Жұртшылық сол бес келінің өзін таппай сенделді. Шенеуніктер картоп қоры ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге жеткілікті екенін мәлімдеді. Фермерлер мен саудагерлер бұл мәлімдемемен келіспейді. Проблеманың өрісі кең болып шықты. Бүкіл әлемде картоп жетіспеушілігі күшейген.
Сөре қаңырап қалмасын...
Мақаланы жазбас бұрын Small, Spar, Magnum, Астықжан, Анвар, Galmart сияқты елорданың ірі гипермаркеттерін аралап шығуға тура келді. Бірінде түйнекті дақыл шамалы көлемде болса да саудаға қойылған, басқасында орны қаңырап бос тұр. Бәріне ортақ бір жайт: ақпарат бөлімдерінің қызметкерлері бұл жоқшылыққа не себеп болғанын білмейді немесе түсіндіруден басын ала қашады.
– Бізге бұл өнім отандық төрт өндірушіден жеткізілетін. Қаңтардың бірінші аптасынан соң жеткізілім азайды. Кейін мүлдем құрыды. Жалпы, былтырғы қарашадан бастап көктеген, шірік картоп келді. Бұрын мұндай болмаушы еді. Біз тез арада Өзбекстанның жас картобына көшіп алдық. Кеше беларустық картоп өндірушілердің дилері шықты. «Бриз», «Гала», «Королева Анна» сұрыптарын көп көлемде жеткізе алатынын айтты. Тиісті сертификаттары бар. Түйнектері де қалпымен ірі, әдемі жұмыр болып келеді. Келісін 70 теңгеден жеткізбек. АШМ-нің рұқсатын күтіп отырмыз, – деді өзін Абзал деп таныстырған менеджердің бірі.
Қазақстандық картоп сапасының неге құлдырағанын қарағандылық фермерлік шаруашылықтың өкілі Бахтияр Тәжиев түсіндірді.
– Біз біраз жыл картоп егумен айналыстық. Алайда оны өсіру – қымбат, өнімі – арзан болып кеткендіктен, былтыр бас тарттық. Бір жағынан, елде бұл өнімнің тапшылығының туындауына негіз жоқ сияқты. Өйткені ресми мәліметке сәйкес, былтыр рекордтық 2,9 миллион тонна картоп жиналды. Бұл алдыңғы жылдағыдан 40%-ға көп! Екінші жағынан, фермерлерде мол өнімнің бәрін сақтайтын орын жоқ. Бүкіл Қазақстан бойынша 257 картоп қоймасы ғана бар! Олар 499,7 мың тонна өнімді ғана сақтай алады. Сонда 2,4 миллион тонна картоп далада қалады, – деді ауыл шаруашылығы кәсіпкері.
Бұл ақпаратты мемлекет жүргізген ревизия қорытындысы растады. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұлан-ғайыр астықты сақтау үшін көкөніс қоймаларын салуға және жаңғыртуға бағытталған тұтас кешенді жоспарды іске асырып жатқанын қайталаудан жалықпайды. Шынында, көкөніссақтағыштар, тіпті қарапайым қойма көбейетін емес. Салдарынан былтыр жиналған көл-көсір астықтың үлкен бір бөлігі шіріп жатыр.
Фермерлер Қазақстанда картоп өсіру рентабельді болмай бара жатқанына назар аудартады. Дүниежүзінде ауа райы қолайлы болса, егін шаруашылығы технологиялары сауатты қолданылса, онда сөз болып отырған түйнекті алқаның шығымдылығы әр гектарынан 500-600 центнерден айналады. Ал Қазақстанда жақсы өнім жиналды деген 2024 жылдың өзінде гектарынан орта есеппен 236 центнерден ғана келген. Бұл – дамыған елдер түгіл, ТМД көлеміндегі ең бір төмен көрсеткіш. Айталық, сұрапыл соғыс жүріп жатқан Украинаның азат аймақтарында картоптың Ривьера сортының өнімділігі – 450-550, Аризона, Раноми, Эсми сұрыптарында 600 центнерге дейін жеткен.
Өсіру қиын, жеу оңай
Фермерлердің түсіндіруінше, картоп өсірудің өз қиындығы бар. Мысалы, оның арнайы техникалары біраз шығынды талап етеді. Соның ішінде Grimme картопотырғызғышының (картофелесажалка) бағасы шамамен 5-10 миллион теңге аралығында. Заманауи картоп жинаушы комбайн құны 27-40 миллион теңге аралығында. Бұдан бөлек, топырақ өңдеуші техника, трактор, тіркемелер керек болады.
Бұған жоғары сұрыпты тұқымдар бағасының күрт көтерілуі, судың жетіспеуі және тарифтерінің көтерілуі, өсімдікті зиянкестерден қорғау заттарының, химикаттардың, тыңайтқыштардың, жанар-жағармайдың қымбаттауы қосылды. Мұның сыртында жалақыны да жоғарылатуға мәжбүр: аграршылар тұрғындардың қара жұмысты ауырсынып, 200-300 мың айлыққа қызықпайтынына мұң шағады.
Эксперттердің есептеуінше, тұқым сатып алуға, жер өңдеуге, дән себуге, тыңайтқыштар енгізуге, еңбекақы төлеуге және өнім жинауға кететін шығындар картоп алқабының 1 гектарына орта есеппен 1 миллион теңгені құрайды. Егер әр гектардан 236 центнерден өнім жиналса, онда картоптың 1 центнерінің өзіндік құны осының өзінде 4,3 мың теңге (әр келісі 43 теңге) тұрады.
Бұған сатып алынған техниканың, жанар-жағармайдың, түрлі алым-салықтың және басқасының шығыстары, ауа райының қолайсыздығынан, су жетіспеуінен, қуаңшылықтан болатын шығындар және басқасы қосылса, өзіндік құн екі есеге дейін ұлғаюы мүмкін. Ал, жоғарыда айтылғандай, шетелдік жеткізушілер әлекедей жаланып, картоптың әр келісін 70 теңгеден жеткізуге дайын отыр.
Фермерлер Ресейдегі, Беларусьтегі аграршылар өз мемлекетінен өте ауқымды мемлекеттік қолдау көретіндіктен, олармен тең дәрежеде бәсекелесе алмайтынын айтады. Қазақстанда ауыл кәсіпкерлері басқаны айтпағанда, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алғаны үшін үлкен баж салығы мен утилизациялық алым төлейді. Салдарынан техника құны екі еседей қымбаттайды.
Делдалмен күрес күшейеді
Шенеуніктер болса, проблемаға кешенді қарау, терең бойлау орнына бар айыпты тағы делдалдарға жаба салуға әзір. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова Ауыл шаруашылығы министрлігі, әкімдіктер, сауда желілері, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар өкілдерімен жиын өткізді. Онда нарықты картоппен қамту және бағаны тұрақтандыру шаралары талқыланды. Ал мол астықты сақтайтын картоп қоймалары желісін кеңейту, субсидиядан жиі қағыла бастаған егіншілерге мемлекеттік қолдауды арттыру сияқты маңызды мәселелер тыс қалды. Айтылғаны – әкімдік өкілдері өз қалаларындағы ірі сауда желілерін, базарларды аралап, бағаны және бір қолға бес келіден артық сатылмауын бақылауы керек.
Айжан Бижанованың айтуынша, еліміздегі ірі сауда желілері, оның ішінде Magnum, Small, Анвар және Дина фермерлерден 1,5 мың тонна картопты сатып алу үшін олармен тікелей келісімшарт жасауға дайын. Сонымен қатар сауда желілері тіпті өнімді шаруашылықтан өздері алып кетуге әзір. Айтпақшы, жиында белгілі болғандай, әкімқаралар өзіне сеніп тапсырылған өңірдегі тұрғындарының жыл сайын қанша көлемде картоп тұтынатынын нақты білмейтін болып шықты.
– Жергілікті әкімдіктер өз қажеттіліктерін, соның ішінде сауда желілеріне арналған көлемдерді анықтап, нақты көрсетуі қажет! Бұл нарықтағы сұранысты жылдам қанағаттандыру үшін маңызды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен сауда нүктелері арасында тығыз байланыс орнату өте маңызды, – деді бірінші вице-министр.
Сондай-ақ ол жүйеқұраушы базарлар мен сауда орындарына бақылауды қамтамасыз етуді маңызды санайды. А.Бижанова азық-түлік тауарларының бағасын қалыптастыру тізбегіне кіріп алып, өз үстемеақысын қосатын делдалдардың схемаларын тергеп зерттейтін өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейту міндетін қойды. Яғни, мемлекет «ревизорлары» мен өңірлік комиссияларды жолға шығару арқылы қайтадан әкімшілік ресурсын іске қосып, нарыққа қол сұғып отыр.
Айта кету керек, биылғы жыл басталғалы осы министрліктің Сауда комитетінің өңірлік департаменттері өнімсіз делдалдарды әшкерелеу мақсатында 20 өңірлік комиссия құрған. Соның нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар өнім ретінде картоптың бағасына сауда үстемесін 15%-дан асырып жіберуге қатысты 49 заңбұзушылық анықталды. Барлық факті бойынша тиісті әкімшілік жазалау шаралары қабылданады.
Сонымен бірге Сауда бірінші вице-министрі фермерлермен жұмыс жүргізуді, оларға картоп пен басқа өнімдерінің бастапқы босату бағасын негізсіз көтеруіне жол бермеу мәселелерін пысықтауды тапсырды. Басқаша айтқанда, Сауда министрлігінің шенеуніктері ауыл кәсіпкерлеріне түйілген жұдырығын көрсетіп, қорқытып қойды.
«Баға көтерілісімен» күрес аясында Сауда, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің жауапты шенділері ірі сауда желілерінің басшыларымен жеке-жабық кездесулер өткізді. Мысалы, осы келіссөздер нәтижесінде Астанадағы Small желісінде картоптың орташа бағасы 280 теңгеге, ал Magnum желісінде 185 теңгеге дейін төмендеді. Сауда комитетінің мониторингі бойынша Қазақстанда картоптың орташа бағасы – 322 теңге.
«Жалпы, елдің барлық аймағындағы әлеуметтік дүкендерде, ӘКК серіктестерінде картоптың көлемі жеткілікті және нарықтағы бағадан төмен. Аймақтардың тұрақтандыру қорларында жинақталған картопты белсенді сату жалғасты. 2024 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы 19 қаңтарға дейінгі аралықта қорларда жалпы көлемі 85,4 мың тонна картоп болған. Оның 23,6 мың тоннасы сатылды. Соңғы 3 күнде шамамен 3 мың тонна картоп сатылды. Соның ішінде Алматыда – 300, Шымкентте – 600, Түркістан облысында 300 тоннасы өтті. Тұрақтандыру қорларында бүгінде 60 мың тонна картоп қалды», – деп хабарлады Сауда министрлігі.
Дастарқаннан картоп арылмасын десек...
Картоп өндірісі дамуы үшін фермерлер Үкіметтен субсидияны арттыруды сұрайды. Демеуқаржы керісінше, төмендегелі тұр: биылдан бастап субсидияны тек 2 жыл қатарынан астығының көлемін азайтпай, ұстап тұра алғандар алмақ. Диқандар қуаңшылық жаппай жайлай бастаған қазіргі заманда тұрақты өнім алып тұру күрделі екенін алға тартады.
Сондай-ақ әр гектардан шығымдылықты арттыру үшін жоғары сапалы тұқым пайдаланылуға тиіс. Гербицид, пестицид, тыңайтқыштарды қажетті көлемде құю да талап етіледі.
– Картоп өндірісін цифрландыру маңызды. Біз «Баймырза-Агро 2018» сияқты картоп өсіретін серіктестерімізбен бірге осы шаруашылықтың тиімділігін, еңбек өнімділігін арттырып, өзгеге үлгі болуға күш салудамыз. Мысалы, арнайы жүйе картоп егісі алқабындағы пилотсыз машиналарды басқарады, операцияларға мониторинг пен бақылау жасайды. Harvest Eye арқылы дақылдың дамуы, түйнектер саны мен көлемі, шығымдылығы туралы нақты деректерді шынайы уақыт режимінде алуға болады. Бұл климат дағдарысы жағдайында егін процесін сауатты басқаруға, орақ науқанын уақытында бастауға, сөйтіп өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді германиялық техника брендінің көкөніс жабдықтарын сату бөлімінің басшысы Сұлтан Қабкешов.
DirectFarm орталығы сарапшыларының айтуынша, қазіргі кезде әлемде чипс қытырлақтарын өндіруге арналған картоп сұрыптарына сұраныс жоғары. Картоптың кәдімгі «асханалық сорттарынан» олар құрамындағы крахмалы және редукцияланатын қанты көлемімен ерекшеленеді. Бұл сұрыптарға Леди Розетта (Lady Rosetta), Леди Клэр (Lady Claire), Saturna, Ventana және өзгесі жатады.
Сондай-ақ «фри картобын» жасауға арналған сұрыптар нарығы да қарқынды өсіп келеді. Қуырылған картоп таяқшаларын жасауға қарапайым картоп емес, Анна Патшайым (Queen Anne), Маделина (Madeleine), Madeira, Red Lady, өзге сұрыптары пайдаланылады.
Euronews хабарлауынша, бірқатар еуропалық мемлекет, әсіресе, Румыния фермерлері табысы аздығы салдарынан, қарапайым картопты егуден бас тарта бастады.
– Шығынының өсіп кетуі кесірінен, картоп егуден бойын аулақ салған фермерлердің саны артып барады. Тұқымның құны соңғы жылдары 2 еселенді. Жұмыс күші де барған сайын қымбат және қолжетімсіз бола түсті. Соның кесірінен картоп өндірісінің қысқаруы жалғасты. Еуроодақтың бүкіл картоп фермаларының үштен бірі жалғыз Румынияда орналасқан. Ұлттық статистика институтының дерегінше, 2024 жылы Румынияда картоп өндірісі соңғы 8 жылдағы ең төмен көрсеткішке құлдырады, – деді Euronews.
Бұл ретте Румынияда былтырғы 2024 жылы шығымдылық әр гектардан небәрі 140,8 центнерден айналған. Құрғақшылық пен аптап ыстық ахуалды ауырлатып жіберді. Еуропадағы ең «картопты» елде төл өндірісі ішкі сұранысының жартысын ғана өтейді. Еуроодақта бұл дақыл егістігінің 70%-дайы небәрі 5 елде – Румыния, Франция, Польша, Нидерланд пен Бельгияда шоғырланған. 2000-2023 жыл аралығында Еуропада картоп өндірісі ғаламат 27,9 млн тоннаға кеміген. Демек, өндірістің үштен бірінен астамы (36,7%) жойылды.
Бұлай бара берсе, Қазақстанда да, әлемде де картоп қат өнімге айналып, қарапайым халықтың ас мәзірінен шығып қалуы ықтимал.
Айхан ШӘРІП