Күні кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.
Депутат: «Экономикалық реформалар – ел дамуы үшін қажетті қадам»
388
оқылды

Бұл туралы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов өз пікірін білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Үкіметтің негізгі міндеттері айтылды, нақты жұмыс бағыттары белгіленді. Президент экономиканың қазіргі өсу қарқыны жеткіліксіз екенін тағы бір мәрте қадап айтты.

Алдағы 5 жылда экономиканы дамыту бағытында Үкіметке ірі инфрақұрылымдық жобалар, цифрландыру және жасанды интеллект, атом энергетикасын дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту, инвестиция тарту бағытында нақты шараларды қолға алу тапсырылды.

Мәжілістегі Қаржы комитетінің мүшесі ретінде ел экономикасының ағымдағы жағдайын, алдағы әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жақсы білгендіктен, Президенттің бүгінгі кеңейтілген отырыста айтқан бірқатар ұсыныстары мен экономикалық реформалары – ел дамуы үшін қажетті қадам деп есептеймін.

Президент Үкіметке ӨБК-келісімшарттарын (өнімді бөлу туралы келісім) еліміз үшін әділетті жағдайларды қамтамасыз ету үшін оларды қайта қараудың уақыты келгенін баса айтты.

Бұл жерде келісімдердің көпшілігі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, шетелдік инвестицияларды жедел тартуды талап ететін жағдайларда жасалды. Тоқсаныншы жылдары Қазақстанның бюджеті мардымсыз, әлемдік деңгейдегі көмірсутек шикізатын өндіру үшін жоғары технологиялар жоқ болды, логистиканы қалай жасап, биржада қалай сауда жасаудан, экспорттаудан хабарымыз да, тәжірибеміз де болмады.

Бірақ қазір маман да, қаржы да бар. Қазақстанның мұнай-газ саласына батыстық жұмыс стандарттарын меңгерген қазақстандық мамандардың жаңа буыны тәрбиеленіп, тәжірибеден өтті. Қазіргі уақытта «Теңізшевройл», «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.», «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компанияларындағы қызметкерлердің 95%-ы Қазақстан азаматтары.

Республикадағы жылдық мұнай өндірудің шамамен үштен бірін беретін «Теңізшевройл» компаниясының кен орнын игеру келісімшартының мерзімі 2033 жылы, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясының келісімшарты 2033 жылы, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының келісімшарты 2037 жылы аяқталады.

Келісімшарт уақыттарының аяқталуына 8-12 жыл уақыт қалғанын ескеріп, Үкімет пен Энергетика министрлігі қазірден бастап, мұнай кен орындарын игерудің ұзақмерзімді стратегиясын, басқарушы отандық компаниялар мен олардың концепциясын, мамандарды дайындау мүмкіндіктерін қарастыруы керек.

Үкімет таяу жылдары республикалық бюджеттің техникалық дефолтын болдырмау үшін бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту жөнінде шұғыл шаралар қабылдау қажет.

Президенттің төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыстан кейін Үкімет ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында батыл әрі ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған шешімдер қабылдайды сенеміз.