Үкімет шағын және орта кәсіпкерлік саласының ЖІӨ-дегі үлесін 2050 жылы 50 пайызға жеткіземіз деген жоғары міндет қойып отыр. Өйткені экономиканың тап осы саласы ел әл-ауқатының көрсеткіші. Бұл үдеден шыға аламыз ба? Рас, экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі өсуде. Өткен жылы ол 29,5 пайызды құрады. Биылға қойған міндетіміз – жалпы ішкі өнімде шағын және орта бизнестің үлесін 30%-ға дейін жеткізу. Ал 2025 жылға қарай 35%-ға, 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін жеткізе алсақ, онда бұл дамыған елдердің деңгейіне сәйкес келеді.
Елімізде кәсіпкерлікті қолдау «Бизнестің жол картасы – 2020», «Еңбек» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында жүзеге асырылуда. Өткен жылы осы бағдарламалармен 5 903 жобаға қаржылық қолдау көрсетілді. Оның 3 700-і жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға және 2 200-і жаңа өндіріс орнын құруға немесе істеп тұрғандарын кеңейтуге бағытталды. Байқап отырсақ, ШОБ-ті мемлекеттік қолдау бар. Бірақ әлі де болса, оның тиімділігін көре алмай отырмыз. Неге? «Өкінішке қарай, кәсіпкерлер мұндай бағдарламалар және осы бағдарламалардың шарттары туралы көп біле бермейді. Екінші мәселе – бүгінгі таңда кәсіпкерлердің басым бөлігінің несиесі мен қарызы көп. Банк олардың несие тарихын қарайды да, бағдарламаларға қатысуға келісім бермейді. Бұл – кәсіпкерлердің осындай бағдарламаларға қол жеткізе алмауына бір себеп. Қазір қаржыландырудың жаңа тетіктері шығып жатыр, мысалы несиеден бөлек инвестиция арқылы қаржыландыруға болады. Міне, осы қаржы көзінің болашағы зор деп ойлаймын», – дейді экономист-сарапшы Бақытжан Сәркеев.
Өткен бес жылда әкімшілік кедергілерді және бизнестің түрлі операциялық шығындарын қысқартуға бағытталған заңнамалық 7 пакет қабылданды. Бұл әрекеттер нәтижесіз емес. Қазақстан бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде әлемнің 190 мемлекетінің арасында ТОП-25 үздік елдің қатарына кірді. Бұл – қуанарлық жетістік. ШОБ-ті дамыту үшін заңнамалық пакеттерді одан әрі жетілдіріп, дамыту үшін жұмыстар жүргізілуде. Мұндағы түпкі мақсат – ШОБ-тің ЖІӨ-дегі үлесін 50 пайызға жеткізу.
«Бизнесті дамытудағы ең үлкен кедергілердің бірі, өкінішке қарай бізде меншік құқықтары әлі де дұрыс сақталмайды. Меншік құқықтары дегеніміз не? Мәселен, сіз бизнесіңізді жүргізіп отырсыз. Сол бизнесіңіз өзіңізде қалады деген сенім болмайды. Себебі сіздің бизнесіңіз өсіп, табысты болған сайын қандай да бір кедергілер жасалып, бизнесіңіз басқа бір адамның қолына өтіп кетуі мүмкін. Мемлекеттік органдардың өзі меншік құқығына байланысты кедергі келтіріп жатады. Мәселен, жол саламыз деп сіздің бизнес жасап отырған жеріңізді мардымсыз ақша беріп қайтарып алатын да жағдайлар кездеседі. Міне, бизнесті жүргізуге осындай әкімшілік кедергілер әлі де көп. Ең бастысы – бизнесін бастаған кез келген кісі оны дамыта алатынына сенімді болуы керек», – дейді Бақытжан Сәркеев.
Қазіргі таңда шағын және орта бизнесті тексеруге үш жылға мораторий жарияланған. Әрине, ол осы саланың жұмысын жандандырудан туған ізгі ой. Үш жылға жасалған мораторий ШОБ-ке серпін бере ала ма? Бақылау мен тексерусіз салада бейберекеттікке жол беріп алмаймыз ба? Экономист бұл әрекеттің сала дамуына серпін беретініне сенімді. Өйткені кәсіпкерлер білек сыбана жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Кәсіпкерлердің жұмысын бақылауды өзін-өзі реттеу ұйымдарына, яғни қоғамдық ұйымдарға беру керек. Олар қажетті ережелер мен регламенттерді өздері дайындап отыруы тиіс.
«Өйткені өмір бақи мораторий өткізумен саланы алға жылжыта алмаймыз. Мораторийдің кері жақтары да бар. Мораторий мерзімі аяқталған соң мемлекеттік органдар бұрынғыдан бетер шүйлігіп тексеріп, кедергі келтіруі мүмкін», – дейді экономист-сарапшы.
Қазіргі таңда жалпыреспубликалық және аймақтық бағдарламалар бар. Әсіресе, осы аймақтық бағдарламаларда мейлінше жергілікті жердің жағдайына қарай қаржы бөлу жайын пысықтау керегі жиі айтылып жүр. Мәселен, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында негізінен қызмет көрсету саласы, қоғамдық тамақтану, туризм мен сауда саласы қаттырақ дамып келе жатса, Түркістан облысы кәсіпкерлері өңдеу саласына көбірек ден қоюға бағыт алды, ал Қызылорда мен Павлодарда ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін қаржы керек. Міне, осылай әр өңірдің жағдайына қарай бөлінген қаржыны бағыттап отырсақ, бұл экономиканы тиімді басқарып, оның нәтижесін көруге сеп болмақ.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ