Еліміздегі бюджет тапшылығы мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Әсіресе, мемлекеттік шығыстардың артуы мен салық түсімдерінің жеткіліксіздігі күн тәртібінен түсер емес.
Құн салығы қиындықтан құтқара ма?
257
оқылды

Экономистер мен сарапшылар бұл мәселені шешу үшін салық жүйесіне нақты өзгерістер енгізуді ұсынуда. Соның ішінде ҚҚС мөлшерін 20%-ға көтеру, тіркеу шегін төмендету және салықтық жеңілдіктерді қайта қарау сияқты шаралар ұсынылды. Алайда бұл шаралардың әсері тек қысқамерзімді нәтиже беруі мүмкін, себебі олар жүйелі өзгерістерді қажет ететін экономикалық дағдарысты тереңдетуі ықтимал. AIQYN газеті осы мәселелердің экономикалық тұрақтылыққа әсері, салық жүйесіндегі өзгерістердің нәтижелері және оларды шешу жолдарын талқылау мақсатында сарапшылармен тілдескен болатын.

Ауқымды бастама қолға алынбақ

Мысалы, жақында Премьер-Министр Олжас Бектенов экономика және кәсіп­керлік саласындағы сарапшылар қауым­дастығының өкілдерімен кездескен еді. Жүз­де­суде көптеген қазақстандық сарап­шылар, түрлі қауымдастықтың басшылары, экономистер, бизнесмендер, қаржыгерлер және басқалар қатысты. Солардың қатарында болған NAC Analytica корпоративтік қорының басқарма төрағасы, қаржыгер Расул Рысмамбетовтің пікірінше, негізгі мәселелер жаңа кодекстерге ұсынылған түзетулермен байланысты еді.

– Әрине, қазір бізде кішігірім дағдарыс бар екені құпия емес. Бұл экономикалық дағдарыс емес, негізінен бюджетке қатысты мәселе. Мемлекет табысын арт­тырудан гөрі көп шығынданып жатыр. Мұның себебі неде? Ең бастысы – әлеуметтік шығындардың өсуі. Екінші орында – пайда әкелмейтін жобаларға инвестиция салу және тағы басқа мәселелер. Негізінде, бұл – кез келген ел немесе компания үшін өзекті мәселе: шығындар көп, ал табыс аз. Біздің де проблемамыз осы, – дейді ол.

Осыған байланысты Экономика министрлігі маңызды бастама ұсынған. Қазір Салық кодексі қайта қаралып жа­тыр. Естеріңізде болса, былтыр Президент осы кодексті мақұлдамай, бір жылға шегерген еді. Ол кезде Мемлекет басшысы: «Әлі де толықтырулар қажет», – деген болатын.

Қаржыгердің сөзінше, министрлік мына мәселені алға тартып отыр: Қазақстан азаматтарын әлеуметтік қолдау, инфра­құрылымды дамыту және болашаққа ин­вестиция салу үшін салықтық және бюджеттік жүйені қайта қарау қажет. Бұл тек салықтарды көтеру деген сөз емес. Мұнда кешенді оңтайландыру шаралары керек: мәселен, тиімсіз шығындарды қысқарту, бюджеттегі артық баптарды жою және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін жаңа шешімдер іздеу және тағы басқа.

Сонымен қатар сарапшы елде соңғы уақытта салықтық жеңілдіктердің әсерінен белең алған «Салықтық офшор» секілді ұғымға тоқталып өтті. 

– Мысалы, бір кеңседе көршілес отыр­ған екі компания екі түрлі салықтық жағдайда жұмыс істеуі мүмкін. Біреуі өз қызметін бірнеше шағын заңды тұлғаларға бөліп, бар-жоғы 3% салық төлейді, себебі формалды түрде шағын бизнес саналады. Ал екіншісі адал әрі ашық жұмыс істеп, жалпы салық режиміне байланысты 20%-дан астам салық төлеуге мәжбүр, – дейді Р.Рысмамбетов.

Мәселенің түйіні – әділеттілік. Мұндай салықтық артықшылықтарды пай­даланатын компаниялар бәсекеде жеңіп шығады, дегенмен олардың әрекеттері заңға қайшы емес. Осы теңсіздікті жою үшін Экономика министрлігі бірнеше мәселе көтерген. Біріншіден, осындай салықтық схемаларды шектеу. Екіншіден, кейбір салықтарды көтеру қарастырылуда. Бірақ сонымен қатар еңбекақы төлеу қорына түсетін салық жүктемесін азайту көзделген. Бұл дегеніміз – жұмыс берушілер мен қызметкерлер жалақыдан аз салық төлейді, бұл халық табысының өсуіне және еңбек жағдайының жақсаруына ықпал етуі мүмкін.

– Мұның бәрі тек ұсыныс және оны барлығы бірдей қолдап отырған жоқ. Дегенмен бұл бастама орынды көрінеді. Айта кету керек, Экономика министрлігі жаңа Салық кодексін қабылдауды талап етіп отырған жоқ, керісінше салық рефор­масына жан-жақты, салмақты көзқарас ұсынуда. Қазір сарапшылар қауымдас­тығымен бірлесіп, ұсыныстарды талқылап жатыр. Осыдан кейін құжаттар талдау үшін мемлекеттік органдарға жіберіледі. Мемлекеттік органдардың мақұлдауынан кейін бұл жоба Мәжілісте қаралып, одан кейін Президенттің бекітуіне жіберіледі. Ұсыныстардың негізгі бағыты – кейбір салық мөлшерлемелерін қайта қарау және оларды ішінара көтеру. Атап айтқанда, кейбір салаларға, соның ішінде ойын бизнесіне арналған корпоративтік табыс салығын (КТС) арттыру ұсынылуда. Сон­дай-ақ қосылған құн салығын (ҚҚС) көтеру және оның шекті мөлшерлемесін қайта қарау мәселесі қарастырылуда. Бұл шаралар елдің бюджетін нығайтып, оны тұрақты дамытуға қажетті жағдай жасауға бағытталған, – деді Расул мырза.

Сонымен қатар қаржыгердің айтуынша, ведомство өкілдері «даму бюджеті» деп аталатын арнайы бағытты қалыптас­тыру­дың маңыздылығын атап өткен. «Қуатты экономикалары бар елдерде оның үлесі шамамен 20%-ды құраса, Қа­зақстанда бұл көрсеткіш небәрі 6%-ға тең. Қазіргі жағдайда бюджет негізінен қолданыстағы инфрақұрылымды ұстап тұруға бағытталуда: көпірлерді жөндеу, энергетика нысан­дарындағы апаттардың алдын алу және басқа да міндеттер. Ал жаңа жолдар салу, жылу электр стансаларын жаңғырту және басқа стратегиялық жобаларды іске асыру үшін қаржыны едәуір көбейту қажет», – деп түсіндірді сарапшы.

Оның сөзіне сенсек, қазіргі Салық кодексін түбегейлі өзгерту керектігі – айқын көрініп тұрған мәселе. Оның құры­л­ымында көптеген түзету, арнайы салық режимдері мен кейбір әділетсіз ережелер жинақталып қалған. Жаңа кодекс бұл кемшіліктерді жоюға, барлық салық төлеушілерге тең жағдай жасауға, сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға жеңіл­діктер қарастыруға бағытталуға тиіс.

Алайда бұл өзгерістер тек салықтармен шектелмейді, олар мемлекеттік шығындарға да қатысты болмақ. Бюджет шектеулі жағдайда шығындарды да оңтайландыру қажет болады. Расул мырза жиында ықтимал шаралардың бірі ретінде мем­лекеттік аппаратты қысқарту мәселесі талқыланғанын айтты. Оның ойынша, қазіргі заманғы технологиялар мен жасанды интеллекттің енгізілуі көптеген процесті автоматтандыруға мүмкіндік береді. Дегенмен мұндай реформалардың әлеуметтік салдарын ескеру маңызды. Қар­жыгер: «Мемлекеттік қызметтен кет­кен адамдарды жаңа жағдайға бейімдеу үшін қайта даярлау бағдарламаларын ұйымдастырып, оларға жаңа мамандықтар алуға көмектесу қажет», – деп бұл бастама­ның салдарына да үңілуге шақырды.

Жылдар бойы қордаланған мәселе

Asyl Niet ҚБ тең төрағасы және Салық альянсының мүшесі Жанар Сүлейменова ҚҚС 20%-ға дейін көтеруге қатысты екіұдай ой айтты. Ол бұл бастама мәселенің шешімі ме, әлде дағдарысты тереңдету ме деген сауалға жауап бере отырып:

– ҚҚС мөлшерлемесін 20%-ға дейін көтеру және тіркеу шегін 15 миллион тең­геге дейін төмендету шешімі қоғамда қызу пікірталас тудырды. Көпшілік бұл қадамды Үкіметтің бюджет тапшылығын тек салық төлеушілердің есебінен шешуге тырысқан әрекеті деп қабылдауда. Алайда жүйелік дағдарыс себептерін жоюдың орнына билік қысқамерзімді шешімдерді таңдап отырғандай, оның салдары екіұдай болуы мүмкін, – деді.

Сарапшының сөзінше, Қазақстандағы бюджет тапшылығы жаңа мәселе емес. Ол жылдар бойы жинақталып, әсіресе 2018 жылғы 12 триллион теңгеден 2024 жылы 25 триллион теңгеге дейін жеткен мемлекеттік шығындардың күрт өсуі жағ­дайды одан әрі ушықтырып отыр. 2023 жылы Ұлттық қордан алынған қара­жат көлемі рекордтық 5,4 триллион тең­геге жетсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 5,6 триллион теңгеге дейін өсті.

– Бюджет тапшылығы мәселесін екі бағытта шешу қажет екені анық. Жауап­кершілік тек халық пен бизнеске емес, сондай-ақ мемлекеттің өзіне де жүктелуге тиіс. Шығындарды оңтайландыру арқылы ғана бұл мәселені түбегейлі шешуге бола­ды. Мұндай кешенді шараларсыз кез келген фискалдық шара уақытша шешім болып қала бермек. АЛ ҚҚС-на оралсақ, Үкіметтің асығыс шешімдер қабылдап, экономикалық теорияның негізгі қағидат­тарын ескермейтіні таң қалдырады. ҚҚС – ең күрделі салық түрлерінің бірі. ҚҚС жүйесінің тиімділігі көбінесе VAT Gap (ҚҚС айырмасы) көрсеткіші арқылы өлшенеді. Бұл айырма салық заңнамасын толық сақтаған жағдайда жиналуы мүмкін ҚҚС сомасы мен бюджетке нақты түскен қаражат арасындағы айырмашылықты көрсетеді, – деді Ж.Сүлейменова.

Сарапшы маман VAT Gap тек көрсеткіш емес, салықтық әкімшілендіру тиімділігінің маңызды индикаторы екенін жеткізді. «Салықтық бұзушылықтарды азайта алған жағдайда, бұл көрсеткіш бюджет қандай қосымша кіріс алатынын анықтап береді. Алайда Қазақстанда мұндай есептеулер жүргізілмеген, бұл мәселенің нақты ауқым­ын түсінуді қиындатады» – дейді ол. 

2022 жылы Үкімет ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегін 30 мың АЕК-тен 20 мың АЕК-ке дейін төмендетуге шешім қабылдады. Жанар Сүлейменова бұл өзгерістердің әсері бірден байқалғанын атап өтті.

«Мен есептеулер жүргізе келе мынадай картинаны байқадым: ҚҚС жинақтары айтарлықтай өсті: 2022 жылы 51%-ға және 2023 жылы тағы 34%-ға өсіп, рекорд­тық 5,67 трлн теңгеге жетті. Алайда 2024 жылы құлдырау басталып, алымдар 5,1 трлн теңгені құрады, бұл шекті төмен­детудің қысқамерзімді сипатын көрсетуі мүмкін. ҚҚС айырмасына қарап (VAT Gap) бұл динамиканы растауға болады. 2023 жылы бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің 2,73%-на дейін төмендеді, ал 2021 жылы ол 4,2%-ды құрады. Бұл жақсы дегенімен, уақытша көрсеткіш. Өйткені алдын ала бағалаулар бойынша, ҚҚС алшақтығы 2024 жылы тағы 3%-дан асады. Алайда нақ­ты сандар осы жылдың ЖІӨ дерек­терінің болмауына байланысты әлі белгісіз. Бұл өзгерістер тек уақытша нәтиже бере­тінін және жүйелік мәселелерді шешпей­тінін тағы бір рет көрсетеді», – деген Жанар ханым өз ойын ортаға салды.

Терезені теңестірер «тәжірибе»

Сонымен қатар Жанар Сүлейменова шекті төмендетіп, мөлшерлемені көтеру жеткіліксіз дейді. Барлық аспектіні ескере отырып, жүйелік өзгерістер қажет. Сарап­шы жедел қабылданған шешімдердің тек қысқамерзімді нәтижеге ие болатынын және негізгі мәселелерді шешпейтінін алға тартты.

– Добровичтің 2000-2017 жылдар аралығындағы ЕО елдеріне жүргізген ғылыми зерттеуіне сүйенсек, ҚҚС айырмасы ЖІӨ-нің 1,8%-дан 3,6%-на дейінгі аралығында болуы салық төлеуден жалтару деңгейінің жоғары екенін көр­сетеді. Бұл Қазақстандағы ҚҚС жүйесін қайта қарау қажеттілігін айқындайды. Үкіметтің ҚҚС-тің айналым салығына айналғанын және шағын және орта бизнестің тиімді ставкасы 3,3%-дан әлде­қайда жоғары екендігін мойындауы – бұл оң қадам. Бірақ ҚҚС мөлшерлемесін көтеріп, тіркеу шегін төмендету ұсынысы экономика дағдарысқа жақындаған, халықаралық тұрақсыздық жағдайында жақсы ойластырылмаған шешім, – дейді ол.

Салық альянсының мүшесі Жанар ханым ҚҚС жүйесінің кемшіліктері ұзақ уақыт бойы және терең зерттелгенін ескеру маңызды екенін айта келе, ком­паниялардың ҚҚС тіркеу шегін асырмау үшін өсуін әдейі шектейтін «үймелену» әдісін қолдануы мүмкін деп атап өтті.

«ҚҚС шектік мөлшерін азайту экономикалық өсуге шектеу қоятын әсері бар. Өйткені олар бизнесті кеңейту және инновацияларға кедергі жасайтын тос­қауылдар құрады. Бұл жағдайда бізге қажетті реформалардың бірі, менің ойымша, Ұлыбритания мен Оңтүстік Корея сияқты елдерде сәтті қолданылатын ҚҚС (flat-rate VAT scheme) жүйесін енгізу. Бұл модель Ресейде 2025 жылдан бастап енгізілді, оны ҚҚС мөлшері 2019 жылы 18%-дан 20%-ға дейін көтерілгеннен кейін туындаған қиындықтарға жауап ретінде қарастыруға болады. Ресей билігі шағын және орта бизнеске салық ауыртпалығын жеңілдету және жүйенің ашықтығын арттыру қажеттілігін түсінген шығар», – дейді Ж.Сүлейменова.

Оның айтуынша, Ресей Федерация­сының Салық кодексінің 164-бабының 8-тармағына сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеңілдетілген салық жүйесін қолданатын салық төлеушілер үшін арнайы төмендетілген ҚҚС ставка­лары енгізіледі. Ең бастысы: ҚҚС – бұл жанама салық, оны Қазақстанның әрбір азаматы төлейді. Оның көтерілуі инфля­цияның өсуіне және жалпы тұтынудың қысқаруына әкеліп соғады. Бұл өз кезегінде, экономикалық өсу қарқынын баяулатып, жұмыспен қамтуды төмендетеді және өмір сүру деңгейіне теріс әсер етеді. Сондай-ақ көптеген зерттеу ҚҚС-тің көтерілуі елдегі теңсіздіктің артуына ықпал ететінін және әлеуметтік жіктелуді күшейтетінін көрсетеді.

Жалпы, мемлекеттік органдардың қазіргі бастамалары экономикалық саясаттағы шикіліктердің бар екенін көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл терең және жүйелі өзгерістерді жүзеге асыру қажет деген сөз. 

«Біз әрдайым фискалдық саясат экономикалық реформалардың кешенді нәтижесі болуы керек деп айтатынбыз. Мәселелерді оның негізінен, түп-тамыры­нан бастап, тұрақты және ойластырылған экономикалық модель қалыптастыру арқылы шешуі керек. Алдымен қандай экономикалық модель құратынымызды: нарықтық мемлекет пе, әлде әлеуметтік пе соны анықтап алсақ. Содан кейін экономика құрылымын қарастыру қажет: қандай салалық модельді құруды көздеп отырмыз, қандай меншік түрі басым бол­а­тынын – жеке немесе мемлекеттік және кімдерді қолдауды жоспарлаймыз – отандық немесе шетелдік инвесторларды. Осы негізгі мәселелерді шешкеннен кейін, ғылыми-техникалық, сыртқы экономикалық, инвестициялық және ақша-кредиттік саясатты қалыптастыруға көшуге болады», – дейді Салық альян­сының мүшесі.

Сарапшы өз сөзін қорытындылай келе, Қазақстанда нарықтық экономи­каның заңдылықтары шектеліп жатқанына назар аудартты. Оның айтуынша, мемлекет бизнесте де, реттеуде де тым белсенді рөл атқарып отыр. «Бұл нарықтық меха­низмдерді тұншықтырып, олардың өз­геріс­терге тез бейімделу мүмкіндігін жоқ­қа шығарады. Міне, осы жерде жүйелі проблемалардың түбірі жатыр, оларды ойластырылған, дәйекті реформалар арқы­лы шешу қажет», – дейді маман.

Кәмила ДҮЙСЕН