткен Кюшю басёсында Ерсін чемпион атанып, қайтадан Макучи дивизионына көтерілді.

Ал қазір ол Хацу басёде жарысты үздік үштік­пен аяқтап, табысты өнерімен есте қалды. Бұл оның карьерасындағы маңызды белестердің бірі саналады. Айта кетерлігі, былтыр дәл осы Хацу басёда Ерсін 4-орынға табан тіреп, 11 жеңіс пен 4 жеңіліспен турнирді аяқтаған болатын. Биылғы көрсеткіш оның мықтылығын дәлелдеп қана қоймай, болашақ жеңістерге деген сенімін нығайта түсті.

Ерсіннің үздік үштікке енуіне байланысты оған үлкен құрмет пен сыйлықтар бұйырып тұр. Жапония Сумо федерациясы жақында өтетін баспасөз жиынында оның жаңа дәрежесін ресми түрде жариялайды деп күтілуде. Сарапшылар Кинбозанның рейтингтегі орны біршама жоғарылап, алдағы турнирлерде оның мүмкіндігі мол екенін алға тартып отыр.

– Бұрын Алматыда сумо федерациясы ашылғандай болды дегенді естігем. Кейін жабылып қалғандай болды. Ең бірінші тағанын дұрыс қалау маңызды. Елімізде дамытамыз десек, алдымен сумодан маман болу керек. Яғни, сумоның қыр-сырын толық білетін адам керек. Ерсінге дейін Сүйеніш Құдыбаев деген қазақ сумошысы Жапонияда 10 жылдай күресіп келген. Сондай мамандар арқылы қолға алуға болады. Сол сияқты сумоны дамыта аламыз. Қазақстанда күреспен айналысып, кейін тастап кеткен тау тұлғалы жігіттер елімізде көп. Сондай жігіттерге таптырмас мүмкіндік.  

Ерсін Жапонияға өзі барып, өз еңбегімен қазіргідей жетістікке жетуде. Өз еңбегімен тек Қазақстан емес, Орталық Азияның атағын шығаруда. Бір өзі тарих жасап жатыр деуге болады. Оның осы жетістігі арқылы сумо туралы Қазақстанда айтыла бастады. Бірақ Ерсін бұған дейін де көптеген жетістікке жетіп жүрген. Атап өтер болсақ, былтыр желтоқсан айында сумоның екінші дивизионында жеңімпаз атанған. Одан бұрын да жақсы нәтижеге жетіп жүрген. Бірақ әлі де аз. Бұрынғы жетістіктерін біздің қоғам білмеді. Тек осы жетістігі үшін тануда, – дейді спорт журналисі Анық Көкенайұлы. 

Оның сөзінше, БАҚ пен қоғамның Ерсін секілді спортшыларды ақпараттық тұрғыда қолдауы өте маңызды. Оның табыстары мен жетістіктері туралы кеңінен жазып, жастар арасында сумоға деген қызығушылықты арттыруға болады. Әсіресе, Ерсіннің өмір жолы мен еңбекқорлығы жастарға шабыт беріп, жаңа буын спортшылардың пайда болуына септігін тигізер еді.

Моңғолияны мысалға алсақ, олар Ёкозуна дәрежесіне жеткен спортшыларын әлемге мақтанышпен таныстырады. Ал Қазақстанда Ерсін секілді бірегей спортшыларды дәріптеп, сумо туралы кеңінен ақпарат таратуға тырыссақ, елімізден де жаңа чемпиондар шығуы мүмкін. Ерсін Балтағұл – қазақ сумошылары арасында ғана емес, әлемдік сумо аренасында да үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқан спортшы. Оның ерік-жігері мен табандылығы жанкүйерлерін жаңа жеңістер күтуге шабыттандырады.

Әсет ҚАЛИ